Театр • 11 Сәуір, 2017

Көне сақ көшпенділерінің сарқытымын - режиссер Сергей Потапов

266 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Осы бір сахалық саңлақ режиссер орда бұзар отызында Ресейдің театр саласында аса беделді саналатын «Алтын маска» сыйлығын алғанда теледидар алдында отырып еріксіз бас шайқағанымыз бар еді. Қалың орыстың ортасынан қақ жара озып шыққан Олонхо елінің оғ­ланына сүйсінген түріміз ғой бая­ғы. Одан бергі он екі жылда ол ай­рық­ша таланты арқасында тағы да біраз биіктерді бағындырғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан ес­тіп-біліп жатырмыз.

Көне сақ көшпенділерінің сарқытымын - режиссер Сергей Потапов

Қа­білет-қарымын қадірлеушілердің қалауымен талай сахнаны тамашаға бөлеген мақтаулы маман былтырдан бастап Қазақстанды төңіректеп, бүгінге дейін төрт-бес дүние қойып тастағанынан көзіқарақты көпшілік хабардар  болса керек. Арнайы шақыртумен Астанаға ат басын бұрған өрелі өнер иесі уақытының тым тығыздығына қарамастан «Егеменге» сұхбат беруге келісті.

Біздің саха − салтына берік халық

– Қазақтың кіндік қаласына келіп қалыпсыз...

−Арыдан тамыр тартқан ағайын-ту­­ыс­­тығымызды арқа тұтып алыс­тан­ аң­сап жеттім арудай сыланған Ас­та­на­­ға. Қиын-қыстау замандарда қи­лы­-қилы себептермен қиян даладан қи­ыр­­ ­солтүстікке ауып кеткеніміз болмаса, тү­­біміздің түркілерден тарайтынын еш­қа­шан ұмытқан емеспіз. Тіпті, көне сақ көш­пенділерінің сарқыты екендігім еске түс­кенде, кеудемді кейде өзім де түсіне бер­мейтін керемет сезім кернеп, рухым көтеріліп кетеді.

− Ата-бабаларыңыздың тіршілік ету­ге қолайлы құтты қонысты тастап, ақ қар, көк мұзы көз қарықтыратын мәң­­­­гілік тоң өлкесін мекен қыл­ған­да­ры­на өкінбейсіздер ме?

− Төтесінен қойылған сұраққа тура жау­ап беруге тырысайын. Өкінбейміз. Қай­та қырық жұрт жайлаған қиырлардан осы жаққа келіп, оңаша отау тігудің ар­қа­сында өзіміздің өзгелерге ұқсамайтын қа­си­ет­терімізді сақтап қалдық. Өсіп-өнген ор­та­сын аузы барып кім жамандайды? Та­биғатымыз қанша қатал болғанымен, адамдарымыз аңқылдақ. Жан дүниелері жаз­дай жадыраңқы.

Неге екенін қайдам, бәріңіз бізді ша­на­ға ит жегіп, бұғы бағатын ел есебінде елес­тетесіздер. Шын мәнінде, бұлай емес. Мә­селен, астанамыздан автокөлікпен бір тәу­­лікте әрең жететін Сунтар ұлысында ту­­ып-өскен мен бұл жануарды жиырма жа­сымда, онда да Якутскідегі хайуа­нат­тар бағында бірінші рет көрдім. Чукоткамен шекаралас аудандарымызда ғана бұғы өсіріледі. Оның есесіне ой-қы­ры­мызды үйір-үйір жылқы жайлайды. Құ­лынның етіне құмармыз. Өйткені, жеген­ге жеңіл, жеңсік ас. Сапырып сары қы­мыз ішеміз, сіздер сияқты. Солай. Ұш­қан құстың қанатын талдыратын ұшы-қи­ыры жоқ жеріміздің 80-90 пайызы − ор­ман-тоғай, өзен-көл, тау-тас. Асты-үсті тұн­ған байлық. Ақыры мақтандым ғой, ең бастысын айтайын, жер аумағымыз Қа­зақстаннан сәл-пәл үлкендеу...

– Қалайша?! Біз әлемдегі то­ғы­зын­шы территорияға ие мем­ле­кет­піз!

– Ағасы, аптықпаңыз. Қызбаланып қай­тесіз. Бұл нақты дерек. Нанбасаңыз, ин­тер­нетті ашып қарайық дәл қазір. Мі­не... Көрдіңіз бе?!

– Ойпыр-ай, басқаны білмеймін, мы­нау мен үшін үлкен жаңалық болды. Сіз жеңдіңіз, саха бауырым.

– Саха Республикасы Ресей Федера­ция­­сының субъектісі болған соң ба, бұғ­ан­ көп ешкім назар аудармайды. Амал қан­­ша...

– Артық кетсем айыпқа бұй­ыр­ма­с­­сыз. Аты-жөндеріңіздің орысша ата­лу­­ына қарап кейде маған көптеген С­і­­бір халықтары секілді якуттардың да ұлттық болмыс бояулары солғын тар­­тып бара жатқан жоқ па екен осы де­­ген ой келеді...

– О, олай ойласаңыз, қатты қателесесіз. Са­­халар салт-дәстүрлеріне берік. Ана тіл­і­мізде білім аламыз. Қаладағылар ғой орыс­­ша ойқастайтын. Ұлыстарымыздағы қан­дастарымыздың ұлттық бояуы қа­нық. Ал менің аяулы әжем орысша бір ауыз сөз білмей-ақ өмірден өтті. Анам якут тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ғалімі. Маусым айының 21-і мен 26-сы аралығында бағзыдан жеткен байлығымыздай Ысыах мейрамын тойлай­мыз. Өздеріңізге мәлім, біз − күнге табына­тын халықпыз. Ежелден қа­лыптасқан ескі сенім-нанымдарымыз бой­ынша бұл күндері көктегі тәңірлеріміз жер­ге түседі. Барымызды киіп, ба­қа­ны­мыз­ды ұстап соларға құрмет көрсетуге тиіс­піз. Қалың қауым түрлі тағамдарға то­лы мерекелік дастарқаннан қарындары той­ғанша ішіп-жеулері керек. Ауыз әде­би­етінің аңызға айналған кейіпкерлері де қазіргі ұрпақтарымен араласып, ырду-дырду думанның көрігін одан сайын қыз­дырады. Тарихынан ажыраған ұлттың тағ­дыры аянышты аяқталмақ.

Олонхо – бабадан мирас байлығымыз

– Осы орайда, эпикалық ежелгі мұ­раларыңыз ретінде баға жетпес бай­лы­ққа баланатын Олонхоның орны ай­рықша ғой, әрине.

– Олонхо – якут фольклорының асыл қа­зынасы. Алтын арқауы үзілмей арғыдан бер­гіге аман жеткен аңыз-ертегілеріміздің таңдамалы жинағындай олонхомыз 2005 жылы ЮНЕСКО-ның алтын қорына кірді. Сөйтіп, адамзаттың материалдық емес ғажайыптардың біріне айналғанын атап өткім келеді. Көлемі 15 000 жолға дейін жететін ұзақ дастандарды олонхошылар таңға жырлап тауыса алмаған көрінеді. Орындаушылар «Нюргун Боотур» секілді жырларды апталап айтқан.

– Қырғыздың манасшылары тәрізді сіздерде де олонхошылардың өзіндік мектебі қалыптасқан болар?

– Әрине. ХХ ғасырдың басында әрбір якут ауылында от ауыз­ды, орақ тілді ақын-жыршылар болған. Олар жиі-жиі жиналып, өзара тәжірибе алмасқан. Бір-бірінен үйренген. Өнерпаздардың ша­руа­ға қыры болмағандықтын, ел үстінен күн көрген. Өз дәуірінің өрен жүйріктері қа­тарына Табаахыран, Чээби, Говоров, Кынат, Тонг Суорун сияқты олонхошы­ларды қоссақ, қателеспейміз. Қазіргі якут әдебиетінің негізін салушы Платон Ойунский олонхоны зерттеуге көп көңіл бөл­ген.

Режиссерлік – еріккеннің ермегі емес

– Әңгімемізді әріден қозғап, біраз мә­селені қамтыдық білем. Барынша отаныңызды асқақтатып бақтыңыз. Жөн-ақ. Ұлтын сүйетін ұл екеніңізді бай­­қадық. Енді өнер жолыңызға көш­сек.

– Якутскідегі мәдениет және өнер колледжінің актерлік бөлімін тәмамдадым. Бірақ менен дені дұрыс әртіс шықпады. Екі-үш жыл әртүрлі рөлдерде ойнағаныммен ешқандай ләззат ала алмадым. Ең қызығы сол, сахналас әріптестерімнің ойы­нын сырттай бақылауға ылғи аңсарым ауып тұратын. Содан Мәскеудегі ГИТИС-ке барып, режиссерлік факультетіне оқу­ға түс­тім. Заманымыздың заңғар тұл­ға­сы, те­атр өнерінің теңдессіз шебері Марк Захаровтың алдын көріп, ақылын тың­да­дым. Сахнаның қыр-сырына қанықтым. Ел­ге оралған соң жан дүниеме етене жақын Саха театрына орналастым. Жет­піс­ке жуық спектакль, оның сыртында он шақты көркем фильм қойдым. Жақсы, жа­маны бар. Бір білетінім, режиссерлік ерік­кеннің ермегі емес.

Саха театрында төл драма­тург­те­рі­міз­дің туындыларына молынан орын бе­ре­міз. Мынау жаһандану дәуірінде кү­з­гі жапырақтай қалтыраған ұсақ ұлт­тар­дың өздеріне тән бет-бейнелерін сақ­тап қалуы қиынға соғады. Ресейде ұлт дра­­матургтерінің оғаштау ой білдіруі – екі­­талай нәрсе. Театр – халықтық қа­лып­ты көрсетудің ең соңғы бастионы.

– Кино ше?

– Кино бізде кенжелеу дамыған. Қол бос­­та айналысамыз. Кеңге көсілуге қар­жы кем.

– Ресейдегі алтын мен алмастың 80 пайызын өндіретін республикада ақ­ша­ның аздығы ақылыма сыймай тұр­ғаны...

– КСРО-ның құрамында болған кезінде Қазақстан байлығының басым бөлігі орталыққа жөнелтілетінін жоққа шығара алмассыз. Қазіргі біздің хал-жағдайымыз сондай. Дегенмен, қол қусырып қарап отырудан аулақпыз. Бюджетсіз фильм жасауды мейлінше меңгеріп алғанбыз. Оны айтасыз, бірқатар кинотуындыларымыз кассалық түсім жөнінен Голливудтың блогбастерлеріне тезек тергізеді. Халық таспадан өз тағдырын, тағылымды тарихын тамашалауға ынтызар. Біз сол қажеттілікті өтей алсақ, жарағанымыз.

Театр тілі – ортақ

– Кейінгі кездері кешегі Кеңестер ода­ғына кірген елдердің театрларын­да қол­таңба қалдыруды әдетке ай­нал­дыр­ған­дайсыз ба, қалай?

– Иә, Якутияда әбден танылып, әжеп­тәуір табыстарға жеткен соң Ресейдің бас­қа өңірлерінде, сондай-ақ, шекаралас шет мемлекеттерде бағымды сынап кө­руге бел байлағыным рас. Қысқасы, шы­ғар­машылық шамамды сыртта сынағым кел­ді. Бәзбір басылымдардың жазуынша, аяқ алысым жаман емес.

– Кейбір жұмыстарыңызға тоқтала кет­сеңіз?

– Таллиндегі «Р.А.А.А.М.» атты жеке­меншік театрдың продюсері Мярт Меос­тың өтініші бойынша эстон драматургі Аугу­сто Кицбергтің «Әзәзіл» пьесасын сах­наладым. Нәтижесінде, Новосібірде өтк­ен ірі фестивальде жүлдегер атанды. Эстониядағылар да жылы қабылдады.

– Эстондардың тілі де, ділі де өзге­ше­леу болғандықтан, ептеп қина­л­ған жоқ­сыз ба?

– Қайта, керісінше, тез тіл табыс­тым. Эстондар кезінде солтүстіктен кет­кен­діктен, мінездері якуттарға ұқсастау екен. Табиғатқа жақындау. Өздерінің дін­дар­лы­ғы шамалы. Қойған спектаклімде ка­то­ликтер мен пұтқа табынушылардың қа­рама-қайшылығы баяндалады. Хал-қа­дерімше осынау текетірестің сырына те­ре­ңірек үңілуге тырыстым. Бірнеше бай­қау­лардан бәйге алды. Ендеше, ойдағы мақ­сатымның орындалғаны да.

Жалпы, өнерде шекара болмайтыны секілді театр тілі – ортақ. Біз бір-бі­рі­міз­бен үнсіз ұғысамыз.

– Ал, енді өздеріңіздің классиктеріңіз Платон Ойунскийдің шығармасын ха­кас­­тардың қанжығасына бай­лау­ың­ыз­дың сыры неде?

– Ойунскийдің ақ пен қызыл арпа­лыс­қан азаматтың соғыс тақырыбына ар­налған әңгімесіндегі оқиға желісін Хакасия­ға көшірдім. Өйткені, мұндағы қан­төгісте қарапайым бұқара қатты қы­рыл­ған. Якутиядағы зиялылар бас­тарын оққа байлап, соңынан ерген ел-жұртына тиер ауыр соққыға кеу­де­лерін тосқан. Бауырлас хакас­тар бас­тан кешірген ауыр азапты суреттеу мақ­са­тын­да кейіпкерлердің ныспысын хакас есімдеріне ауыстырдым. «Жынды Мұх­лай» осылайша дүниеге келді.

Чеховқа қазақ шекпенін кигіздім

– Елден естуімізше, спектакльді тез қоя­тын көрінесіз.

– Уақыт солай... Ырғалып-жырғалуды кө­термейді. Спектакльдерім екі-үш күнде дай­ын болады. Ең ұзағанда үш апта. Бірақ ба­сымда ұзақ пісіремін. Сондықтан, әр­тіс­тердің қай эпизодта қандай әрекет жа­сайты­нына дейін алдын ала жоспарлай­мын. Репетиция кезінде қажетті тү­зе­ту­лерімді енгізе саламын. Артық әурелеп ак­терлерді азаптамаймын.

– Бұл бұрын-соңды кездеспеген қан­дай әдіс?

– Қазір Ресейде осындай эксперимент кеңі­нен етек жайып келеді. Үш-төрт режиссер бір театрға келеді де 3-4 күннің ішінде бір-бір спектакльдің «саудасын бітіреді». Осы жүйені мен Қазақстанда абыроймен жүзеге асырдым.

– Қалай?

– Айтайын. Былтыр көктемде Қ.Қуаныш­баев атындағы академиялық дра­ма театрында Чеховтың «Шие бағын» өте қысқа мерзімде көрерменге ұсынып үл­гердім.

– Классикалық комедияның үй­реншікті жүрісінен «жаңылып», то­сын­дау сипатта жол тартқанын жұрт­шы­лық сан-саққа жүгіртіп жүргенін бі­ле­сіз бе?

– Білгенде қандай. Қалыптан тыс қадамға саналы түрде бардым. Себебі, орыс кейіпкерлерді азиаттардың ой­на­ғанын ұнатпаймын. Кім қалай тү­сі­не­ді, оны өздері білсін. Орыстардың ағыл­шындарды немесе немістерді бей­не­ле­генін де жаратпаймын. Кісінің күлкісін кел­­ті­реді. Маймылға костюм-шалбар ки­­гізіп, мойнына галстук байлағандай бір­­деңе. Сондықтан, мынадай шешім қа­был­дадым. Қазақстан − ендіктері мен бой­лықтары өзіндік өрнектермен ере­­к­шеленетін егемен ел. Кең-байтақ да­ла­ларыңызда шие бақтары жетерлік. Ен­де­ше, қазақтар неге Чеховты өздерінше сөй­летпейді? Қазір осындай тенденция жиі байқалып жүрген жоқ па.

Әрі-беріден соң, пьеса − мен үшін спектакль қоюға қажет сылтау ғана. Ең бастысы, оқиғаны өзгертпеймін. Мәтін де сол қалпында сақталады. Кейіпкерлердің есім­дерін тегіс қазақшаладық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсам, Антон Павловичтің діттеген идеясы қой­ы­л­ы­мның діңгегі ретінде қалдырылды.

Маған дейінгі «Шиелердің» бәрінде бас­т­ы кейіпкер Раневскаяны ылғи жаса­мыс актрисалар сомдаса, менде жас әртіс бейнелейді. Аталмыш спектакльде бүкіл бір әулеттің асыраушысы іспетті шие бағының (жердің) сатылу-сатылмау мә­селесі көтерілетіні белгілі. Біздің премье­ра­мыздан кейін сіздердің елдеріңізде де ептеген проблемалар туындағанын бі­ле­сіз­дер. Бұл, әрине, кездейсоқтық. Парасат­ты Президенттеріңіздің тікелей араласуы­мен әйтеуір, ол түйіннің ойдағыдай тар­қа­тыл­ғаны әмбеге аян.

– Қаллеки театры туралы пікіріңіз қан­дай?

