Біз Алашорда арыстарының қасиетті есімдерін ардақтап атаған тұста Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Мағжан Жұмабаев деп құжат тәртібімен қолданамыз да, Жақып Ақбаевтың тек-есімін қазақы қалыппен Ақбайдың Жақыбы деп бөліп айтады екенбіз. «Неге?» деген сұрақ туады. Бұл жерде қазақ атамыз жеті атасынан жілік майы үзілмеген, дәулетті, ырысын ысырап қылмай, қасындағы қарашысына қарайласып, қазақ руханиятына қаржылай қазына құйып отыратын әлеуеті мол әулетті ишараласа керек. Мәселен, мыңды айдаған Ақайдың Қасені, Оразбайдың Медеуі, Маманқұттың Тұрысбегі деген сынды Ақбайдың Жақыбы... Ақбай ата да – заманында жас Жақыпты мол қаражатқа оқытып, қасындағы зияткер жастарға қаржылай көмек көрсетіп отырған атымтай жомарт.
Жуырда Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатында мемлекет және қоғам қайраткері, Алашорда үкіметі басшыларының бірі – сол Ақбайдың Жақыбының жеке қоры ашылды. Алашорда үкіметінің 100 жылдығы аясында атқарылған шараға Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова мен «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова және тарихшы ғалымдар қатысып, қордың тұсауын кесті.
Алаш баласын адамзат өркениетінің алдына шығару мақсатында құрылған Алашорда үкіметінің басты-басты үш тұлғасы Ақтоғай топырағынан. Әлихан мен Әлімхан, үшіншісі осы – Жақып Ақбаев. Қарқаралы петициясын жазған заң магистрі. Бұл петиция сол кездің көзқарасынан көш ілгері, нағыз демократтық бағыттағы құнды құжат еді.
Шара шымылдығын облыстық мұрағат директоры Жаңагүл Тұрсынова түріп, Қазақстанның ұлттық мұрағат қоры Жақып Ақбаевтың жаңа құжаттарымен толыққанын тілге тиек етті. Алаш арысының жеке қорына оның 1898-1997 жылдар аралығындағы саяси-қоғамдық қызметін көрсететін 32 құжат пен істері тіркелді. Онда қайраткердің өмірбаянына қатысты құнды деректер мен құжаттар, фотоқұжаттар, хат алмасулар бар. Бұлар әрине, азаттықты Ақбаевтың көзімен бір көрейін дегендерге таптырмас дүниелер.
Жақып Ақбаев Омбы және Том гимназияларында оқыған. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын белгіге бітірді, сонымен қатар, Санкт-Петербург археологиялық институтында оқыды. Омбының сот ведомствосында әлем соты лауазымын атқарды. Патша үкіметінің отарлық жүйесіне қарсы Омбы, Петропавл, Семей, Павлодар, Қарқаралы қалаларындағы революциялық іс-шараларды ұйымдастырушылардың бірі. 1905 жылы Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсыновпен бірге Қарқаралы халқының отарлық қанауға қарсы наразылық шерулерін ұйымдастырды. Алашорда үкіметін құрушылардың бірі – Әлихан Бөкейханның жақын серігі.
Шара соңына таман «Жақып Ақбаев – саясаткер, патриот, заңгер» атты тарихи-деректі көрме ұйымдастырылды және облыстық мемлекеттік мұрағат қорынан алынған «Алаш» қозғалысы, «Алашорда» үкіметінің қайраткерлері жайлы деректі фильмдер көрсетілді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