«Егемен Қазақстанның» Орал қаласындағы тілшілер қосынына Жайықтың жағасындағы қалың елдің арасынан арнайы келген бұл ақсақалдарды жақсы білетін едім. Тоқсанға жақындаса да қарттыққа бой алдырмай, әлі де тіп-тік қалпында келе жатқан соғыс және еңбек ардагері Қасен Қоспаев аға менен үміт күте қарап қалыпты. Ақжайық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Лұқпановпен де елге шыққанда, кейде облыс орталығындағы жиындарда кездесіп қалып жүретінмін. Ойы орнықты, пікірі байыпты жан. Осы қатардағы Наурызбай Әбілқайыров, Мәди Мусин, Иван Еремин, Күләш Жұмағазиева және Сейілхан Мыңжасов секілді апа-ағаларымыз да өз бақыттарын еңбектен тапқандар.
Қош келдіңіздер, келген шаруаларыңызды айта отырыңыздар, дедім мен оларға. Айналайын, Теміржан, біздің әңгімеміз ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Оған уақытың бар ма? Шыдамың жетіп, аяғына дейін тыңдай аласың ба, деп Қасен аға маған тағы да сұраулы жүзбен көз тастады. Тыңдай аламын, дедім мен көп ойланбастан.
– Қарағым, біздің ауданның халқы үшін Жайық өзенінің маңызы өте зор. Алайда, өзеннің сол жағалауында орналасқан алты ауылдық округ, ондағы он сегіз ірі елді мекеннің тұрғындары бүгінде күрделі жағдайларды бастан кешіп отыр. Жылдың күзгі-қысқы және көктемгі кезеңдерінде Жайық өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты сол жағалаудағы тұрғындар аудан орталығы Чапаев кентіне облыс орталығы Орал қаласы арқылы қатынайды. Ал бірқатары Атырау облысының Индер ауданы тұсындағы көпірден өтіп келуге мәжбүр. Өйткені, соңғы жылдардағы экологиялық өзгерістер салдарынан ауа райы қыс мезгілінде де жылынып кетіп жүр. Өзен мұзы жұқа болып келеді. Сондықтан да жеңіл көліктермен өтудің өзі адам өміріне қауіпті. Тіпті, қыстың өзінде боранның салдарынан жол бітеліп, тосқауылға ұшырайды.
Мысалы, Орал арқылы Чапаевқа келу Қурайлысай мен Есенсайдан 610 шақырым. Ал көпір салынып, тұрғындар тікелей өтсе, небәрі 60-75 шақырым болар еді. Басқа ауылдар жөніндегі жағдай да дәл осындай. Жанар-жағармай мен басқа да шығындарды есептер болсақ, ұтқанымыздан ұтылғанымыз әлдеқайда көп. Бұл тұйықтан шығудың қазіргі ең қарапайым жолы қолдан құрастырылған жеңіл автокөліктерді өткізуге ғана жарамды паромдарды пайдалану болып отыр. Қол қызметі арқылы сыммен тартылатын мұндай өткелді іске қосу үшін жыл сайын тиісті мекемелерден рұқсат алу керек. Адам өмірі қауіпсіздігіне алаңдайтын ондағы мамандар мен жетекшілер оңайлықпен рұқсат бермейді. Содан соң амалы таусылған халық қайықпен өтуге тәуекел жасайды. Былтырғы қазан айында Базартөбе ауылы тұсынан өзеннен қайық арқылы өтпекші болған төрт адам суға кетіп қаза тапты. Бір адамның мүрдесі әлі күнге дейін табылған жоқ.
Әрине, қалқымалы көпір екі жағалауды жалғастыруға қолайлы болғанымен, Жайық өзенінің экологиясына тигізер кері әсері мол. Өйткені, ұзақ жылдардан бері Атырау облысының Индер елді мекенінің тұсында орналасқан қалқымалы көпір бекіре балықтардың Жайық өзенінің жоғары арнасына көтерілуіне бөгет жасады. Кезінде бүкіл Кеңес одағы халқының ортақ игілігі болған, тіптен дүние жүзіне экспортқа шығарылып келген қара уылдырық пен бекіре тұқымдас балық түрлері бүгінде құрып бара жатыр. Соңғы алты-жеті жылда олар тұрақты қалыптасып келген өзінің уылдырық шашатын мекеніне жете алмай қалып жүр. Бұл ауданның Мойылды мен Коловертное елді мекендерінің аралығындағы Жайықтың 80-90 шақырым арнасын қамтиды.
Тұрақты өткел болмау салдарынан әр жылдарда Жайық өзеніне батып кеткен паром мен техникалар бүгінде кеме қатынасына да үлкен қауіп туғызуда. Өйткені, соңғы жылдары өзен деңгейі күрт төмендеп барады. Чапаев кенті стратегиялық маңызы бар тоғыз жолдың торабында орналасқан. Егер осы арадан автокөліктер өтетін көпір салынса, облыстың оңтүстігінде орналасқан аудан орталықтары мен ірі елді мекендер Жаңақала, Жалпақтал, Қазталов, Жәнібек, Сайқын, Орда, Жаңақазан өңірінің тұрғындары осы көпір арқылы Самара-Шымкент тас жолына шыға алар еді. Мұндағы халық нөпірі 140 мыңды құрайды. Бұл облыс халқының төрттен біріне жуық. Сонымен бірге, Ресей Федерациясының Астрахань, Волгоград, Саратов облыстары тұрғындары үшін де Орынбор бағытына тікелей шығуға мүмкіндік туады.