– Тамаша. Қазандағы театр фес­ти­валінде айтулы ұжымның басшысы Айболат Сексенбаевпен танысып, сол кісінің ұсынысымен Астанаға келгенімді сәтті қадамдарымның бірі деп санаймын. Ойыңдағыны оқитын Сырым Қашқабаев, Қуандық Қыстықбаев, Нүркен Өтеуілов, Кеңес Нұрланов сияқты сайдың тасындай ірік­телген сайлы өнерпаздар кез келген ре­жиссердің көздеген мақсатына жетуіне көмектесетіні талас тудырмай­ды.

«Шыңыраудан» әрең шықтым

– Нұрмұқан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ драма теа­трын­да әлемдік деңгейдегі әй­гі­лі жа­зу­шымыз Әбіш Кекілбаевтың «Шы­ңы­­рау» повесін сахна тілінде сөй­ле­т­ке­ніңізге ризашылық­пен таң­дай қа­ғып, тамсанушылар қатары кө­­бей­ге­ні кө­ңі­­лімізді көншітіп тастағанын жа­­сы­р­май­мыз...

– Театрдың директоры Нұрнияз Мұқанов қолыма құдықшы хақындағы хи­каяттың орысша аудармасын ұстатып, үш күн «үйқамаққа» отырғызды. Күр­де­лі дүниенің күрмеуін таппай, шыны­мен шыңырауға баттым. Менің мүш­кіл жайымды көрген Нұрнияз аға әуелі жылы жымиып: «Сен баланы түсін­е­мін», деді. Айтуынша, көптеген қазақ режис­сер­ле­ріне қолқа салғанымен, ешқайсысын көндіре ал­мапты. Содан қармақты маған салып­ты. Сенімге сай серпін танытпасқа амал қалмады. Ақыры, ақтаулықтардың ал­ғысын арқалап қайттым. Астанадағы көр­сетілімде қаламгердің қатарластары қой­ы­лым­ды жоғары бағалады. Жазушының жа­ры – Клара апайдың қолынан шай іштім.

– Көрермен көңілінің толқымалы-шалқымалы сәттерін тамыршыдай тап басасыз ба?

– Өзінің спектаклін бір режиссер бал­коннан көреді, екіншілері сахнаның сы­р­тында күйіп-пісіп жүреді. Мен за­л-

да, көрерменнің ортасында отырамын. Қасымдағылардың қабағын қалт жі­бермей бағамын. Бақылау барысында олар­ға ұнаған немесе ұнамаған тұстарды көкейіме тоқып, кейін кемшіліктерді тү­зетуге әрекеттенемін.

− Сынды қалай қабылдайсыз?

− Мақтауды малдана бермеймін. Әншейін көңілжықпастықпен айтыла са­луы мүмкін. Сынаушыларға сенім­мен қа­раймын. Өйткені, жамандау­шы­лар жалған айтпайды. Көкейге қо­нымды кө­ше­лі пікірлерін пайдама жара­та­мын. Сын бәріміздің талғамымызды тәр­бие­лей­тін құрал.

− Мына келісіңіздің мәнін білуге бола ма?

− Астананың М.Горький атындағы орыс драма театры жақында Санкт-Петербургте өтетін байрақты бәсекеге қа­тыспақ. Соған алдыңыздағы пақырыңыздың асығыс түрде әзірлеген «Ояну» дейтін треш-драмасын апармақ. Авторы – София Баранова-Сергачева. Ақыры апта­лық іссапармен келгендіктен, екінші туын­дының да (А.Гриннің «Алқызыл жел­кен­дері» бойынша қойылған спектакль) тұ­сауын кесе кетуді жөн көрдім. Бұған дей­ін Көкшетаудың орыс драма театрында Александр Островскийдің «Жасаусыз қа­­лыңдығын» көрермендерге ұзатқан едім.

− Егер құпия болмаса, Қазақстанға қатысты тағы қандай жобаларыңыз бар?

− Бұйырса, Қаллеки театрының шаңы­ра­ғына Шекспирдің «Король Лирін» ш­а­қыр­мақпын. Әзірге ізденіс үстіндемін. Кей­бір көріністері көз алдымда көлбеңдейді. Қазақтың ақарлы-шақарлы ақ ордасы... Талайларды тамсандырған хан тағы... Әміршінің қылықты қыздарының орнын, сірә, ұлықты ұлдар басар... Тағысын тағылар... Амандық болса көрерсіздер...

– Бәрекелді! Талабыңызға нұр жаусын!

Әңгімелескен

Талғат Батырхан,

«Егемен Қазақстан»