Көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтің туғанына – 80 жыл
Қазақты тұтастырып тұрған ұлы ұстындардың бірегейі – әдебиет, оның ішінде поэзия. Сол поэзияның арыда – Асанқайғы, Қазтуған, Ақтамберді, Шалкиіз; беріде – Махамбет, Абай секілді тұлғалары тұтас ұлттың бойына елдік пен ерлік сезімі болып еніп, халық рухының отын маздатса, ХХ ғасырдың екінші жартысында Жұмекен, Қадыр, Мұқағали, Тұманбай, Сағи, Өмірзақ Қожамұратов секілді өзгеше талантты ақындар қазақ жырының шоқжұлдызы болып, ұлттық поэзиямыздың мерейін асқақтатты. Осылардың ішінде ақын Төлеген Айбергеновтің орны ерекше болатын.
Бір қарағанда бұрыннан бар сияқты көрінетін, ал үңіле қарағанға мүлде бөлек, өзгеше болмыстың ақыны екені танылатын Төлеген Айбергеновтің поэзиясы – әлденеше ғасырлық қазақ жырының дүниеге әр талант келген сайын құлпыра беретін сан қырлы сиқырын, сарқылмас қайнарын танытқан поэзия еді.
Жазба поэзия орныққаннан бері талай қиырды шарлап, батыс пен шығыстың түрлі ағымдарына ілесіп, соның нәрін өз топырағымызға бойлатқан қазақ жыры бір сәт – Төлегеннің асқақ та айбынды, сұлу да сазды, мөлдір де терең поэзиясы бар қуатымен жарқ еткенде – селк етіп есін жиып, өзінің түп тамырын іздей бастады: жаңалықтың бәрі шеттен келіп, таңдай қақтыра бермейтінін түйсінді. Ұлттық топыраққа тамыр жіберіп, дәстүрлі төл өнерді жаңғырта, жаңарта отырып та ұлы жетістіктерге жетуге болатынына көз жеткізді.
Шын мәнінде, Төлегеннің жетілуі тез болды. Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда: «Ол өз буыны өкілдерінің көбінен кейін келсе де, жедел ілгері шығып, көш басына оза бастап еді». Бірақ ондай бақытқа ол өнер жарысында жалаң алға ұмтылуды мақсат тұтқан өлермендікпен емес, бойына туған халқының сөз құдіретін сіңірген өрелілікпен ие болған-ды.
О, менің байтақ мекенім,
Жанымның қаршығасы сен.
Шырқағым келіп кетеді,
Жазбаған ән шығарсың сен.
...Келемін таласа гүлдеп,
Алдыңда кіршіксіз едім.
Бір сенің болашағың деп,
Мың ойға кірпік сүземін.
...Жауыңды кескілермін де,
Қас етпен ешкімді ешкіммен.
Бағың боп естілермін де,
Сорың боп естілмеспін мен.
Төлегеннің бұл жыр жолдары бұрын сан мәрте жырланған тақырыпта дағдылы шаблондарға маңайламағаны былай тұрсын, мүлде тосын ырғақ, тың екпінмен қияға шығандап кеткенін байқайсыз. Жиырманың үстіндегі көкөрім жастың дүниені соншалықты терең ұғып, нағыз азаматқа қойылар талапты жан-жүрегімен сезініп, парасат биігіне көтерілуі таң қалдырады.
Салған беттен-ақ осындай сезімтал да сазды жырларымен өнерге ынтық, өлеңге ынтық қауымның кеудесін көктемнің шипалы самалындай желпіп өткен Айбергеновтің шабыты, расында, айрықша құбылыс болатын. Оның өлеңдерінде жастық пен махаббат сезімі тұтасып, адам мен табиғат біртұтас әлемге айнала келе сыр төккенде жанды, жансыз атаулыда айырма жоқ сияқты көрінетін:
Қызғалдақ қуып құмардан
Шығатын болдық, құрбым-ау.
Аэропорттардан туы алуан
Айнымай жатқан қыр мынау.
Гүл де әсем мұнда, көр міне,
Қап-қара мақпал түн де әсем.
Толқымай жатқан көлді де
Толқисың көріп мұнда сен.
Тау да әсем жалтыр көк айдын,
Қауырсын қанат бау да әсем.
Зер шашақ шығы тоғайдың,
Шашылғалы тұр «әу» десең...
Бір көргенге табиғатты жырлап тұрғандай сезілетін өлең түйінделер тұста мүлде басқа мағынаға ауысып, табиғатты бейнелеу – оның қызығы мол өткен күнге деген ностальгиясын ишаралайды:
...Айтпақшы, соны қайтсең де
Қыз қайда ұстап кел деген!
