Жақында жарыққа шыққан БҰҰ-ның «Әлем экономикасының ахуалы және болашағы» атты дәстүрлі баяндамасында Үндістан экономикасының соңғы жылдардағы даму қарқынына өте жоғары баға беріліп, 2017 жылы бұл ел экономикасының өсімі 7,7 пайызға жететіндігіне болжам жасалыпты. Ал PwC (PricewaterhouseCoopers) экономистерінің айтуынша, Азия үстіміздегі жылы да әлемнің ең жоғары қарқынмен дамитын аймағы болып қалмақ, бірақ басты назар Қытайдан Үндістанға ауысатын көрінеді. Сөйтіп, жаһандық бәсекеде Үндістан экономикасының даму қарқыны көш бастады.
Жұмыр Жерді мекендейтін 7 миллиардтың үстіндегі адамзаттың үштен бір бөлігінен астамы Қытай мен Үндістанда тұрады. Сондықтан бұл екі алып елдің әлем экономикасына тигізетін ықпалы өлшеусіз. Оның үстіне соңғы он жыл көлемінде бұл елдердің экономикасы дамудың аса жоғары қарқынын көрсетіп келеді. Мәселен, 1995 жылдан бергі уақытта Қытайда орташа табыс көлемі он есе өссе, осы кезеңде Үндістанда орташа табыс мөлшері төрт есе көбейген. Яғни, бұл елдерді мекендейтін миллиондаған адамдардың табысы еселеніп, кедейшілік бұғауын бұзып өтті. Әлеуеті жағынан дүние жүзіндегі екінші, кейбір ретте, бірінші экономика атанып жүрген ҚХР-дың экономикалық реформалары хақында аз айтылып та, аз жазылып та жүрген жоқ. Қытай экономикасының әлеуетін осындай деңгейге көтерген елдің экспортқа негізделген қайта өңдеу өнеркәсібі болғандығы даусыз. Білікті сарапшылар әділ атап көрсеткендей, бүгінде Қытай «әлем шеберханасы» болып табылады.
Экономикалық әлеуеті жағынан әлемдегі көшбасшы үштіктің қатарынан берік орын алған Үндістанның қазіргі даму қарқыны Қытайдың өзін шаң қаптыратын түрі бар. Беделді «Forbes» журналының дуалы ауыз сарапшылары 2016 жылы Үндістан Республикасы экономикасының өсімі 7,7 пайызға жеткендігін атап көрсетіп, 2017 жылы бұл көрсеткіш 7,8 пайыздық межеден асады деген болжам жасап отыр. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін әлемдегі экономикалық даму деңгейі ең төмен елдердің бірі саналып келген Үндістанның бүгінде экономикалық даму қарқыны бойынша әлемдік көшбасшыға айналуының сыры неде? Мәселен, 1950 жылдан 90-шы жылдарға дейін Үндістан экономикасы жыл сайын 3-3,7 пайыз деңгейінде ғана өсімге қол жеткізді. Бұл кезеңде Жапонияның экономикасы 10 есе, Оңтүстік Кореяның экономикасы 5 есе жоғары қарқынмен дамыды. Ал соңғы жылдары ҚХР экономикасы ілгерілеген түрде 8 пайыздық өсіммен дамыған болатын. Сөйтіп, Үндістанның экономикалық өркендеу дәуірі 1991 жылдардан бастау алды.