Бұл жерде назар аударатын мәселе – 1978 жылы Чапаев-Жымпиты бағытында үлкен автожол құрылысын жүргізу басталған болатын. Сөйтіп, Жайық өзенінің сол жақ бетіндегі Қызылжар ауылынан Жымпиты-Орал автожолына қарай 30 шақырым биік жалпақ жол көтерілді. Алайда, қаржының тапшылығына байланысты кейін бұл жоба аяқсыз қалып қойды. Бұған қоса, Жайықтың сол жағындағы Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарының тұрғындары мен Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан қатынайтын автокөліктер үшін де көпірдің көмегі мол. Осы арадан тікелей Волгоград қаласына, сол сияқты облыстың оңтүстік аудандарына бағыт ұстау өте қолайлы.
Қазіргі кезде Елбасының тапсырмасымен елімізде туризмді дамыту бағдарламасы жасақталуда. Осы орайда Бөкей ордасы ауданының аумағында қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында ерекше орын алатын тарихи-өлкетану ескерткіштері көп екенін айта кеткен жөн. Мұның бастауында, әрине, Орда өңіріндегі мұражай кешені тұрады. Болашақта Шалқар көлі – Чапаев – Бөкей орда – Сарайшық – Маңғыстау туристік саяхат бағыттарын ашу ойда бар іс. Алдағы жылдарда Бөкей ордасы ауданына қатқыл жол салынып бітеді. Ал Орал-Атырау тасжолы бүгінгі заман талабына сәйкес жасалған. Алдағы жылдарда осындай сапалы жол Атырау мен Ақтау қалаларын байланыстырмақ. Біз бұл мәселелерді тектен-тек айтып отырған жоқпыз. Өйткені, айтылған мәселелердің негізгі тамыры Ақжайық ауданының тарихымен тығыз байланысты.
Аудан тарихында көршілес аудандармен бір қосылып, бір ажыратылу сияқты оқиғалар бірнеше мәрте қайталанды. 1962 жылғы 30 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Төралқасының жарлығымен Тайпақ ауданы таратылып, Чапаев ауданына қосылды. Ал 1964 жылы 31 желтоқсанда қайтадан бөлінді. 1997 жылы мамыр айында тағы да Чапаев ауданына қосылды. 1977 жылы Чапаев ауданының Жайық өзенінің сол жағалауындағы шаруашылықтар мен ауылдар бөлініп, жаңадан Ақжайық ауданы шаңырақ көтерді. 1987 жылы ол аудан таратылып, біраз бөлігі қайтадан Чапаев ауданының құрамына қосылды. 1992 жылы Ақжайық ауданы қайта құрылып, 25 мыңнан астам халқы бар іргелі елді мекендер Чапаевтан тағы бөлініп кетті. Ол аудан 1997 жылғы оңтайландыру науқаны кезінде қайтадан ыдырап, Теректі ауданының аумағына енгізілді. Ал Ақжайық атауы бұрынғы Чапаев ауданына беріліп, қазіргі Ақжайық ауданы бұрынғы Чапаев пен Тайпақ ауданынан құралды.
Бұл жағдай, әрине, жергілікті халық үшін өте ауыр тиді. Өйткені, ұзақ жылдар тұтас бір аудан болып тұрған іргелі ел аралас-құралас өмір сүріп, құдандалы, тума-туысқан болып кеткен еді. Қазіргі кезде жол мен өзен арқылы қатынаудың қиыншылығына қарамастан, Жайықтың арғы жағы мен бергі жағындағы тұрғындар бір-бірімен байланысын үзбей келеді. Осы арада айтайын дегеніміз, Орал қаласында соңғы жылдары Жайық өзенінің үстіне жаңа автокөлік жолы салынды. Тап осындай бірнеше жаңа көпір Атырау қаласында да пайдалануға берілді. Сонымен бірге, Атырау қаласынан Оралға қарай 170 шақырым жердегі Индер ауылы тұсында Жайық өзенінің үстінен өтетін жаңа көпір салынды. Чапаев кенті Оралдан – 130, Индерден 205 шақырым қашықтықта орналасқан.
Олай болса, Чапаев кентінің тұсынан тағы бір көпір салынуы – өмірдің өзі қойып отырған қажеттілік деп есептейміз. Бұл мәселе аудан әкімінің жыл сайынғы есептік кездесуінде ұдайы көтеріліп келеді. 2008 жылы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов аудан тұрғындарының өтінішін аяқсыз қалдырмай, жергілікті бюджеттен көпір құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесіне 50 миллион теңге қарастырған болатын. Алайда, әлемдік қаржы дағдарысына байланысты бұл мәселені шешу кейінге қалдырылды. Дағдарыс мәңгілік емес. Олай болса, бүгінгі жағдай бұл мәселені қайта көтеруге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Біздің қабырғамызға қара тастай батып жүрген мәселе осы еді. Осы айтқандарымыз «Егеменнің» бетінен көрініс тапса деп едік.
Мен ақсақалдардың айтқандарын газетімізге жолдауға уәде бердім. Әлбетте, аманатқа қиянат жасауға болмайды. Сондықтан да осы жолдарды жазып отырмын. Ақсақалдардың осынау орынды тілегі тиісті мемлекеттік органдар тарапынан ескерусіз қалмайтынына сенгіміз келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.