Қазіргі күні білім саласын реформалау ісіне әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бәрі кірісті десек, артық айтқандық емес. Өйткені, әлемдік ғылымның жедел дамуы, осыған сәйкес инновациялық үдерістердің үдеуі ғасырлар бойы қалыптасқан еңбек нарығын құбылмалы күйге түсірді. Жылма-жыл жаңа технологиялар, осылардың есебінен жаңа мамандықтар пайда болып, еңбек өнімділігі қарқынды өсу үстінде. Себебі, бұрын он адам, жүз адам атқаратын жұмысты енді бір немесе бірнеше адам ғана еңсеретін болып жүр. Мұның өзі жұмыс орындарына деген таласты бұрынғыға қарағанда әлдеқайда күшейте түсті. Міне, осы тұста мектеп қабырғасындағы білім жүйесі жылдан-жылға жаңара түскен еңбек нарығынан артта қалуда. Батыста кейбір мектептер осыны түсіне отырып, оқу бағдарламаларына жаңа дағдылар мен пәндерді енгізу үстінде. Соның ішінде, компьютерлік бағдарламалау көптеген мектептерде оқытылатын болды. Бірақ жаңа технологиялардың жылдам дамып келе жатқандығы сондай, қазіргі оқушылар мектеп қабырғасынан шығып, жұмыс іздей бастаған кезде жаңадан пайда болды деген бірқатар мамандықтардың өзі де ескіріп үлгеруі әбден мүмкін екен. Осы мәселені жан-жақты зерттеп, еңбегін жеке кітап етіп шығарған әлеуметтанушы Кетти Девидсон бүгінгі бастауыш сыныптарда отырған оқушылардың 65 пайызы ержеткен кезде қазір өмірге келіп үлгермеген беймәлім кәсіптермен шұғылданатындықтарын айтады. Қоғамда қалыптасып отырған бұл жағдай әлемнің алдыңғы қатарлы елдерін мектептегі оқу бағдарламаларын қайтадан қарап, болашақты болжай отырып мұқият сүзгіден өткізуге мәжбүрлеуде. Мәселен, Финляндия өзінің мектеп бағдарламаларын толықтай өзгертіп, «феноменді оқыту» (ерекше оқыту, ғажайып оқыту десе де болады) атты мүлдем жаңа тұрпатты модельді қабылдаған. Осы бойынша 2020 жылы Финляндияда дәстүрлі мектеп пәндерін «төрт К» (коммуникация, креативтілік (жаңа идея мен әрекетке шығармашылық бейімділік), сыни ойлау және коллаборация (бір мақсат жолында бірлесіп әрекет ету) аталатын жаңа тақырыптармен алмастыратын болады. «Бұл төрт пән командалық жұмыста орталық орынға ие болуы тиіс және бір желіге біріккен қазіргі әлемді білдіретін болады», деп жазады Singularity Hub бас редакторы Девид Хилл. Сондай-ақ, Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрестегі кейбір мектептерде де жаңа білім беру бағдарламалары қабылданған. Мұнда жоғары сыныптың оқушысы бастапқы екі жылда білім алады, содан кейін үш жыл бойы кәсіпкерлікпен айналысады. Мектеп аттестаты оған содан кейін ғана беріледі. Буэнос-Айрестің кәсіпкерлермен жұмыс жөніндегі басқармасының директоры Мариано Мейер оқушыларды ерте бастан кәсіпкерлікке оқыту және үйрету олардың прогрестен кейін қалмауына, есейген шақтарында алдарынан кездесуі мүмкін кез келген жұмысқа икемді болуына ықпал ететіндігін айтқан. Давос қаласында былтыр өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда «Білім беруге жаңа көзқарас: технологиялар әлеуетін аша отырып» деген тақырыппен жарияланған Boston Consulting Group есебі бұл пікірді одан әрі қуаттай түсті. Бұл есепте ХХІ ғасырға ең қажетті білім мен дағды үш санатқа бөлінген. Олар – іргелі білім мен қабілет, біліктілік және адамның жеке басының сапасы, біздіңше айтқанда, қасиеті. «Бұл үш дағдыға адамдар өмір бойы үйренетін болады. Яғни адамның білім алуы әртүрлі жолдар арқылы өмір бойы жалғасады», дейді Бүкіләлемдік экономикалық форум сарапшылары. Міне, осы жағдайға орай Қазақстанның білім саласында қазіргі жүріп жатқан өзгерістерге түсіністікпен қарауға болады. Өйткені, Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан білім жүйесінің күні өтіп барады. Ол кездегі оқушыларға берілетін білімді көптеген пәндерге бөліп оқыту тәсілі жан-жақты кемел, саналы азамат тәрбиелеу үшін жақсы-ақ, бірақ ол оқушыларды жедел өзгеріс үстіндегі өмірге бейімдеу мәселесінде артта қалып кетіп отыр. Қазіргі білім беру ісінің адамға қояр басты шарттарының бірі – «алған біліміңді өміріңде іске жаратып үлгір, өмір өзгерістерімен қабыса қимылда, ол үшін өмір бойы оқып үйрен, ал қажетіңе жарамайтын білімге алтын уақытыңды қаза қылма» деген қағидаға келіп саяды. Өйткені, заман алға басқан сайын дамимын деген адамға уақыттың қадірі барған сайын артып келеді. Қазіргі жекелеген пәндердің бір-біріне кіріктірілуін осымен түсіндіруге болады. Қысқасын айтқанда, адамның жеке басының дамуы үшін керекті-керексіз білімді бойға жинай беретін уақыт өтті, оның орнына өзіңе қажеттіні ғана іздеп, өмір бойы оқып-үйренуден жалықпайтын заман келді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»