Этностың даралық сипатын айқындайтын негізгі фактор оның мәдениеті екені ғылымда неше мәрте дәлелденген. Ал мәдениет болса, өз тарапынан сол халықтың ғасырлардан екшеліп келген жауһарларын ғана бойына қабылдайтын феномен. Бүгінгі ғылымның өзекті мәселесі – аксиденциялық қауыздан, субстанциялық дәнді ажырата біліп, қазақтың асыл мәдениетін егеменді ел жағдайында барлық қазақстандықтарды ұйыстыратын мәйек ретінде олардың бойына сіңіру болып отыр. Яғни, қазақ мәдениетінің мемлекеттілік статусын ізгілікпен насихаттау. Қазақ елінің мәдениетін осы контексте зерттеудің методологиясын іздестіру әрқашан аса жауапты проблема ретінде сақталып отырары хақ.
Осыдан жиырма жыл бұрын елдік сана еркін енгеннен бастап елде ғылым мен мәдениет саласы ізденістер жолына қадам басты. Сондай ізденістердің іргелісі – «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы» болды. ТМД елдерінде осындай ұлттық танымдағы энциклопедияны бастаған екі елдің бірі – Қазақстан болса, екіншісі – Украина еді. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы» 1998-2007 жылдар аралығында, яғни он жылда 10 томы толық жарық көрді. Бүгінде «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы мәдениет құндылығы ретінде ел тарихына енді.
Осыдан он жыл бұрын Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті жанынан Алаштану және Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталықтары ашылып, соған басшылық жасауға шақырылдым. Өзіме үлкен сенім артылып отырғанын үлкен жауапкершілікпен сезіндім. Орталықтың қазіргі заманғы білімге негізделген ауқымды бағдарламасы айқындалып, оның ғылыми концепциясы дайындалды. Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығының жүйелі жұмысының нәтижесі отандық мәдениеттің құндылығы ретінде қабылданып отыр. Орталықтың жеті жыл бойы жүйелі түрде зерттеп, дайындаған іргелі еңбегі – «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясы – қазақ мәдениетіндегі феномендік құбылыс, рухани құндылық саналады. Бұл данышпан Шәкәрімнің 150 жылдық мерейтойына шын мағынасындағы сый болды. Мерзімді баспасөзде еліміздің рухани өміріндегі елеулі жаңалық ретінде аталып өтті. Энциклопедияға Шәкәрім әлеміне қатысы бар 2000-ға жуық ғылыми мақала енген, жүзге жуық отандық ғалымдар атсалысқан. «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясына енген танымдық ұғымдар қазақ халқының дүниетанымдық байлығының мәнін ашып отырғанын отандық ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері атап көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясына үлкен еңбек деп өз бағасын берді. Бұл – Шәкәрім мұрасының қазақ мәдениетінің алтын қорына энциклопедиялық масштабта енгенінің, көп жылдар атаусыз қалған асыл есімнің абыройлы орнына субстанциялық құндылық ретінде келгенінің көрінісі. Қазіргі таңда «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясына көрші халықтардың мәдениет өкілдері тарапынан қызығушылық бар. Қытай және орыс тілдеріне аударылуы мәселесі төңірегінде келіссөздер жүргізілуде. Этносаралық мәдениеттер байланысында субстанциялық құндылықтар алдыңғы қатарға шығатынының бірден-бір көрінісі осы болса керек.
Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығының ғылым саласындағы ірі жетістігі – шәкәрімтанудың арналы ғылым саласы ретінде қалыптасуында жетекші рөл атқаруы дер едік. Бұған нақтылы дәлел, осы орталықта дайындалған ұжымдық «Шәкәрімтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағы. Шәкәрімтану мәселесіне арналған жүз елудей іргелі ғылыми-зерттеу еңбектер бүгінде жарық көрген ғылыми серияның 6 томында жинақталған. Сериялық ғылыми жинақтың ғылым салаларын қамту аясы да аса ауқымды. Мәселен, сериялық ғылыми жинақтың жарық көрген томдарында Шәкәрім мұрасы жан-жақты қамтылған. Филология, философия, тарих, мәдениеттану, өнертану, дінтану, музыка, т.б. салаларда Шәкәрім мұрасын зерттеп жүрген ғалымдардың еңбектері осы сериялық жинаққа енген. Бұл жинақтың ғылыми құндылығы сонда, барлық ғылым саласындағы Шәкәрім мұрасын зерттеушілер бір контекст аясында бауырдай болып бірігуге мүмкіндік алды. Отандық ғылымдағы жеке тұлғаға арналған тұңғыш сериялық ғылыми жинақ жаңа методологиялық ізденістің жемісі. Бұл ғылыми серия болашақта жалғасын таба бермек.
Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы да он жылға жоспарланған ғылыми концепция аясында еңбек етуде. Ғылыми концепцияда онжылдық жоспар кездейсоқ алынып отырған жоқ. Ол Алаш қозғалысының 100 жылдық мерейтойына орайластырылған десек, Семей қаласының ХХ ғасырдың басында Алаш қаласы атанып, Алашорда үкіметі ту тігіп халық тағдырына қатысты үлкен-үлкен харакеттер бастау алған шаһар екенін бәрімізде білеміз. Тарихи таным деген ұғым бар, біз алаш алыптарына жүйелі түрде құрмет көрсетіп, жалпы қазақстандықтар алдында насихаттап отырғанымыз абзал. Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Мейір Ескендіровтің бастамасымен осы жоғары оқу орнының алдына Әлихан Бөкейханға ескерткіш орнатылды. Соның ашылуына сонау Еуропадан Хасен Оралтай келіп қатысты. Биыл өмірден озған (жаны жәннатта болсын) сол ағамыздан кейіннен хат алған едік, онда ол кісі былай депті: «Қадірлі Шаңбай, осы биыл қарашаның басында Алаш қаласынан (өздеріңізден) Алматыға оралып, әкемнің 100 жылдығын атап өтіп, Түркия-Германияға қайтар кезімде, Қазақстан теледидарының «Қолтаңба» деген бағдарламасы «...Бұл жолы Қазақстаннан қандай бір әсер олжамен қайтып барасыз?» деп сұрады. Мен дереу Алаш қаласында Әлекеңнің ескерткішін ашқанда қиып алған көк лентаны жанқалтамнан шығарып, «Бұл жолы және бұдан бұрын Қазақстанға келген сапарларымның бәріндегі ең ардақты олжам мынау», деп Алаш қаласында ашылған ескерткіш туралы айттым. Расында, Әлекеңнің ескерткішінің ашылуын көру, оның лентасын қию мен үшін өмірімдегі ең үлкен қуанышты оқиға болды. Сол сәтті сонау жылдар шет елдерде Қазақ деп, Алаш деп зарлап жүргенде өмірде көреміз деп ойламаған едік. Бұл үшін Алаш қаласындағы барлық алашшыларға, қиыр шет елдерден алғысымды қайталап ұсынамын. Алаш қаласында мен дидарласқан барлық мақсаттас нағыз алашшыларға сіз арқылы дұғай сәлем ұсынамын, келе жатқан жаңа жыл иісі қазақ баласына қайырлы жыл болсын». Туыстық сәлемдемемен, Хасен Оралтай. 28.12.2008. Германия. Берлин.». Біздер үшін, Алаш қаласының тұрғындары үшін жауапкершіліктің үлкен екенін осы хаттың өзі көрсетіп отыр.
Қазіргі таңда Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы өзінің ғылыми концепциясы аясында еңбек етуде. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегінің бір тарауы «Алаш мұрасы және осы заман» деп аталады. Осы еңбекте Алаш қайраткерлері туралы автор: «Олар өз қызметінің басты мұраты қазақ халқының ұлттық төлтумалығын сақтау, сонымен бірге оның тарихи өткенін қалпына келтіріп, ұлттық санасын шыңдау деп санаған» деп атап көрсетті. Ендеше, елдік сана орталықтың басты ұстанымы. Орталықтан қандай да бір еңбек жарық көрмесін, ол – елдігімізге қызмет етуі тиіс. Бұл жай ғана қанатты сөз емес, санатты сөз. Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының «Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан» деген ұстанымы Елбасының жоғарыда айтқан мәнді тұжырымынан бастау алып отыр. Енді осы орталықта дайындалып жатқан еңбектердің ең іргелісі – «Алаш» мәдени-танымдық энциклопедиясы болмақ. Бұл энциклопедия Алаш алыптарының арман-мұратын жан-жақты ашып көрсетуді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар, «Алаш қаласының кітапханасы» сериясымен Алаш алыптары еңбектері мен шығармаларының жүз томдығы жоспарланған. Биыл алғашқы он томы жарық көрмек. Он жылға он томнан жоспарланған. Атап өтетін мәселе, Алаштану ғылыми-зерттеу орталығы Семейде орналасқанымен, осы аталған жұмыстарға еліміздегі барлық алаштанушы ғалымдар тартылған. Орталықтың ғылыми концепциясы аясында он томдық «Алаштану мәселелері» сериялық ғылыми жинағын шығару көзделген. Алғашқы, бірінші томы биыл жарық көрді. Жылда дәстүрлі «Алаш оқулары» мен «Шәкәрім оқулары» өтіп тұрады. Яғни, ғылыми-теориялық конференция, дөңгелек үстел, магистранттар мен студенттер зерттеуі, тағысын тағылар. Ал, нақты атайтын болсақ, Алаштану ғылыми-зерттеу орталығынан бүгінге дейін он еңбек жарық көрді. Аса маңыздысы ретінде «Күншығыс Алашорда» деген атпен жарыққа шыққан құжаттар жинағын айтуға болады. Бұл алаштану ғылымының алтын қорына кірген еңбек болды. Аталған жинаққа Алашорданың түпнегіз құжаттары жинақталған. Сондай-ақ, «Алаш қаласы» құжаттар жинағы жарық көрді. Семейдің сол жағалауы он жыл Алаш қаласы атанғаны белгілі. Бұл жинақтағы құжаттар Алаш алыптарының еңбектерінен нақтылы хабар береді. Осы орталықтарды ұйымдастырушы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың «Алаш қаласының тарихы» атты еңбегі жарық көрді.
Алаш идеясы деген ұғымның бар болуы мәдени философиялық алаш танымының қазақ санасындағы қасиетті ұғым екенін көрсетеді. «Алаш алаш болғанда...» деп басталатын мыңдаған мәдениет құндылықтары соның айғағы. Алаш – әлем қазақтарын тұтастандыратын ұлттық сана негізі. Бейнелеп айтсақ, Конституцияны Ата Заң дейміз, сол сияқты Алаш ұғымы қазақ үшін Ата ұғым болып қала бермек. Алаш мәселесін деректану аясында ғана қарастыру түбінде бірезулікке апарады, Алаштану ғылымын «инвентаризациялық» деңгейге түсіреді. Ал Алаш идеясы мәселесіне келсек, қандай да бір идея мәйектенеді, мәнге ие болады. Сондықтан танымдық ізденісті талап етеді. Шындығында, Алаш түсінік деңгейіндегі ұғым емес, таным деңгейіндегі ұғым. Алаш танымы – тарихи таным, әлеуметтік таным, саяси таным болып салаланып қарастырыла бастады. Осы танымдар жүйесі мәдени философиялық метатанымға өріс ашып отыр. Алаш ұғымы қазақ танымындағы ең қасиетті метаұғым екенін оның этимологиясы айқындайтынын, ежелгі түркі сөзі «бауырластар, қандастар, туыстар» деген мағынада екені, «Алаш» сөзі «Қазақ» атауының баламасы ретінде айтылатыны кең насихатталуы қажет. Алаштың ұранға айналған дәуірлі кезеңі тарихи санада сақталған. Ал ұран дегеніміз рухқа негізделеді. Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» дегені алаштық идеядағы нағыз мұсылманның сөзі. Алаштық танымның әлем қазақтарын рухани тұтастыққа шақырудағы мәні зор. Түпнегіз Қазақстан жетпіс жылдық ұлтсыздандыру идеологиясының шырмауында болғанда Шығыс Түркістан, Түркия, Еуропа қазақтары Алаш танымының шырақшысына айналды. Алаш танымында қандастарымызды тұтас қамтитын біртұтастық бар дейтініміз сондықтан. Осы біртұтастық танымды бүгінде қазақ мәдени философиялық метатағылымы көтеруі қажет. Оның байыпты методолгиялық ғылыми концепциясын жаңа танымдағы ғылыми-зерттеу орталықтары айқындауы қажет.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыған лекциясында: «Данышпан ақын Шәкәрім бабаларың «Құбылған әлем жарысы. Ақылды жанның табысы» деп бекер айтпаған. Ендеше, жастарға жүктелетін міндет те үлкен. Бүгінде еліміздің даму сатысы маңызы үлкен межелі тұста тұр. Алдымызда Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесі келе жатыр. Біз қазір бұл межеге іргемізді нығайтып, күш-қуатымызды арттырып, жетілген мемлекет ретінде келіп тұрмыз. Алыстан ойламаған жақыннан уайым табады деген бар. Біз болашағымызды болжап отырған елміз. Енді тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабілет керек, ең бастысы Отанға деген шексіз сүйіспеншілігіміз керек» деп атап көрсетті.
Шындығында, алысымызды тереңнен ойламасақ, жақыннан уайым табарымыз анық. Мынау құбылған әлемнің жарысында ақылды жан, мәдениеті зор халық қана алдыға шығары хақ. Сондықтан, отандық рухани ғылым саласының әлем мен адамзат алдындағы ең басты міндеті халқымыздың мәдениетін зерттеу ғана емес, ізгілікпен насихаттауы деп білемін.
Тұрдықұл ШАҢБАЙ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті жанындағы Алаштану және Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталықтарының директоры.
Семей.