Ол да ұшып әлде кеткен бе
Қырғауыл кеткен жолменен.
Дариға, менің алдымнан
Тағы бір өтсең кес-кестеп,
Қырғауыл арман, жанымнан
Қалар едің-ау өшпес боп.
...Жолығар болсам қайта мен
Тағы бір мәрте сол шақпен,
Бәрін де саған айтар ем,
Жалғыз-ақ тамшы моншақпен.
Күрсінісі түгел ғаламды қозғардай ақын жанының қатпарындағы осы бір сырлы саз, кез келген пенденің жүрек түкпіріндегі қимас сәттердің сырын қозғап, мұңын қоздатарлықтай әсерлі.
Бұрында адам, табиғат, көңіл күй, т.б. деп сан түрлі тақырыпқа бөлініп жырланатын ұғымдардың Төлеген поэзиясында біртұтас бүтін болмысқа айналып кетуі «замандас бейнесін суреттеу» деген қасаң қағиданы жосықсыз малданып бара жатқан қазақ жырының дамуына жаңаша серпін бергені анық.
Ол ғылыми-техникалық прогресс ғасырының жетістігін жырлай ма, жаңа заман тудырған түрлі қайшылықтың сырына үңіле ме, не болмаса ғарышкер туралы поэма жаза ма, шын мәнінде лирик ақын ретінде қалды. Өйткені, әрдайым лапылдаған сезіммен «мен» деп толғаған ақынның «қол созған биігі тым алыста» болатын.
Лапылдаған менің ыстық лебізім,
Тас тәніңді тұрған сенің жұмсартып.
Мен болмасам теңіз де емес теңізің,
Даңқың сенің кете де алмас мұнша артып.
Мен болмасам аспан да емес аспаның,
Жұлдызыңа қарайды кім қызығып.
Орманыңа менің көзім сүзіліп,
Жапырағынан сорғалайды жүз үміт.
Тек менімен бақыты бар далаңның,
Менің қолым ертеңіңді қамшылар.
Тек ұшымен мен ұстаған қаламның,
Сатыр-сұтыр ұйқасады тамшылар! – деп айта алды.
Бұл тәкаппарлық емес, тіл безеген ділмәрлікке де жатпайды. Бұл – дүниені дүние қылып тұрған, құдайдың құдіретімен оған ұғым беріп, сыр дарытып тұрған ақындық деген ғажайыптың болмысын ашу ғана.
«Адамдар» деген өлеңінде:
Барлығын да бағыштар ем сендерге,
Махаббатын берсе маған жер-көктің, – дейтін ақынның бүкіл шығармашылығына ортақ бір лейтмотив болса, ол – Сағыныш сезімі. Шынайы, кіршіксіз, пәк махаббаттан туған сезім. Оның тегі – адалдық пен мәрттік. Сүйенері – жан тазалығы мен жүрек жалыны.
Ей, адамдар!
Айналайын туғандар,
Жалғыз минут тыңдаңдар!
Мен сендерге көп болды сыр шертпедім,
Қазір түгел көкірегім өрт менің!
Шартарапқа жүргеніммен жүз аттап,
Бұрын мұндай көрмеп едім ұзақтап.
Бір сағыныш мәңгі-бақи дос еткен,
Қазір мені жұлып алды төсектен.
...Ұзақ жолдан шаршап келгем,
Жыр жазатын халде емен,
Жындандым ба әлде мен?!
Мұндай түстер бұрын маған енбеген,
Онсыз да мен сағыныштан кенде емен.
Мұндай халді шерткен бір кез өртене,
Жұмағали жырына да сенбегем.
Саясында болдым мен сан шынардың,
Мен жүз қызға ғашық болған шығармын.
Адаммын ғой шын сағыныш тән маған,
Бірақ менің тамды бүгін көз жасым,
Сол қыздардың біріне де тамбаған.
Қазір менің ессіз шөлім басталды,
Еш қайнардан қанбаған...
