Өскемен қаласында өткен финалдық ойында «Астана» командасын 3:0 есебімен ұтқан «Алтай» волейбол командасы ұпай саны бойынша «Ертіс-Казхром» командасынан асып түсіп, жеңіс тұғырының ең биігінен көрінді.
Реті келгенде айта кетейік, «Алтай» волейбол клубының ерлер және әйелдер құрамасы өткен жылы да ел біріншілігінде топ жарған еді.
– ҚР волейбол федерациясы атынан чемпионаттың жүлдегерлері мен жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын. Шараны жоғары деңгейде өткізіп, қолдау білдіргені үшін облыс әкімі Даниал Ахметовке алғыс білдіремін. Алдағы волейболдан өтетін Азия чемпионатында «Алтай» командасының ойыншылары ел намысын абыроймен қорғайды деген сенімдемін, – деді ҚР волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Сырлыбаев.
Биылғы жылдың 25 – 31 мамыр аралығында Өскеменде әйелдер арасында волейболдан клубтық Азия чемпионаты өтеді деп жоспарланған. Дүбірлі додада Қазақстан атынан «Алтай» волейбол клубы өнер көрсетеді.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН