
«Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ұлт болуы үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», – деп басталған Елбасының сөзі тұтастай еліміздің ғана емес, ұрпақтарының ертеңі үшін алаңдайтын кез келген отандасымызды елең еткізбей қоймасы анық. Оқып шықтық, шынында да, талайымызға ой салатын көзқарастар айтылған екен. Әсіресе, Елбасының ел дамуын, жаңғыру атаулыны ұлттық санамен, ұлттық мүдделермен тығыз байланыстыру қажеттігін айтқаны қатты ұнады. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», дейді Президент. Нағыз ұлт келешегін ойлаған Тұлғаның сөзі.
Біз, Елбасы тауып айтқандай, Ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, алға ұмтылуымыз керек. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген сөз бар халқымызда. Кез келген ұлттың салт-сана, әдет-ғұрпында сақтап, одан әрі дамытатын әдемі тұстар, заманның ағымына қарай ескіріп, ендігіде пайдасынан зияны көп болатын кертартпа тұстар бар. Яғни, жақсысын алып, жаманынан арылғанымыз абзал. Жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді.
Елбасы қай сөзінде де білім мәселесін аузынан тастамайды. Бұл ол кісінің келешектің қамын, еліміздің әлемдегі абыройын ойлағанынан екені даусыз. «Білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді», дейді Елбасы. Әсіресе, білім беру саласындағы мамандар мен өскелең ұрпақ, міне, осы мәселені жақсы түсінуіміз керек. Қазіргідей заманда бәрінен де білімді жоғары қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
Елбасы мақаласындағы сананың ашықтығы, латын әліпбиіне көшу жайлы мәселелер мен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер» бағдарламасы туралы ұсыныстар да көптің көкейінде жүрген жайттар еді.
«Екі дәуір түйіскен өлара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек», деп түйген екен сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. Өте құптарлық, абыз адамның дуалы аузынан шыққан әңгіме.
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
Жезқазған қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты
ЖЕЗҚАЗҒАН