Күрес • 23 Наурыз, 2017

Төл спорттың орны – төр

305 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының кезекті конгресі өтті. Жиында қазақ күресінің қазіргі даму деңгейі, федерацияның соңғы кездері атқарған жұмысы мен алдағы жоба-жоспарлары талқыланды.

Төл спорттың орны – төр

Конгресс жұмысына Америка, Африка, Еуропа және Азия құрлық­тарынан 46 елдің делегаттары, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің қызметкерлері, ұлттық күрестің арда­герлері мен белгілі мамандар қатысты.

Конгресте әуелі федерацияның прези­денті Серік Төкеев баяндама жасады. Ол ұлттық күресіміз әлемдік аренаға шығып, жер жүзіне таныла бастаған кезден бері атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Серік Адамұлы өз сөзінде төл күресіміздің соңғы кездері шартарапқа кеңінен таныл­ғанын, одан 30 елде федерациялардың ашы­лып, осы уақытқа дейін 7 әлем, 11 Азия, 3 Еуропа мен Африка чемпионаты, 3 Әлем кубо­гы мен көптеген халықаралық жарыс­тар­дың өткізілгенін, ал биыл тұңғыш рет қазақ күресінен жабық ғимараттағы Азия ойын­дарында белдесу­лердің болатынын атап өтті.

– Қазақ күресін әлемдік аренаға шығару оңайға соққан жоқ. Біз бар күшімізді жұмыл­дырып, қаржылық және басқа да қиын­дықтарға мойымай, шетелдік маман­дарды көптеп тартуға күш сал­дық. Тек халықаралық жарыстар ұйымдастырумен шектелмей, әлем мойындаған белді ұйым­дардың назарын аударуға тырыстық. Соның нәтижесінде, қазақ күресі 2010 жылы ФИЛА-ның толық мүшесі болып қабылданды. Қазір ұлттық күресіміз бойынша барлық белдесулер UWW (Біріккен Күрес Әлемі) аясында өтеді. Осының бәрі төл күресімізді жер жүзінің төріне шығару үшін жасаған және жасап жатқан жұмыстарымыздың жемісі.

Біздің соңғы кездегі тағы бір жетіс­тігіміз – күресіміздің жабық ғима­раттағы Азия ойындарының бағдарламасына қосылуы. Бұл біле – білсек, үлкен жеңісі­міз. Енді біз келесі жылы өтетін жазғы Азиаданың кіле­міне балуан­дарымыздың шығуы үшін  жұмыс істеп жатырмыз. Амандық болса бұл күнге де жетеміз, – деді ол.

Одан әрі ол 2010-2016 жылдарда қазақ күресін ЮНЕСКО танып, мойындауы үшін қыруар шаруаның атқарыл­ғанын, был­тыр күресіміздің атал­ған халықаралық ұйым­ның 11-сессиясында «Мате­риалдық емес мәдени мұра» тізіміне енгенін, бұл оқиғаның тарихы­мызда тасқа қашалып мәңгі сақ­талып қалатынын атап өтті.

– Қазақ күресі ЮНЕСКО қанатының асты­на кіруі үшін ең әуелі Ха­лы­қ­­ара­лық жауын­гер­лі­к өнер одағы (WoMAU) мойындауы қажет екен. Оның академия­сы Оңтүстік Ко­рея­да орналас­қан. Сондықтан, біз 2010 жылдан бастап алты жыл қатарынан Чхун­­д­жуға, WoMAU сес­сиясына ма­ман­дарымыз­ды жіберіп отырдық. Олар кү­ре­­­сі­­мізді насихаттап, Халықаралық жауын­­­герлік өнер ода­ғы­­ның танып, білуі­не зор ық­пал етті. Тарихи ма­­ңы­зы зор бұл шара­­ға Материалдық емес мәдени мұраны қор­ғау жөніндегі Қазақ ұлттық комитетінің төрайымы Ханзада Есенова, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Қазақстан Респуб­лика­сы Ұлттық комиссиясының бас хат­шы­сы Әсел Өтегенова көп үлес қосты. Сөйтіп, былтыр Эфиопияда бол­ған ЮНЕСКО-ның 11-сессиясына Мә­де­ниет және спорт министрлігінің Спорт комитетінен Әсия Аманбаева мен Нұрлыбек Ермағамбетов арнайы қаты­сып, 17 мемлекеттің дауыс беруі нәти­жесі­н­де қазақ күресі материалдық емес мәде­ни мұра тізіміне кірді. Бұл тарихи оқиға елімізге үлкен абырой әкелді, – деді С.Төкеев.

Конгресте Серік Адамұлы федера­ция­­ның соңғы 13 жылдағы жұмысын жан-жақты баян­дап болғаннан кейін, өзінің орнын басқа адамға тапсыратынын жеткізді.

Сөйтіп, федерацияның жаңа басшысы болып елімізге белгілі азамат, спорт жана­шыры Ислам Әбішев сайланды. Ол бұған дейін ұйымның бірінші вице-президенті қыз­метін атқарған. Ал Серік Төкеевті деле­гаттар федерация бас­шы­сының бірінші орын­басары етіп сайлады. Сондай-ақ, Нұрлыбек Ермағамбетов ұйым­ның бас хатшысы қыз­метін атқа­ратын болып шешілді.

Жиында федерацияның жаңа пре­зиденті өзіне артылған сенім үшін алғысын білдіріп, қазақ күресін дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты. Одан кейін ұйымның құрметті президенті Қажымқан Мәсімов сөз алып, төл өнерімізге әрқашан тілекші болып, қазақ күресін дамытуға қолда бар көмектің бәрін жасайтынын мәлімдеді.

Конгрестің соңында ұлттық күресі­міздің дамуына қосқан зор үлесі үшін ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық комис­сиясының бас хатшысы Әсел Еркенқызы Өтегенова, Африка құрлығы қазақ күресі федерациясы­ның президенті Хусейн Наркер, Азия феде­рациясының вице-президенті Тамболи Омармұхтар, Еуропа федерациясының вице-президенті Сироп Адреасян, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Естек Ерлан, Қазақ­стан Республикасының ең­бек сіңірген спорт шебері Ғайни Сейділдаев пен 2013 жылғы әлемнің абсолюттік салмақтағы чемпионы Мақсат Мәзібаев марапатталды.


Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан»

АСТАНА



Соңғы жаңалықтар