«Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан
Бүгінде балалардың дарындылығына мүдделілік өте жоғары, өйткені, қоғамға бірегей, шығармашыл тұлғалар қажет. Жаңалық ашуға, болмыстың ең сырлы құпияларын ұғынуға құштарлық мектеп табалдырығынан бастау алады. Сол себепті, ғылымның және техниканың түрлі саласына қызығушылық танытатындардың барлығын мектептен бастап анықтау, олардың жоспарлары мен армандарын жүзеге асыруға көмектесу, оқушыларға ғылымдағы ізденіс жолын көрсету, өздерінің қабілеттерін өмірде толығырақ аша білуге көмектесу маңызды. «Дарындылық» термині нені білдіреді? Дарынды адамдар туралы көбінесе оларда «ұшқын» бар деп жатады, алайда, осы ұшқыннан жалын лаулап жану үшін едәуір күш салу қажет. Дәстүрлі оқыту барысында оқушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімделуге мүмкіндік болмайды, сондықтан дарынды оқушы назардан тыс қалып қояды. Оқушының қызығушылығы, танымпаздық қажеттілігі, әсіресе, жоғары сыныптарда бірте-бірте басыла береді, себебі, дарынды бала танымдық дамуының деңгейі бойынша өзінің құрдастарынан алда болады. Дарынды оқушының жұмыс істеу қарқыны басқа оқушылармен салыстырғанда өте шапшаң. Ең алдымен, сыныптағы оқушылардың жеке ерекшеліктерін зерделеп алу маңызды. Содан соң үш бағытта жұмыс істеу керек. Біріншісі, балалармен әртүрлі деңгейде жұмыс істеу. Әртүрлі деңгейлік тапсырмалар қолдану (үйрету және бақылау). Оқушының өзін және өзінің сыныптастарын бағалай алуы, «3», «4» және «5» бағаларына сәйкес нені білуі қажет екендігін түсінуі керек. I деңгей – оқулықта мазмұндалған немесе мұғалім көрсетіп берген ретте оқушылардың білімдерін жаңғыртуға берілетін тапсырмалар («3» баға). II деңгей – қайталанатын оқыту жағдайында білімін және дағдыларын үлгі бойынша қолдануға арналған тапсырмалар («4» баға). III деңгей – жаңа оқу жағдайында білімін және дағдыларын қолдануға арналған шығармашылық тапсырмалар («5» баға). Әртүрлі деңгейлік тапсырмаларды тек сабақта ғана емес, үй тапсырмасы түрінде қолдану қажет. Екіншісі, өз бетімен жұмыс істеуге үйрету. Оқулықпен, қосымша әдебиетпен өз бетімен білімін жетілдіруге үйрету, зерттеу жұмысын өткізу. Үшіншісі, зерттеу жұмысына үйрету. Зерттеу элементтері бар тапсырмалар, дамытушы тапсырмалар қолдану. Ондай тапсырмаларды сыныптың барлық оқушыларына қосымша тапсырма ретінде ұсынуға болады, алайда, дарынды балалар үшін бұл тапсырмалар міндетті болуы тиіс (ондай тапсырмаларды орындау «5» балмен бағаланады, егер оқушы қате жіберген болса баға қойылмайды.) Оқушыларға жүйелі түрде шығармашылық жұмыстар ұсынып отыру: есеп, мән құру, сөзжұмбақ, ребус, анаграмма. Бұл бағытта жобаларды жасақтау көп мүмкіндік береді. Жобаның тақырыбын таңдау зерттеуге қатысушыларға пайдалы болуы қажет. Тақырыбы қатысушыларға қызықты болғаны жөн. Оның түсінікті және де мәселесі балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес болуы қажет – ынта мен мүмкіндіктің байланысуы (қажетті құралдар мен материалдардың болуын ескеру қажет). Бала өзін табысты сезінуі үшін алға қойған мақсатқа жеткізетін жолдарды табуына көмектескен дұрыс. Оқушыларды алған ақпараттарын талдауға үйрету, маңыздысын айырып алып, қосалқысын алып тастау. Нәтижені ұсыну. Бұл электронды презентация немесе құжат, макет, кітапшалар түрінде болуы мүмкін. Алайда, ең бастысы – қорғау. Қорғау – зерттеу жұмысының тәжі. Бұл көпшілікті қажет етеді. Көпшілік алдында қорғау алған ақпаратты мазмұндауға үйретеді, өзге пікірлерді біледі, өз көзқарасын дәлелдеуге үйретеді. Бастапқы кезеңдерде жобаны қорғау сыныпта өткізіледі. Ең қызықты және ең жақсы жұмыстар мектеп конференцияларына жіберіледі. Зерттеу жұмысы оқуға ынталандырады, оған шығармашылық сипат береді және осылайша оқушыларды өзінің танымдық қызметін ұйымдастыруға, шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға ынталандырады. Дарынды балалармен жұмыс жүргізуде сабақ үстінде және сабақтан тыс