Әлем • 10 Мамыр, 2017

Михаил Бочарников: Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынас тарихы тереңде

419 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарниковпен болған сұхбат жарияланған еді. Осы сұхбаттың толық нұсқасын басылымның интернет сайтында оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Михаил Бочарников: Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынас тарихы тереңде

– Елші мырза, биыл Қазақстан мен Ресей арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 25 жыл толады. Оған дейінгі уақытта екі ел тарихи және әлеуметтік-экономикалық жағынан тығыз байланыста болғаны белгілі. Жақын әріптес әрі тату көрші ретінде Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстардың болашағы алдағы уақытта қалай өрбиді деп ойлайсыз?

– Дұрыс айтасыз, осы жылдың күзінде Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 25 жыл толады. Осы кезең ішінде екі ел арасында көптеген маңызды оқиғалар болды, болашақта жан-жақты іс-қимылдарды жүйелі түрде күшейтудің салмақты базасы қалыптасты.

Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының қазіргі қатынастарының негізін түсіну үшін, олардың болашақ дамуын болжау үшін 25 жылға артқа шегініп, Ресей мен Қазақстан егемендік алған кезеңге дейінгі уақытқа үңілген артық болмас еді. Кеңес Одағы құрамындағы одақтас республикалардың бірігіп өмір сүру тәжірибесі саяси, гуманитарлық және экономика салаларында мүдделер тоғысуы мен даму ортақтығының алуан түрлі формаларына толы болды.

Қазақстанның 80-жылдардың соңында гуманитарлық салада қол жеткізген жетістіктері таң қалдырған. Республика халқы жаппай сауатты болды, 56 жоғары оқу орны, 260 орта арнаулы білім беру мекемесі жұмыс істеді, 7 миллионға жуық адам білім берудің барлық түрімен қамтылды. Ұлттық мәдениеттердің бір-бірімен терең сіңісіп, ортақ мемлекеттің кең ауқымына шығуы орын алды. Ресей-қазақстандық контексінде қос республика интеллигенциясының, олардың шығармашылық одақтары мен ғылым академияларының тығыз байланысы, білім беру жүйелерінің ортақтығы мұның тікелей мысалы болды. Мәдени тұрғыда Абай, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин және басқа да қазақтың ұлы тұлғаларының еңбегі орыс тілінде басылып шығуы арқылы әлемдік танымалдыққа жеткенін атап өткен жөн. Қазақстан театрлары мен «Қазақфильм» киностудиясының өркендеуі байқалды.

Экономика саласында ерекше жарқын көрініс қалыптасты. Сарапшылардың бағалауына сүйенсек, КСРО халық шаруашылығы кешенінің құрамындағы даму кезеңінде Қазақстан аса маңызды экономикалық аймаққа айналды. 1917 жылғы революцияға дейін Қазақстан өнеркәсібінде 15 сала болса, 30-шы жылдардың орта тұсында – 30, ал 80-ші жылдардың соңында 230-дан астам, соның ішінде машина құрастыру мен металл өңдеудің 65 саласы болды.

ҚР-ң бүгінгі астық өнімділігінің негізін қалаған 25 млн. гектар тың жерлердің игерілуінің арқасында өнеркәсіп өнімдерінің үлесі 8,9 есеге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 6,2 есеге, құрылыс көлемі 8 есеге жуық ұлғайды. 1990-жылдардың басында Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағындағы түсті металлургия мен көмір өнеркәсібінің басты базасының біріне, астық тауарларын өндіретін және экспорттайтын аса ірі аймаққа айналды.

КСРО Конституциясында жазылған одақтық республикалардың бөлінгенге дейінгі өздерін өздері билеу құқығын іске асыруы 1991 жылы бұрынғы Кенес Одағының орнында жаңа тәуелсіз мемлекеттерінің пайда болуымен жүзеге асырылды. Бұл орайда, дәстүрлі экономикалық байланыстар және Қазақстанның Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың экономиканы саясаттан бірінші қойған мемлекеттік даналығы аса зор оң ықпалын тигізді.

1991 жылғы 17 тамызда-ақ Қазақстан мен Ресей президенттері Алматыда өткен кездесуде «Ортақ экономикалық кеңістік туралы» бірлескен мәлімдеме қабылдап, бұрынғы одақтас республикалардың экономикалық келісім тұжырымдамасын жасап шығаруды ұсынды. Бұл қадам сол жылы желтоқсан айында КСРО-ң өмір сүруінің тоқтап, жаңадан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуы туралы жариялаған 11 мемлекет басшыларымен Алматы декларациясының қабылдауына жол ашты. 1992 жылдың 22 қазанында РФ мен ҚР арасындағы өкілетті өкілдермен алмасу Протоколына қол қою сәтінен бастап Ресей мен Қазақстан қарым-қатынастарының ынтымақтас егемен мемлекеттер ретіндегі тарихы басталды. Осы тектес байланыстар уақыт сынына төтеп беріп, қазіргі таңда стратегиялық әріптестіктің жарқын үлгісіне айналды.

Бұл кезең ішінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық салаларын дерлік қамтыған берік құқықтық-нормативтік база қалыптасты. Солардың ішінде Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт (1992 жылғы 25 мамыр), XXI ғасырға бағдарланған Мәңгілік достық және одақтастық туралы декларация (1998 жылғы 6 шілде), XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт (2013 жылғы 11 қараша) сынды құжаттарды ерекше атап өтуге болады. 300-ге тарта меморандум мен келісім жасалды, түрлі қызмет салаларындағы ұлттық заңнамалар бірегейлендірілді. 2016-2018 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл туралы жоспар, 2020 жылға дейінгі Ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы, 2012-2017 жылдарға арналған Өңіраралық және шекаралық ынтымақтастықты дамыту шараларының бағдарламасы мен жоспары табысты жүзеге асырылуда.

Қазақстан мен Ресей әріптестігінің стратегиялық деңгейіне екі ел басшыларының арасындағы өзара саяси сенім мен дәстүрлі достық қарым-қатынас оң ықпалын тигізіп келеді. Жалпы алғанда, 2015 жыл мен 2017 жылдың басы аралығында екі мемлекеттің президенттері ресми сапарлар мен халықаралық шаралар аясында жиырмадан астам кездесу өткізіпті. Еуразиялық үкіметаралық кеңес пен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі отырыстарының аясында РФ мен ҚР-ң Үкімет басшыларының және Үкімет төрағаларының бірінші орынбасарларының кездесулері өтеді. Ресей мен Қазақстанның сыртқы саяси қызметтерінің ынтымақтастығы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Былтыр 2017-2018 жылдарға арналған Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар жоспарына қол қойылды.

Парламенттік желі бойынша байланыстар белсенді түрде дамуда. 2016 жылғы мамырда Астанаға Ресей Федерациясы Федералдық жиыны Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко келді, ал желтоқсанда Ресейдің Мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володин алғаш рет Қазақстанға ресми сапар жасады. Өткен жылдың мамыр айында Астанада және қарашада Санкт-Петербург қаласында отырыстары өткен «Ресей-Қазақстан» ынтымақтастығы жөніндегі парламентаралық комиссияның жұмысы жалғасын табуда. Ресей Президенті В.Путин Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты Ресей мен Қазақстан халықтарының арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан қомақты үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапаттады. Бұл Орден ҚР Парламенті Сенатының Төрағасына үстіміздегі жылдың наурызында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД ПА Кеңесінің отырысында тапсырылды.

Ресей мен Қазақстан Президент Н.Назарбаев 1994 ж. М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де сөйлеген сөзінде көтерген Еуразиялық интеграциялық үдерісінің белсенді қатысушылары болып табылады. ЕурАзЭҚ, Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік сынды сатылардан өткен бұл идея 2014 жылы 29 мамырда Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюға ұласты және 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді. Келесі интеграциялық қадамдар – ЕЭО-ның Армения мен Қырғызстанның есебінен кеңеюі, Одақ жұмысына қызығушылық танытқан халықаралық ұйымдар және көптеген мемлекеттермен байланыс орнату бұл ұйымның өміршеңдігі мен даму болашағын көрсетеді.

