12 Сәуір, 2011

Қадыр аканың хаты

542 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Елбасы оған ризашылық танытып, шынайы алғысын жеткізуді тапсырды «Аса құрметті Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мырза! Тараз қаласы, Есей би 11 «а» көшесінде туып-өскен мен Бекмұрзаев Қадыр Мырзабекұлы 56 жылдан бері гүл, бау-бақша өсірумен әуестенемін. Осы альбомды және кассетаны Сізге ескерткіш ретінде шын жүректен сыйлаймын. Сізге Алладан тілейтінім: мәртебеңіз бұдан да биік болсын, тек биік шыңдардан ғана көрініңіз! Алла Сізді күш-қуаттан айырмасын. Сіз аман-есен болсаңыз, келешекте Қазақ елінің абыройын бұдан да биікке көтеретініңізге кәміл сенемін. Аман-сау болыңыз! Бекмұрзаев Қадыр Мырзабекұлы». Қадыр аканың Президентке жазған хаты, негізінен, осы. Хатта айтылған альбом мен кассета дегені де ып-рас. Альбомда жүзімдердің суреттері бейнеленсе, кассетада Қадыр аканың өзі де, жүзімдері де «тірідей» көрсетіледі. Айтпақшы, Қадыр аканың Президентке хат жазуы өзінше бір хикая. Аялап өсірген жү­зімдерін, гүлдерін, көшеттерін базарға шығарып, сатуға отыр­са болды, біреулер: «Сен бұ­лар­ды Ташкенттен әкеп, «өзім­дікі» деп отырсың», деп ашуын келтіреді екен.  Жүдә болмаған соң Қадыр ака альбомын апа­рыпты да тілі ұзын ағайын­дар­ға: «Міне, мынау  – аулам, мы­нау – жүзімім» деп, айқара ашып алдарына қоя салыпты. Сөйтсе олар енді: «Сен мұны бізге көрсетіп неменеге әуре бо­ласың, одан да Елбасыға жол­да, сонда сенің ақ-адал өні­міңді сатып отырғаныңды бү­кіл ел біледі», деп ақыл айтады. Хат тез-ақ жазылды. Компакт дискінің «монтажы» да жедел дайындалды. Енді үшбу хатты Ақордаға жолдау ғана қалған. Бірақ «Қазпоштадағы» қыз-келіншектер альбомдағы жү­зімдер мен гүлдердің суретіне таң-тамаша қалғанымен, Ақ­орданың мекен-жайы мен индексін білмейтінін айтып, оны анықтауды бағбан шалдың өзіне тапсырады. Қадыр ака үйіне салы суға кетіп оралды. «Өй, сенің аулаңдағы жүзімің кімге дәрі, хатың жетпейді Ақ­ордаға» дегендердің сөзі расқа айналғаны ма деп те намыс­тан­ды. Ой құшағында оншақты күн жүріп, «Қазпоштаға» тағы ба­рады. Бұл жолы тура басты­ғы­ның өзіне кірмек. Бірақ есік­тің алдынан қарауыл жолығып, мән-жайды түсінген соң Қадыр акаға жөн білетін бір қызмет­керді көрсетеді. Шынында ол кісі Ақорданың мекен-жайын да, индексін де тауып, хатты жө­нелтуге ықыластана кө­мектеседі. Қадыр аканың хаты Ақордаға 2010 жылдың 30 желтоқсаны күні тіркеліпті. Іле-шала жауап хат келді. Жоғары жағында «Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы» деген құзыретті жазуы бар ақ параққа: «Құрметті Қадыр Мырза­бекұлы! Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа жақсы тілектеріңізді айтып хат жа­зып, өсірген жүзімдеріңіз бейнеленген фотоальбом мен компакт дискіңізді жібергеніңіз үшін көп рахмет! Олар Президентке көрсетілді. Нұрсұлтан Әбішұлы бағбандық өнеріңіз бен еңбегіңізге ризашы­лық танытып,  Сізге өзінің шы­найы алғысын жеткізуді тап­сырды. Өкінішке қарай, елімізде есігінің алдындағы құнарлы жерлерді ұтымды пайдалана білмейтін азаматтар аз емес. Біреулер бұған жете мән бермейді, бағбан­дық өнер екінші біреулердің қо­лы­нан келмейді. Сіздің тәжіри­беңізді қалың көпшілікке жет­кізудің маңызы зор. Сол себепті, еңбегіңіз бен тәжірибеңіз туралы жан-жақты жазып, халыққа тарату туралы «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына ұсыныс айтылды. Сізге зор денсаулық, от­басыңызға амандық, бағбандық жұ­мыстың ләззаты мен толайым табысын тілейміз. М.Қасым­беков», деп қол қойылыпты. Қадыр ака хатты келіндеріне, немерелеріне қайта-қайта оқыт­ты. Әсіресе, хаттағы: «Олар Президентке көрсетілді. Нұрсұлтан Әбішұлы бағбандық өнеріңіз бен еңбегіңізге ризашылық танытып, Сізге өзінің шынайы алғысын жет­кізуді тапсырды», деген жол­дарды естігенде көзіне жас келіп, көңілі босады. Қадыр ака жас кезінде қиын­шылықты көп көрді. Әкесі со­ғыс­тағы «еңбек армиясынан» ауырып келді де, бір жылдан соң қайтыс болды. Анасы екі баламен жесір қалды. Бірақ қанаттыға қақтыр­май, тұмсықтыға шоқыттырмай аман-есен өсірді. Дегенмен, Қа­дыр ака еңбекке ерте араласты. Ә дегенде құрылысшы болды, Жам­был ГРЭС-і іске қосылғанда өрт сөндіруші болып жұмысқа тұр­ды. Сол жерден зейнетке шықты. Зейнетке шыққанымен он алты жастан бастап айналысқан бағ­бан­дық өнер үйінде тыныш жат­қызбады. Ерте тұрып, кеш жатып дегендей, есігінің алдындағы 3 сотық жерді жүзім мен гүлге көмкеріп тастады. Ауласында қазір 35 түп жүзім бар, оның 15 түрі жыл сайын жап-жақсы өнім береді. Жүзімнің өзі әп-әдемі бол­ғанымен, еңбегі өте ауыр. Жүзім­нің ірі әрі нәрлі болуы үшін жа­пырақтарын бір-бірлеп жұ­лып оты­руың керек. Ал 35 түп жүзім­нің жапыраған жұлу жетпістен асқан қарияға оңай шаруа емес. Бүгінде Қадыр акадан тәжіри­бе алуға келетіндер де аз емес. Бұл болса оларға: «Мынау тәжік­тер­дің елінде өсетін «Кәттә­қор­ған» деп аталатын жүзім. Өзі ірі, ақ түсті болады. Өнімі жақсы. Ал мынау – «Ягдана». Бұл да жү­зімді көп салады әрі ірі болады, сосын өте тәтті... Ал енді мына тұрған ірі әрі қызыл жүзімді  «Риз­мат-ата жүзімі» дейді. «Хұ­сайын» жүзімін кейбіреулер «Дам­ский пальчик» деп жүр. Негізінде «Хұсайын» басқа сортты жүзім, ал шын «Дамский пальчик» әйелдердің саусақтары сияқты өте жіңішке болады», деп асықпай түсіндіре бастайды. Қадыр акадан жүзім көшет­терін сұрай келетіндер де баршы­лық. Біреулер АҚШ-қа, енді біреу­лер Германияға аттай қалап алып кетіпті. Кавказдан келіп сұ­рау­шылар да бар дейді. Қадыр ака оларға: «Ау, жүзімнің