уақытта жеке жұмысқа маңыз беріледі. Оқушылар сабақ үстінде өз бетімен тапсырма орындап жатқан кезде жекелеген оқушылармен жұмыс жүргізуге болады. Алайда, бұл жеткіліксіз. Оқушыларды олимпиадаға мақсатты дайындау үшін қосымша сабақтарда, факультативтерде, үйірмелерде немесе қосымша әдебиеттер бойынша өз бетінше оқу үшін олимпиада тапсырмаларының әртүрлі үлгілерін беруге болады. Олар: логикалық есептер, математикалық ребустар, инварианттар, Дирихле принципі, геометриялық есептер, арифметикалық есептер, мәтінді есептер, соңынан шығарылатын, құюға арналған, өлшеуге арналған, қозғалысқа, ұтымды жағдайлар ескеріледі. Оқушылармен, оның ішінде дарынды балалармен жеке жұмыстар жүргізуге сабақ үстінде және сабақтан тыс уақытта ақпараттық технологиялар қолдану қосымша мүмкіндіктер береді. CD-дискілерде дайын, сонымен қатар, мұғалімнің өзі немесе оқушылар дайындаған ресурстар қолдану, оқушыларға оңтайлы қарқынмен жұмыс істеуге, күрделілігі әртүрлі деңгейдегі, оның ішінде, дамытушы және зерттеу тапсырмаларын орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бақылау өз уақытында жүргізіліп тұрады. Оқушылардың математикалық дайындығын көтеруге ғаламторды пайдалану аса көп мүмкіндіктер туғызады. Дарынды балалармен жұмыс тиімді болуы үшін мықты оқушылармен жұмыс жүргізуге қосымша сағаттар бөлу қажет. Барлық мұғалімдер сияқты мен де дарынды оқушыларды анықтап, олардың қабілеттерін дамыту бойынша жұмыстар жүргіземін. Дарынды балалардың портретімен өз оқушыларымды салыстырып, қайсы болмасын барлық балалардың негізінен бір салада қабілеті бар екенін көремін. Шалва Амонашвили айтқандай, «Әр балада – күн бар, тек оған жарық беруге мүмкіндік беріңдер». Қазіргі заманауи және дәстүрлі оқыту технологияларын қолдана отырып, сабақ үстінде және сабақтан тыс уақытта бұл балалармен математикалық бағытта жұмыс жүргіземін. Оқыту үдерісі сабақта жайлы жағдай және жақсы жұмыс микроклиматынан құрылады. Негізгі тақырыптарды оқу барысында балаларға есептерді түрлі жолдармен шығару, ерекше есептер шығару тапсырылады. Оңтайлы тәсілдерін таңдап алып осы есептердің шешілуін талдаймыз. Мұғалімнің басты мақсатының бірі – балаларды ойлауға үйрету. Сол себепті, оқушылардың зерттеу қызметі пән бойынша сыныптан тыс жұмыстың ең сәтті түрлерінің бірінен саналады. Математикадан зерттеу қызметін ұйымдастыру барысында біз ақпараттық технологиялар қолданамыз. Менің ойымша, мектепте зерттеу қызметін ұйымдастыру барысында мұғалімнің шешуіне тура келетін ең күрделі мәселе – зерттеу үшін қызықты тақырыптар табу. Оқушының өзі зерттейтін тақырыпты таңдап, тауып алуы мұғалімге арман. Кез келген баланың дамуы, оның ішінде дарынды баланың дамуы да, тек мектеп жұмысымен анықталмайды және анықталмауы тиіс. Бұған отбасы да мүдделі болғаны абзал. Сыныпта ата-аналармен бірігіп жұмыс істеуге бағытталған іс-шаралар жүйесі қалыптасқан. Ата-аналар біздің гимназия өміріне танымдық, шығармашылық және спорттық іс-шаралар арқылы қатысады. Тәжірибе көрсеткендей, дарынды балаларды оқытуда проблемалар және іске асырылмаған мүмкіндіктер бар. Дарынды балалармен көп жылдардан бері жұмыс істей келе, балалар талантының дәні құнарлы топыраққа түскені өте маңызды деп есептеймін. Бұл ретте оқушы мүмкіндігінің дамуына жағдай жасай алатын ақылды, зейінді ұстаздың рөлі жоғары болмақ. Гүлфайруз БИСЕНҒАЛИЕВА, Атырау облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназия мұғалімі Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»Азия чемпионаты: Ерлер арасында ел қоржынына екінші алтын түсті
Спорт • Бүгін, 16:00
Түркістан облысының қорғаныс департаменті басшысы тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:50
Өскеменге жаңа әкім тағайындалды
Тағайындау • Бүгін, 15:33
Азия Чемпионаты: Абылайхан Жүсіпов қоржынға күміс жүлде салды
Бокс • Бүгін, 15:05
Махмұд Сабырхан ерлер арасындағы алғашқы алтынды еншіледі
Бокс • Бүгін, 14:53
Оқиға • Бүгін, 14:40