«Жарықтықтардың әрқайсысы жеке бір театр еді...»
– Әлі есімде. Енді ғана он алты жасқа толған, әлі оң-солын да толық танып үлгермеген қаршадай қыз кезім ғой, қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың есігін имене ашып кірдім. Мұхтар Әуезов, Күләш Байсейітова, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев бесеуі көрермендер залында кеңесіп отыр екен. «Кел, кел» деп құшақ жая қарсы алды. Міне, осы күннен бастап асқар таудай аға-апаларымның қамқорлығын көп көрдім...Ең бірінші рет ойнаған басты рөлім – «Еңлік-Кебек» қойылымындағы Еңлік еді, – дейді ол дауысынан толқыныс сезіліп. – Күләш Байсейітова бәріңіз бір көшеде тұрыпсыздар... – Иә, солай. Мен Алматы қаласында туғанмын. Әйгілі Күләш Байсейітовамен бір көшенің бойында тұрдық. Күләш драманың актрисасы еді. Театрда дайындық басталғанда мен атағы жер жарған әртістерге ере алмай аулақтау тұста үндемей тұратынмын. Күләш келіп, қолымнан жетектеп, сахнаға алып шығады. «Сахнаға шыққанда киіміңді жөндей берме, етегіңді ұстай берме», деп ақыл-кеңестерін айтатын. Кейбір адуынды атақты әртістер маған қарап: «Мына қызды неге алдыңдар?», деп түріме сынай қарайтыны есімде қалыпты. Ал Күләш жарықтық, өте кішіпейіл болатын. Мынау жас, мынау үлкен демей, білмегеніңді үйретуден жалықпайтын. Мерекелік іс-шараларда ән айтатынбыз. Алдымен Күләш, содан кейін мен. Өмірден ерте кетті ғой, жарықтық... Драма театрда басты рөлдерді сомдап жүрген даңқты Күләш Байсейітова опера театрына ауысып, оны алмастыру міндеті маған тапсырылды. Басқа-басқа, Күләш Байсейітованың орнын жоқтатпау оңайға соға ма? Бұл міндетті атқаруға бар күш-жігерімді жұмсадым. Шүкіршілік, еңбегім бағаланып, төккен тер текке кетпеді. Қысқасы, менің сахнадағы бағымды ашқан адам – Күләш Байсейітова. – Шәкен Аймановтың бағы мен бабын келістірген «адал жары» атаныпсыз. – Шәкен (Айманов) ағамыз жастарды басқарып жүретін көшбасшы еді. Астық бастыру, төл алу секілді науқандарда арбаға мініп, шалғай ауылдарға сапар шегетінбіз. Ол кезде қазіргідей Мәдениет үйі кайда? Егін алқабының басында, тіпті, мал қамайтын қораларда ойын көрсетеміз. Ойынды кейде түнге қарай қоямыз. Өйткені, елдің жиналуы керек қой. Жел тұрса, майшам жалп етіп өшеді. Содан сиырдың тезегін жағармайға малып, соның жарығымен ойынымызды қайта жалғастырамыз. Мұның аяғы 1-2 сағат әуелете ән шырқауға ұласады... Шәкен Аймановтың өзімен де сахнада серігі болған кезім көп. Бір ғана мысал, «Қобыланды» қойылымында Шәкен халықтың қамын жеген хас батыр Қобыланды болса, мен батырдың бабы мен бағын келістірген адал жары Құртқа болдым. 1940 жылы Шәкен Айманов екеуміз «Еңбектегі ерлігі» үшін медалімен марапатталдық. – Сахна саңлақтарына шетінен қысқаша тоқталып өтіңізші. – Ол жарықтықтардың әрқайсысы өз алдына бір театр еді ғой. Елубай Өмірзақов ерекше тапсырыспен жасалған домбырасын өзге түгілі, өзінің туған інісі, керемет әнші Керейге де ұстатпайтын. Серке Қожамқұловтың актерлік шеберлігі туралы ауызбен айтып жеткізу қиын. Ауыл-ауылды аралап, спектакльді бірге қойдық. Ол көркемсөз оқығанда көпшілік сілтідей тынып тыңдайтын. Қалибек Қуанышбаев ұзатылатын қыздың сыңсып жылағанын, оны қимай қоштасқан кемпірдің даусын, иттің үргенін, сиырдың мөңірегенін, жылқының кісінегенін айнытпай салатын. Ол кезде қазіргідей техника жоқ. Қалекеңнің көзін көргендер