Головкиннің келесі қарсыласы ретінде HBO үш боксшыны ұсынды. Олар: мексикалық Сауль «Канело» Альварес, америкалық Дэниел Джейкобс (реванш) және ағылшын боксшысы Билли Джо Сондерс. Сондай-ақ, төртінші нұсқа ретінде оқырмандар өз таңдауларын жасап, пікір қалдырды.
Сауалнамаға барлығы 9 мыңнан астам жанкүйер қатысты. Қорытындысында 61%-ы Альвареске дауыс берсе, 24%-ы Джейкобспен реванш жекпе-жек өткізгенін қалайды екен. Ал 11%-ы орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Билли Джо Сондерске таңдау жасады. Қалған 4%-ы өз нұсқаларын жазды.
Айта кетейік, Геннадий-Альварес айқасы жөнінде келіссөздер өткен жылдан бері жүргізіліп келеді. Мәліметтер бойынша бокс кеші осы жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. Ал Г.Головкин Дэниел Джейкобспен 18 наурыз күні Нью-Йоркте күш сынасып, 12 раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жеткен болатын. Жекпе-жектен кейін GGG Дэниелмен реванш өткізуге дайын екендігін мәлімдеді.
Ал Билли Джо Сондерспен маусым айында EXPO-2017 көрмесі аясында жұдырықтасатыны хабарланған. Қазіргі уақытта осы іс жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.