Оңтүстік тарихи тағылымды, шежірелі өңір екені, оның жер-су аттарынан да байқалады. Қазығұрт тауының атауы соның бір дәлелі іспетті. Осы атаудың пайда болғанына мыңдаған жылдар болды дейді ғалымдар және бұл туралы ел аузында жыр да, аңыз да көп. Мұның бәрі бекерден-бекер болмаса керек, өйткені халық бірнәрсені білмесе айтпайды, ал ғалымдар кез келген нәрсені зерттемесе жазбайды. Бабаларымыздың: «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса, неге қалған?!» – деп айтып кеткен ғажап сөзі осының айқын дәлелі. Жоғарыда айтылғанның барлығы да Қазығұрттың киелі атау, қасиетті жер екендігіне күмән келтірмейді. Қазығұртқа байланысты қазір де көптеген көркем туындылар жазылып, ғылыми зерттеулер жүргізілуде.
Осы таудың ерекше бір қасиеті бар екеніне өзім де бірнеше мәрте куә болдым. 2004 жылы шілде айында облыстық ішкі саясат басқармасының тіл бөлімінде қызмет істеп жүрген кезімде «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорымен бірлесіп, облыстық ұлттық мәдени орталықтардың төрағалары мен мүшелерін екі автобуспен Қазығұрт тауына алып шықтық. Аспан шайдай ашық болатын. «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының президенті Байдулла Қонысбек жол-жөнекей Қазығұрт тауының тарихы мен оның кереметі туралы әңгімелеп отырған. Алайда, автобустағы кейбір кісілердің кежегелері кейін тартып, Байекеңнің айтқанына өздерінше күмән келтіргендей томсырайған. Судағы кеменің Қазығұрт тауына емес, Синай немесе Арарат тауына тоқтады деген болжамның да болғанын айтып отырғандарын құлағым шалып: «Одан да Байекеңді тыңдайық» дедім. Бірақ, бұған әлгілер онша назар аудармай, жауын-шашыннан болған топан суға да күмәнмен қарайтындарын айта бастаған. Осы мезетте шайдай ашық аспанды кенет бұлт торлап, шелектеп тұрып жаңбыр құйсын. Автобусымыз өзінен-өзі бұзылып, бірінен кейін бірі тоқтап қалды. Бұдан кейін бір ағамыз: «Көрдіңіздер ме, табиғаттың бұлай құбылуы Қазығұрт тауының тегін еместігін білдіреді. Оның қасиетін түсінсін дегендей жаңбырын нөсерлетті», – деп ескертті. Көп кешікпей жаңбыр тоқтап, біз саяхатымызды одан әрі жалғастырдық.
Ұлттық атаулар – әр заманның ескерткіші ретінде халықтың тарихы мен мәдениетінен және тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен хабар береді. Мысалы, күллі халқымыз кие тұтқан Қазығұрт пен Ордабасы, мың жыл бұрын қазақтың өркениетін әлемге паш еткен Отырары, тарихы терең Таразы мен Түркістаны және талай-талай алқалы кеңестер мен жиындарда ел тағдырын шешкен Мәртөбесі мен Күлтөбесі өзінің ерекше бір оқиғаларымен Оңтүстік өлкесін бүкіл дүниежүзіне танымал еткен. Десек те, Сауран мен Сығанақ, Сайрам мен Созақ, Қазығұрт пен Бұдықкент, Тамтәжі мен Абартәжі, Шауғар мен Түркібасы сияқты кенттердің, қалалардың және басқа да толып жатқан төбелер мен қорғандардың жұмбақ сырлары әлі толық ашылған жоқ.
Қазақтар ежелден Қазығұртты кие тұтып, тіршіліктің қайта түлеп, тамыр тартқан тұсы, дүниенің тұтқасы деп бағалаған. Қазығұрттың сонау көне замандардан бастап, бүгінге дейінгі тарихы, тек оңтүстік өңіріне ғана емес, бүкіл қазақ даласына қатысты. Былай қарағанда, Қазығұрт тауы аса үлкен де емес, бірақ өзге тауларға қарағанда Қазығұрт туралы аңыз көп. Оның басты себебі, халықтың Қазығұртқа деген ықыласы мен махаббаты ерекше. Қазіргі кезде адамдар Қазығұрттың қадіріне жетіп, абыройын асқақтатып, мерейін асыруда. Солардың бірі –бұрынғы Ленин ауданы тұрғындарының талап-тілегіне орай, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1993 жылғы 4 мамырдағы қаулысымен Ленин ауданының Қазығұрт ауданы болып өзгертілуі, 1990 жылы Шымкент қаласындағы жаңадан салынған шағын ауданға Қазығұрт атауының берілуі және ҚР Үкіметінің қаулысымен қаладағы №66 мектептің Қазығұрт орта мектебі деп аталуы. Еліміздің өзге өңірлерінде де киелі атауды иеленген нысандар аз емес.
