2016 жылдың 11 айының қорытындысын Үкімет өткен жылдың 20 желтоқсаны күні қарағаны белгілі. 12 айдың, яғни жылдың толық қорытындысы әлі шығарыла қойған жоқ. Сондықтан біз төменде өткен жылдың 11 айы қорытындысы негізінде әңгіме қозғай отырып, мына бір жайға ерекше тоқталғанды жөн көрдік. Өйткені, бұл өзі соған тұрарлық мәселе. Сол Үкімет отырысында мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2016 жылдың 11 айында мемлекеттік бюджеттің орындалуы, әсіресе, кірістер өсімі күткендегіден әлдеқайда жоғары болғандығын, соның нәтижесінде 11 айдың өзінде-ақ мемлекеттік бюджетке 2015 жылдың жылдық көлемінің деңгейінде кірістер түскендігін мәлімдеді. «Мемлекеттік бюджетке 5,8 трлн теңге сомасында кірістер (трансферттерді қоспағанда) түсті. Мемлекеттік бюджет бойынша асыра орындау сомасы 396 млрд теңгені, республикалық бюджет бойынша 255 млрд теңгені және жергілікті бюджет бойынша 141 млрд теңгені құрады. Ағымдағы жылдың 11 айында өткен жылдың дәл осы кезеңіне қарағанда, мемлекеттік бюджеттің кірістері 31,8 пайызға (1 398 млрд теңгеге), республикалық бюджеттің кірістері 41,1 пайызға (1 195 млрд теңгеге) және жергілікті бюджеттің кірістері 13,6 пайызға (203 млрд теңгеге) өсті. Тұтастай алғанда, мемлекеттік бюджеттің кірістері 107,3 пайызға, республикалық бюджеттікі 106,6 пайызға және жергілікті бюджеттікі 109,1 пайызға орындалды. Жылдың қорытындысы бойынша шамамен 250-300 млрд теңгеге салық түсімдерін айтарлықтай асыра орындау күтілуде. Мұның өзі бізге Ұлттық қордан кепiлдендірiлген трансфертті тартпауға мүмкіндік береді», деді министр. Әрине, бұл – қуанышты жағдай. Ел қазынасының қаржыға толы болғанына не жетсін! Соның ішінде, бір жылдың жоспары бір айы кем 11 айдың өзінде орындалып жатса! Әлемді дағдарыс кернеп отырған шақта, әлемнің көптеген елдері қаржыға зәру болып, бюджет тапшылығының орнын қалай толтырамыз деп бастарын қатырып отырған шақта, қазынамыз қаржыға толып қана қоймай, асып төгіліп жатса мұны еліміздің берекесі демей не дейміз. Экономикалық дамудың ең басты көрсеткіштерінің бірі – ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көрсеткіші екендігін жұрттың бәрі біледі. 2016 жылдың 11 айында оның өсім деңгейі 0,8 пайызды құрады. Жыл соңында ол 1 пайызға дейін жетеді, яғни ІЖӨ-нің орындалуы 101 пайызды құрайды деген жақсы үмітіміз бар. Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында бұл 1 пайыздық өсімінің өзі осал көрсеткіш емес. Өйткені, біздің басты экономикалық одақтасымыз Ресей өткен жылды минуспен қорытындыламақ. Бірақ соған қарамастан, Ресей үкіметі мен экономикалық сарапшылары мұның өзін жақсылықтың нышанына балап отыр. «Біз экономикалық құлдырауды тоқтата алдық, дағдарыстың түпкі шегінен өттік, енді тек алға басуларды ғана күтеміз. Бірақ бюджетіміз әлі де күрделі қалпында қалып отырғандықтан сайлау алдындағы уәдемізді орындау оңайға түспейді», деп мәлімдеді жуырда Ресейдің жоғары шенді шенеуніктерінің бірі. Ал Қазақстанда экономикалық өсім 1 пайызға жоғарылады дегеннің өзінде қазынаға қаржының құйылуы жоспарланғаннан 8-9 пайызға дейін артып отыр. Мұның өзі халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға мол мүмкіндіктер береді. Биылғы жылдың өзінде зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақылар көлемі екі рет өсірілмек. Бұл – біздің қазіргі жағдайымызда «арық айтып, семіз шығудың» бір көрінісі болса керек. Қазынада қаржы неге ІЖӨ өсімінен оза шауып көбейіп отыр? Оның себебін экономикалық сарапшылар бере жатар. Үкімет те түсіндіретін болар. Ал біздің ойымызша, бұл – жуықта іске қосылған Қашаған кен орнының алғашқы дүмпуі және теңге бағамын еркін айналымға жіберу шарасының сәтті жүзеге асуы, Қазақстанның экономикалық дағдарыс кезеңін еңсергендігінің үлкен бір белгісі. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Байсерке ауылында көпсалалы аурухана салынады
Аймақтар • Бүгін, 17:45
Алматыда «Муфаса. Арыстан патша» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтеді
Кино • Бүгін, 17:30
Қамшы туралы тарихи мәліметтер топтастырылған кітап жарық көрді
Тарих • Бүгін, 17:15
Халықаралық форумда ғылымды дамыту мәселелері талқыланды
Ғылым • Бүгін, 17:00
Қазақстанда 755 волонтерлік ұйым жұмыс істейді
Қоғам • Бүгін, 16:45
Алматы облысына 780 млрд теңге инвестиция тартылды
Аймақтар • Бүгін, 16:30