31 Қаңтар, 2017

Шақалақ неге шетінейді?

2418 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кімде-кім кенеттен сырқаттанып, түрлі жағдайлармен екі дүниенің ортасын­да қалса, бірінші кезекте дәрі­герлік көмек­ке жүгінуге мәжбүр болады. Нау­қас­қа ал­ғаш­қы медициналық көмек көр­сету­ге дәрі­гер міндетті. Өйткені, дәрі­гер­лер қа­был­­дай­тын Гиппократ анты ұғы­мы әлем­дік қауымдастықта әбден қалыптасқан. Алматы облысында барлық деңгей­дегі дәрігерлік қызмет тиісті дәре­жесін­де деп айтуға келмейді. Өткен жылы Қара­сай аудандық орталық ауру­хана­сын­да үш нәрестенің шетінеген оқиғасы тір­келіп, қоғамдағы ана мен бала өмірі тура­лы өзекті мәселелер елді елең еткіз­ді. Ал облыстық денсау­лық сақтау басқар­масын­ан алынған мәлі­м­етке сүйенсек, бала өлімі көр­сет­кіші 2015 жылы 10,9 пайыз болса, жоғарыдағы оқиғалар орын алған 2016 жылы 9,9 пайызға төмендеген. Десе де, Қарасай аудандық орта­лық ауруханасында 2016 жылы үш нәресте шетінеп, дәрігерлерге деген сенімсіздікті күшейте түскені белгілі. Аталған ауру­ханада был­тыр дүниеге келген үшем­нің екеуі аман-есен өсуде. Ал үшем­нің бірі салмағы 1590 грамм, бойы 40 сан­ти­метр болып туғанымен шеті­неп кет­кен еді. Медициналық тілмен айт­қан­да, әлі жетілмеген шала шақалақ болды. Дәл осы ауруханада шетінеген екінші қыздың салмағы 1470 грамм, бойы 38 сантиметр, ал үшінші ұл бала­ның салмағы 3700 грамм, бойы 54 сан­тиметр болды. Дәрігерлердің айтуынша, шетінеген балалардың алдыңғы екеуі шала болып дүниеге келсе, үшіншісінің салмағы талапқа сай болғанымен өкпесі қабынып, өздігінен дем ала алмайтын туабітті ауруға душар болған. Негізі, шақалақтың шетінеуі тура­лы дәрігерлік анықтаманы заңна­маға сәйкестендіре жазып отыра беретін уақыт өткен. Заң тала­бы бұлтарт­пай­ды. Сондықтан медицина­лық көмек көрсетуді дұрыс атқармағаны үшін Қара­сай аудандық орталық ауру­хана­сының бас дәрігері Сәуле Саура­н­баеваға сөгіс беріліп, үш нәрес­тенің шеті­­неуіне жол берген бас дәрі­гер­дің орын­­басары Ләззат Қорғанбаева қыз­меті­нен босатылды. Бірқатар жауап­ты қыз­мет­керлерге сөгіс жарияланды. Ал Көксу аудандық орталық ауру­ханасында бір жарым жасқа келген баланың қалай шетінегендігі жөнінде қазір тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру аяқталғанға дейін дәрігер Владимир Ким атқарып отырған қыз­метінен шеттетілді. Жалпы, медицина саласы қызмет­керлеріне айтылатын сын да, тағылатын мін де көп. Бірақ бес саусақ бірдей емес. Жүрек қалауымен дәрігерлік мамандықты таңдап, беріле жұмыс істеп, өмір бойы жүрегіне де, ақ халатына да кір түсірмей, төл міндетін адал атқарған абзал жандар баршылық. Бірақ ақ халаттылар арасында түрлі жолдармен «бас дәрігерлік» лауазымға жетіп, бас пайдасы үшін өресіздік танытып, қарапайым халықтың көкірегіне қаяу мұң түсіріп жүргендері де жоқ емес. Кейбір бас дәрігерлер кәсіби маман ретінде дұрыс шешім қабылдай алма­ғаны­мен қатар, өзгелерге тосқауыл болат­ыны бүгінгі қоғамның бір ауруы болып тұр. Амал нешік?! – Заң бұзушылық туралы бір ғана фактіні айтайын. Медициналық меке­ме­лердің 90 пайызында әлі күнге адам­дарды электронды тәртіппен кезек­ке қойып, қабылдау реттелмеген, – дей­ді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі Алматы облыстық депар­таментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев. Тұтастай алғанда, маман тап­шылы­ғының салдарынан сапасыз қызмет көрсетілетінін де ескерген жөн. Мысал­ға, 10 мың адамға шақ­қан­да Панфилов ауданында – 14,7, Алакөл­де – 15,2, Кер­­бұлақта – 15,8, Қараталда 16,2 па­йыз дәрігердің жетіспеушілігі тірке­ліп отыр. Жалпы, дәрігерлердің өз кәсі­біне адалдығына байланысты мәсе­ле­лерді облыстық денсаулық сақ­тау бас­қар­масының өткен жылы атқар­ған жұмыстарын қорытындылаған жиында өңір басшысының орынбасары Жақсылық Омар ашық айтып, соған орай толтырылатын хаттама барлық медициналық мекемелерге жіберіліп, бақылауға алынатындығын паш етті. Осы жиында Талдықорған қаласы мен Сар­қан аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерлерінің зейнеткерлікке шы­ға­рылғаны, Текелі қаласы мен Тал­ды­қорған қаласындағы аймақ­тық жұқ­палы аурулар ауруханасы­ның бас дәрі­герлері осы салада қызметтік ауысым­мен бас дәрігерлік лауазымды атқара­тын­дығы, ал Ұйғыр аудандық орталық ауру­ханасының бас дәрігері қызметінен боса­тылғандығы белгілі болды. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы