
– Бұл біздің мақсат-мұратымыздың стратегиялық бағытын анықтайтын жаңа бағдарлама. Олай болса, біздің дәл қазір мақсатымыз анық, міндетіміз айқын. Қазақтың қайраткер тұлғасы, жерлесіміз Әбіш Кекілбайұлы бір сөзінде: «Дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар» деген екен. Елбасының бұл ұсынған бағыт-бағдары халқымызды рухани жаңғыруға жетелері анық, деген аймақ басшысы Ералы Тоғжанов мақаладағы басты бағыттарға жеке-жеке тоқталып, ойларды жергілікті жердегі мысалдармен сабақтастыра баяндады.
Білім беру саласының ардагері Қ.Қаражанов, Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің оқытушысы Г.Адамбаева, «Қаражамбасмұнай» АҚ кітапханашысы Г.Нұрқали, ақын А.Өтегенов, жас мұғалім М.Ағылаев, «Дағыстан» этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары З.Қазиева мақалада айтылған мәселелерге қатысты пікірлерін ортаға салды.
– Біз Елбасы ұсынған мақаланы талқыламаймыз, керісінше оны жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін қарастырамыз. Әрбір адам Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан өзіне қажетті тұсты таңдап, «мен осыны жүзеге асырсам қалай болады?» немесе «Менің қолымнан не келеді?» деп іргелі іске өз үлесін қосуға ұмтылуы қажет. Себебі, бұл – біздің еліміз, біздің ұлтымыз және біздің болашағымыз үшін қажетті бастама, қажетті құндылықтар, – деді Г.Нұрқали.
– Ұлтжандылықты ұран етіп өскен қазақтың бір перзенті ретінде мені Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ерекше шабыттандырды. Оны оқып отырып, туған халқымның төл тарихын, дәстүрін, мәдениетін дәріптеу жолында музейде жұмыс жасап жүргенім – шын мәнінде өз ұлтыма жасап жүрген қызметім екенін дәл бүгінгідей терең сезінбеген болармын. Бүкіл адамзаттың даму тарихы, түптеп келгенде, мәдениет тарихынан басталатыны сөзсіз. Мұның дәлелі – Елбасымыздың 2012 жылғы Жолдауындағы «Мәдениет пен дәстүр – ұлттың генетикалық коды» деген қанатты сөзі. Адам баласы өзінің төл мәдениетін танымай, әлем мәдениетіне аяқ баса алмайды, тарихтың көшіне ілесе алмайды. Ендеше, алдымыздағы жаһандық үрдісте өз ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалудың алғышарттарын ұсынған осы мақала әрбір Қазақстан азаматының жүрегіне жол табады деп ойлаймын. Ұлтқа адал қызмет ету, оның құндылықтарына мұрагер болу – оның тарихына, мәдениетіне, барша рухани байлықтарына мұралық ету деген сөз, – деді Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы Н.Кәлкенбаева.
Жиынды қорытқан облыс әкімі Е.Тоғжанов ұсыныстарды жүзеге асыру жолдары қарастырылатынын айтып, маңғыстаулықтарды Елбасы мақаласына орай өңірді, елді дамыту бағытында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы