Қазақстан • 12 Сәуір, 2017

Иттің сырттаны – иесінің мақтаны

480 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда өткен иттер көрмесіне Қазақстан мен Ресейден 170 ит әкелінді. «Сұлтан» спорт клубының кең залында қостанайлықтар иттің түрлі тұқымын тамашалады. Сырттандарын жетектеген әуесқойлар Қостанайға іргедегі Челябі мен Магнитогорды айтпа­ғанда, Ресейдің Пермь, Калуга, Астрахань, Ниж­ний Та­гиль, Ека­теринбург, Сургут секілді шалғай қала­ла­рынан да келді.

Иттің сырттаны – иесінің мақтаны

– Жыл сайын өткізіліп тұратын көрмеге ресейліктер белсенді атсалысады, ал өзіміздің Қазақ­станның да әр облысында ит асырайтындар жеткілікті, бірақ осындай басқосуларға олар келе бермейді. Бұл жолы жергілікті Қостанай мен Рудный қалаларындағы әуесқойлардың қатысуын айтпағанда, Астанадан 4 ит, Көкшетаудан 3 ит көрмеге қатысып отыр, – дейді көрмені ұйымдастырған «Канис-Профи» иттердің асыл тұқымын өсіру және үйрету орталығының кинологы Юлия Гольская. 

Күні бойы өткен көрмеге келушілер Ресейден келген иттің «самоеды», Көкшетаудан келген «маламут» тұқымдарын ерекше қызықтады. «Самоеды» итінің жүні аппақ түбіт секілді үлпілдеп тұрады, кәдімгі балалардың жұмсақ ойыншығына өте ұқсайды, сондай сүйкімділігімен бірден көзге түсті. Ал көкшетаулық «маламут» кәдімгі түз тағысы бөріні еске салады екен. Көрмені қызықтай келген ер балалар соны айнал­шықтаумен болды.

Көрмеге қатысқан иттерді Алматыдан арнайы ша­қыр­тылған халықаралық дәрежедегі сарапшы Марк Зату­ринский сараптады. Ит өсіру әуесқойларының, көрермендердің түрлі пікірі де есепке алынды. Қорыта келе, көрменің төріне «неміс овчаркасы» шықты. Екінші орынды «Орта Азия овчаркасы», үшінші орынды «Аки­та» деген жапондық тұқым алды.

Айтпақшы, осы жолы «Канис-Профи» иттердің асыл тұқымын өсіру және үйрету орталығы «Орта Азия овчаркасы» иттерінің көрмесін жеке өткізді. Оған Ресей мен Қазақстаннан 20 ит қатысты. Жүлделі орын ресейліктердің жетегінде кетті.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ


Соңғы жаңалықтар