Кеше «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед ұйым ардагерлері, Мәжіліс депутаттары, партияның жастар
қанаты және аймақтық филиалдар өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізді.
Жиналғандар алдында сөйлеген М.Құл-Мұхаммед 1 наурыздың көптеген мерекелердің басын қосқан күн екенін атап өтті. Нақтылай айтқанда, партия Төрағасының бірінші орынбасары наурыздың алғашқы күні Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанын және осы күн Елбасы Жарлығымен Алғыс айту күні болып бекітілгенін жеткізді. Өзара толық түсіністік, үндестік, келісіммен өмір сүріп жатқанымыз үшін Елбасына, Елбасының бейбітсүйгіш саясатына, бір-бірімізге алғыс айтуымыз керек. Міне, осындай тойларымыз құтты болсын. Жалпы той дегеннің өзі – тойлау үшін емес, ойлау үшін керек, деді ол.
Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін, М.Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының Қазақстанның саяси өміріндегі орны мен маңызына тоқталып өтті. Біз тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын жыл бойы атап өттік. Өйткені, ол қазақстандықтардың отаншылдығын, патриотизмін жаппай насихаттау үшін, тәуелсіздіктің маңызын білдіру үшін керек болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іргетасын қалаған біздің партиямыздың әрбір күні де осы саяси күштің күні болуы керек. Өйткені, біз – қоғам мен Елбасының арасын жақындастыратын үлкен күшпіз. Парламенттік сайлауда халықтың басым көпшілік дауысына ие болған партия болғандықтан, біз халықтың сөзін сөйлеуіміз керек, халықпен бірге болуымыз керек. Өкілетті органдарға партия атынан сайланған барлық депутаттар осы міндетті абыроймен атқарып отырғанына сенімдіміз, дей келіп, М.Құл-Мұхаммед Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызын да атап өтіп, оларды да Алғыс айту күнімен құттықтайтынын жеткізді.
Сөзінің қорытындысында партия Төрағасының бірінші орынбасары саяси ұйымның барлық ардагерлері мен жастарды осындай айтулы күнмен тағы да құттықтап, партия қатарына жаңадан өткен бірнеше адамға өз қолымен куәлік тапсырды. Олардың арасында әнші Рухия Байдүкенова, актер Данияр Жұмаділов, ақын Марғұлан Атан, студент Қаракөз Амантай, жас кәсіпкер Самат Биғазы, инженер Асылбек Жалмұханбет, айтыс ақыны Жандарбек Бұлғақов және т.б. болды.
Осыдан кейін бірнеше партия белсендісіне саяси ұйымның марапаты тапсырылды. «Белсенді қызметі үшін» атты төсбелгімен марапатталғандардың арасында Мәжіліс депутаттары Қабиболла Жақыпов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Зағипа Балиева, Бекболат Тілеухан, Аманжан Жамалов, Кәрібай Мұсырман және т.б. болды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»