Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың үш күнге созылған VІІІ республикалық конкурсы мәреге жетті.
«Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен жылына отыздан астам конкурс өткізілсе, олардың ішінде Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылар байқауының орны бөлек. Кеңестік кезеңде бұл сайыс төрт жылда бір рет өткізілетін. Ал тәуелсіздігімізді алғалы бері екі жылда бір рет өткізу мүмкіндігіне ие болып отырмыз десек, конкурстың мақсаты – әнші Әміре Қашаубаевтың төл мұрасын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, қатысушылардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, сондай-ақ жастарға эстетикалық тұрғыда тәрбие беру, ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарды игеруіне ықпал ету», – деді Мәдениет министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Роза Кәріпжанова конкурстың ашылу рәсімінде.
Ән бәйгесінің шымылдығы Әміре Қашаубаев өз дауысымен айтқан Ақанның «Балқадишасымен» ашылды. Конкурстың талабына сәйкес, Отанымызда және алыс-жақын шет елдерде тұратын 16 мен 35 жас аралығындағы халық және қазіргі композиторлар әндерін домбыра, қылқобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын 38 кәсіби өнерпаздардың өнерін Парламент Мәжілісінің депутаты, айтулы әнші Бекболат Тілеухан бастаған қазылар алқасы сарапқа салды. Сайыстың ашылу рәсімінде Бекболат Тілеухан: «Қазақта «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөз бар. Бұл ретте бақтарың да келіссін, баптарың да келіссін. Дәстүрлі ән дегеніміз – қазақтың қазақтығын, ұлттық сипатын айқындайтын ерекше өнер. Мұнда әнге жаны ашитын, әннің қадірін түсінетін адамдар жиналған. Бұл қазақтың тектілігін танытатын бекзат өнер», – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі орындаушылардың VІІІ республикалық конкурсына қатысушылар Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Қорлан», «Балқадиша», «Дудар-ай», «Ақ сиса», «Қос барабан», «Көкаршын», «Баянауыл», «Смет», «Бес қарагер» сияқты 22 әнді үш кезеңде көкке өрлетті. Нәтижесінде 38 қатысушының жартысына жуығы ғана кейінгі кезеңге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Келесі күнгі сайыс – Сыр немесе Қазығұрт өңіріндегі әуендер мен Қазақстан композиторлары әндерінің орындалуымен ерекшелене түсті. Бірінші кезеңнен өтіп, барынша ысылған сайыскерлер бұл күні ерекше қарқынмен өнер көрсетті. Ал соңғы кезеңде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы ән ретінде жігіттер қауымы міндетті түрде «Ағаш аяқ», қыздар «Ардақ» әнін орындау керек болатын. Сондай-ақ, бұл кезеңде де халық әндері орындалды. Сөйтіп, сайыстың қорытынды кезеңі де келіп жетті. Көп ұзамай Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың VІІІ республикалық конкурсының жеңімпаздары да белгілі болды. Яғни, cайыс қорытындысына сәйкес, Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курс студенті Қайрат Байбосыновтың шәкірті Сырым Мұхаметжановқа Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың VІІІ республикалық конкурсының бірінші жүлдесі берілді. Бұдан кейін қазылар алқасының төрағасы Бекболат Тілеухан сөз кезегін алып: «Конкурсқа мектеп жасындағы 10 сынып оқушыларының қатысуы – Әміре Қашаубаев атындағы республикалық сайыстардың тарихында болмаған. Бұл жолғы сайыс сонысымен де ерекшеленді. Әйтсе де бас жүлдеге лайықты сайыскерді көре алмадық, – дей келе, екінші жүлделі орынды Еркебұлан Қасымов пен Гүлдана Ноғайбаеваға берсе, үшінші орынды Аллажар Қайбар, Сәттіғали Нұрдәулетов және Санат Исаев қанжығасына байлады. Ал «Үкілі үміт» номинациясының жүлдесін Әділет Исмаил, Талғат Молдағалиев, Оразәлі Жаңабаевтар иемденсе, Айбек Сахаба, Жақсыгелді Маясаров, Нұрболат Арзамас, Ардақ Мұқышев, Жанқожа Аяповтар дипломдармен марапатталды.
Кеш соңы қазылар алқасы мен конкурс лауреаттарының гала-концертіне жалғасты.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.
___________________
Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕНОВ.