Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтарының құзыреттілігі мен өкілеттігін бөлу негіздері мәселесіне қатысты Үндеуімен мұқият таныстым. Ақиқатында Елбасы – еліміз үшін сынақ болған тағдыршешті кезеңдерде өзінің алғырлығымен, шығармашылық талантымен көптің көңілінен шығып, Тәуелсіз Қазақстанды биік белестерге бастады. Ол бізді әр кезде жаңашылдыққа негізделген бастамаларымен, айқын мақсат, нақты тапсырмаларымен кемелді келешекке жетелеп келеді.
Атап айтқанда, Бес институттық реформа аясында қазақстандық мемлекеттіліктің беріктігін арттыру мен мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы және «Мәңгілік Ел» ұлттық патриоттық идеясы сынды ғажап жобаларымен Қазақстанды әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосуды көздейді.
Біздің Конституциямызда нақты көрсетіліп, бекітілуімен мемлекетіміз президенттік басқару жүйесімен ілгері жылжып, дамуда. Президенттік билік Парламент пен атқарушы және сот билігінен жоғары тұрады. Бұл Конституциямыз қабылданған жылдардан кейінгі кезеңдер мен мемлекеттің қалыптасу жолындағы қиын-қыстау шақтарда билік тармақтарын бөлуде өзінің тиімділігін көрсетті. Сонымен қатар, еліміздің бүгінгідей еркін нарықтық экономикасы мен жоғары деңгейлі мәдениеті, халықаралық аренадағы мәртебесі Тәуелсіздік жылдарында халқымыз бастан кешкен жарқын көріністері мен қуанышты сәттері арқылы байқалатын жетістіктеріміздің артында Мемлекет басшысының ерен еңбегі жатқаны аян.
Солай десек те, өсіп-өну мен өркендеудегі өмірдің заңдылығына сай ештеңенің бір орында тұрақтап қалмасы анық. Барлығы да өзгереді. Қазақстан мемлекет ретінде үлкен жетістіктерге жетіп, жаһанданудың жаңа талаптарының үдесінен шыға алатын болғандықтан, қайсыбір мәселелер жоғары деңгейде қайта қарастыруды қажет ететіні сөзсіз. Осы ретте ақылы толысқан, парасат пайымы жоғары адамдардың атсалысуы арқылы шешім табуын уақыттың өзі талап етуде және ол заманауи заңдылық. Сондықтан да Президентіміз билік тармақтарындағы құзыреттерді тиімді бөлу мәселесін мұқият зерделеп, проблемаларды шешудің шынайы тетіктерін жасау арқылы мемлекеттің дамуын тежемеуге бастамашы болды.
Кез келген жарқын көріністің екінші қыры, яғни көлеңкелі тұсының болуы – диалектикалық заңдылық. Мәселен, кейде белсенділігі төмен деп Елбасының өзі жиі сынға алатын атқарушы биліктің де тапсырманың тиянақтылығына толық жауап бере алмайтын кездері кездеседі. Өйткені, Мемлекет басшысының шешімдерін жүзеге асыруды ойластыру мен жүзеге асыруды реттеуде атқарушы биліктің олқы түскен кездері де жоқ емес. Ендеше, шығармашылық идеяны ілгерілетуде жалғыз адам болған соң, Президенттің атқарушылық шешім функциясының негізіне сүйенеді де, министрліктер мен әкімдіктер тиісті деңгейде жауапкершілік алуға тырыспайды.
Екіншіден, демократиялы мемлекетте барлық жұмыс заң шеңберінде болғандықтан, заңнамалық билік қай кезде де жоғары беделге ие болуы тиіс. Сонда депутаттар заманауи демократияның тұжырымдамасына сәйкес, өз сайлаушылары мен халық мүддесін қорғайтын заңдарды талқылайды. Өкінішке қарай, біздің қоғамда елдің дамуына шынайы жауап бере алатын, әбден екшелген оңтайлы шешімдер үнемі қабылдана бермегендіктен, Парламент пен Үкіметтің құрылымдық жүйесіне және билік тармақтары жөнінде ел арасында жағымсыз көзқарастар қалыптаса бастады. Мұндай сәттерде Президенттің өзіне Парламенттің кейбір шикі шешімдерін дер кезінде түзеп, мораторий жариялау арқылы нүктесін қоюына тура келеді.
Үшіншіден, сот билігіне қатысты мәселе. Демократиялы мемлекетте оның дербес болуымен қатар, өзінің нақты құқықтық негіздері қалыптасуы тиіс. Сондай-ақ, заманауи демократияның талаптарына сәйкес, мемлекеттің барлық үш билігі тәуелсіз болумен қатар, кез келген адам өзін өз елінде еркін әрі толық қорғалатынын сезінгені және билік тарапынан оның қатаң бақыланатындығын білгені абзал.
Ал енді демократиялы мемлекетке сай билікті бөлу негіздері жөнінде бірер сөз. Әрине, заманауи демократия талаптары мен ең маңызды постулаты, оның негізін қалаушылар Дж.Локком, Ш.Монтеське, А.Токвилем, И.Кант сынды ғұламалар болып табылады. Бұл БҰҰ, ЕҚЫҰ, т.б. маңызды ұйымдардың құжаттары мен пактілерінде бекітілгенімен, ешбір демократиялы мемлекетте шынайылықпен сәйкеспейді, есесіне, әрбір ел өз халқының даму деңгейіне сай жүзеге асыру арқылы осы мақсатқа жақындауға ұмтылады.
Біздің ел демократиялық даму жолын таңдағанымен, оның биік деңгейіне бірден жету мүмкін болмады. Алайда, демократияның барлық жоғары шарттары мен талаптарын бір мезетте енгізгенімен, біздің тоталитарлық кеңес заманының жүйесінен шыққанымызды ұмытпағанымыз жөн. Оның үстіне, заманауи демократия тұжырымдамасына толық сай келетін мемлекетті бір демде құру мүмкін де емес. Мәселен, Батыс Еуропа мемлекеттеріндегі демократиялық құндылықтардың қалыптасу үдерісінің өзі 200-300 жылға созылып, қиын әрі ауыр кезеңдерді бастан өткерді.
Қалай десек те, теория – мемлекеттің ілгерілеуі мен даму жолында басты бағыт, негізгі шамшырақ болатындығы сөзсіз. Сондықтан да біз Елбасының соңынан еріп, сәт сайын Қазақстанның ілгерілеп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл ретте Президент пайымы президенттік-парламенттік басқару демократия қағидаттарына тән дұрыс екенін, ең бастысы – билік тармақтарын бөлуде Конституция баптары олардың жұмыс механизмдерін айқындауды меңзеп қана қоймай, оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретіндігін де айта кеткен жөн.
Сөйтіп, бүгінгі Президентіміз Қазақстандағы биліктің үш тармағын біріктіргенімен, келешекте оны халықтың өзі құрайтын болады. Біз дамыған демократиялы қоғам құруды көздегендіктен, сол мақсатымызға жетіп келеміз әрі осы күндері жаңа кезеңге қадам басуға шешім қабылдадық. Сондықтан да әлемнің дамыған отыз елінің қатарына Қазақстанның қосылуы үшін Елбасы мемлекет алдына жаңа міндеттер жүктеп отыр. Бұл міндеттердің қатарында осы күнгі экономикалық жетістіктермен шектеліп қалмау болса, оның астарында саяси демократияның қалыптасуы мен адамның өзін өзі дамытуы және бостандығының қамтамасыз етілуі маңызды болып табылады. Ендеше, елді еркіндікке бастаған Н.Назарбаевтың Үндеуінде демократия мемлекетіміз үшін дамудың даңғыл жолы екендігі нақты атап көрсетілген.
Жабайхан ӘБДІЛДИН,
ҰҒА академигі,
философия ғылымдарының докторы, профессор