Елімізде мектеп оқушыларына арнап ән жазатын композиторлар саусақпен санарлық. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің профессоры, композитор Назымбек ДҮКЕНБАЙ сол санаулылардың санатынан. Біздің композитормен әңгімеміз де балаларға арналған әндер төңірегінде өрбіді.
– Назымбек аға, кішкене күнімізден балаларға арналған әндер айтып өстік қой. Ал осы күні балабақшаларда, мектептерде оқушылар қандай әндер айтып жүр?
– Қазір кішкентай ұл-қыздарымызды ұлттық өнерге тәрбиелеу, ана тіліміздегі ән, өлеңдерді үйретуден алыстап кетпесек екен деген ой айтар едім. Білім басқармалары, білім бөлімдері музыка пәніне қаншалықты көңіл бөлуде – мәселе сонда.
Музыка бар жерде әдебиет, әдебиет бар жерде музыка қатар өріліп, ой салар әуен тудырары анық. Мысалы, өмірін балаларға ән жазуға арнаған атақты кеңес композиторы Дмитрий Кабалевский 1-8 сыныптарға арналған музыка бағдарламасын жасарда өзінің қасындағы тобымен мектептерде 10 жыл қызмет етіп, тәжірибе жүргізген. Тәжірибе барысында Ресейдің мектептеріндегі музыка пәнінің бағдарламасында 30-40 шақты ән болса, оның 10 пайызын халық әндері, 60 пайызын кеңестік кездегі әндер, қалған 20-30 пайызын ғана жаңа әндер құрапты. Бізде де мектептегі ән-күй сабақтарына, музыка пәніне тәуелсіздік, елдік, төл мерекелер, халқымыздың салт-дәстүрлеріне сай бүгінгі ұл-қыздарымыздың жүрегінен орын алатын, саналарында мәңгілік сіңіп қалатын патриоттық әндер болуы міндетті түрде қажет. Ақын Сүлеймен Баязитов екеуміз «Балаларға базарлық» атты ән жинағын жазып шығардық.
– Оқушыларымыз ұлттық рухты оятар әндерді мектеп қабырғасынан үйреніп шығуы керек дейсіз ғой...
– Әрине. Қазақ мектептеріндегі бастауыш сыныптарда музыка, ән-күй сабағына ағылшын тілі пәніне мән берілгендей назар аударылғаны дұрыс. Бірақ, біз білім саласында әуел баста бекітілген бағдарламалардан аса алмай қаламыз. Ал рухани байлық, ән-әуен, ата-баба үні, сезім, нәзіктік, ой, қиял әлеміне самғау адам жүрегіне ән арқылы жетеді. Әміре атамыз 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне қатысты. Қазақ әнін әуелетіп, әлемді таңғалдырды, «Балқадиша», «Ағаш аяқ», «Жалғыз арша», «Қос балапан» «Қанапия» әндерін шырқады. Осы тарихты мектеп оқушылары білу керек. Айтуымыз керек.
Мысалы, мен өзім облыс орталығындағы Бейсен Ахметов атындағы педагогикалық колледжде 30 жыл студенттерге сабақ бердім. Бұл колледжді бітірген жастар мектептерге барады. Балаларға арналған әндердің мән-мазмұнын, ой өрімін студенттеріме түсіндіре отырып, музыкалық-эстетикалық талғамды дамыту, музыканы сүйе білуге, ән өнерінің құдіретін, қадір-қасиетін сақтап, ертеңгі күнге жеткізуге үйреттім. Ұстаздық қызмет атқара жүріп, «Бастауыш сыныптардың музыка сабағына арналған» баламалы авторлық бағдарлама жасап, 2-3 сыныптарға арналған оқу құралдары, фонотека және қосымша пайдалануға арналған балалар әндер жинақтарын, шығармашылық жұмыстар жаздым. Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушыларымен «Қыз Жібек» операсынан музыкалық үзінді қойып, үнтаспаға түсіріп, 2006 жылы ашық шеберлік-сыныбын өткіздім. Бүгінгі уақытта музыка мұғалімдері оны оқу материалы ретінде сабақтарында қолданып жүр.
– Жалпы, музыка пәнінің мұғаліміне шығармашылық еркіндік берілгені дұрыс қой?
– Бұл енді өте тиімді, мектепке де, оқушыға да, музыка пәнінің мұғаліміне де. Жоғарыда айтқанымдай, бекітілген бағдарлама арнасы музыка пәні мұғаліміне ешқандай ізденіс, шабыт әкелмейді, қасаң шеңберден шығып кету керек, сонда жақсы нәтижеге жетеді. Бізде балабақша мен мектептерге, жастарға арналған әндердің репертуары әлі де болса жұтаңдау. Тіпті, кеңес кезіндегі әндерді де айтады. Балаларға арналған әндер тапшы болмаса, әрине, бүгінгі күннің әуендері шырқалар еді. Сондықтан, жергілікті ақын, композиторлар шығармашылығын насихаттап, жас ұрпаққа таныстырып, балаларға арналған әндер жазып, мектеп пен балабақша бағдарламасына енгізуді қолға алдым. Кезінде облыстық білім басқармасына, мәдениет басқармасына «Балаларға арналған әндер» жинағын дайындап бердік. Қазір әр аудан, қала, мектеп кітапханаларында осы жинақтың бір-бір данасы бар, музыка пәні мұғалімдері пайдалануда.
– Сізді ғалым-композитор дейміз, өйткені, балаларға арналған әндердің ұлттық танымдылығы жайлы, жалпы, музыка саласына байланысты 16 ғылыми мақала, 20-дан аса оқулық, оқу құралдары, жинақтар жазып шыққан тәлімгерсіз. Қазір не жазып жүрсіз?
– Менің шығармашылығымның басты бағыты – балаларға арналған әндер жазу. Кітап шығарсақ, әр әнді нотасымен береміз. Бұл – мектептерге, балабақшаларға арналған дайын оқулық деген сөз. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған музыкалық-поэзиялық топтаманы жарыққа шығардық. Керекулік ақын Серік Елікбай қазақ хандары мен батырларына арналған музыкалық-поэзиялық топтама жазайық деген бастама көтерді. Алғашқы әніміз Керей мен Жәнібекке арналып жазылды. Қазір Кенесары хан, Оспан батыр, Бөгенбай батыр, Қабанбай батырға арналған әндердің сөзі мен композициясы дайын тұр. «Жүректен шыққан әуендер» толық әндер жинағымда 150-ден аса әндерім бар. Жергілікті сахнада, радио-теледидарда шырқалып жүр.
Елімізде балаларға арналған шығармашылық байқаулар өтуде. Былтырғы «Бала дауысы» қаншама әнге құмар баланың жолын ашты. Осы Бірінші ұлттық байқауда біздің павлодарлық оқушылар Мерхат Жылқыбаев пен Мария Затварницкая бас жүлдені жеңіп алды. Бала дауысы мектепте жүр, мектептен бастап жақсылап өнерге тәрбиелеу керек дегім келеді. Ғұмырымды қазақ балалар музыкасының дамуына арнадым. Әлі де өмір жалғасады. Тәуелсіз елдің кішкентайларына арнап шабыт шалқып, жақсы әндер жазыла берер.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР