20 Ақпан, 2017

Ұжымдық спорт ұлт талғамайды

412 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың баласы спорттың командалық ойын түрлерінде неге аз деген сұрақ ұлтын сүйген әрбір азаматты толғандырмай қоймайды. Рас, кейінгі кездері футболдағы қаракөздеріміздің қарасы көбейіп-ақ келеді. Бұған шүкір дейміз, әрине. Алысқа бармай-ақ, жақында ғана Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен «Гранаткин мемориалы-2017» турнирінде күміс жүлдеге иелік еткен жасөспірімдеріміздің жартысынан көбі қарадомалақтар болды емес пе?! Дегенмен, ел назарында жүрген хоккей, волейбол, баскетбол сынды спорт түрлеріндегі жағдайды көргенде көңіл шіркіннің жабығатыны бар. Сондай-ақ, спорттың патшайымы саналатын жеңіл атлетикадағы жағдай да жайнап тұрған жоқ. Міне, осыдан келіп жағдайдың бұлайша қалыптасқанына кім кінәлі деген сұрақтың туындайтыны рас. Осындайда еске түседі. Бұдан біраз жыл бұрын Қарағандыда ұлтжанды азаматтардың орынды ренішін тудырған мынадай оқиға болды. Баласын футбол үйірмесіне алып келген қазағыма ұлты өзге бір бапкер: «Бар, бар. Мұнда не істеп жүрсіңдер? Балаңды боксқа, күреске апар», – депті. Әрине, әлгіндей қорлыққа барабар сөзді естіген намысты жігіттің айғайға басып, біраз жерге дейін барғаны есте. Бұл оқиға кәдімгідей қоғамдық наразылық тудырып, облыстық спорттың басшылары араласып, әлгі бапкердің кешірім сұрауымен әрең басылып еді. Міне, дәл осындай теріс пиғылда жүрген маман-бапкерлер біздің спортта әлі де болса азайған жоқ. Мұның астарында қазақ ұйысып жүретін, ұжымдасып ойнайтын спорт түрлеріне келгенде кежегесі кері тартып тұратын халық дегендей сыңаржақ пікір, керітартпа саясат жатқандай. Яғни, басы бірікпейтін жеке батырсың дегенді көзге шұқымаса да емеурінмен білдіріп отыр ғой. Бұл тығырықтан алып шығар жолдың бірі – өзіміздің ұлттық кадрларды даярлау және оларды жан-жақты қамқорлықпен қамтамасыз ету болса керек. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген, қазағымның болайын деп тұрған бір баласын қаны бір отандасы қайтіп қана кеудесінен итерсін. Қайта бауырына тартып, қыранша баптап ұшыруға барын салмай ма?! Және бір жағдай: өңірлердегі спорт басшылары, спорттағы командалық ұжымдардың екі тізгін, бір шылбырын ұстап отырған азаматтар ұлт мүддесі жолындағы қызметті бәрінен де жоғары қоятындар болса, құба-құп. Осы жерде бір ғана мысал айта кетуге болады. 2011 жылы Қарағандының «Шахтер» футбол клубын басқаруға Ерден Халилин сынды ұлтжанды азамат келді. Міне, сол және одан кейінгі маусымдарда бұрын құрамында екі қаракөз қатар ойнамаған «Шахтердің» сапында кем дегенде төрт-бес қазақ футболшысы алаңға шығып жүрді. Жай ғана шықпай, олар чемпион команданы өрге сүйреген өгіз күші бола білді. Ұлттық кадр демекші, қазіргі таңда жоғары оқу орнын бітіріп, жат­тықтырушылық қызметті таңдаған қазақ жастары аз емес. Дегенмен, олардың қолын мардымсыз жалақы байлайды. Алыстағы ауданға, шалғайдағы ауылға маман-бапкерлердің бара бермейтіні де содан ба деп қаласың. Бұдан бөлек, ауылдық жерлердегі спорттық инфрақұрылымның жүдеулігі, тіпті жоқтығы да бұл шаруаның күрмеуін шиеленістіре түседі. Бірде футболдан балаларды жаттықтыратын білікті бапкермен сұхбаттасудың сәті түсті. Сонда әлгі маманға «Біздің футболда қазақ балалары неге аз?» деген сұрақ қойдым. «Қазақтың небір дарынды балалары келеді, – деді бапкер. – Бірақ, нағыз жаттығудың қызатын кезеңі, жарыстарға қатысатын мезгіл – жаз айларында солардың көбі каникул деп ауылға кетіп қалады... Жылдағысы осы. Сөйтіп, бірте-бірте футболдан алыстай береді...». Бұл ретте ата-аналар да ойлануы керек. Допты, әрине, ала жаз бойы ауылда да тебуге болады. Бірақ онда жөн сілтеп отыратын маман жоқ қой. Және келешегінен үміт күткен дарынды жеткіншек әлдебір спорт түрімен шұғылданып жүрсе, жаттығудағы орынсыз үзіліс кері әсерін тигізбей қоймайды. Бапкер де баланың бір әкесі я шешесі. Оның қарауынсыз кетсе, бабы да мандымайды. Сондықтан баласы спортқа бейім ата-аналар жаттықтырушымен жүздесе, кеңесе жүргені ләзім. Спорт мамандары бұған қуанбаса, қарсы болмасы анық. Иә, футболда Тимур Сегізбаевтың, баскетболда Әлжан Жармұхамедовтің, волейболда Октябрь Жарылғаповтың, көгал­дағы хоккейде Саян Шәймер­деновтің орнын басатын ұландардың түлеп ұшуына ұлтжанды мамандар ең алдымен жауапты!

Қайрат ӘБІЛДИНОВ, 

«Егемен Қазақстан»