Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына – 75 жыл
Өнердің өзіне ғана тән сүрлеу жолынан өтіп, қазақтың дәстүрлі және классикалық музыкасының дамуына үлес қосып келе жатқан қара шаңырақ – Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармония ұжымы өткен жұмада Алматы жұртшылығына айтулы датаға орай жаңа мерейтойлық бағдарламасын ұсынды.
Өткенді еске алмай бүгінгінің бағасын беру қиын. Содан да шығар, майталман өнер ұжымының бүгінге дейінгі өткен белестері, қол жеткізген табыстары жайлы тереңнен сыр шерткен белгілі жазушы, профессор Нағашыбек Қапалбекұлы баяндама барысында арғы-бергі тарихты көз алдымыздан өткізгендей болды. 1935 жылы 14 қаңтарда Қазақ КСР Халық Комиссарлары кеңесінің қаулысына орай құрылған қазақ мемлекеттік филармониясына үш жылдан кейін ұлы ақын Жамбыл бабамыздың есімі беріледі. Ал филармонияның негізін салып, тұңғыш директоры, әрі көркемдік жетекшісі болған көрнекті музыкатанушы ғалым, академик Ахмет Жұбанов кезінде бірнеше музыкалық жанрдың басын қосып, өнердің інжу-маржандарын жасақтайды. Міне, сол уақыттан бері филармонияның концерттік қызметі жедел қарқынмен дамып, еліміздегі барлық жауапты да беделді мәдени шараларға қатысып, бүкілодақтық, халықаралық өнер аренасында абыроймен өнер көрсетіп келеді.
Осы жылдары қара шаңырақтан бірқатар белгілі өнер адамдары мен шығармашылық ұжымдар бөлініп шығады. Мәселен, Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі филармония қабырғасынан қанатын қатайтып ұшса, атақты домбырашылар Д.Нұрпейісова, Қ.Жантілеуов, Ү.Тұрдықұлова, Ғ.Құрманғалиев, ағайынды Абдуллиндер, Р.Бағланова, Ж.Омарова, Б.Төлегенова, Ж.Елебеков, М.Хамзин, т.б. танымал әртістер осы киелі сахнада ән салды. Кейінірек оның құрамында мемлекеттік академиялық симфониялық және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрлері, Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы дүниеге келді. Ұдайы өсу мен өркендеу жолында келе жатқан өнер ұясы кейінгі жылдары мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, мемлекеттік «Жеке орындаушылар академиясы» камералық оркестрі, мемлекеттік үрмелі аспаптар квинтеті, Ғ.Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті сияқты белгілі ұжымдармен толығады. Бүгінде еліміздің аса ірі концерттік мекемесінде есімдері әлемге танымал талай талантты музыканттар мен шығармашылық ұжымдары еңбек етуде. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртістері Н.Нүсіпжанов, Г.Қадырбекова (фортепиано), Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғ.Несіпбаев (орган), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Аюпова (скрипка), халықаралық байқаулардың лауреаттары Е.Құрманаев (виолончель), Д.Есімханов, Ә.Бейсенғалиев, Ж.Сүлейменовалар (фортепиано), оркестр дирижерлері ҚР мәдениет қайраткері Ю.Дороховский, М.Әмзе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Беляков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Демеуов, Т.Жартыбаев, Е.Ахмедияров, А.Оразғалиев, Д.Тілендиевалардың есімдері ерекше атап өтуге лайықты.
Мерейтойда үлкен өнер ұжымын құттықтаушылар да аз болмады. Мәдениет министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Роза Кәріпжанова Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің негізі сонау 1935 жылдан бастау алатын өнер шаңырағын мерейтойымен құттықтап, ұлттық музыка, классикалық өнердің дамуына үлес қосып келе жатқан ұжымға ыстық лебізін жеткізіп, бірқатар ұжым мүшелерін «ҚР мәдениет қайраткері» белгісімен марапаттады.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Сейдуманов та қала әкімінің құттықтауын жеткізіп, филармония орналасқан ғимарат Алматыдағы ең көркем мәдениет орындарының бірі екеніне тоқталса, Вена қаласы мәдениет басқармасының бастығы, доктор Хайдар Сари қала мэрі мен Австрия мемлекеті мәдениет министрінің құттықтау хатын да табыстады. «Осыдан жеті жыл бұрын біздің әріптестік ынтымақтастығымыз басталған-ды. Музыкада шекара жоқ, оның тілі ортақ. Екі қаланың мәдени байланысын нығайтуда берік ынтымақтастықта еңбек ете береміз» деді шетелдік мейман.
Сондай-ақ, кеште Алматыдағы театр, концерттік бірлестіктер ұжымдары басшылары, бір топ өнер қайраткерлері атынан сөз алған М.Әуезов атындағы драма театрының директоры Есмұхан Обаев: «Бүгінгі кеште осы шаңырақты көтеріп, оның өркендеуіне, өсуіне қатысы бар ұлы өнерді ұйымдастырушылар, ұлы дирижерлер, ұжымды кәсіби деңгейге көтерген кешегі Нұрағаң, симфониялық оркестрді 25 жыл басқарған Төлепберген Әбдірәшов сияқты азаматтар еске түсіп отыр. Мәселен, Нұрағаң болмаса «Отырар сазы» оркестрі болмас еді…» десе, Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек: «Жамбыл бабамыздың атын арқалап, 75 жыл бойы туын жоғары көтеріп жүрген ұжымға деген қошеметіміз де, құрметіміз өте зор. Бұл бәріміздің тойымыз» деуі өнер ұжымына берілген баға деп білеміз.
Республикалық «Ақ орда» қозғалысының төрағасы, «Нұр Отан» ХДП жауапшы хатшысы Қайрат Сатыбалды көпшілік қауымды 850 мың партия мүшелері атынан құттықтап, бүгінде мемлекетіміз мәдениет саласына, оның өркендеуіне қолдау көрсетіп отырғанын, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып жатқандар арасында музыка саласында да жастардың барын айта келіп, алдағы уақытта осындай өнер ордалары өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдіріп, ұжым басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Мұқтар Өтеуовтің иығына өнерсүйер қауым атынан шапан жапты.
Ресейдің Мәдениет министрі мен Ресей Композиторлар одағының құттықтауын жеткізген жерлесіміз, Ресей мемлекеттік консерваториясының профессоры В.Афанасьев дирижерлік жасап, үрмелі аспаптар оркестрімен Ю.Саульскийдің «Жеке орындаушылар шеруін» орындауы жиналған қауымды бір желпіндіріп тастады. Сондай-ақ, мерейтой иелерін жоо басшылары мен облыстық, аудандық әкімдіктер өкілдері құттықтап жатты. Кеште киелі шаңырақта ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлерге де қошемет көрсетіліп, сый-сияпаттар жасалды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.