
«Түзеу мекемелерінде бизнес-инкубатор өндірістік кешені жұмыс істейді. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттар дайындалады, алайда бұл жайында көпшілік хабарсыз. Жасалған бұйымдарды халыққа көрсету мақсатында көрме ұйымдастырдық», - дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев. Сотталғандар қолынан шыққан сан түрлі бұйымдар қойылған көрмеге 17 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер қатысты.
Облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің сотталғандар еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Жангүл Отаралиеваның айтуынша, түзеу мекемелеріндегі азаматтарды жұмысқа алуға ынталы кәсіпкерлер қатары жыл санап артып келеді. Қазір мұнда 80 жұмыс күшімен қамтылған жеті кәсіпкер қызмет атқарады. Олар «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаржылай қолдау шараларын алған. Сондай-ақ, өндіріс аймағы мен қызметкерлер арзан бағамен жалға беріледі. Мысалы, «Еңбек Атырау» кәсіпорны қырыққа жуық сотталушыны қызметпен қамтып отыр. Аймақтағы мұнай саласы мамандарының бәрі осы жерде тігілген киімдерді алады.
Биыл әйелдер колониясында етік тігетін цех іске қосылады деген жоспар бар. Жалпы, сотты болғандарды жұмыспен қамтудың тиімді тұсы – бос уақыттарын пайдалы іске арнайды әрі сол жерде кәсіпкерлік біліктіліктерін арттырады. Ең бастысы, еңбекақы төленеді. Бір айта кетерлігі, өздерінің табыстарын отбасыларына жіберетіндер де бар.
Бақытгүл Бабаш, "Егемен Қазақстан"
АТЫРАУ
Суретті түсірген Нұрбейбіт Нұғманов