Өзіңіз көріп отырғандай, Ресей мен Қазақстан арасындағы еқіжақты қарым-қатынастар кең әрі алуан түрлі. Бүгінде дос елдердің алдында экономиканы әртараптандыру, инновациялық технологиялар енгізу, шетел инвестицияларын тарту, географиялық орнын тиімді пайдалану, сондай-ақ қуатты  интеграциялық бірлестік құру сынды ортақ мақсаттар тұр.

– Қазақстан мен Ресей үшін сауда-экономикалық қатынастардың маңызы ерекше. Алайда, соңғы 2-3 жылда бұл саланың біршама тежеліп қалуының себебі неде?

 – Барлығы да біз қалағандай мінсіз еместігін растаймын. Жаһандық экономикалық дағдарыстың шегі 2015-2016 жылдарға тап келгенін білесіз, соның салдарынан Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы азайып, шамамен 12,6 млрд. долларды құрайды. Елдеріміздің сауда-саттық көлемінің төмендеуіне, негізінен, мұнай мен энергия ресурстарының әлемдік бағасының құлдырағаны және соған байланысты Ресей мен Қазақстан экономикасының өсімі баяулағаны себеп болды. Өзара тауар айналымның азаюы сонымен қатар ұлттық валюталар бағамының төмендеуі нәтижесінде  доллар бағасының күрт көтерілуінен және соның салдарынан халық пен бизнестің сатып алу қабілетінің төмендеуі себебібен болды. Осыған орай, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне жүгінер болсақ, Қазақстанның басқа елдермен сауда қатынасының бұдан да төмен түскен кездері болғанын аңғарамыз. Осылайша, Қазақстан сыртқы саудасындағы Францияның үлес салмағы 2016 жылы 4,4%-дан 4%-ға  дейін, Германияның үлесі 3%-дан 2,8%-ға дейін қысқарды. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының біршама құлдырауы байқалады. Оның үлесі 2015 жылғы 13,8%-дан 2016 жылы 12,7% дейін азайды. Қазақстан мен ҚХР-дың сауда-саттық көлемі бір жылдың ішінде 25,4%-ға (Ресеймен – 16,2%-ға)  құлдырады, және бұл санкциялардың астында қалған Ресей экономикасының қысқарып, ал Қытай экономикасы, керісінше, өскен жағдайда орын алып отыр.

Соған қарамастан, Ресей Қазақстанның негізгі елдік сауда әріптестерінің ішінде бірінші орында тұр. Республиканың жалпы тауар айналымының 20 пайызы Ресеймен арадағы сауда-саттықтың үлесіне тиеді (салыстыру үшін: 2015 жылы Ресейге ҚР-ның сыртқы саудасының 19,7% үлесі тиесілі еді, 2016 жылы – 20,4%). Өз кезегінде Қазақстан Ресейдің сыртқы сауда әріптестерінің ішінде ТМД бойынша екінші орын алып отыр. Елдеріміздің дәл Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығы басқа әріптестермен арадағы қатынасқа қарағанда тауар айналымының азырақ қысқаруын қамтамасыз етті. 

– Екі елдің бірлескен кәсіпорындардың қатарын көбейту мүмкіндіктерін қалай бағалар едіңіз?

– Сауда-экономикалық қатынастардың баяулағанына қарамастан, инвестициялық және іскерлік байланыстарда жақсы нәтижелер бар екенін айтқым келеді. 1991 жылдан бергі аралықта Қазақстан экономикасына салынған ресейлік инвестицияның жалпы көлемі 10 миллиард доллар болса, Ресей экономикасына салынған қазақстандық инвестицияның көлемі 3 миллиардты құрайды. Қазақстандық бизнестің ресейлік әріптестерімен іс-қимылды дамытуға деген төмендемей тұрған құлшынысын қанағаттанарлықпен атап өткім келеді. Өткен жылы ҚР-да Ресейдің қатысуымен жұмыс істеп тұрған бірлескен кәсіпорындардың саны 20 пайызға артып, 7 мыңға жетті. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта үздіксіз өсіп отырады деуге толық негіз бар.

Бүгінде Қазақстан экономикасының көптеген салаларында жалпы сомасы 20 млрд.-тан астам доллар құрайтын 93 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Әсіресе, энергетика және көлік салаларында, тау-металлургиялық кешенде, машина жасау, кеме жасау, химия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сынды салаларда бірлескен инвестициялық жобалар жетерлік. Өнеркәсіпте, Қазақстанда автомобиль техникасын бірлесіп өндіру мен тасымалдау саласында ынтымақтастық жалғасуда.

– Ресми Астананың халықаралық мәселелердегі бітімгерлік бастамаларына, бірқатар халықаралық проблемаларды (Ресей мен Түркия арасындағы, Украинадағы жағдайларға, Сирия мәселесі бойынша келіссөздерге байланысты) шешуге қатысты мәмілегерлік рөліне, әсіресе  көз алдыңызда өтіп жатқан Астаналық келіссөздер процесіне қатысты көзқарасыңыз қандай?

– 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметін бастаған, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК сынды беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылатын Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосып келеді. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы бітімгер ретіндегі рөлі халықаралық аренада кеңінен танымал, ол туралы 2015 жылы Астанада жарық көрген «Бітімгер» («Миротворец») атты кітапта жақсы жазылған. Оны оқырмандарға оқуға кеңес берер едім. Ресей Президенті В.Путин әлемдегі дағдарысты еңсеруде Қазақстанның бітімгерлік әләуеті мен Қазақстан Көшбасшысының белсенді рөліне бірнеше мәрте жоғары баға берді.

Сондықтан Сирия үкіметі мен қаруланған оппозициясының арасында үнқатысуды жолға қою үдерісін қай жерде өткізу туралы сұрақ туындаған кезде ең оңтайлы орын ретінде Қазақстан астанасы – Астана қаласының  таңдалуы кездейсоқтық емес. Келіссөздердің үш раундының нәтижелеріне көз жүгіртсек, Астана процесі Женевадағы БҰҰ аясындағы сирияаралық келіссөзді алмастырмай, лайықты толықтырып, барлық тараптар үшін маңызды нәтиже әкелуде. Биылғы жылдың ақпан айында Алматыдағы Ресей мен Қазақстан басшыларының кездесуі барысында Владимир Путин Астанада Сирия мәселелері бойынша халықаралық кездесулерді табысты ұйымдастыруға жеке үлес қосқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді. Біздің Президентіміз объективті атап өткендей, Қазақстан елордасындағы келіссөздер кезінде бұған дейін болмаған нәтижелерге қол жеткізілді: Сириядағы атысты тоқтату режимін қадағалау тетігі жасалды, бұл Женева келіссөздерін жалғастыруға негіз болды.

– Биылғы жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құрылғанына 15 жыл толады. Ұйымның тарихы, міндеттері туралы, сондай-ақ осы ұйым аясындағы Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы туралы не айтар едіңіз?

– Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа 1992 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында ТМД-ға мүше алты мемлекеттің – Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің басшылары қол қойған болатын. Оған 1993 жылдың қыркүйек айында Әзербайжан, ал сол жылдың желтоқсан айында Грузия мен Беларусь елдері де қосылды.

2002 жылғы 14 мамырда, 15 жыл бұрын, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдерінің басын біріктірген Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) құрылды. 2006 жылдың маусымында «Өзбекстан Республикасының ҰҚШҰ-ға мүшелігін қалпына келтіру туралы» шешім қабылданды. Бірақ 2012 жылдың желтоқсанында бұл елдің мүшелігі тоқтатылды. Қазіргі таңда ҰҚШҰ құрамына 6 мемлекет кіреді: Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан.

2002 жылдың 7 қазанында Кишиневте ҰҚШҰ Жарғысы қабылданды. Жарғыға сәйкес, аталған Ұйымның басты мақсаттары бейбітшілікті, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті, тұрақтылықты нығайту, ұжымдық негізде мүше-мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және егемендігін қорғау болып табылады. Бұл мақсаттарға жетуде мүше мемлекеттер басымдықты саяси құралдарға береді.

Ұйымның дамуы барысында оның жарғылық құжаттардан бөлек 80-нен астам түрлі келісімдер мен протоколдарды қамтитын келісімшарттық-құқықтық базасы нығаюда.

2004 жылдан бері ұйымның БҰҰ Бас Ассамблеясында байқаушы мәртебесі бар. 2010 жылы Мәскеуде БҰҰ мен ҰҚШҰ хатшылықтарының арасында Ынтымақтастық туралы бірлескен декларация қабылданды, онда екі ұйымның өзара іс-қимылын, атап айтқанда, бітімгерлік бағыттағы жұмыстарын үйлестіру қарастырылған. Оны дамыту мақсатында 2012 жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте ҰҚШҰ Хатшылығы мен БҰҰ Бейбітшілікті қолдау жөніндегі Операциялар департаменті арасында өзара түсінушілік туралы меморандумға қол қойылды. 2016 жылдың қарашасында өткен БҰҰ БА 71-ші сессиясы барысында БҰҰ мен ҰҚШҰ арасындағы ынтымақтастық туралы резолюция қабылданды. Бұл құжатта ҰҚШҰ өзінің жауапкершілік аумағындағы кең ауқымды сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге адекватты түрде жауап бере алатын ұйым ретінде қарастырылған. БҰҰ ҚК Контртеррористік комитеті, БҰҰ есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасын қоса БҰҰ-ның басқа да құрылымдармен нәтижелі байланыстар орнатылуда.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ШЫҰ, ЕҚЫҰ, Ислам Ынтымақтастығы ұйымы, Халықарарлық көші-қон ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдармен арадағы байланыстырды жалғастыруда.

ҰҚШҰ парламенттік өлшемі дамуда. 2006 жылғы қарашада ТМД Парламентаралық Ассамблеясы базасында Санкт-Петербург қаласында ұйымның парламентаралық ынтымақтастық органы болып табылатын ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы (ҰҚШҰ ПА) құрылды. Үстіміздегі жылдың наурыз айында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт жасалуының 25 жылдығы, Ұйымның құрылуының 15 жылдығы және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеяның 10 жылдығының аясында өткен ҰҚШҰ ПА Кеңесінің кезекті отырысы қатысушыларының Ресейдің солтүстік астанасында қайта жиналуының символдық мәні бар.   

Санкт-Петербургтегі жиында Ресей мен Қазақстан және ҰҚШҰ-ң басқа мүше мемлекеттері өздерінің алдында тұрған ортақ міндеттерін қолдайтындарын кезекті мәрте жеткізді. Олар: ұйымның ұжымдық қауіпсіздік жүйесін әрі қарай жетілдіру, тығыз қарым-қатынасқа және шиеленіс жағдайларын шешуде диалог этикасына бағыт алу, сонымен қатар халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күресте күш біріктіру. Отырыста сөз алған Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның Еуразиядағы әскери-саяси қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөліне жоғары баға беріп, ҰҚШҰ әлеуетінің және Ұйымға мүше-мемлекеттерінің әріптестігі нығаюының Қазақстанның мүддесіне толық сай келетінін, оны Қазақстан Президенті Н.Назарбаев назарында ұстап отырғанын атап өтті.

– Қазақстанда тұратын орыстардың тыныс-тіршілігіне қатысты қандай пікірдесіз? Ресейдегі қазақтарға, сонда білім алып жатқан қазақстандық студенттерге қаншалықты жағдай жасалған?

– Тарихи қарым-қатынастарымызға байланысты, бүгінде екі ел шекарасының екі бетінде де қазақтар, орыстар, аралас отбасылар өмір сүруде. Бүгінде Қазақстан өңірлерінде тұратын ресейлік отандастардың саны 3,5 миллионнан асады. Олардың көпшілігі біртұтас көпұлтты Қазақстан халықының бір бөлігі бола тұра этномәдени бірлестіктер аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына белсене араласады және сонымен бірге өздерінің өзіндік қасиеттері мен мәдени-тілдік ерекшеліктерін сақтап келеді. Бұл толықтай Ресей мен Қазақстан арасындағы қол қойылған XXI ғасырдағы Тату көршілік және одақтастық туралы шарттың болмысына сай келеді. Бұл шарт, атап айтқанда, екі мемлекеттің аумағында өмір сүретін ұлттық азшылықтар мен этностық топтардың этностық, тілдік, мәдени және діни төлтумалығын сақтауды қамтамасыз етудің және де сол төлтумалықты сақтау мен дамыту үшін жағдай жасаудың қажеттілігін көрсетті. Қазақстандағы орыстардың тыныс-тіршілігі осы шартта көрсетілген дүниелерге толық жауап береді деп санаймын.

