09 Қаңтар, 2017

Өзі оқымаған ұстаз өзгені оқыта алмайды

552 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
1«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақ­тап», деп ха­кім Абай айт­қандай, ке­мел ақыл-ой мен жасампаз еңбек тығыз ұштасқанда ғана нәтиженің салмақты боларын қазіргі қоғам айқындай түскендей. Ақыл-ойдың толысуы білім арқылы жүзеге асатыны, ал білімнің оқумен жиналатыны әмбеге аян. Өмір бойы оқып-үйренудің, ізденудің маңызы алға шығып тұрған бүгінгі заманда бәсекеге қабілетті болудың алғышарты –білімді ұдайы жетілдіру, алған білімді тәжірибеде барынша тиімді пайдалану. Осыған орай әкімшілік тарапынан әр мұғалімге оқу жылы басында өздігінен білім алуды, өзін-өзі жүзеге асыруды көздейтін жеке даму жоспарын құру жүктеледі. Оның ішінде уақтылы біліктілік арттыру курстарынан өту де бар. Білім беру жүйесіндегі жаңа реформаларға сай бүгінде біліктілікті көтеруге айрықша мән берілуде. Әлбетте, 3-5 жылда бір рет тың білім-білікке ие болу мұғалім қызметіне өзіндік серпін беріп, қандай да бір жақсы өзгерістер енгізерін жоққа шығаруға болмас, әйтсе де күнделікті оқып, ізденіп, білім жетілдіріп отырғанға не жетсін. Білім саласындағы соңғы реформалардың мәнісі тұрмақ, қарапайым нәрсені білмейтіндер баршылық. Себебі олар күнделікті жаңалықтарды тыңдамайды, газет-журнал оқуды қош көрмейді. Мұғалім үшін, әсіресе, газет-жур­нал­­дың орны бөлек. Керегіңді қай­талап оқисың, қиып алып сақтап қоя­сың, қажет кезінде пайдаланасың. Айта­лық, өз басым «Егеменнен» жинақ­таған Қ.Нұрғалиев, Р.Нұртазина, Қ.Бітібаева сынды есімдері аңызға айналған ұстаздарға қатысты материалдарды педколледж студенттеріне арналған «Кәсіптік қазақ тілі» оқу құралымда пайдаландым. 2008 жылы Астанада республикалық байқауда аталмыш еңбегім жүлделі орынға ие болып, қомақты қаржыны қанжығама байлағаным да бар. «Газет, журнал оқымайды» дегеннен шығады, бірде жиында қасымда отырған жасы елуден асқан, тәжірибелі делінетін әріптесім интерактивті тақтадан «МОН РК» деген сөздерді оқып «Бұл нені білдіреді?» деп сұрады.Оның қазақша «ҚР БҒМ» екені түсіне де кірмейтін шығар. Өзге саланың адамы болып білмей жатса, таңғалмас едім. Өзі оқымайтын мұғалімнің мұны шәкірттерінен талап етуі де мүмкін емес. Білімі көл-көсір, талантты мұғалімді оқушы бірден таниды, оған деген сый-құрметі де ерекше болады. Яғни, мұғалім беделінің, мәртебесінің жоғары болуы ұстаздың өзіне байланысты екені кейбір мамандарды ойландырмайтын сыңайлы. Иә, маманның деңгейін кейде кездейсоқ немесе әртүрлі жағ­дайларда байқап қаласың. Жасы­ратыны жоқ, тек өз пәні төңірегінде ғана білумен шектеліп (оның өзінде жетік білсе жақсы ғой), газет-журнал оқуға қырын қарайтын мұғалімдер аз емес. Олар Ы.Алтынсарин 20 жасында-ақ «Жақсы адамдармен таныс болу, өзімнің ақыл-ойымды, білімімді арттыру – мұның бәрі де менің сағат сайын ойлайтыным», деп айтқанын қайдан білсін?! Ыбырай бабамыз кезінде әрбір мектепке «Семья и школа», «Народная школа» журналдарын жаздырып алуды, сондай-ақ, мұғалімдердің, оқушылардың ой-өрісін дамытуға арналған өзге де басылымдарды назардан тыс қалдырмаған. Мұғалім жан-жақты білімді, белсенді болуы тиіс деп санап, өзі «Оренбургский листок» газетіне мақалалар жазып, жіберіп тұрған. Алтынсариннің шәкірті, атақты жазушы-педагог С.Көбеев «...Мұғалім жан-жақты бі­лім­­ді, мәдениетті болуы үшін, газет-журналды жиі оқуы тиіс», деген екен. Жағымды жаңалықтан хабардар болып отыру, озық тәжірибеге ден қою, тағылымды, ұлағатты сөз­дерден нәр алып жүру өмірлік қа­жет­тілікке айналса дейсің. Кейде кө­кейде жүрген кейбір ойларды елге та­нымал ұстаздардың жазғандарынан оқып, жүзеге асқанын қалайсың. Ай­талық, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразованың «Ұстаз ұжданы» атты мақаласындағы («Егемен Қазақстан» 2016 ж. 16 қарашада) ұсы­ныстар, оның ішінде «ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері», «ҚР білім озаты», «Ы.Алтынсарин» медалі сынды марапаттарға ие болған мұғалімдерге қосымша ақша төленсе деген тілегі зор құптарлық. Шынында да, әбден еңбегі сіңген ұстазда қандай да бір ерекшеліктің болуы әділ деп есептейміз. Әрі бұл мұғалім мәртебесін көтерудің де айқын бір көрсеткіші болмақ. Осыны Білім және ғылым министрлігі ескерсе екен дейсің. Нағыз ұстаздың еңбегі­не сай ынталандырудың лайықты жо­лы табылып жатса, сапаның да өрге басары хақ. Сапаны көтеруге осы мақалада сөз болып отырған мерзімді басылымдарды кәсіби серік етудің де септесіні тиері сөзсіз. Бүгінде көпшілік білім меке­мелері өз ұжымы үшін өзге басылымдар тұрмақ, тоқсан жылдық та­рихы бар, қазақ педагогикалық ба­сы­лымдарының атасы дерлік, барша білім саласы қызметкерлеріне ар­налған «Қазақстан мектебі» журналын жаз­дырып алуды да көпсінеді. Әрине, пән бойынша немесе қалаған басылым­дарды жеке атына жаздырып алып оқуға келер болсақ, мұғалімге жазыл деп жалынудың қажеті жоқ. Жалпы, мұғалім алдында мұндай проблема тұрмауы керек. Ол газет оқуды кәсіби қызметінің ажырамас бір бөлшегі, өрге басуының, ой-өрісі кеңеюінің маңызды бір жолы деп шын жүрегімен түйсініп, өз ықыласымен, өзі сұранып жа­зыл­ғаны қажет-ақ. Бұл ретте ақша­ны сылтауратудың да қисыны келмес. Шүкір, айлық ай сайын, уақтылы беріледі. Осы орайда «Басқаларды оқытып, үйретуі нәтижелі болсын десе, ең әуелі мұғалімнің өзі оқуы керек. Оқығанда да әбден қартайғанша оқуы керек», деген сөздер тілге оралады (Патон). Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, интеллектуалды ұлт қалып­тастырып, елімізді бәсекеге қабілетті етуіміз үшін, әлеуеті мықты ұстаздар қатарының толыға түскені абзал. Ол үшін қазіргі талап – өмір бойы оқып-іздену, өмір бойы білім жинау мұғалімдердің өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Пиалаш СҮЙІНКИНА, ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері ҚОСТАНАЙ