13 Наурыз, 2017

Гродековомен қоштасу қиын болып тұр

383 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Құдайға шүкір, егемендігімізді алып, өз алдымызға ел болдық. Енді кімге жалтақтаймыз?» деп бастады әңгімесін Жамбыл ауданы, Гродеково ауылының тұрғыны Сұлтанәлі Аманжолов. Ақсақалдың көкейіне бүккен талай сыры бар екені байқалды. Талай жылдан бері сол ауылды қоныстанған, нанын жеп, суын ішкен аға буын бүгінгі жарқын заманға ризашылық пейілдерін білдіре келе, ауыл жайынан әңгіме қозғады. Басты әңгіме ауылдың атауына байланысты өрбіді. Гродеково ауылдық округіне Гро­деково және Қызылдихан ауылдары жатады. Бүгінде Гродеково ауылының өзінде 2278 қазақ отбасы болса, 2142 күрд ұлтының өкілдері тұрады. Сондай-ақ, орыс, татар, қырғыз, өзбек, неміс және өзге де ұлттар осы ауылда шоғырланған. Бір айта кетерлігі, бұл ауыл ынтымақ пен бірліктің шынайы көрсеткішіндей. Себебі, «Тілі басқа болса да тілегі бір» азаматтар талай жылдан бері Гродеково ауы­лында тұрып келеді. Алайда, Қырғыз Рес­публикасының Талас облысымен шекаралас аймақтың атауы әлі күнге дейін өзгертілмеген. Не себепті ауылдың атауы әлі күнге орыс гене­ралының атында екені белгісіз. – Кезінде соғыс ардагері Оразбай Мейірманов бастаған біраз азамат ауылдың атын өзгертуге халық арасында насихат жасаған едік. Сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де құжаттар дайындалды. Бірақ ол кісі бұл күнге жете алмады. Осыдан алты жыл бұрын ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына ауылдың атын Ынтымақ, округтің атын Алатау деп атасақ деп ойлағанбыз. Себебі, бұл жерде түрлі ұлттың өкілдері тұрып жатса да, ынтымағы жарасқан елміз. Сондай-ақ, аулымыздың екі жағында да Алатау. Енді міне, өткен жылы Тәу­елсіздігіміздің 25 жылдығын да абыроймен өткіздік. Бірақ Гродеково ауылының атауы әлі күнге өзгеріссіз қалып отыр. Еліміз егемендік алға­­лы бері талай жердің атауы өзгерді ғой. Бұл ауылға келгенде неге тоқ­тап қалғанын білмеймін, – дей­ді Гро­деково ауылының тұрғыны Қа­дір­бек Егембергенов. Гродеково ауылы Тараз қала­сының оңтүстік-шығысында 12 ша­қырым қашықтықта Талас өзені аңғарының сол жағасында орна­ласқан. Он тоғызыншы ғасырдың соңында іргесі қаланған ауыл әуелгіде Әу­лие­ата гарнизонындағы әскери қызмет­тен босаған сарбаздар қоныс­танғандықтан, село Солдатское атал­ған екен. Кейіннен ауылға патша әскерінің Оңтүстік Қазақстандағы қолбас­шысы Гродековтың аты беріл­ген. 1973 жылы жарық көрген «Қа­зақ совет энциклопедиясында» көр­се­тілгендей, Николай Иванович Гродеков генерал, Мемлекеттік ке­ңес­тің мүшесі, әскери жазушы. 1883 жылы Сырдария облысы әскерлерінің, ал 1906-1908 жылдары Түркістан әскери округінің қолбасшысы болған. Енді тұрғындар бір кезде беріліп кеткен Гродеково ауылының атауы өзгертіліп, қазақша атау берілсе дейді. Ауыл тұрғыны Бекмұрат Аяпұлы да өз ойын осы тұрғыда сабақтады. Ауылдағы мыңдаған тұрғынмен тілдесіп шығу мүмкін емес, әрине. Дегенмен, көп жағдайда атау мәсе­лесінде пікір екіге жарыла беретін көрінеді. Осы күнге дейін ауылдың атын ауыстыру бойынша ауылда екі рет жиналыс өткізіліп, жиын қорытындысы облыстық ономастика комис­сиясына жолданған екен. Облыс­тық ономастика комис­сия­сының мүшесі Зиба Құламанова Гродеково атауын өзгерту туралы мәселе көптен бері көтеріліп жүргенін айтады. Бұл бастаманы күрд ұлтының өкілдері де қолдап отыр екен. Ауыл тұрғындарының елу пайыздайын аталған ұлт өкілдері құрап отырғанын ескерсек, бұл да үлкен күш екенін байқауға болады. «Барбанг» Қа­зақ­стандағы күрдтер қоғамдық бірлес­тігі қауымдастығының Жамбыл ауданындағы ресми өкілі Сабри Асанов та бұл тұрғыда пікірдің екіге бөлініп отырғанын жеткізді. Расында да, ауылдағы кейбір ұлт өкілдері Гродеково атауының ауысқанын қаламайтын көрінеді. Ал осы жер­ге келгеніне сексен жыл болған жергілікті күрд ұлтының өкілдері атынан Сабри Асанов ауылдың атын ауыстыруды қолдайтынын айтып отыр. Гродеково ауылы бүгінде өркен­деген ауылдың біріне айналды. Ауылда ауданда жоқ мәдениет үйі бар. Одан бөлек, білім беру, ден­саулық сақтау мекемелер де лайық­ты деңгейде халыққа қызмет көрсетуде. Жамбыл ауданы – бүгінгі таңда облыстағы өркендеген, өрлеген аймақ­тың бірі. «Құтты меке­німіз – Жамбыл ауданы өткен жылы әлеуметтік және эконо­ми­калық көрсеткіштерде алға қойылған межелерді орындап қана қоймай, көптеген салада күтілген нәтижелерден артық көрсеткіштерге қол жеткізді. Ауданымыз дәстүрлі түрде облыс көлемінде алдыңғы қатарда» деген аудан әкімі Мәден Мұсаевтан ауылдардың орысша атауының ауыспай тұрғаны жөнінде сұрағанымызда, нақты жұмыстар жасалып, ұсыныстар беріліп жат­қанын айтты. Ауыл шаруашылығы қарышты дамып, өндірісі өркендеген, білімімен бәсекеге қабілеттілік орната алатын ауданда ауыспаған атау жалғыз Гродеково емес. Колхоздастыру кезеңінде қойылып кеткен Пионер ауылы әлі күнге дейін сол атаумен аталып жүр. Пионер ауылдық округінің тұрғындары мен жергілікті қоғамдастық мүшелері жиналысында да бұл мәселе көтерілген екен. Тұр­ғындар округ атауын Қарасу деп атауды ұсынған. Ақсақалдар алқасының мүшесі Асқанбек Байтоқов ауыл атауын Ащыбұлақ деп атауды ұсынып отыр екен. «Осы мәселе бойынша ауылдың әкімдігіне талай рет келдім. Әуелі ұсыныс облыстық ономастика комиссиясына жолданған кезде ауылымыз Ащыбұлақ аталатын болды деп қуанып едік, бірақ сол Пионер күйінде қалды. Ащыбұлақ деген – жер-судың аты. Кезінде ауыл іргесінде бұлақ болған. Тұрғындар әуелгіде сол жерден су ішіп, қажетіне жаратып тұрған. Кейіннен бұлақтың ащы дәмі біліне бастаған соң, осылай Ащыбұлақ аталып кетті. Сол Ащыбұлақтың үлкен өзен болып аққаны есімде», дейді қария. Ал «Пионер» өндірістік коопе­ративінің төрағасы Алпысбай Жұма­ханов Пионер сөзінен ешбір сөкеттік көріп тұрмағанын, қайта бұл сөз «Жа­ңару» деген мағына беретінін айтады. Облыстық тілдерді дамыту бас­қармасының мәліметінше, облыста 152 ауылдық округ, 1 облыстық, 3 аудандық маңызы бар қала, 384 елді мекен және 5394 көше бар. Тәуел­сіздік алған жылдардан бері 1924 көше, 172 нысан, 146 елді мекен атауы қайта аталған. – Өңірдегі ономастика саласын жүйелендіру мақсатында әрі қазір­­­гі идеологиялық көзқарас бо­йынша көнерген және оларға жаңа атау беру пікір қайшылығын тудыр­майтын елді мекендер мен олар­дың құрамдас бөліктеріне және физика-географиялық атауларды топо­ни­ми­калық тарихи атауларға өзгерту шараларын қабылдау бойынша қар­­қынды жұмыстар жүргізілуде, – дейді басқарма басшысы Ғалия Боранбаева. Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы