07 Сәуір, 2011

Бір жұтым ауа

976 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Адам ағзасындағы зат алмасу үдерісі жайдан-жай, өздігінен жүріп жатқан кездейсоқ бір әрекет емес. Терең заңдылыққа құрылған әлем. Мысалы, секөнт сайын тегіннен-тегін жұтып жүргендей көрінетін ауамыз жайлы ойланайықшы. Ол расында, біз ойлағандай тегін бе?! Соңғы жылдары «замандас­тары­мыздың, оның ішінде жас­та­ры­мыздың ағзасында қан аздығы байқалады» – деген пікір жиі ай­ты­лып жүр. Ұстаздардың сөзіне қарағанда, ондай дертке ұшы­ра­ған оқушылар сабақ үс­тін­де қал­ғып-шұл­ғып отырады, білім алуға енжар қарайды. Теледидар, баспа­сөзде де дәрі­гер­лердің айтатыны осы тақылеттес әңгіме... Ойлана бас­тадық. Ма­ман­да­ры­мызды да­был қағуға мәжбүрлеп, «ұлт ден­сау­лы­ғына қатер төндіріп отыр­ған» бұл кө­кейкесті мә­се­ленің түп-тамыры қайда жатыр? Түсін­гі­міз келді. Сон-а-ау мектеп қа­бырғасында таныс­қан кағида­лар жайлы мәлі­мет­терді іздестіріп, кітаптар мен ға­лам­торды ақ­та­рыстыра бастадық. Оның барысында, жай­­шы­лықта өз-өзінен жү­зеге асып жатқан қа­ра­­пайым бір үдеріс­тей көрі­не­тін, кәдімгі демалу, яғ­ни ауа жұту әре­кет­­тері­міз­дің өзі­міз үшін қайырлы талай ны­ғы­мет­терге то­лы, біз­дерге беріл­ген ерек­ше сый екен­дігіне көзіміз жете түс­кендей болды. Тіршілік иесіне оттегінсіз өмір жоқ. Ал енді ойлап қа­ра­саңыз, осы хи­мия­лық эле­мент­тің адам ағзасына түскен­нен кейінгі жүріп өтетін жолдарын Жара­ту­шы Иеміз аса шеберлікпен таңға­лар­лық үде­ріс­терге «толтырып» қой­ған ғой. Оттегіңіз өкпе деген әлемнің «та­бал­ды­рығынан аттасы­мен-ақ» қы­зыл қан түйіршіктері жасуша­лары­ның, яғни эритро­цид­тер­дің көмегі­мен ағзаның барлық түкпір-түк­піріне дереу «аттана бас­тай­ды». Ол эритроцит құрамында гемоглобин бар. Шын­туайтына кел­генде, мы­нау он сегіз мың ға­ламның Иесі, бір қа­рағанда, қызыл қан түйір­шік­терінің болмашы бір бөлігі деп есеп­телетін осы гемогло­бині­ңізге адам таңқа­лар­лықтай дә­ре­жеде қа­сиет дары­тып қойған екен. Сол кереметтердің бірін айтар болсақ, гемогло­би­ніңіз оттегімен де, көмір қышқыл газы­мен де оңай бірігіп, бірлесіп, ал қа­жет кезде еркін ай­ры­лыса алады. Одан әрі зер салып көрелік... Гемоглобинмен осылайша «қол ұста­сып», эритроцит деген «таксиге мінген» от­тегі атты «мыр­за­ңыз» егер қантамырлары «трасса­ла­рын­­да» «жол­кептелісі» болмаса, онда әлгі «такси­дің» кө­мегі­мен ызғып оты­рып, ағзаңыз­дың небір түк­пір-түкпірінде жат­қан алыс-алыс «ауыл­­­­дар­дағы» ка­пилляр­лар­ға салып ұрып, жетіп-ақ барады. Ге­могло­би­ні­ңіз бейне бір базардан қоржыны тоқ қайтқан ата-әжеңіз сияқ­ты. «Қойны-қоншына тық­қан-бүккен» оттегі сияқты тәт­ті-пәттілерін әл­гі капиллярлар ор­на­ласқан ұлпаларға аямастан сый­­лайды-ақ. Қоржы­нын босатып алып және бостан-бос өз жөні­не кете бармайды. Капилляр­ларға жет­кен­ше серіктесі боп келген оттегінің әлгі ұлпалар­дағы пайдалы заттармен, өзара химиялық әрекетке