Қазығұрт – Талас Алатауының оңтүстік батыс сілеміндегі тау. Шымкент пен Ташкент қалаларының ортасында орналасқан. Солтүстік-шығыстан, оңтүстік-батысқа қарай 20 шақырымға созылып жатыр. Ені 10 шақырымдай. Биіктігі 1768 метр. Оңтүстік беткейі Келес өзеніне жалғаса жарқабақтанып бітеді. Бұл тау ел арасында «Қазығұрт әулие» деп те аталады. Ерте заманда бүкіл әлемді топан су басатынын Нұқ ғалаһи-уәссалам алдын ала біліп, ертерек қамданып, кеме жасатады. Топан қаптаған кезде жан-жануарлардың аталық және аналық жыныстарын алып, кемеге мінгізеді. Мұның ішінде төрт түлік малдың да тұқымы болады. Нұқ пайғамбардың жақсы адамдары мен туған-туысқандары – барлығы сексен жан ғана кемеге кіреді. Су тасқыны алты айға созылып, Нұқтың кемесі Қазығұрт тауына қайырлайды. Қасиетті осы таудың жоталарына төрт түлік малдың, аң мен құстың алты айлық аштыққа арып-ашып қалған тұқымы түседі. Оларға Жаратушы ие мен пірлерінің шарапаты тиіп, аман қалады. Содан жер үстінде тіршілік қайта қалыптаса бастайды. Тау жоталарындағы жан-жануарлардың аяғы тиген жерлері киелі, әулие болып саналады. Олар Қазығұрт ата, Ақбура ата, Көзді ата, Әңгір ата, Шілтер ата, Мейрам ата, Қайнар ата, Қызыл ата деп аталады.
Кемеден түсіп, қоныстануға қалған 80 адамның 73-і шейіт болып кетеді. Нұқ пайғамбардың өзі, Хам, Сам, Иофес атты үш ұлы, Әшиат, Ләйла, Айша деген үш келіні ғана аман қалған екен. Олардан адамзат ұрпағы қайта өрбіп шығады дейді бізге жеткен аңыздардың бірінде.
...Алатаудың батыс баурайында аласа тауда Қазығұрт атты әулие өмір сүріпті. Ол ақылды да әділ болып, өмірінің соңына дейін Құдайға қызмет етіпті. Талай рет елін апаттан аман алып қалған екен. Күндердің күнінде, Қазығұрт әулие қартайып, шашын ақ шалған сәтте төскейдегі халыққа үлкен апат келеді. Олар бірін-бірі тонап, ел ішінде ұрлық пен зорлық көбейеді. Әлдісі әлсізін, көбі азын тонау әдетке айналып, халық арасында алауыздық етек алады. Адамдар арасындағы ынтымақтан береке кетеді. Осы кезде жаратушы Алла оларға жыландар мен шаяндарды жіберіпті. Аспаннан у аралас жаңбыр жауып, егістіктері уланады. Өзара тіл табыса алмай, Құдайдың қаһарына ұшыраған адамдарды жыландар мен шаяндар шағып, ажал құшағына алады. Ел арасын қорқыныш пен үрей жайлап, зор азапқа ұшырайды. Көбі өліп, аз қалған адамдар Қазығұрт әулиеге келеді. Олар бұл арада жыландар мен шаяндардың жоқ екенін көріп, таң қалады. Қазығұрт әулиеге: – Бізді мына азаптан құтқарып, ажалдан алып қалу тек сенің қолыңнан келеді. Сенің арың Құдай алдында таза, біз сияқты күнәһар пендеңе араша түсіп, ажал мен азаптан құтқар. Қателігімізді мойындап, алдыңа бас ұрып келіп отырмыз, – деп жылап-еңіреп, аяғына жығылып, бас иеді. Сонда Қазығұрт әулие: – Сендер құдай алдында күнәға батып, кешірілмес қылмыс жасадыңдар. Сол үшін Алла сендерді жазалап отыр. Егер сендер ақымақтық істеріңді тастап, бір-біріңді қинаудан, тонаудан аулақ болсаңдар, араша түсейін, – дейді. Ажалдан қорқып, азаптан үрейленген әлгілер: «Тастаймыз, енді қайталамауға уәде етеміз, егер осыдан құтқарсаң, бәрін де орындаймыз!» – деп шуласып, ант береді. Қазығұрт әулие күнәһарлар күнәсін кешіру үшін Құдайға мінәжат етіп, дұға оқиды. Құдай Қазығұрттың дұғасын қабыл алып, әлгілердің күнәсін кешіреді. Жыландар мен шаяндарды жіберуін тоқтатады. Содан «Қазығұрт – киелі, әулие тау» атаныпты, – дейді тағы да сол көп аңыздың бірі.
Қай халық болса да ежелден елді мекендер мен жер-су атауларының мағынасы мен мәніне, шығу тарихына аса зор мән берген. Бұл жөнінде, түрколог С.Сахабаттың пікірі мынадай: – Біздің ата-бабаларымыз атаулар мәселесінде көне тілдерге барып, қазақ жеріне ислам діні келгенше, біздің халық тәңірдің бар екенін мойындап, өздерінің дәстүрлік наным-сенімдерімен өмір сүрген. Оңтүстік топонимдерінде сақ, түркі элементтерінің молдығы соншалық, өзгені қоя тұрып, әуелі өзіміздің тісіміз батпай жүрген мәселелер баршылық. Эпосқа, тарихи аңыздарға, тіпті қазақы шежіреге мүлдем қарсылығымыз жоқ. Қайта керісінше, кәдеге жаратамыз. Мәселе ауызекі шежіреге ойысып бара жатқан ойсыздықта. Қазаққа мейлінше етене, айтылуы бір болғанымен мағынасында айырма жетерлік, һәм «ғ» литургы түркімен, түрік, әзери оғыздарында, араб-парсы, орыс фонетикасында емге ұшыраспағандықтан, яки түсіп қалады, яки өңге литургке (г) айналып кетеді. Қазығұрт оронимінің «қазығ» буынына Көк түркі нұсқасында ой қыдыртып көрелік. Келесі буын ұрт /юрт /йурт / жұрт – бізге аса таңсық емес. Қасиетті айлақ – Жер кіндігі (аxus mundi) – Ғарыш бәйтерегі (aror mundi) – қазығ йурт – Қазығұрт. Қазығ йурт қазақы көмейге ауысқанда – Қазығұрт! Қазтуған жыраудың алаң да алаң жұртын, елең де елең жұртын ескерсек, ештеңесі де жоқ. Бойымызға да, ойымызға да шап-шақ, таза ұлттық пайымға ие боларымыз хақ. Көшпелінің жағрапиялық білімі аса жоғары. Осалдығы хатқа түспегенінде, жолай кимелегеннің аузында кетіп өңі айныған мінезінде. Тірнектеп көрелік: 1. Ғарыш – көк 2. Ғарда – тау (аталық) 3. Ғар – йурт (жұрт, ел, қоныс).
«Қазығұрт» деген сөздің қалай шыққандығы туралы нақты дерек жоқ, дегенмен ғалымдар бұл жөнінде өз ойларын ортаға салады. Е.Қойшыбаев Қазығұртты көне түріктердің тайпа аттарымен байланыстырып, қос этнонимнен құралған атау – «қаз» және «құрт» түркілері VІІ-VІІІ ғасырларда өмір сүрген тайпалар деп анықтама берсе, С.Бақбергенов «қазы» – төреші, әділ төреші «құрт» – қасқыр деген мағынаны берсе керек деп тұжырымдайды. Қазығұрт атауы тарихта оғыз бен печенектер арасында болған соғысты бейнелейтін Қорқыт туралы жырда Қазығұрт тауы ретінде кездессе, Әбілғазының «Түркімендер шежіресінде» Қазығұрт туралы екі дерек бар. Оның бірінде Қазығұрт Оғыз ханның алты ұлының бірінің баласы ретінде, екіншісінде тау ретінде аталады. 1043 жылы Оғыз ұлысы ыдырап, кейбір тайпалары батысқа көшкен сәттен бастап, бұл өлкені «Қазығұрт халқы» деп атай бастаса керек.
Біздің халқымыз Қазығұрт атауы арқылы рухтанады. Қазығұрт тауын – Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған, адамзаттың алтын бесігі ретінде ардақ тұтады. Бүгінгі таңда облысымызда Қазығұрттың атымен аудан, ауыл, мектеп, көше және жекеменшік (тойхана, кафе, дүкен, т.б.) бірқатар нысандар аталады. Қазығұртты жаңғырту және оны елге танымал ету мақсатында облыс, аудан тарапынан көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Шымкент – Ташкент тас жолының бойындағы асуға «Кеме қалған» монументі орнатылды, «Қазығұрт» энциклопедиясы жарық көрді, бірлік пен берекенің, татулық пен достықтың, ырыс пен ынтымақтың жарқын мерекесі «Наурыз мейрамы» Қазығұрттан бастау алуда, облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен «Ырыс алды – ынтымақ» атты облыстық іс-шара Қазығұрт баурайында өтті. Ауданның экономикасы да қарқындап өсіп келеді. «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының бастамасымен бірқатар игі істер қолға алынып, 14 жылдан бері Қазығұртқа түрлі қоғамдық ұйымдардың қатысуымен саяхаттар ұйымдастырылуда. Баршамыздың алдымыздағы ендігі міндет Ұлы Жібек жолының бойында тұрған біздің дәуіріміздің алып ескерткіші – Қазығұртты адамзат тіршілігі мен бірлігінің символы ретінде оның маңайын ұлттық табиғи, тарихи қорыққа айналдырып, шетел қонақтарына таныстыру арқылы рухани жәдігерімізді бүкіл әлемге әйгілі ету!
Қабыл ДҮЙСЕНБИ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.