1991 жылға дейін Үндістан экономикасында лицензиялық талап үстемдік етті. Халық шаруашылығының барлық саласында шетелдіктердің үлесі мүлде мардымсыз болып, бәсекелестік дамымады. Экономиканың барлық саласына мемлекеттің араласуы кәсіпкерліктің дамуын тежеп, өндірістің өсуіне кедергі келтірді. Үндістанның экономикалық реформасы 1990 жылы халық шаруашылығының барлық саласында лицензиялық талаптарды жоюдан басталды. Реформа басталғаннан кейін бір жыл өтер-өтпестен елдегі тарифтер төмендеп, Үндістанның қаржы рыногы әлем компаниялары үшін ашыла бастады. Мәселен, 1990 жылы ел экономикасына құйылған шетелдік қаржы көлемі нөлге жақын болса, 2007 жылы бұл көрсеткіш мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 8 пайызы мөлшеріне дейін көтерілді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында елдегі өңдеу өнеркәсібінің дамуымен бірге, қызмет көрсету түрлері кеңінен өрістей бастады. Ағылшын тілін жетік білетін Үндістанның жас инженерлері Батыстың қызмет көрсету, әсіресе, ақпараттық технология саласындағы жетістіктерін өз елдеріне әкеліп, жергілікті ерекшеліктерге бейімдеп, жаппай өндіріске енгізе бастады.
Үндістан Республикасы экономикасы өсімінің шарықтау қарқыны 2014 жылы басталған реформалардан кейін айшықты көрініс тапты. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди сол жылдың тамыз айында елдің Тәуелсіздік мерекесі құрметіне өткен салтанатты жиында экономикалық дамудың бағдарламалық баяндамасын жасады. Бұл бағдарламаның негізгі идеясы түбегейлі өзгерістер жасай отырып, экономикалық өсімнің жаңа тетіктерін табу болып табылады. Шын мәнінде Нарендра Модидің бұл бағдарламалық сөзі тәуелсіз Үндістан тарихындағы «Неру-Ганди әулеті» дәуірінің аяқталғанын жария етті.
2015 жылды Үндістан үкіметі жаңа бетбұрыспен бастады. Осы жылдың бірінші қаңтарында Н.Моди үкіметі елде 1950 жылдан бері 12 бесжылдық жоспарды жүзеге асырып келе жатқан Жоспарлау комиссиясының жұмысын тоқтатты. Оның орнына жаңа мемлекеттік мекеме – Үндістанның ұлттық трансформация институтын (ҮҰТИ) құрды. ҮҰТИ-дің негізгі міндеті экономика және саясаттың шешуші мәселелері бойынша стратегиялық және технологиялық ұсыныстар мен жобалар белгілеу болып табылады. БАҚ өкілдері «Модиномика» деп атайтын Нарендра Моди үкіметі реформасының негізі экономикалық инфрақұрылым мен өнеркәсіпті дамытуға басымдық береді. Инфрақұрылым мәселесі елдегі ұзақ уақыттан бері шешімін таба алмай келе жатқан ең өзекті проблема. Тозығы жеткен инфрақұрылым ел экономикасының дамуын тежеп отыр. Осыған байланысты Моди реформасы мемлекет қаржысын бөлуде бірінші кезекте, әрине, қорғаныс саласынан кейін инфрақұрылымға басымдық беріп отыр. Бұл ретте 2015-2016 жылғы мемлекеттік бюджетте қорғаныс саласына бөлінген қаржы 18,9 пайызды құрағанын айта кеткен жөн. Қазір Үндістанның мемлекеттік бюджетінен инфрақұрылымға, оның ішінде, энергетикалық және көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаржы еселене түсті. Financial Times сарапшыларының зерттеулері бойынша, әлемдік мұнай бағасының күрт төмендеуінен Үндістан экономикасы жоғары қарқынмен дамуға зор мүмкіндік алған.
Қалай болғанда да, қазіргі таңда Үндістан Республикасы экономикасының даму қарқыны әлемдік бәйгені бастап тұр. Білікті сарапшылардың айтуынша, елдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің алдағы уақытта да жоғары даму қарқынын ұстайтындығына толық жағдай бар. Атап айтқанда, үкімет ел экономикасына шетел инвестициясын тартуға қолбайлау болып келген барлық кедергіні жойды. Бүгінде Үндістан экономикасы ашықтығы бойынша әлемдегі алдыңғы орындарды иеленеді. Сонымен бірге, қазір экономикасының өсу қарқыны жағынан әлемдік көшбасшылыққа таласып келе жатқан екі алып мемлекет – Қытай мен Үндістан арасындағы бәсекелестікте Үндістан пайдасына шешілетін бірқатар өзекті факторлар бар.
«Әлем шеберханасы» атанған Қытайда алдағы уақытта арзан жұмыс күшіне деген тапшылық орын алуы мүмкін. Ұзақ жылдардан бері бұл елде жүргізіліп келген «бір отбасына – бір бала» атты демографиялық саясаттың салқыны енді басталмақ. Бүгінде Қытайдағы экономикалық белсенді тұрғындардан зейнеткерлік жасқа жеткен қарттар үлесі асып кеткен көрінеді. Бұл экономикалық өсімге кері әсерін тигізетіндігін, тигізіп те отырғандығын Аспанасты елінің ғалымдары ашық айтып, дабыл қағуда. Осыған байланысты ел билігі отбасын шектеу шараларынан бас тартты. Бірақ елде ұзақ уақыт үстемдік құрған «бір отбасына – бір бала» саясатының салқыны ҚХР экономикасының дамуын біраз уақыт тежейтін сияқты. Ал Үндістанда керісінше, демографиялық ахуал барынша жоғары қарқынмен өсуде. Күннен күнге артып келе жатқан экономиканың арзан жұмыс күшіне деген сұранысы еселей қанағаттандырылуда. 2015 жылғы санақтың дерегі бойынша, ҚХР халқының саны 1 миллиард 370 миллион адамға жетсе, Үндістандағы адам саны 1 миллиард 250 миллионнан асып жығылған болатын. Мамандардың айтуынша, енді бір-екі жылда халқының саны жағынан да Үндістан Республикасы ҚХР-ды басып озатын көрінеді.
Үндістанды ұзақ уақыт бодандықта ұстаған Британия империясы бұл елге өзінің бірқатар өркениет өнегелерін де мұра етіп кетті. Атап айтқанда, Үндістанда жоғары демократия мен парламенттік билік жүйесі көп ұлтты үлкен мемлекеттің қалыптасуына игі ықпалын тигізуде. Сонымен бірге, Британия бұл елге барлық аймақты байланыстыратын аса зор әлеуетті темір жол торабын жасап берді. Үндістан темір жол жүйесі қазір дамыған экономиканың шын мәніндегі күретамырына айналған. Ең бастысы, үнділер бүгінде империя зорлықтың күшімен кіргізген ағылшын тілінің игілігін молынан көруде. Ағылшын тілін жетік білетін үндінің жас мамандары бүгінгі ғылым негізі болып табылатын ақпараттық технологияны тез игеріп, ғылым саласында өздерінің айшықты орындарын ойып алуда. Қазір әлемдік ғылым саласында нано жетістіктердің майын ішкен жас үнді инженерлері көш бастап тұр. Патриоттық сезімдері басым жас ғалымдар ғылым мен технология жаңалықтарын елдеріне импорттауда. Сарапшылардың мәлімдеуінше, бүгінде ақпараттық технология, ғарыштық байланыс жүйесі, фармацевтика салалары бойынша Үндістан әлемдік көшбасшылық биікке көтеріліпті.
Жаһандық экономикалық бәсекелестікте асықпай, даурықпай биік межелерді біртіндеп бағындырып, алдыңғы үштіктің қатарынан берік орын алған Үндістан Республикасында жүзеге асырылып жатқан реформалардың бүгінгі жетістігі осындай. Нарендра Моди үкіметі күн тәртібіне қойған елдегі білім беру саласының деңгейін көтеру, экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру, озық ғылыми технологияларды кеңінен өндіріске енгізу, шетел инвестициясына жол ашу мақсатындағы реформалар үнді философиясы негізінде байсалдылықпен іс жүзіне асырыла беретін болса, Үндістанның жаһандық экономикадағы алар асуының асқаралы болатыны анық.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»