Бұл ретте, орыс ұлты өкілдерінің, яғни Қазақстан азаматтарының басқа қазақстандықтармен бірдей өмір сүріп жатуы – табиғи нәрсе. Дегенмен, Қазақстанда тұрғылықты тұратын Ресей азаматтарына қатысты ерекшеліктер бар. Ресей азаматтарының бұл категориясы әзірше өздерінің отандастары – Қазақстан азаматтары сияқты толыққанды құқықтарды иеленбеген. Бұл, бірінші кезекте, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне қатысты. Біздің білуімізше, қазіргі таңда Қазақстанда денсаулық сақтау туралы заңнамаға өзгерістер әзірленуде. Осы өзгерістер бойынша, республика аумағында тұрғылықты тұратын шетел азаматтары Қазақстан азаматтарымен бір деңгейде тегін медициналық сақтандыруға және тегін медициналық көмекке қол жеткізе алады. Бұл мәселенің шешілуі біз үшін өте маңызды, себебі ол Қазақстанда тұратын Ресей азаматтарына тұрғылықты жерлері бойынша емханаларда ем қабылдауларына, сонымен қатар созылмалы науқастарға берілетін инсулин, астмалық препараттар сынды ерекше дәрі-дәрмектерді алуларына мүмкіндік береді. Яғни, Ресейде тұрғылықты тұратын Қазақстан азаматтары сияқты құқықтарға ие бола алады. Аталған өзгерістер көп ұзамай күшіне енеді деп үміттенеміз.

Заңды тұлғаны құрусыз жеке кәсіпкерлікті (ЖК) жүзеге асырушы ретінде Қазақстанда тұрғылықты тұратын Ресей азаматтарының еңбек қызметтеріне қатысты сұрақтарды шешуде жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. 2017 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген Қазақстан республикасының Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес ЖК ретінде тіркелу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілген: қызметтің өзі хабарландыру тәрітібіне көшірілді, ал жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу туралы куәлік жойылды.

Екінші сұрағыңызға келер болсам, Ресей Федерациясының Үкіметі біздің еліміздегі қазақ ұлтының өкілдеріне және Қазақстан азаматтарына барынша ыңғайлы жағдай туғызуға барлық мүмкіндіктерді жасап жатқанын атап өткім келеді. Ресейде 1996 жылы қабылданған «Ұлттық-мәдени автономиялар туралы» Заңның арқасында біздің еліміздің аумағында тұрып жатқан 70 мыңнан астам адамды қамтитын қазақ диаспорасының мүддесін білдіретін Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясы жылдар бойы табысты жұмыс істеп келеді. Посткеңестік кеңістікте басқа ұлттың өкілдері үшін өзін сәйкестендірудің мұндай форматтарын ұйымдастырған бір де бір елді атай алмаймын. Ресейдің Қазақстанмен шекараласатын облыстарындағы қазақша білім беретін мектептер, ондаған қазақ этномәдени орталықтары мен бірлестіктерінің болуының айтарлықтай маңызы бар.

Елдеріміздің арасында жасалған 2003 жылғы Үкіметаралық келісімдерге сәйкес, Ресей тарапы Қазақстан азаматтарының біздің еліміздегі жоғары және орта-техникалық мекемелерінде білім алуына грант бөліп келеді. Осылайша, мысалы 2016-2017 оқу жылында Ресей федералдық бюджеті қаржысының есебінен 452 Қазақстан азаматы оқуға қабылданды. Биыл Ресейде тегін білім алуға ниет білдірген үміткерлерден түскен өтініштердің максималды саны тіркелді: тиісті конкурсқа қатысқандардың қатары 2200 адамды құрады. Тағы бір мәселені атап өткім келеді. Грант бөлуден бөлек, қазақстандық талапкерлер үшін Ресей ЖОО-на түсуге Ресей азаматтарымен бірдей жағдай жасалған. Барлық талапкерлердің тегін оқыту формасына қабылдану мүмкіндігі тең, әрі олар тек емтихан нәтижелері бойынша анықталады. Бұл жағдайда үміткерлердің азаматтығы ескерілмейді.