мен ізін қуған жастардың осынау өзгеше өнерді меңгеруге шарасыздық танытуы мені әлі күнге дейін таңдандырады. Автокөлікке елуінші жылдары қол жеткіздік. Есімде, көліктің қорабына «Жалынды сәлем» деп жазып қойып, Ташкентке жол тарттық. Шаршадық, шалдықтық демейміз. Өнерімізге бас иген халықтың кұрметіне қуанамыз. Ат мініп, шапан киіп жатқан ешкім жоқ. Есесіне, қай елге барсақ та, Елағаң, Елубай Өмірзақов сияқты өнер тарланын халық төбесіне көтеріп, төрін ұсынады. Ұн, құрт, май, ірімшік береді. Ел сыйлаған Елағаң жұрт не берсе де, асын аузынан жырып, бәрімізге теңдей бөлетін. Нарынқолдағы бір шаруашылықтан бас-басымызға бір қой алып, қарық болғанымыз бар. Сонда деймін-ау, Елағаң, жанындағы Қалағаң, Серағаң секілді дарабоздар біздерге үлестірмей-ақ, өздері қоралы қой айдап қайтса, кім не дер еді?.. Мұхтар Әуезовтің аударуымен Гогольдің «Ревизоры» қойылғанда, Қалибек Қуанышбаев дуанбасыны сомдады. «Еңбек сіңірген әртіс» атағын алғашқылардың бірі болып алған Мәлике Шамова дуанбасының әйелі болды. Маған дуанбасының қызы Марияның рөлі бұйырды. Бейнетаспаға басып алынған осы қойылымды бірде теледидардан көрсетіп қалды. Сондағы көңілімнің толқып, жүрегімнің лүп-лүп соққаны-ай! Жанарым еріксіз жасқа шыланды... Қалибек Қуанышбаевтың зайыбы Қажи апай, қандай керемет адам еді. Үй шаруасында жүрген әйел болса да әртістің жайын түсінетін, жағдайын жасайтын. Алматыға барсам, Қалибектің немесе Қапан Бадыровтың үйіне түсетінмін. Бірде ұжым болып Қалекеңнің үйіне барғанымда қой сойып, қонақ етті. Қажи апай мені жібермеді. «Сен осында жатып демал, ертең сахнаға шығасың, қонақ үйге барсаң, амандасамыз деп анау келеді, мынау келеді, ұйқы бермейді», деп мені үйіне қондырған. Әртістің жанын түсінетін мұндай жан сирек қой. Бірде Алматыда спектакль қойып жатсақ, залдан біреу «Айша» деп айқайлады. Қарасам, Қажи апайымыз. Бұл кезде қартайған, баласы сүйеп жүреді екен. Қапан Бадыровтың әйелі орыс еді. Уақтысында ол бізге орыс тілінен сабақ берген. Қайсыбір жылы, Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының 70 жылдығына барғанда Қапан Бадыров екеуміз емен-жарқын сөйлестік. Шекспирдің «Отелласын» қойғанда Қапан Отелланы ойнаса, мен Дездемона бейнесін сомдағаным бар... Осындай қамқор аға-жеңгелеріңді қалай ұмытасың?! Е, е, көнекөздердің пәни дүниедегі талқаны таусылғалы қашан. Көзі тірілерден кімдер қалды дейсің? Саусақпен санауға да келмейді... Сол абзал ағалармен сахнада бірге жүрген кездегі суреттер Алматының мұражайында тұр. Қалибек ағаның кенже баласы сол мұражайды басқаратын. Бірде барғанымда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан көре алмай кеткен едім. Одан кейін сәті түспеді.«Мені жүзге көрерменімнің ниеті жеткізді»
– Сіз өзіңізге құтты шаңырақ болған Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы драма театрда ұзақ жыл жұмыс істедіңіз. Қазақтың алғашқы кәсіби театрының негізін қалаушылардың бірі, биыл 125 жылдығын атап өткелі жатқан Жұмат Шанин қаншалықты есіңізде қалды? – Ол кезде әлі Алматыдағы театрдан Шымкентке ауыса қоймаған кезім. Жаңылмасам керек, 1936 жылы Жұмат Шанин бізді Мәскеуге алып барды. «Қыз Жібекті», «Жалбыр» пьесаларын дайындадық. Мен ол кезде жаспын, «массовкаға» ғана қатыстым. Екі спектальді жоғары деңгейде қойдық. Сталиннің біздің қойылымға ризашылығы соншалық, Кремльге шақырып, қонақ болдық. Сол жолы Күләш Байсейітова «КСРО-ның халық әртісі» атағын алды. Құрманбек Жандарбеков бастаған бір топ әртістерге орден берілді. Екі айлық сыйақы алып, мәре-сәре болғанымыз да есімде қалыпты. Жұмат Шаниннің әйелі де актриса еді (қазір атын ұмытып отырмын). Кемпірлердің рөлін керемет ойнайтын. Ал ұлы скрипкашы болатын. Көпшілік Қасымхан Шанинді Жұмат Шаниннің баласы деп ойлайтын. Қасымхан – Жұмат Шаниннің інісі Әкіштің баласы. Әкіш Шанин де әртіс. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Қасымхан Шаниннің өзі де жақсы актер болды. Сахнада Шоқанның рөлін ойнады. Оның режиссерлігі өз алдына бір төбе. 1947 жылы Шымкентке қоныс аударып, Қазақтың Ж.Шанин атындағы облыстық драма театрының ұжымында тапжылмастан 65 жыл тер төктім. Төккен тердің өтеуі шығар, өнер адамдарының арасында «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын алғашқылардың бірі болып иелендім. Одан бері 20 жылдай уақыт сырғып өтті. Еңбегімді ескеріп, құрметті атаққа ұсынса, төсбелгісін тақса, алғыстан басқа не айтамын? «Парасат», «Құрмет» ордендерін бергені тағы бар. Құдайға шүкіршілік, атақ-абыройдан кенде емеспін. Ешкімге өкпе-ренішім, ешнәрсеге мұқтаждығым жоқ. – 95 жылдық мерейтойыңызды сол Шанин театрында атап өткеннен кейін сахнамен біржолата қош айтысып, Бішкекте тұратын жалғыз қызыңыз Айгүлдің жанына қоныс аудардыңыз. Соңғы ойнаған рөліңіз есіңізде ме? – Иә, 95 жасыма дейін сахнадан қол үзгем жоқ. Тоқсанның бел ортасында сахнада жүру дегеніңіз оңай емес. Бір есімде қалғаны, қойылым біткен соң көрермендер «апа, қаншаға келдіңіз?», деп сұрады. «Тоқсанның бесеуіне келдім», деймін. «Жүзге келдім» деп айтыңыз, апа», деуші еді. Міне, қалың көрерменімнің сол ниеті орындалып, жүзден асып отырмын. Қазір Шанин театрындағы алды сексенге толып үлгерген Мәжит Ілиасқаров, Сапар Өтемісов, Мұқан Шәкіров, Еркін Шымырқұлов сияқты сахна майталмандары, сондай-ақ олардың ізін басқан талантты қыз-жігіттер бар. Соларға өкімет неге атақ бермейді деп ойлаймын. Сапар Лениннің рөлін баяғыда ойнаған әртіс емес пе еді? – Неге Ленинді айрықша атап айттыңыз? – Ой, балам-ай, баяғы Кеңес Одағы тұсында Лениннің рөлін ойнау талантыңды танытудың нағыз шарықтау шегі секілді саналатын. Сол кезде жігіттер жағы Лениннің рөлін ойнауға қатты қызығатын. Ол-ол ма, Алматы театрындағы талантты актерлердің бірі Лениннің рөлінде ойнамағанына араз болып, сонау Латвияға көшіп кеткен. – Сахнада өнерге қызмет еткен 80 жыл шамасында 200-ден астам рөлді сомдапсыз. Дегенмен, сізге де ойнаудың сәті түспеген, арман күйі қалған рөліңіз бар ма? – Сахнада жасты да, кәріні де, қазақты да, өзбекті де, татарды да, өзге ұлттардың өкілін де ойнадым. Тәубе дейін, сахнада жүргенде 200-ден астам рөлді сомдау екінің біріне бұйыра бермейтін тағдыр. Тағдырыма ризамын. Дей тұрғанмен, жасырмайын. Кеңестік жүйенің саясаты сананы жаулағаны соншалық, сонау бір жылдары Надежда Крупскаяның рөлін сомдауды армандағаным бар еді. Сол рөлді сомдаудың сәті түспегені рас. Тәуелсіз еліміздің идеологиясын мықтап қалыптастыра алсақ, қазір де сахнада жүргендерге атақты батыр бабаларымызды, тарихтағы айтулы аналарымызды сомдауды асқақ армандарына айналдырса кәнекей, шіркін?! – Шымкентке жиі барып тұрасыз ба? – Мен әлі күнге Шымкентте тіркеуде тұрамын. Жылына кем дегенде екі-үш рет барамын. Тойда боламыз. Шанин театрындағы әртістердің бірі баламдай, бірі қыымдай болып кеткен. Олар ғана емес, ұл-қыздары, немерелері де телефон шалып тұрады. Шымкентке барғанда жолығысамыз. Қырғызстанға жолы түскендері болса, келіп жағдайымды сұрап кететіндері де бар. Жақында бір әртістің немересі үйленгелі жатыр екен, «Айша апай, менің тойымда болуға уәде еткенсіз, сізсіз той өтпейді», деп хабарласады. Уәде – Құдай сөзі, барамыз енді. Жиындарға шақырады. Былтыр 100 жылдығым Шымкентте кең көлемде тойланды. Облыстың сол кездегі басшысы Бейбіт Атамқұлов 8 наурыз мерекесі қарсаңында арнайы қабылдады. Мамыр айында облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтің, Мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекованың ұтымды ұйымдастыруымен 65 жыл тер төккен Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық драма театрының ұжымы «Ғасырға ұласқан ғұмыр» атты өнер кешін өткізді. Жиынға осы Қырғызстаннан арнайы қонақтар да барды. Жан-жақтан құттықтаулар ағылды. Кешкісін «Алтын сарай» мейрамханасында мерейтойлық дастарқан жайылды. Жұмат Шанин театрының ұжымы қаланың жаңа орталығындағы зәулім ғимаратқа көшіпті. Бұрынғы ғимаратта орыс театрымен бірге қысылып-қымтырылып отыратын едік. Облыстың қазіргі жаңа әкімі Жансейіт Түймебаевтың өнерге, өнер адамдарына ерекше жанашырлық танытып, үлкен қолдау танытып жүргенін жұрттан естіген сайын сырттай қатты сүйсініп отырамын. Ара-тұра Алматыға да барамын. 1 наурызда Алматыдағы Әуезов театрына шақырды. Асанәлі Әшімов актерлердің басын қосып, жаңадан ұйым құрған көрінеді. Соның алғашқы отырысын Айша апайымыз ашады депті.«Сахна тазалықты сүйеді»
– 1958 жылы сізге «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді. Бұл атақты аларда қандай еңбектеріңіз ескерілді? – «Халық әртісі» атағын алуыма қазақтан шыққан алғашқы әйел-режиссерлердің бірі Ғайнижамал Хайруллина қомақты үлес қосты. Оның 1958 жылы әзірлеген төрт қойылымының төртеуі де үздік шыққанын Мәскеудегі сахна майталмандарының өздері мойындап, жоғары баға берді. «Шоқан Уәлиханов» атты қойылымда орыс қызы Екатерина Гутковскаяның рөлін ойнадым. Островскийдің «Жазықсыз айыптыларында» есі ауысқан кемпір – Гальчиха болдым. «Бальзактың «Өгей шешесінде» өгей шеше – Гертруданы сомдадым. Жазушы-драматург Әлжаппар Әбішевтің «Кім менің әкем?» атты қойылымында Ольга деген орыс қызының рөлін ойнадым. Сол қойылымда әкесін іздеген ұл рөлін сәтті сомдаған талантты актер Отызбай Жұмабеков өмірден ерте өтті. – Ең жақсы көретін рөліңіз қайсы? Рөл таңдауда сахнадағы әріптесіңізбен немесе режиссермен келіспей қалатын тұстарыңыз болды ма? – Барлық рөлімді жақсы көремін. Жақсы көрмесең қалай ойнайсың?! Сахнадағы бейнелерімді ауыл-ауылды аралағанда қарапайым адамдардан алдым. Бір кемпірдің бойындағы ерекшелеу мінезді, қылықты көрсең, «ә, мынаны сахнаға алып шығуға болады екен» деймін. «Халық әртісімін» деп бұлданбай үлкен-кіші рөлдердің ешқайсысынан бас тартқаным жоқ. «Массовкаға» қосыла кетуден де арланған емеспін. Әркімге қарым-қабілетіне қарай рөл беріледі. Сондықтан, рөлге байланысты туындайтын ұрыс-керісті онша түсінкіремейтінмін, дауға араласпайтынмын...Кемпірдікі қанша шебер шықса да, бәрібір қыздың рөлін ойнауы қисынсыз. Жасына сәйкес рөл ауыстырып отыру қажет. Өз басым жас ерекшелігіме қарай кыздың да, келіншектің де, кемпірдің де рөлінде бағымды сынап көрдім. Айталық, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Баян рөлін жас шағымда сомдасам, арада жылдар жылжып өткен соң оның анасы болып ойнадым. Баяғыда... «Абайды» қойған Дьяков дейтін режиссермен дауласып калғаным бар. Абайдың шәкірті, туған перзентіндей болып кеткен Айдардың жанын ауру қинап, өлім аузында жатқанда маған, яғни Айдарға деген аналық махаббаты шексіз Әйгерімге ішке кірмей, есіктің сыртында күтіп тұруың керек дейді. Мен Айдардың аузына су тамызып, жанында болғаным жөн деймін. Ары-бері айтып көрдім. Көнбейді. Не істеу керек? Іштегі адам қиналып жатса, қай қазақ есіктің сыртынан қарап тұрушы еді?! Қойылым жүріп жатқанда, тәуекелге бел байлап, ішке кіріп кеттім. Бұл тосын әрекетім әртістік шеберлікпен ұштасып, ұтымды шыққандықтан, артынан Дьяков та ұрысқан жоқ. Ақылға келді. Өмірдегі ұсақ-түйек тірлікке бола айтысып-тартысқанша, өнердегі әділетсіздікпен күресу әлдеқайда тиімді. – Сахнаға көтерілер кезде сақтайтын ережеңіз қандай еді? – Алдымен Аллаға, ата-баба аруағына сыйынатынмын. Сахна тазалықты сүйеді. Театрды екінші мешіт деп есептеймін. Сахнаға жуынып-шайынып, тазаланып шығатынмын. – Жалпы, өнер жолына түсуіңізге не себеп болды немесе кімнің әсері тиді? – Үлкен ағам Нұрмұханбетті Нұрдан аға деп атайтынбыз. Өнерге бір табан жақын болғанмен бұл салаға бет бұрмады. Димаш Ахметұлының досы еді. Бәрі бірге жүрген. Қарағандыдағы ет комбинатында басшылық қызметтер атқарған. Елуге жетпей өмірден ерте кетті. Одан кейінгі ағам Пірмұхамед өзімнен екі жас үлкен болатын. Халық әртісі Камал Қармысовтың қасында жүретін. Менің әртіс болуыма осы ағам себепкер болды. Екеуміз театр жанындағы екі жылдық студияға емтихан тапсыруға келгеніміз есімде. Ағам «сен әлі жассың ғой, қабылдамай қоймаса болғаны» деген еді. Алайда емтиханды сәтті тапсырып, оқуға қабылдандық. Студияны үздік үлгеріммен бітірген ағам Әмина Өмірзақова, Хадиша Бөкеева, ағайынды Абдуллиндер, тағы басқа да талантты адамдармен бірге Ленинградта оқып қайтты. Амал қанша, актерлік қыры ашыла бастағанда айықпас ауруға шалдығып, 35 жасында өмірден өтті.Қарттар үйіндегілердің тағдыры алаңдатады
– Бейімбет Майлинмен жақсы қарым-қатынаста болыпсыз... – Бейімбетпен ғана емес Сәкенмен, Ілияспен де жақсы қарым-қатынаста болдым. Есімде, Сәкен аға бірде бәрімізді машинаға отырғызып, шипажайға алып кетті. Бейімбет Майлин осында үй тіккізіп демалып жатыр екен. «Барып сәлем берейік» дедік. Барғаннан кейін Бейімбет аға «тамақ пісіп қалды, дәм ауыз тимей кетпейсіңдер» деді. Бейімбет өте сыпайы жан еді. Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің жазған дүниесін сахналасақ, олар қойылым елге көрсетіліп біткенше театрдан аттап шықпайтын. Әрбір әртіспен егжейтегжейлі әңгімелесіп, жазылған дүниедегі әр сөздің мән-мағынасын, тарихын түсіндіретін. Биағаның, Бейімбеттің үйіне де талай рет барғанбыз. Театрда айтып тауыса алмаған ойларды осында талқылайтынбыз. Кішкентайлары тізесіне таласып, желкесіне мініп отырса да, Бейімбет жазуын жалғастыра беретін. Ол кезде жазушы дегенді жұрт қатты сыйлайтын. Үшеуі де жазықсыз атылып кетті ғой. Мұхтар (Әуезов) ағам ғана қалды. Ол Мәскеу жаққа қарай қашып, аман қалған екен. Мұхтар аға қойылымның дайындығына өзі келіп қатысатын. Залда отырып, ақыл кеңестерін