Қазақстан • 19 Сәуір, 2017

Елбасының мақсаты − Мәңгілік Ел

535 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл сая- си және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Нұрсұлтан Назарбаев («Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінен)

Елбасының мақсаты  − Мәңгілік Ел

1.ТАРИХТЫҢ ӨТКЕНІ САБАҚ, БОЛАШАҒЫНАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙЫҚ

Жер төсінің кіндігінен көтерілген зымыранның әп-сәтте, тіпті көзді ашып – жұмғанша ғарыш кеңістігіне шығатын бүгінгі шапшаң заман үшін қазақ елі Тәуелсіздігінің жиырма бес жылы да қас-қағым сәт. Алайда, тарихтың осы бір аса қысқа мерзімінде Қазақстанның әлемдік және халықаралық аренадағы ор­ны, беделі мен абыройы ертеден қа­лыптасып, ертеден қуатты мемлекет бо­лып орныққан елдерден кем түсіп отыр­­ған жоқ. Бұл бір ғана адамның, Қазақстан Республикасының Тұңғыш През­иденті − Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігі мен жігерінің, ақы­лы мен парасатының, даналығы мен да­ра­лы­ғы­ның, көрегендігі мен ке­мең­гер­лігінің ар­қасы екендігін айтар едік!

Біз тәуелсіздікті Кеңес өкіметінен қалған ауыр зардаптарымен қабылдап алып едік. Бұл зардаптар сонау патшалық Ресейдің отарлау саясатынан басталып, коммунистік жүйенің өктемдігімен жалғасып жатқан-ды. Жаратылысынан тұла бойында адалдығы мен өзгеге деген сенгіштігі бар, жатты жақынындай сыйлар адал ниеті бар, «кең болсаң, кем болмассың» деген пейілі бар Ұлы Даланың кеңістігін жайбарақат жайлап жатқан бейкүнә қазақты «бөліп ал да, билей бер» саясатымен жіліктеп алғандар өздерінің жат тілдерімен, жат діндерімен, жат ғұрыптарымен өзегімізге құрт түсірді.

Қазақтың рухани жан дүниесіндегі сол жегіқұрт әлі де тірі, әлі де ой мен сана­ны жеп жатыр. Сол жегіқұртты жоямыз, же­гіз­­бейміз деген ұлт саналыларын Кеңес өкі­меті түрлі залымдық саясатпен тірідей көмді, жалған жаламен атты, асты, жер аударды. Есімдерін атамақ түгілі, көбінің сүйектерін де тапқызбай қойды. Ұлттың қаймағын ойсырата сыпырып, мұның ақырын халқымыздың ашаршылыққа ұрынуына әкеліп бір тіреп алды да, Ұлы Отан соғысының қанды қырғынына салды.

Тап жауларын да, халық жауларын да аптығып «жеңе» білгендіктен, Отан жауы − фашистерді де ойсыратып, жусата жеңдік. Енді тынысымыз ке­ңір, енді жақсы тұрмыс болар, енді көсегеміз көгерер деген едік. Соры қалың халқымыздың бұл үміті де ақталмады. Қазақтың жерін игеру керек деген ұран­мен «тың көтеру» шықты алдымыздан. Обалы нешік, қазақ даласына жаңа тракт­ор мен соқаның құлағын ұстайтын ком­сомолдық желкөңілділер де ағылып келіп жатты. Бірер жылдың ішінде өз ата-ба­басының жерінде қазақтың саны азайып шыға келді.

Аз халықты аздыру да, тоздыру да оңай. Соның басы қазақтың тілін керексіз етті. Қазақ мектептері жабылып жатты. «Сендерді нанға да тойғыздық, тәрбиелеп адам қылдық, білім бердік», деп миды шайқап, насихат айтты. Осылары рас шығар, бекерге қазақ болып туған екенмін дейтін дүбәра ұрпақ жетіле бастады. Олар жетілген сайын қазақтың соры да қа­лың­дады. Енді келімсектердің сөзін сол дү­бәралар сөйлейтін болды, солардың сой­ылын өз халқының маңдайына сол дүбәралар соқты. Келімсектер масайрап, іш­тен күліп, өз құлдарының қылығын рахат­тана қарап, бақылап тұратын болды. Біз сөйтіп, сол кезеңдерде тұтас қазақ ұлты болып қалыптаса алмадық.

Міне, біз осындай да сорақылықтан сорымыз қайнаған халық едік. Сол соры қайнаған, былайша айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың аяқасты болып жа­т­қан басын да, намысын да жерден кө­теріп алған тағы да сол Нұрсұлтан Назарбаев болатын!

Әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес Одағы ыдыраған тұс­т­а­-

­­ғы Қазақстанның экономикалық та, әлеуметтік те жағдайы аса қиын бол­ға­ны белгілі. Жаппай жұмыссыздық жайлады. Мұны көз көрді. Дүкен сөрелері бос тұр­ды. Өзге дүниені қойып, қара сабын із­деп сабылдық. Міне, сол жоқшылық пен таршылық, айнала төңіректегі қарулы қақ­тығыстар мен берекесіздік жайлаған тұста, «осы біз қазақ өз бетімізбен ел бола аламыз ба екен?» деген күдік пен күмән де кеулеп, соны ойласаң болды, ұйқың шайдай ашылар алакөңіл шақта Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздікті тұғыр етіп, тарих сахнасына шықты. Иә, шықты да Қазақ елінің ұлы тарих сахнасындағы көшін бастап, әлемге жол тартты. Сөйтті де, Әлемге, Ғарышқа, Болашаққа жол ашты!

Біз өз тәуелсіздігіміздің ширек ға­сы­р­­дан астам кезеңінде Елбасының ақыл-парасатымен, басшылығымен эко­­­­но­­микалық-әлеуметтік салада сәт­ті жа­ң­­ғырулар өткіздік. Нұрсұлтан На­зар­­ба­ев жыл басында халыққа Жол­дау­ын­­да Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бас­тал­­ғанын жариялап, саяси реформа мен эко­­номи­калық жаңғыру қолға алынды. Ел­басы Қазақстанның әлемдегі ең да­мы­ған 30 елдің қатарына қосылуының бар­лық алғышарттарын жасай алды. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Тәуелсіз Қазақ елін құра отырып, тұрақтылықтың кепілі бола алатын мемлекет құрудың назарбаевтық моделін қалыптастыра білді. Сол назарбаевтық модель қазір бүкіл әлемге үлгі бола алды.

Енді біз рухани жағынан жаңғыруымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаһандық философиялық терең мәні бар тұжырымды еңбегі тағы да сол Қазақ еліндегі, тіпті әлем бойынша тұрақтылық пен бейбіт өмірлі мемлекет құрудың назарбаевтық моделінің бүгінгі және келер ғасырлардағы адамзат баласының болашағы жайлы ойлы жалғасы дер едік.

Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз!

Нұрсұлтан Назарбаев
(«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан)

2.САНАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ-ҰЛТТЫҢ САПАЛЫҚ ЖАҢАРУЫ

Қазақта «санасына берсін» деген сөз бар. Дана халқымыздың осы бір ауыз сөзінің төркінінде адам баласының ойы ашық, көкірегі зерек, өз заманы мен өз ортасының ахуалын терең зерделей алар қабілеті мен сезім түйсігі болса етті деген ой жатқандай. Енді біз айтып отырған осы ой ашықтығы, көкірек зеректігі, өз заманы мен өз ортасының ахуалын терең зерделей алар қабілет пен сезім түйсігін жаңғыртудың жаңа кезеңі келгендігін білдіргендей.

Осы орайда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты пайымды көзқарасын қызыға оқып шықтым. Әлі де оқып, әлі де зерделеу үстіндеміз. Бұл жай − бір мақала емес, бұл бүгінгі за­ман­ның айнасы, болашақтың бағдары. Ел­басы ХХІ ғасырдағы ұлттық сананың не­гізгі тұғырнамасын терең саралай отырып, жаһандық философиялық тұжырым жасағандығын айту абзал.

Елбасының осы сананы жаңғырту философиясы бір ғана бізді, яғни қазақ­стандықтарды ғана емес, әлем халқын, бар­ша адамзатты ойландырар деген ұс­танымдамын. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев жалпыадамзаттық мәселені ал­­ға тартып отыр. Ендігі адам баласы қан­­дай болуы керек және де бүгінгі аласа­пы­­р­ан заманда өзінің адами бітім-бол­мы­сы­нан ажырап, тіпті ой-санасы адаса да бас­таған адамзаттың не істеуі керек? Ел­ба­сы осы бір өзекті мәселеге жауап береді.

Біз ендігі әңгімемізді өзімізге, яғни Ел­басының «еліміздің мықты, жауап­ке­р­­шілігі жоғары біртұтас Ұлт болу көз­қа­р­а­сымен» байланыстыра айтар бол­сақ, бұл мәселенің әбден орынды ай­тыл­ған­ды­ғы көңілден шықса керек. Өйт­кені, ХХІ ғасырда қалыптасар ұлттық сана­мыз біздің ұлт есебінде сақталып қалу мен Мәңгілік Ел болу ұлы мұраттарының жүзеге асуының алғы да басты шарты болары анық. Осы ХХІ ғасырдағы ұлттық сана жайында айта келіп Елбасы «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», дегенді алға тартады.

Өйткені, аузымыздың суы құрып айтып келген батыстық жаңғырудың бүгінгі заманның болмысына сай келмей, ол әлемде кей жағдайда наразылық ту­ды­рып отырғандығы да бар. Әр ұлттың өзі­нің ғасырлар бойы қалыптасқан асыл ой­­лары мен ізгі амалдарын және де жақ­сы кі­сілік бітім-болмысын, салты мен дәстүр, ғұр­пын сақтау бүгінгі күні жал­пы­адам­зат­тық үлкен мәселеге айналып отыр. Адамзат өмірі мен тұрмысына ғылым мен техника жетістіктері және ақпараттар ағы­ны араласқалы кез келген ұлттың сана­сына ауыр салмақ түсе бастады. Ол сал­мақ ұлттың санасына идеологиялық жә­не саяси жүк болып артылғанын да ба­ғамдар едік.

«ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, бас-

ты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында», деген Елбасының тұжырымына тоқтай оты­рып, заманның қазіргі ахуалын алы­ңыз. Батыс кейбір өзге халықтар үшін ар мен ұя­ттың ісі болып табылатын әдептерді мой­ын­да­ғысы жоқ. Кейде бейәдеп, тіпті адам ба­ласының жаратылысына жат тағылық әрекеттерді заңдастыруға дейін баруы, мұ­ны «демократия, адам құқығын сыйлау» деп дәріптеп, сол бейәдеп қағидалар әлемнің кез келген елінде көрініс табуы керек деп талап та қоюы қандай қисынға сы­яды?! Бәлкім, содан да болар, бүгінгі күні Батыс пен Шығыс арасындағы жә­не де түрлі діндер арасындағы қарулы қақ­тығыстар барған сайын өрши түсіп оты­р. Бұл, бәлкім, әр халықтың өз ары мен ұятын, бітім-болмысын, халықтық си­патын таза күйінде сақтап қалудың қақ­ты­ғысы да болар.

Әрине, біз бейбіт өмірді де, кез келген халықтың өзіне тән ары мен ұятын, бітім-болмысын, халықтық сипатын сақ­тап қалуды қарулы қақтығыстар арқылы шеше де алмасымыз анық. Бұл орайда, біз­дің Елбасының ұстанымы, кез келген даулы мәселені келіссөздер арқылы бейбіт жағ­дайда шешу және ендігі дүниені ре­волюциялық емес, эволюциялық жолмен өр­кендету мәселесі бүгінгі жаһандану за­ма­нының әлемдік ұстанымына айналуы ке­рек. Өйткені, кез келген революцияның да, кез келген төңкеріс пен кез келген қа­рулы қақтығыстың да адамзат баласына әкел­ген қайғысы мен қасіретінің тек бір ға­на ХХ ғасырдағы тарихынан-ақ ой тү­йіп, сабақ алуға болар еді.

«Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деген Елбасының осы бір өте маңызды тұжырымына орай ой қосар болсақ, ендігі арада бізді сол ұлттық кодымызды сақтау мен соны дүниеге келген, алдағы уақытта да дүниеге келер ұрпағымыздың бойына қалай сіңіреміз деген мәселе ойландырса етті. Ал бұл орайда, ойланатын мәселе бар деп санаймыз.

«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен ай­қын­далады. Сондықтан, әрбір қазақ­с­т­андық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ға­сырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек», дейді Елбасы әрі қарай. Сон­дық­тан да Нұрсұлтан Әбішұлының ком­пь­ютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты алға тартып отырған мәселелері біздің қоғамның берік ұcтанымына айналып, осы бағытта тынымсыз жұмыстар жүргізуді талап етеді. Сол үшін де Елбасы «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және кон­фессияаралық келісім» сияқты бағдар­ла­­малардың қолға алынуы ол біздің хал­қы­­мызды ХХІ ғасырдың талаптарына сай дая­рлаудың алғашқы қадамы екендігін үл­кен бір жанашырлықпен айтып отыр.

Елбасы прагматизм мәселесіне келгенде «Қанымызға сіңген көптеген дағ­ды­лар мен таптаурын болған қасаң қа­ғидаларды өзгерт­пейінше, біздің толық­қан­ды жаңғы­руымыз мүмкін емес», дейді. Біз үшін аса маңызды да қажет жай осы деп білеміз! Бұл орайда, Елбасының: «Пра­гматизм – өзіңнің ұлттық және жеке бай­лығыңды нақты білу, оны үнемді пай­даланып, соған сәйкес болашағыңды жос­парлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кер­дең­дікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қо­ғам­да шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану.

Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір та­­бысты үлгі, деген ұлағатты сөзін ен­ді­­гі арада әрқайсымыз әр ісімізде, күн­де­лікті тұрмысымызда жаңғыртып тұруға ти­іс­тіміз.

Қазіргі дүние адамының ойлау қабі­ле­ті мен көзқарасының да, білімі мен ғы­лымының көз ашпас шапшаңдықпен да­мып келе жатқандығы соншалықты, бү­гін­гі әлем «жаңа жаһандық болмыстың» қа­занында бұрқ-сарқ қайнап, тіпті жұмыр Же­р­ді мекендеп отырған адам баласы тір­шілігінің де мазасы кете бастағандай. Міне, осы жағдайда Елбасы «Ұлттық бі­ре­гейлікті сақтау» мәселесін алға тартады. «Мен қазақ­стан­дық­­тардың ешқашан бұл­жымайтын екі ережені түсініп, байы­бына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлт­тық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, еш­қан­дай жаңғыру болмайды. Екіншісі – ал­ға басу үшін ұлттың дамуына кедергі бо­латын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», деген Елбасының осы қа­ғидасы біздің ұлттық жаңғыруымыздың бас­ты әрі мақсатты міндетіне айналуы қа­жет.

Елбасы өз еңбегінде ұлттық бірегейлік пен ұлттық санамыздың алтын сандығында мәңгі сақталып, әрқайсымыздың ұрпа­ғы­мыз­дан ұрпағымызға аманаттап тапсырып, өсиет қылып, мирас етіп қалдырып оты­рар қасиетті де құнды дүниелерімізді де ашып айтады. «Ұлттық салт-дәс­түр­ле­ріміз, тіліміз бен музыкамыз, әде­биетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айт­қанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деген Нұрсұлтан Назарбаев және де «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жыр­лары мен Құрманғазының күй­лері, ға­сыр­лар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», деп ұлттық санамыздың қай­нар көзін ашып көрсеткен деп санаймыз.

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты терең маз­мұнды бұл еңбегі Елбасының мұның алдындағы «Ұлы Дала ұлағаттары» ой-толғауымен бір мүддемен, ұлттық жә­не жалпы жаһандану заманындағы жал­пы­адамзаттық мүддемен сабақтасып жат­қан­дығын атап айтар едік. Елбасының осы қос еңбегін ендігі арада Қазақстан қо­ғамында қалыптасып қалған түрлі жиын- жиналыстарда ғана талқылап қоймай, бұл еңбектер әр қазақстандықтың қолында жүрер, әр шаңырақтың төрінде тұрар зерде кітабына айналса етті.

Рухани жаңару бізге аса қажет! Соны сезіне білу үшін Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» танымдық та та­ғы­лымды еңбегін оқиық, тағы да оқиық! Ой түйейік, зерделейік! Санамызды жаң­ғыр­тайық!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты