15 Ақпан, 2017

Ерте жүктілік етек алып тұр

2824 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Соңғы жылдары кәмелетке толмай жатып ана атанушылар қатарының артуы «қызға қырық үйден тыйым» сынды көзқарастың бұл мәселеде аздық ететінін аңғартып отыр. Бұл – қызы бар үйдің ғана емес, бүгінде бүкіл қоғам үшін өзекті мәселе. Нәрестелерін қоқыс жәшігіне, не көп қабатты үйлердің кіреберісіне тастап кеткендер туралы хабарлардың жиілеуі де жас ұрпақ пен аға буынның арасындағы бауырмалдылыққа, мейірімге негізделген қатынастың салқындап бара жатқанын білдіреді. Ерте жүктіліктің етек алуына кімді кінәлаймыз? Көше кезген қызды ма, ұл-қызымен дос-құрбысындай сырласуға сағат бөлмейтін ата-ананы ма, әлде ортаны ма?! Бәлкім, дана Абай айтқандай, «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жа- ман болса, оның замандасының бәрі «виноват» болар? Иә, «адам баласын заман өсіреді», әйтпесе кешегінің Баяны мен «жыры» таусылмаған бүгінгі Баянды салыстыруға болмас... Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, соңғы 5 жылда жасөспірімдер арасында 33 мыңнан астам жүктілік фактісі тіркелген. Оған қоса, 15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың арасында 10 мыңға жуық түсік жасалған. Пайыздық көрсеткіш бойынша бұл деректер Батыс Еуропа елдерінің осыған ұқсас көрсеткіштерінен екі-үш есе артық екен. Ел жастарының 10 пайызға жуығы 15 жасқа дейiн, ал 50 пайызға жуығы 19 жасқа дейiн жыныстық қатынасқа түсiп үлгеріпті. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы ерте жүктілік бойынша есепке алынған 286 бойжеткеннің 280-i босанған. Алтауы жасанды түсік жасатыпты. Ерте жүкті болғандардың 7-еуінің жасы 15-те болса, 59-ы 16 жастағылар. Мұның бәрі тек ресми деректер. Ой саларлық деректердің орын алуының себеп-салдары айтылып та келеді. Жастықтың дәмін татпай жатып, зарын тартатын қыздардың көбейіп, аруларымыз санасыздықтың салдарынан сан соғып қалып жатқаны талқыға түсіп те, дабыл қағылып та жатыр. Бір кездері қазақ қыздарының намысын ерлеріміз найзамен қорғаса, бүгінде кейбір аруларымыздың ары аяқ астында екенін ескертушілер де аз емес. Ілгеріде балаларының «көк жәшікке» көп «арбалып» отыратынын аңғарған бір ағамыздың теледидарын терезеден лақтырып жібергенін естіген едік. Батыстан шектеусіз келген зорлық-зомбылыққа толы, баланың санасын улайтын жат идеологияға қарсылығын ағамыз осылай білдірген ғой. Байланыстың заманауи түрлері қарқынды дамыған қазіргі уақытта теледидардан «құтылып» ортадан оқшаулану мүмкін емес. Ендеше, бұл мәселеде күрестің ең тиімдісі тал бесіктен бастап берілер тәрбиеге тікелей байланысты екені мәлім. Қыздардың балиғатқа жетпей жүк­ті­лікке бой алдыруын әлем гинекологтары олардың физиологиялық жетілуі ер балаларға қарағанда ерте келетінімен де байланыстырады. «Жыныстық жетілу кезінде өрескел қателікке бой алдырады. Себебі, сол уақытта психологиялық, әлеуметтік өзгерістерге ұшырайды. Қыз баланың жыныстық жетілуі 18 жасқа дейін толық қалыптасады. Сондықтан көбіне сезімге ерік береді», дейді мамандар. Сезімнің жетегінде кетіп, бар қадір-қасиетінен айрылған қыз ая­ғы­ның ауырлағанын білген соң пси­хологиялық зардап шегетіні тағы бар. Айтайын десе, анасынан артық ауыз сөз естігісі келмейді. Сенген «сүйгені» ізін суытқан. Бар қиындықпен жалғыз бетпе-бет қалған ол өзінше шешім қабылдайды. Тағдырына налып, әртүрлі