түсуі­нің нәтижесінде бөлініп шыға­тын көмірқышқыл газын өз «қор­жы­нына са­лып алып», «қызыл таксиіне қайта мініп», қос өк­пе­ңізге қарай тезірек жетпекке ұмты­лады кеп. Себебі, әлгі газ сияқты «қалдық­тар» ағза­да сәл кідіріп қал­са, оны улай бастай­тынын «біледі». Сондық­тан шыға­рып тас­тауға асығады. Ал, қос өкпеңіз өз кезегінде гемоглобин «қо­на­ғын» құ­шақ жая қарсы ала­ды да, оның «қор­жы­нын­дағы» кө­мір­қыш­қыл газын бір там­шы­сын қал­дырмас­тан толық «түсіріп ала қояды». Және сол за­матында-ақ, «уф» деп дем шы­ға­ратын әдеті тағы бар. Өкпе жарық­тық сондай сәтінде сыртқа қарай кө­мір­қышқыл газын «айдап тас­тайды». Дәл со­ның қай­тарымы ретінде, өкпе өзінің ал­ған демімен бірге ішке енетін оттегі «мыр­­заны» қайта­дан гемогло­бин­­мен «қол ұстат­қы­зып», ка­пилляр­­л­арға қа­рай «жолға салып» жібереді. Бұл үде­ріс сіздің іс-әрекет­тері­ңіздің ми­­мырт я шап­шаң­ды­ғына қа­рай, бірде баяу, енді бірде қарқын­ды жүруі мүм­кін. Бірақ, күндіз-түні тоқтамай­ды, толас­та­май­ды. Өйт­се, демнің үзіл­гені. Иншалла, оттегі жо­ры­қ­та­ры­ның мезгілсіз тоқтама­ғаны жақсы-ақ, шіркін! Бәрін білуші Иеміз өзі жаратқан біздің ағза­­мызға осындай сансыз қам­қорлықтар жасап қойған ғой. Соның бірі мынандай екен. Гемоглобин мо­ле­ку­ласы, жоғарыда айт­қа­ны­мы­з­дай, эритроциттің ішіне ор­налас­ты­рыл­ған. Маман­дар­дың ай­туынша, егер гемоглобин қан құ­рамында эритроциттен дербес, өзін­­ше бөлек жү­ре­тін болса, онда оның зат алмасу үдерісі бары­сын­да несеппен бірге ша­йы­лып, ағза­дан өте жедел түрде шығып кету қаупі бар көрі­неді. Демек, ондай жағ­дай­да денеміздің түкпір-түкпіріне от­тегі бара ал­май­ды деген сөз. Ендігі кезекте осы сипатталған зат алмасу үде­рі­сіндегі бір тетікшеге ерекше назар аудара түс­­ке­ні­міз жөн болар деген ой келіп отыр. Ол те­тік­шеңіз жо­ға­ры­да сипаттал­ған­дай, ұлпада өте­тін хи­миялық өз­ара әрекеттер. Тарата айтар болсақ, гемоглобиннен ажы­­ра­ған оттегі капиллярлар қа­быр­ға­сы арқы­лы ұл­па­ға (ткань) жет­кеннен кейін ол жердегі пай­далы заттармен өз­ара әсерге түсіп, оны тотық­тан­ды­рады. Аталған хи­мия­лық реакция бары­сын­да энер­гия бөлініп шығады. Міне, осы пайда болған қуат-энер­гия­ның көмегі­мен біз фәни­дегі түрлі іс-әрекет­те­рі­­міз­ді жүзеге асыра­мыз. Тіпті та­мақ ішіп, ас қорыту үшін де белгілі бір мөлшерде энергия керек. Ал енді осы үдерістердің тым бол­ма­ғанда біреуінде сәл ғана ақау пайда бол­сын­шы, Құдай он­дайдың бетін аулақ қылсын, бірд­ен тұн­шыға бас­тайды екенсіз. Неге дейсіз ғой. Се­бебі, бұл химия­лық әрекет­тер өз­ара жымдаса жалғасқан. Бір тізбегі де шашау шығып тұрған жоқ. Бір буыны да артық емес. Мысалы, сіз отырған жерде оттегі жет­­кіліксіз болса да немесе өк­пе­ңіздің ауа сый­­ғызу қабілеті азайып кетсе де, қан тамыр­ларыңыз шамадан тыс не кеңіп, не тарылған болса, ал капилляр қабы­р­ға­­ла­ры­ның өткізгіштік қасиеті күрт нашарлап және гемоглобин көрсет­кіші төмен­деп кетсе де дема­луы­ңыз қиындай түседі. Себебі, Аллатағала жоға­ры­­да баяндалған үдеріс­тер­дің қай-қайсысын да нақты әрі ыңға­йы­мен мөл­шерлеп, белгілі бір ретке келтіріп қойған. Бұл сіз бен біздің өмі­ріміз. Ой жібере бағамдаса­ңыз, мұ­ның өзі аса қамқор, ерекше жомарт Жаратушы­ның тіршілік иелеріне тарту еткен баға жетпес сый­лығы, шексіз нығметі емес пе! Біз бір ғана айналымын сипаттап өт­кен бұл зат алмасу үде­рісі күні-түні то­ла­ссыз әрі айны­мастан я өз­гер­местен жал­ғаса береді. Өз­герсе, он­да ағзада бір ақау­дың пайда бол­ға­ны... Байқап отырға­ны­мыз­дай, осы­нау те­рең үйлесімге құ­рылған ға­жа­йып заңды­лық­тың, жер бетінде тіршілік иелері пайда болғалы бері, толассыз түрде осылайша қай­та­ла­нып келе беруі кездейсоқ пайда бол­ған қасиет немесе жердегі шектеулі таби­ғат­тың «туын­ды­сы» да емес. Бұл он сегіз мың ғалам мен он­дағы сан мил­лиард­таған тіршілік иелерін жара­тып, олар­дың санын біліп, әрқай­сы­сы­на, бірін-бірі қай­та­ламай­тын­дай қа­сиет сыйлаған аса шебер, ерек­ше кең Жарату­­шы­ның туын­ды­сы. Қа­сиетті Құранның «Зәрийат» сүресі­нің 20, 21-аят­та­рын­да: «Сенім иелері үшін жер жүзі нақ­ты дәлел­дерге толы. (Ондай дәлел) өз ағза­ларыңда да бар. Қалайша байқамай­сыңдар?» – делінген. «Қан аздығы байқалады» деген сөзге де кейде дұрыс мән бере бермейтініміз бар. Оны дәрігер­лердің тілімен өрнектесек, «Қан аздығы дегеніңіз, оның көлемінің азайып кетуі емес, қан құрамын­дағы ағзаға қажетті зат­тар­дың жетіспеуі». Иә. ғылыми анықтама­лар­ға қарағанда, гемоглобин құ­ра­мында темірдің, яғни гемоның төрт моле­кула­сы, ал ақ уыздың (белок) немесе глобиннің бір молекуласы, болуы тиіс көрі­не­ді. Аталған темір молекуласы, төрт­тен төмендеп кетсе, оттегі ағзаға аз түсе бастайды. Демек, мұның өзі денсаулықтың сыр бере бас­тағаны деген сөз. Саналы пенде ондай жағ­дайда, Жаратушыдан ши­пасын сұ­рай отырып, кінәрат­тардың төркінін анықтамаққа, дерт­тің алдын ал­мақ­қа жанұшы­рады. Себебі, денсау­лық­тың да Алла тарапынан адамзат ба­ласына берілген зор нығмет әрі ер­теңгі күні «қайда, қалай жұмса­дың?» деп жауабы сұралар айнымас аманат екендігін олар жақсы біледі. Көзге көрінбес, осынша нәзік дү­ние­лерді Өзі­нің мәңгі өзгермес заң­дылықтарына бағынды­рып қойған бәрін білуші бір Алланың шеберлігіне қайран қалмасқа шараң жоқ. Демек, әңгімеміздің әлқисса­сын­да баян­дал­ған әрі осы дүниенің жазылуына түрткі болған, «ұлт ден­саулығына қатер төндіріп тұрған» проблема­ларды шешуге деген ұм­ты­лысымыз біздің бүгінгі және келер ұрпақ­тары­мыз алдын­дағы, мы­нау жұ­мыр жер бетіндегі арқалар жауапкершілігіміз ғана емес. Со­ны­мен бірге, қия­метте адам бала­сына қойы­лар әлгіндей сауал­дар­ға қайта­ра­тын жауап-әзірлігіміз де екен. Бү­гін ағзаңызға қанша мөл­­шерде оттегі түсті?! Бағамдап көріңізші. Тұтас ұлтымыздың дін аман­дығын тілеп, сау­лы­ғын күйіттесек, ол жай­лы да дәйім ойлай жүргеніміз абзал демекпіз. Нұрлытай ҮРКІМБАЙ.