17 Қаңтар, 2017

Іс тетігін тапқан біледі

545 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Александр ага 1Абай атамыз бір сөзінде «Осы күні қазақ ішінде «Ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мәнісі, «ісің­нің түзулігінен жетпессің, кісің­нің амалынан жетерсің» деген сөз», дейді. Байқасаңыз, осы бір сөз бүгінгі күнге сай айтыл­ған ба деп ойлайсыз. Өйт­­кені, әлемнің өркениетті ел­дері­нің тәжірибесінен өткен істер халық­тың пайдасы үшін жүзе­ге асып жатады. Халыққа, мем­ле­кет­­ке пайдасы тиерліктей етіп ұйым­дастырылмаса, бірде-бір іс қол­данылмайды. Сонда, Абай атамыз айтқандай, іс қаншалықты түзу болғанымен, оны лайықты жүзеге асырар білікті маман болмаса, бәрі бекер. Сол айтқандай, енді, міне, аза­маттарды уақытша тіркеу мәсе­лесі аяқ астынан жырға айналып, әңгімесі әлі де таусылар емес. Себебі, бұрын байқалмаған су астындағы қойтастар көрініп қалып жатыр. Ал ол халықтың бұрынғыдай бір жерден екінші жерге тып-тыныш барып тұруына кәдімгідей кедергі келтіретіндей күдік туғызуда. Қойтастарды айналып өтуге де мүмкіндік болмай тұр. Өйткені, ол кедергілердің бәрін сыпырып түгел алып тастамай, еркін жүзу жоқ. Сондықтан да, амал жоқ, сол қойтас секілді кемшіліктердің денін біртіндеп жоюға күш салып жатқан да халықтың өзі. Себебі, кез келген халыққа қызмет көрсету орталығы­на барыңыз, онда бұл мәселені тезде­тіп шешудің қамымен қаптап жүр­ген жергілікті қарапайым адамдар. Содан қазіргі күні тіркеуге тұрып жатқандар қарасы да едәуір молайып қалған. Жасыратын несі бар, осының арқасында алғашқы сәттегідей емес, енді сансыз сұрақтардың да көбіне жауап табылып, көкейкесті мәселелер шешімін тауып жатыр. Мәсе­лен, солардың қатарында заңдағы олқы­лықтардың орны толықтырылып жатқандығын айтуға болады. Алайда, осы туындаған кедергі­лерді алдын ала реттеп, даңғыл жол ашып қоюға болмас па еді? Сөзсіз болар еді. Бірақ уақытша тіркеу барысына жауапты адамдар бұған алдын ала онша бас ауырта қоймаған секілді. Сондықтан бұл мәселеге Премьер-Министрдің өзі де назар аударып, орын алған келеңсіздіктер туралы ойын ашық білдірді. Үкiмет отырысында Премьер-Министр Бақыт­жан Сағынтаев тiркеу енгiзiл­геннен кейiн ХҚО-ларда үлкен кезектiң қалыптасқанын және мұ­ның халық арасында наразылық тудыр­ғанын айтты. Тіпті Премьер-Министр тiркеуге қатысты сұрақ­тар­дың тым көп екенiн және түсiн­дiру жұмыстарының дұрыс жүргiзiл­мегенiн жасырмай жеткізді. «Бірінші рет қашан түсіндірдік? Біз ХҚО-ларда дүрлігу туғаннан кейін ғана түсіндіре бастадық. Бұл норманың халыққа қатысты екенін түсіндік, біз 22 желтоқсанда түсіндіру жұмыстарын бастап кете алар едік, сонда қазір ХҚО-ларға келіп жатқан 40 мыңның 17 мыңы уақытша тіркеуге келіп, қалғандары заңдастыратын еді. Бірақ олар осы күндері келмей-ақ қойса да болар еді, солай ма? Олар тіпті бір жылдың ішінде асықпай келе алар еді, айтарлықтай дүрлігу тумас еді. Адамдар не істерін білмей ХҚО-ларға бара бастады», – деді Үкімет басшысы. Ал Премьер-Министр айтқан­дай, бұл дүрлігуді тудырмауға тиіс ІІМ уақтылы, яғни алдын ала «түзу істі» жеріне жеткізе електен өткізіп, ертерек түсіндіру жұмыстарын жүр­гізгенде, мұндай абыр-сабыр туын­дамаған болар еді. Осындай келең­сіздіктің бәрі, дер кезінде ұйым­дастыру жұмыстары жүргізіл­мегендіктен туындады. Сонда, Абай атамыз айтқандай, егер мұндай «түзу істі» атқара алар «білер кісі» табылмаса, халықты аяқ астынан әбігерге салатын осындай жағдайлар туындай бере ме? Ол қашанға дейін жұрттың шыдамын сынап көрмек? Елбасы қашанда алдымен халықтың қамын қарастыру қажеттігін қаперге салып келеді. Премьер-Министр де бірнеше мәрте ескерту жасағандығы белгілі. Мұн­дай ескертулерден кейін іс тек естілікпен ғана атқарылуға тиіс деп ойлаймыз. Ал істі біліп, оны есті атқарар мамандар біздің елімізде баршылық. Сонда не іс тындырылса да, ол тек адамға қызмет етуге, адам игілігі үшін жасала­тынына бек сенімділік орныға­ды. Ол сенімді орнықтыра алуды «Темір де көніп тіл қатқан,  Тетігін тап­қан маманға!», деп ақын Жұбан Мол­дағалиев айт­қандай, іс тетігін тапқан ғана біледі. Александр  ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»