26 наурызда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы болды. Оның күн тәртібі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылуының 25 жылдығына, ҰҚШҰ құрылуының 15 жылдығына және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы құрылуының 10 жылдығына арналды.
Қ.Тоқаев өз сөзінде ҰҚШҰ-ны Еуразиядағы әскери-саяси тұрақтылықтың маңызды факторы болып отырған беделді халықаралық құрылым ретінде сипаттады. «ҰҚШҰ әлеуетін және біздің Ұйым аясындағы әріптестікті нығайту Қазақстан Республикасының мүдделеріне толықтай сай келеді, сондықтан, оның қызметін үдетуге бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар енгізген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы назарында болып отыр», – деп атап өтті Төраға.
Қ.Тоқаев жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің негізгі буындарының бірі ретінде ҰҚШҰ өз рөлін нығайтуы тиіс деп санайды. «Белсенді ынтымақтасу мен өзара іс-қимылсыз халықаралық терроризмге қарсы бірлесе қарсы тұру, Ауғанстанды тұрақтандыруға жәрдемдесу, ұзаққа созылған текетірестерді реттеу және жалпы алғанда, қауіпсіздік, қарусыздану және сенім шаралары мәселелері бойынша ауқымды диалог мүмкін емес», – деді Қазақстан делегациясының басшысы.
Қ.Тоқаев ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуге, біздің мемлекетіміздің заңнамасын жақындастыру мен үйлестіруге бағытталған ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының қызметіне жоғары баға берді. Ол Қазақстан Парламенті ҰҚШҰ аясында қол қойылған барлық келісімдерді уақытында ратифициялағанын атап өтті. Сенат Төрағасы Қазақстан делегациясы парламенттік дипломатияны нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.
ҰҚШҰ ПА Кеңесінің отырысында Ұйым қызметінің қорытындылары мен келешегі, оның ішінде ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер делегацияларының халықаралық парламенттік құрылымдардағы қызметін одан әрі үйлестіру мәселелері қаралды.
27-28 наурызда Қазақстан делегациясы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы мен Халықаралық терроризммен күрес жөніндегі парламенттік конференция құрылымдарының жұмысына қатысады.