Қысқы спорт • 31 Наурыз, 2017

​Қысқы спорттың қамын жаз ойласақ...

202 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда өткен дүниежүзілік қысқы Универсиадаға бес жылдай дайындалыппыз. Қазақ халқының ниетіне қарай, аталмыш аламан сарапшылар тарапынан өте жоғары баға алып, тарих қойнауына кетті.

​Қысқы спорттың қамын жаз ойласақ...

Студенттер сайысын жоғары деңгейде өткізудің бар амалын қарастырған Универисада-2017 дирекциясының мәлімдеуінші, бұл жарыста 236 744 билет сатылып, жалпы Универисада тарихында ең көп адам қызықтаған спорттық шараның бірі болған. «Универсиада тарихында ең жоғары деңгейде ұйымдастырылған жарыс – Қазақстанда өткен студенттер сайысы», – деп әлемдік ақпарат құралдарының жарыса жазуы да еліміз үшін үлкен мақтаныш болғаны рас. 

Расында, оңтүстік астанамызда қысқы спорт түрлеріне арналған су жаңа нысандар бой көтерді. Қазір сол зәулім спорт сарайларының ішінде спорттың бірнеше түрінен үйірмелер ашылып, жас өрендеріміздің спортқа деген қызығушылығы күн санап  артып келеді. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, қысқы спорттың жайын жазда ойлағанның зияны жоқ.  Мысалы, қысқы спорт түрлерінен әлемде көш бастаған АҚШ, Норвегия, Нидерланд, Швеция, Канада секілді мемлекеттердің таулы аймақтарында  қысқы спорт түрлерінен байрақты жарыстар тұрақты өткізіліп тұрады. Еуропа халықтары қысқы спортты дамыту аясында түрлі жобаларды жыл бойы іске асырып жатады екен. 

Сондықтан болар, Еуропа елдерінің өкілдері қысқы спорт түрлерінен әлемдік жарыстарда  топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жатады. Біз олардың өнеріне қызыға да қызғана қарап жатамыз. Дегенмен, өзімізде бар қаншама мүмкіндікті тиімді қолдана алмаймыз. Қазақстан халқына Жаратушының өзі тау десе тау, су десе су, дала десе даланы беріп қойған. Қыс уақытымен келіп, уақытымен кетеді. Тек алға ұмтыл, спортпен айналыс. Табиғат бар байлығын қазақтың кеңпейіл көңіліне тарту еткен. Сол барымызды ұқсата білейік. Қазіргі таңда қысқы спорт түрлерінен Қазақстанның әлем аренасындағы аяқ алысы жаман емес. Әсіресе, өткен Универсиада, Азия ойындары мен әлем чемпионаттарында ел қоржынына алтын-күмістен олжа салған Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхердтердің тамаша жетістіктері әлем елдерінің Қазақстанға деген құрметін еселей түсті. Жанбота Алдабергенова секілді қаракөздеріміздің де табысты жолы қазақ қыздарына үлгі болды. Дегенмен, өсем деген елге жан-жақты жұмысты тоқтатпаған ләзім. Қысқы спортты дамыту ісін ауыл-аймақтан бастаған жөн. Әрине, қаладағы спорт ғимараттары ел игілігіне қызмет етері һақ. Ал еліміздің қарлы өңірлерінде қысқы спортқа дұрыс көңіл бөлінбеуі жөн емес, әрине. Бала кезімізде көшеде хоккей ойнаушы едік. Сонда қолға түскен имек таяқты алып ойнай беретінбіз. Қазір спорт дүкенінің есігін ашсаң, не керектің бәрі бар. Бір ғана мәселе, жастардың осы қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығын оятатын шараларды көбейте түсу қажет. Бұл мәселе отбасылық тәрбиенің де негізіне кіргені абзал.

Ақын Ордабайұлы