01 Ақпан, 2017

Алматы ақ Олимпиада өткізуге де дайын

618 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

КАЙРАТ-2017

XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ашылу салтанаты кезінде әлеуметтік желіден қазақстандық бір журналистің «Шіркін, қысқы Олимпиада бізде өткенде ғой...» деген сыңайдағы өкінішін оқып қалдым. Сонда әлгі әріптесіміз біздегі Универсиадаға деген дайындықтың Олимпия ойындарының деңгейіне бара-бар болғанын меңзеген еді. Рас, әлемді қос бүйірден қысқан қаржылық қиыншылықтар кезінде көрпеге қарай көсілгеніміз жөн еді дейтіндердің табылатыны рас. Ондай уәжге де құлақ аспасқа болмайды. Дегенмен... Иә, Универсиада нысандарын салу үшін қыруар қаржы жұмсалғаны рас. Кейбір қаржыгерлер келтірген дерек бойынша, бұл мақсатқа 109 миллиард теңге жұмсалған. «Алматы Арена» мұз сарайын салуға – 40 миллиард теңге, «Халық Аренаның» құрылысына – 21,7 миллиард теңге, Атлеттер ауылын тұрғызуға 19,8 миллиард теңге кеткен. Шындап келгенде, мемлекеттің осынша қаржысы қыр асып немесе желге ұшып кеткен жоқ қой. Бұл ақшаға салынған ғажап ғимараттар, халықаралық талаптарға жауап бере алатын спорттық нысандар күні ертең ел игілігіне қызмет етпей ме? Қарап тұрсаңыз, Универсиаданы желеу етіп, біз саламатты өмір салтын берік ұстанатын ұрпақтың болашағына инвестиция құйып жатырмыз-ау! Алматының әкімі Бауыржан Байбек мынадай пікірді алға тартты. Тек қана бес күнге келген шетелдік бес мың қонақ қаланың шағын және орта бизнесіне екі миллиардтан астам теңге табыс түсіреді екен. Тағы да шотты қағайық. Global destination cities index тұжырымы бойынша, Алматыда әрбір шетелдік турист күніне 245 доллар жұмсайтын көрінеді. Ал дүбірлі додаға қатысушы елдердің өзі спортшыларының Атлеттер ауылында тұрғаны үшін бір миллион еуро көлемінде ақша төлейді. Бұдан бөлек, қалада Универсиада дирекциясы спорттық делегацияға деп ұсынған сегіз қонақ үйді де есепке алу керек. Қазіргі таңда Алатау баурайын­дағы ару қаламызда спортшысы, бапкері және турисі бар екі мыңнан астам шетелдік жүр. Технологияның дамыған, ғаламтордың алтын ғасы­рында әсем табиғат пен әйбат қала­мызда түскен қаншама сурет жер-жаһанды аралап кетті десеңізші?! Әлем бір сәт демін ішіне алып, Алматымызға көз тіге қалғандай! Иә, Қазақстанды, оның елордасы Астана мен Алматыны төрткүл дүние тани бастағаны тағы белгілі. Деген­мен, әлемдік ауқыммен алғанда, көп елдің баласы бізді әлі де болса біле қой­майды. Өзіндік әлемімен шектеліп қалған кейбір шетелдіктердің Қазақ­стан­ды «Борат­тың елі» көретіні де ащы шындық. Сол себепті де біздің бүгінгі тірлігіміз аталған олқы­лық­тың орнын толтырудың бір амалы бол­са керек. Қазағымнан сөз қалған, «Асың барда ел таны, беріп жүріп», –  дейді!.. Жалпы, бүкіләлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізіп, одан көл-көсір пайда табам деу үнемі мүмкін бола бермейтін шаруа екен. Мұны экономист мамандар да мойындайды. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын Ресейдің Қазан қаласында өткен жазғы Универсиаданың шығыны 300 миллиард рубльді құрапты. Ал кіріс түрінде түскен пайда 10,8 миллиард рубльді құраған. Әрине, бұл орайда тізгінді менед­жменттің жілігін шағып, майын ішкен мамандарға беру керек. Мәселен, жапондар 2020 жылы болатын Токио Олим­пиада­сы­нан 20 миллиард еуро пайда табамыз деп қазірден күпініп отыр. Алақандай аралда жатып, әлемнің ең бір дамыған елдері санатына кіріп отырған жапондар бекер сәуейгесімейді-ау, есеп-қисабы қазірден түгел болар. Сондай тиянақтылық бізге де керек. Сөзімізді түйіндер болсақ, Алматы­­мыздың апортының, қаза­ғым­­­ның қазы-қартасының дәмін тат­қан бөгде елдің баласы күні ертең қолы қалт еткенде «Қазақстан қайда­сың!» деп тартып отыруды дағды­ға айналдырмасына кім кепіл?! Сая­хат­шы келгенде сайланып келеді, қалта толы доллар, әлде еуромен келеді. «Күлшелі бала сүймелі» деген, ондай туристі бауырға тарт­қан­нан ұтылмасымыз анық. Міне, сонша қымбатқа түсті деп жүрген Универсиаданың дәл осындай ұтым­ды тұстары барын естен шығар­мау керек. Қысқасы, біз қысқы Олим­пиада өткізуге дайынбыз. Азиа­даға, Универсиадаға шамасы жеткен Алматы енді Олимпиаданы да алаң­сыз өткізе алады деуге берік негіз бар.

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»