қатыгездікке баруы да әбден мүмкін. Жергілікті мамандардың айтуынша, ерте жүктілік ауылды жерде көп кездесе бастауы алаңдаушылық туғызуда. Тіпті, 16-17 жасында екінші рет жүкті болып жүрген қыздар бар. Басым бөлігінде жүктілік сәтті өткенімен, уақытынан бұрын босанатындар көп екен. Жасанды түсік (аборт) жасататындар баршылық, бірақ облыста жекеменшік емханалар көп болғандықтан және дәріханаларда арнайы дәрілер емін-еркін сатылатындықтан олардың саны бойынша нақты статистика жоқ. Дегенмен, Шымкент қаласында жылына 14-16 жас аралығындағы 500-дей бойжеткен түсiк жасатады екен деген ресми емес дерек бар. Осы арада айта кетелік, қазағы қалың, салт-дәстүрді сақтауымен де ерекшеленетін оңтүстікте негізгі ұлттан бөлек жүзден астам диаспора өкілдері тұрады. Бұл, әрине қоғамның ұрпақ тәрбиесіндегі жау­апкершілігін жеңілдетпейтін дерек. Сондай-ақ, баладан арылудың амалын жасап тәуiп, балгер жағалайтындар аз емес. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Сапарғалиеваның айтуынша, жасөспірім қыздар арасында сексуалдық зорлықты жасыру оқиғаларын анықтау үшін анонимді сауалнама жүргізіліпті. «Мектептерде балалардың жыныстық тәрбие жөніндегі білім деңгейін көтеру мақсатында түсіндіру жұмыстары, семинарлар өткізіліп тұрады. Ерікті жағдайда ерте жыныстық қатынасты анықтау үшін мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сенім телефоны арқылы тегін құпия кеңес беріледі», дейді Айгүл Сапарғалиева. Физиологиялық жағынан жетіл­ге­німен, сана-сезімі әлі бала, жүкті бо­лып қалған қыздың өзі тек соңғы мер­зімінде ғана дәрігер көмегіне жү­гі­неді екен. Ашық айтудан ұялады. Мамандар жастардың ерте жыныстық қатынасқа түсуінің алдын алу, кездейсоқ жүктіліктен сақтану шараларын үйрету керектігін, оңтүстікте бұл жағы кемшін екенін айтуда. Бүгінде Шымкент қаласындағы Аналар үйiнде тәрбиеленiп жатқан «көкек қыздардың» көпшiлiгi сәтсiз отбасылардан шыққаны, ата-аналары күнкөрiс қамымен қыздарының тәрбиесiмен айналысуға мұршалары болмағаны анықталып отыр. Яғни, «саналыға айтқан сөз – қолға ұстатқан қамшыдай» демекші, күйбең тірлік ұрпағынан «алыстатқан» ата-ана мен бала арасында бұл тақырыпта әңгіме айтылмауы ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершіліктің аздығын аңғартады. Осы орайда, «Махаббат, қызық мол жылдардың» авторы, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «пәк болу үшін сақ болыңдар...» деп ескерте келе, қазақ қыздарына қалдырған өсиеті ойға оралады. «Қазір сендердің жігіттерден көз алмайтын, жігіт жаққа көп қарайтын шақтарың ғой бұл кез. Қарағанда олардың сыр сиқына, киген киіміне, ресторанда қалталарынан шытырлатып шығарған ақшаларына қарамаңдар, қарақтарым. Өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейтіні сияқты, жылтырағанның, жымыңдағанның, жылпылдағанның бәрі бірдей жақсы жігіт бола бермейді. Жаман жігіт болғанымен, жақсы жар бола бермейді. Сондықтан жігіттерге қарағанда олардың ішкі дүниесіне үңіліңдер, адамгершілік, азаматтық сапасына көз жүгіртіңдер… Жігіт таңдағанда көңіліңнің қос қанаты – ақыл мен сезімді тең ұста. Тек сүйген жанға ғана қосылу қажет, қосылған жігітіңді өмір бойы сүйіп өтетініңе кәміл сенімің болсын. Өзімшіл, өркөкірек жігіттердің өкінішке ұрындыратынын ұмытпаңдар. Жаман жолдастан жалғыздық жақсы», депті өсиетінде жазушы. Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы
Соңғы жаңалықтар