айтатын. Бірде украин қызының рөлін сомдайтын болдым. Шашымды украин қыздары сияқты байлап алғанмын. Сонда Мұхаңның «қазақтың қызы бұлай байламайды, шашын өріп қояды» дегені есімде қалыпты. Әрбір нәрсені түсіндіріп, «мынау былай болады» деп, ескерту жасап отырушы еді. Қайран, ағаларым-ай. – Бүгінгі драматургтерден көңіліңізге жақын кімдерді атай аласыз? – Мен сахнаға шықпағалы алты жылдан асты. Өзім қойылымға қатысатын жылдары драматургтерден Дулат Исабеков ұнайтын. Әртістерді әңгімеге тартып, туындысының қыр-сырына қанықтырады. Менің қарным ашатыны кейбіреулер шимай-шатпағын театр басшылығына тастап кетеді. Содан қарасы үзіледі. Дүмбілез дүниесін күзейсің бе, түзейсің бе, онда жұмысы жоқ. Үйде жатып алып, хабар күтеді. Әйтеуір, қойылым қойылса болғаны. Бұл – үлкен қателік. Әрбір драматург Бейімбет, Ілияс, Сәкен сияқты жазған дүниесіне жанашырлықпен қарауы қажет. – Апа, сіз киноға да түстіңіз... «Қан мен терден» басқа киноға түсуге шақырған жоқ па? – «Қан мен тер» кинофильміне Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі шақырды. Ақбаланың анасы болып ойнадым. Бұрын-сонды таныстығымыз болмаса да, Мәмбетов менің өнерім туралы қанық екен… Бұдан бірер жыл бұрын Манап деген жас режиссер Ақтауға алдырды. Бұл режиссердің фильмінде болыстың әйелінің рөлін орындадым. Киноның идеясы, түсірілуі тәп-тәуір еді. Алайда, киноның көрермен назарына ұсынылған-ұсынылмағанын сол күйі білмеймін. Осылардан өзге киноларға шақырту болмады. Бұлардан бөлек екі клипке түстім. Біреуінде жалғыз ұлы сыйдырмаған сорлы ананың рөлін, екінші клипте келіні бет-бақтырмай, үйден қуып шыққан байғұс кемпірдін рөлін бейнеледім. Мұны неге айтып отырмын? Мені туған перзентінен теперіш көрген Қарттар үйіндегі адамдардың тағдыры алаңдатады. Екі клипке түсуге келісім бергенім де содан. О заман да, бұ заман, қай дәуірде қандай қазақ өз ата-анасын қарашаңырағынан қуушы еді? Ата-анасына қамқорлық жасау басты парыз екенін әрбір перзент ұмытпауы тиіс. Мені алақанына салып аялап отырған қызым Айгүл мен күйеу балам Саидқа ризашылығым шексіз. – Сіз соғысқа да бардыңыз... – Соғысқа Күләш Байсейітова да барған. Алматыдан аттандық. Бармаймын деген жоқпын. Ол кезде қызым кішкентай. Оны әжеме қалдырдым да аттанып кеттік. Алдымен Мәскеуге барып, арнайы комиссияның сынынан өттік. Комиссия өнерімізді жоғары бағалады. Осыдан кейін Екінші Беларусь майданына бағыт алдық. Жермен-жексен болған қалаларды көрдік. Соғыстан кейінгі Киевтің жағдайына да куәгер болдым. Бәрі қираған. Үйінділердің үстінде үйдің тек мұржалары ғана қалады екен. Қан майданда жүрген жауынгерлерге жертөлелерде концерт беріп, рухын көтердік. – Көрермендеріңізге, ел-жұртқа айтар қандай тілегіңіз бар? – Ендігі тілегім еліміз аман болсын, соғыс өрті қайта тұтанбасын, мейлі бір-бірімен ауылы аралас, қойы қоралас Қазақстан мен Қырғызстан дейік, мейлі басқа жақтарда дейік, қайсыбір мемлекетте болсын тыныштық, татулық, тұрақтылық салтанат құрсын. Әр отбасы бала-шағамыздың қызығын көрейік. Мен жақсы көретін, ерекше бағалайтын Елбасының саясатын қолдап Қазақстанның дамуына, өркендеуіне, ынтымағы бұзылмауына үлес қосуға келгенде әрбір азамат шаршамай, аянбай тер төксе, бірлігін білдірсе, біз алмайтын асу жоқ. Әңгімелескен Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан» ШЫМКЕНТ – БІШКЕК – ШЫМКЕНТ