– Екі елдің мәдени саладағы байланыстарын қалай бағалайсыз?

– Ресей мен Қазақстан басшылығының үйлесімді іс-қимылдарының арқасында елдеріміздің арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы байланыс та жоспарлы түрде дамып келеді. Біздің елдің Мәдениет министрлігі мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі арасындағы 2014-2016 жылдарға арналған Ынтымақтастық бағдарламасы өзінің маңыздылығын дәлелдеді. Бағдарламада шығармашылық одақтар, театрлар, музейлер арасында, әдеби және тәржіма саласында, кинематографияда, халық шығармашылығында, кітапхана ісінде байланысты кеңейту қарастырылған. Өткен жылдың қыркүйегінде Мәскеуде тараптар Бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2017-2019 жылдарға дейін ұзартуға шешім қабылдады. Ал үстіміздегі жылдың ақпан айында Ресейдің Мәдениет министрі Владимир Мединский мен ҚР-ң Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанада аталған Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. Ресей Мәдениет министрінің Қазақстан астанасына келуі аясында елдеріміздің кинематограф саласындағы қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған Ресей киносының күндері өтті. Наурыз айында Қазақстанның Ұлттық музейінде дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орайластырылған «Ресей және Қазақстан: мәңгілік достық стратегиясы» атты ауқымды көрме ұйымдастырылды. Сәуірдің ортасына дейін қазақстандықтар мен Астана қонақтары Ресей мен Қазақстанның ұлттық мұрағаттарынан алынған 300-ге жуық құжатты қамтыған бірегей экспозициямен таныса алды.

Дәстүрлі заманауи өнердің үздік үлгілерін дәріптеп жүрген Ресей мәдениетінің Қазақстандағы өкілдерінің атқарып жүрген істерін атап өтпеске болмас. Қазақстан астанасында өткен 14-ші Мәскеулік Пасха фестивалі аясында дирижер Валерий Гергиевтің басқаруымен қойылған Санкт-Петербургтің Марииндік театры Симфониялық оркестрінің концерті, сонымен қатар Санкт-Петербургтегі В.Эйфман Академиялық балет театрының гастрольдік сапармен келіп, «Астана-Опера» театрының сахнасында алғаш рет «Евгений Онегин» балетін қоюы – менің есімде қалған шаралар.

Қазақстандықтар Сергей Безруковтың көркемдік жетекшілігімен келген Мәскеу Губерния театрының, Ресей армиясы академиялық театрының, Новосібір опера және балет театрының, Якутия академиялық театрының әртістерін және басқа да ұжымдарды үлкен қонақжайлылықпен қабылдады.

– ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында қандай шаралар өткізу жоспарланған?

– 2017 жылдың жазында Астанада Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесі ашылады. Көрменің аясында Ресей күндерін, Мәскеу күндерін, Пенза облысының күндерін, басқа да өңірлердің күндерін өткізбекпіз. Эрмитаждың көрмесін, еліміздегі Санкт-Петербургтің Марииндік және Михайловский театрларының гастрольдік сапарларын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Астанаға А.П.Чехов атындағы Мәскеу Көркемөнер театрының келуі бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, жеткіншектер арасында П.И.Чайковский атында фортепианодан, скрипка мен виолончельден конкурс өтеді.

Өзіңіз байқағандай, екі елдің арасындағы мәдени байланыстар өте берік әрі жан-жақты деуге болады. Әрине, алдағы уақытта оны дамыта беруіміз керек. Мәдени алмасуларды белсенді түрде жүргізу керек, концерт, фестивальдарды, әртістердің гастрольдерін ұйымдастыруды ынталандыру, бірлескен гуманитарлық жобаларды дамыту қажет, Ресей-Қазақстан қатынастарының тарихына қатысты құжаттардың көбірек жариялағанымыз, екі ынтымақтас мемлекеттің халықтары арасындағы қатынастар жайлы көркем көріністерді түсіргеніміз жөн. Достық пен өзара түсіністік дәстүрлерін нығайту – Ресей-Қазақстан қатынасының жарқын болашағының кепілі.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»