отаны­нан келіп отырып менен  көшет сұрағандарыңа жол болсын», демей ме. Сөйтсе олар: «Біздің бағ­бандар жүзімнің «шараптық» тү­ріне көшіп кетті де, «асханалық» жүзімдер қасқалдақтың қанын­дай қат боп қалды», дейді. Жү­зім­нің «Асханалық» деген сорты биік боп өседі де, өнімді мейлінше мол салады екен. Шынында, Қадыр аканың ауласында кілең асханалық, яғни сәні де, дәмі де келіскен жүзімдер өседі. Жүзімнің өзі тәтті болға­ны­мен, еңбегі «ащы» демеп пе ек мана, айтса айтқандай, жүзімнің «үсік», «бұршақ» және «шым­шық» деп басталатын «жаулары» өте көп. Үш сотық жерді көзінің қарашығындай қоритыны сон­дық­тан қарияның. Әулиеата ауа рай­ының да қылтың-сылтыңы көп. «Наурыз келді, күн ысы­ды» деп жүзімдікті ашып тас­та­ғаның сол, бір түнде «үсік жү­ріп» өтеді. Қадыр ака мұндай «құ­қайдың» талайын көрген. Өрік, жүзім, алма ағаштары гүл­деп тұрғанда үсік пен бұр­шақ есіл еңбекті еш қып кете барған талай рет. Қадыр аканың жүзімі, әсіресе, 2009 жылы көп салды. Тіпті жүзімдіктер үйдің шатырының үстіне дейін «қап­тап» кетті. Ондайда өнімдерін шымшықтан қорғау үшін кә­дімгі айнаның сынықтарын іліп қояды. Айна күнге шағылысып, құстарды үркітеді. Қадыр ака жинаған өнімді, негізінен, отбасы қажетіне пай­да­ланады. Артылса базарға шы­ғарады. Қаңтар мен ақпанға дейін сақтап, сатуға болатын сорт­тары да бар. Сосын ептеп... «шарап» ашытады. Оны қа­зақ­тарша «қолбала» деп қояды. Қазақтардың ортасында отыр­ған соң өзін қазақпын деп сезінеді. Елбасына арнаған хатын да таза қазақ тілінде жазды. Қазақ тілімен бірге өзінің ана тілі мен орыс тілінде еркін сөйлейді. «Кезінде саяси-ағарту мектебін үздік бітіріп, обкомға нұсқаушы боп кете жаздағам», деп те қояды. Бірақ үйреніп қалған Жамбыл ГРЭС-ін қимапты. Айтпақшы, әңгіме үстінде өзі өсірген жүзімнен дайындал­ған «қолбаласын» әкеп, рүм­ке­лерін шығарып: «Дәмін көреміз бе?» дегені. «Жо-жоқ, ақсақал, рөлде едім» дедім. «Дұрыс екен, онда болмайды», деген Қа­дыр ака тез келісе салды. Со­ған қарағанда Қадыр аканың «қолбаласы» күшті ме деп қалдым. – Елбасы хатымды ЕҚЫҰ Саммиті өтіп жатқанда алса деп ойлап ем. Сәл кешігіп қалдым. Бірақ оқасы жоқ, бәрібір оқып­ты. Дана адам ғой, хаттан ел үлгі алсын депті. Шынында жыл­қы баққан, қымыз ішкен, қазы-қартаны қатырып дайын­дай­тын қазақ бау-бақшаны да бап­тап, өсіре алады. Әне, Жұ­магүл Омарова қызымыз қан­дай гүлдер өсіріп, алыс-жақын­дағы ел-жұртты таңғалдырып жатыр. Жақында келіп кетті өзі. Сондай ашық-жарқын, жай­да­ры адам екен. Бұл істе адамға тек қана құнт пен ынта керек, – деген Қадыр ака бізбен қоштасарда. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы, Тараз қаласы. --------------------------------- Суретте: Тараздың бағбан қариясы Қадыр ака Мырза­бек­ұлы.