Алапат өрттің жалынындай жолдағының бәрін жайпап өтіп бара жатқан мұншалық кең құлашты жыр қазақ поэзиясының тынысын ашып, желмен жарыстырып, қырандай көкке самғатып жіберген-ді. Жырдың қуаттылығы оның әуезділігінде ғана емес, адамды адам қылып тұрған ұлы сезімді бұрын-соңды кездеспеген арнаға салып жібергенінде болса керек. Өйткені: «Сағынбай барсаң теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай, бұлбұлдың даусын ести алмайсың бауларға кірсең сағынбай; сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап, ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап; үмітке толы, арманға толы әр жерде бір түп қарағай, сағынбай жүрсе қалуы мүмкін жамырасуға жарамай». Ал енді Сағыныштың осыншалық тереңдігін жыр тілімен жеткізген ақын қазақты былай қойғанда, әлемде қанша екен? Тіпті, бар дей аламыз ба?..
Оның «Аруана – бауыр дүние» деген жыры да – қазақ деген халықтың ұлттық байлығының бірі. Бізде отаншылдық рухы туралы жырлар легі сонау жыраулар дәуірінен бері бір де үзілген емес. Бірақ мына өлең... сол бізді елдікке шақырар, ерлікке шақырар мінбенің жанында желбіреп тұрар ту іспеттес. Онда Отан, туған жер, ұлттық намысқа адалдық сезімі – бәрі, бәрі бар. «Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп, қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп; жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен, омырауын шерге толтырып».
Жырдың экспозициясы сізге тосын бір оқиғаны баяндай келе, әлгі бір ауыр жағдай ақын сезімімен астасып кеткенде өлеңдегі оқыс бұрылыс жүректі шым еткізеді: «Апталап, айлап таңдайын мейлі тасбауыр шөлдер құрғатсын, қазығын таппай тоқтамайды екен мәңгілік тіпті күн батсын; туған жерін төсін аңсаумен өткен аруана – бауыр дүние, сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың; бірақ мен оны жыр қылып қалай жаза алам, жетер ме адам сөзі оған; өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғың қас, туған жер, сен деп қайғыра алмасам тағдыр да мені бай қылмас; о бастан саған ынтызар туған аруана тектес ұл ем мен, қазығын таппай қайрылмас».
Осынау бір деммен айтылып, толассыз жауған нөсердей екпінді жырдың мағыналық тұтастығына көз салар болсаңыз – ақынның бір ситуациядан келесісіне қалай көшіп, қалайша ойды тереңдетіп әкетіп бара жатқанын көрер едіңіз. Оқиғамен басталған жыр соған сәйкес ақын көңіл-күйі ауанына қарай ыңғайланып, бастағы мәнге мағына үстей түссе, келесіде аруана-ғұмырдың ақынның басында қалай қайталанғанына көз жеткізесіз: «Қашаннан жақын таныс хал маған болғанмен удай бұл шарап, дидарың үшін қалдырдың артта қанша бақ; мен сенің бүгін қойныңа жеттім сабылып ұшып, туған жер, сарғайып ұшып – жүректі тоқсан пәршалап; қайғырған жоқпын баратқан қалып малға да, тіпті, басқа да; гүл шығады ғой тасқа да; тауға да керек астана, тасқа да керек астана».
Жырдағы отаншылдық, киелі атамекенге деген сезім ақынның сөз ұстасы ретіндегі шеберлігін емес, жан дүниесіндегі өз елін, өз жерін шексіз сүйген құдіретті махаббаттың көрінісі.
Жалпы, Төлегеннің ұлттық поэзиямызға әкелген түрлік ізденістері өз алдына әңгіме етерлік үлкен сала. Ол «Туған жер», «Сағыныш», «Жанардың отты жарқылындасың» «Қазақстан көктемдері», т.б. өлеңдерімен пішіндік түрлендіру жасаса, «Бір тойым бар», «Апаларым», «Жиырма бес», «Дала кешіндегі көріністер», «Әуен мен ырғақ жыры», «Бір жетсе менің ажалым жетеді», «Ағыстар мен ғасырлар» секілді жырларымен, «Космонавт монологы» поэмасымен ойды беру, өлеңнің саздылығын, үйлесімділігін жетілдіру жолында көптеген жаңалықтар енгізді.
Төлеген ақындығының әсері оның тұстастарына да, одан кейінгі буындағы ақындарға айтарлықтай күшті болды. Бұл ұлттық өлеңнің жетіліп, дамуы бағытындағы үлкен ақындық табыс саналады.
Қазақ поэзиясының ХХ ғасырдағы жаңа биікке көтерілген тұсында Төлеген Айбергенов шығармашылығына соқпай өту мүмкін емес. Өлең өнері қаншалық дамып, қаншалықты өзгеріске түссе де Төлегеннің ақындық орны әрқашан сақталады. Ол ұлттық өнердің болмысына рухы сіңіп кеткен ақын.
Ахмет ӨМІРЗАҚ,
ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты