01 Ақпан, 2017

Қазақстан қоржынында – қос алтын

773 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

алинаАлғашқы алтыннан айналдық!

Сүйінші! Дәл осы мезетте Қазақстан қоржы­нына алғашқы алтын келіп түсті! 2015 жыл­ғы Универсиадада (Испания, Сло­вакия)  алтын медаль алған биатлоншы Алина Райкова сондағы көрсеткішін Ал­матыда қайталады. 15 шақырымдық қашықтықта мылтық атудан небәрі екі рет «сүрінген» А.Райкова 59 минут 48,7 секунд көрсеткішпен алтыннан ал­қа тақты. Бар жоғы +2:21 көрсеткіш арт­та қалған тағы бір биатлоншымыз Га­лина Виш­невская күміс медальға қол жет­кізді. Біздің алғашқы алтынымыз! Екінші кү­місіміз! Жанбота-1 Инкарбек

Жанбота мен Бағланның бағы жанған сәт

Бәріміз жақсы көретін, аты аңызға айналған Медеудің құдіреті болар, ер жігіттер 5 мың шақырымдық қашық­тық­қа конькимен жолға түскен осынау сындарлы сәтте Алатаудың Талғар жағынан тағы бір жүрекжарды қуанышты жа­ңалық келіп жетті!!! Фристайлшы сұлуымыз Жанбота Ал­­да­бергенова сөзінде тұрды, ағайын! Оның кешегі қола алғанда толқып тұрып: «Алдағы командалық сайыс­та қателік жібермеуге тырысамын», деген уәдесі орындалды. Жанбота Ал­да­бергенова мен Бағлан Іңкәрбек тандемі қоржынымызға екінші алтын медальды салды. Жағаласқан қытайлық қос команда да артта қалды... Бұл күн бар жақсы жаңалық биік таудағы «Медеу» спорт кешеніндегі бас­­пасөз орталығына келіп тоғысқан күн болды! Атыңнан айналайын, Алатау! Атың­нан айналайын, Медеу! Алайда, атақты Медеу бүгін бізге бір ғана медаль сыйлады. Өкінішке қа­рай, ерлер арасындағы 5 мың метрлік қа­шық­тықта сайдың тасындай кіл ірі жігіт­теріміз жүлдесіз қалды. Бұл аламанда бірінші болып италиялықтар мәреге жетті. Жапондар екінші, Австрия спорт­шылары үшінші болып мәре сызығын қиды. Спортшылар киім ауыстыратын залда Универсиада өткізуші дирекцияның жетекшісі Наиль Нұровпен кездестік. Бүгінгі Алатаудағы жапалақтап жауған қардың спортшыларға қаншалықты  қиын­дықтар туғызғаны жөнінде сауал тас­тадық. – Таңғы сағат 9.00-де Шымбұлаққа түскен қардың қалыңдығы 50 санти­метрге жетті. Тоқтаусыз жауып тұрды. Жа­рыс шарттарына сай мұндай жағ­дайда бәсеке тоқтайды, – деді Наиль Фа­рид­ұлы. – Сол себепті де Шым­бұ­лақта өтетін әйелдер кросы ертеңге ауыстырылды. Сноубордтан жарыс екі сағатқа шегерілді. Шаңғы жары­сы мен биатлонға қатысушы спортшы­лары­мызға да жапалақтап жауған қардың тигізген әсері аз болмады. Ертең күн ашылуы тиіс... Универсиаданың екінші күнін Қа­зақстан спортшылары 2 алтын, 2 кү­міс және 4 қола медальмен – жалпы­ко­мандалық есепте екінші орынмен аяқ­тады. Медеудің аспанынан алтын жауатын күндер алда. Үмітімізді үзбейік! Өйткені, конькишілеріміз ертең, бүрсігүні, оның арғы күні... өзіміздің Медеуде тағы да бақ сынайды, күш көрсетеді...  

чимМедеудің қары тізеден...

Қардың жауғаны жақсы емес пе?! – Қыстың күні Медеуде қар жауғаны онша құптарлық жайт емес, – деді риясыз жымиған биік таудағы «Медеу» спорт ке­шені­нің бас менеджері Дулат Кей­кин. – Оның себебі, өздеріңіз біле­сіздер, біздің «Медеу» дүние жүзі бойынша ашық аспан астында орналасқан бірегей мұз айдыны. Солт-Лейк-Сити (АҚШ) мен Кал­гари (Канада) қалаларындағы біздікіне ұқсас биік таудағы мұз айдынының ерекшелігі сол, ол стадиондардың қажетті кезін­де шатыры жабыла қояды. Сон­дықтан да­ бізге мынау жапалақтап тынымсыз жауған аппақ қарды айдын бетінен мезгіл-мезгіл тынбай тазалап тұруға тура келуде. Бүгінгі бас менеджер, кешегі кешеннің бас инженері Дулат Жәрдемұлының есімі «Медеу» спорт кешенімен тікелей байла­нысты. Себебі, мұздату-тоңазы­ту технологиясының білікті ин­женері осы спорттық кешенде бар­лығы 25 жыл еңбек еткен болса, оның 20 жылында бас ин­же­нер қызметін атқарған екен. Ме­деу­д­ің кешегі және бүгінгі бар тынысы, тіршілігі өзіне сон­дық­тан да өте жақсы таныс. Білік­ті маманды Универсиада дирек­циясы жарыс қарсаңында ғана сырғанақ айдынына менеджерлік қызметке шақыруының сыры осында жатса керек. Иә, биік таудағы «Медеу» спорт кешені дүние жүзінде осы­­нау қасиеттерімен де ерек­ше­­ленеді. «Медеу» қай кезде де Қазақстанның бренді болған, болып қала бермек. Сағат 11.00. Төпелеп жауған қар тоқтар емес. Мұз айдынында спортшылардай-ақ зыр қаққан қар тазалағаш техника мұздың бетін айнадай етіп жалтыратып тастады.

Қола медальды қомсынбаймыз

...Ысқырық естілісімен әйел­­дер арасындағы коньки­мен 1500 метр қашықтыққа жүгіру­ден ж­а­рыс басталып кетті. Қазақ­стан­ның намысын 12 спортшы қыз­дары­­­мыз қорғайды. Олардың ара­сын­­да атақты Екатерина Ай­дова, Надежда Сидельник, Татьяна Климук, Мария Сизова және бас­қ­алары бар. Құстай ұш­қан қыз­дарымыздың дәл бү­гін рекорд жасайтынына сене­йік! Медеудің рухы қайта көтеріл­гендей! Міне, қыздар арасындағы екінші жұп сапқа тұрды. Әзірге жеңімпаздық көрсеткіш жоқ... Айтпақшы, дәл осы сәт­те Уни­­версиада-2017 баспа­сөз ор­та­лығынан ауа райы­ның қолай­сыз­дығына байла­ны­с­ты Медеудің иығындағы «Шым­бұлақ» тау шаңғысы кеше­нін­де тау шаңғысы комби­нация­сына кіретін әйелдер ара­сын­дағы супергигант жары­сы кейін­ге шегерілгені туралы хабар түсті. Сондай-ақ, төпелеп жау­­ған қар Универсиаданың сим­волындай болған «Сұңқар» атау­лы трамп­линде де қос сайыс түрін­дегі биіктіктен секіру жары­сын тоқтатыпты. Әйгілі «Алатау» спорт кешеніндегі биатлон мен шаң­ғы жарысының өту уақытына өзгертулер енгізілуі мүмкін екен. Соған қарамастан, иә, соған қарамастан... рекордтар ұста­ханасы саналатын биік тау­дағы «Медеу» мұз айды­ны­ның жие­гінде тұрып, жанымызға жа­ғым­ды жаңалық естідік. Универсиаданың алғашқы күні Қазақстан қоржынына бірін­ші болып қола медаль салған шаң­ғышы Анна Шевчен­ко тағы да жүлдегерлер қатары­­нан көрінді дейді! Бүгінгі 5 ша­қы­рымдық еркін стильдегі әйел­дер арсындағы өткен ж­арыс­та 13:51,0 көрсеткішімен дара­лан­ған шаңғышы қызымыз екін­ші рет қола медаль ұтып алды. Бұл жолы да кешегі басты қарсыластар – ресейліктер Анна Нечаевсая мен Лилия Васильева алтын мен күмісті қолдан алып кетті. Назар аударарлығы сол, бүгін алтынды – Лилия, күмісті – Анна алды. Бейнебір, ресейлік шаңғышы қыздар өзара алдын ала ақылдасып алғандай-ақ... Жарайды, өзіміздің Аннамызға құтты болсын айтайық! Әр жа­рыс медальсіз емес, әйтеуір... әзірге! Үмітіміз – рекордтар ұста­ханасы атанған Медеуде!!! Медеудің мұзының үстінде конькидің табанынан от ұшқын­дай бастады. Жарыс қызды. Міне, айтып ауыз жиған­ша бол­­ған жоқ, әйгілі коньки­шіміз Ек­а­­терина Айдовамыз 1500 метр­­лік қашықтықта жүлделі үшін­­ші орынға шығып бәрімізді бір мар­қайтып-ақ тастады. Катя­ның көздегені одан да биік еді! Алай­да, бүгінге – осы. Әйелдер ара­сын­­дағы жарыс қас пен көздің ара­сында аяқталды да қалды. «Медеудегі» алғашқы медаль! Қазақстанның 5-ші медалі... «Медеу» спорттық кешені­нің мұз айдынында да, айнала­сын­да да қарбалас тірлік қай­нап жат­ты. Үстіне үйме-үйме қар ти­ген ауыр көліктер төмен қа­рай құл­ди­лап кетіп жатты. Қар жау­­­ға­­нын тоқтатар да емес. Ал­ма­­ты­­ның Төтенше жағдайлар де­­пар­­та­­­менті де «қалғымай», Ала­­тау­­да қар көш­кіні жүретіні тура­лы суық хабар­ды қайта-қайта SMS ха­бар­­ла­мамен жолдаудан жалығар емес. Сағат 13.00-де басталатын 5 мың метр қашықтыққа жүгі­ретін конькиші жігіттердің бәсе­­ке­сі табиғаттың құбылуына бай­­ла­нысты 14.45-ке шегерілді. Медаль күтіп отырмыз... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»  АЛМАТЫ ek9-cv