Әлбетте, мұның бәрі өткен 25 жылда өздігімен бола салған жоқ. Бұған біз Елбасының ұйытқы болуымен Тәуелсіздіктің белгілі бір кезеңдерінде арнайы жоба-жоспарларды жүзеге асыру арқылы, сол жобаларға халықты тікелей қатыстыру арқылы қол жеткіздік. Дағдарып қалған посткеңестік қоғамның назарын бір арнаға бұру, ортақ мақсатқа жұмылдыру тұрғысынан өз уақытында аса маңызды идеологиялық міндет атқарған бұл жобаларды мазмұн-сипатына, көтерген жүгіне қарай екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Оның бірінші кезеңі, әрине, 90-жылдарға тиесілі.
Есімізде болса, Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында әр жылды нақты бір тақырыпқа арнап отырды. Мәселен, 1995 жылы Қазақстан халқы Ұлы Абайдың 150 жылдығын атап өтсе, 1997 жыл «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» деп аталды. Ал 1998 жыл «Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы» ретінде жарияланды. Осылайша, 70 жыл бойы кеңестік идеология қамытын киіп келген халықтың жадын жаңғыртып, тарихындағы ақтаңдақтарын тануына мүмкіндік туды. Жаңа ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы бұрын бүркемеленін келген ақиқаттар ашылып, тың тақырыптарды қозғаған сүбелі еңбектер көптеп жарыққа шықты. Ұмытыла бастаған мәдени-рухани құндылықтарымыз қайта оралды. Нәтижесінде, санада сілкініс жасалды. Ұлттық рух осылай оянды. Бұл екі ғасырға жуық уақыт бұрын өзін өзі басқару құқығынан айырылған, патшалық Ресейдің отарында, кейіннен Кеңес өкіметінің құрсауында болған және тәуелсіздігін енді ғана алған еліміз үшін аса маңызды процесс еді.
Бірақ ел болып кету үшін ұлттық рухтың оянуы жеткіліксіз. Халық өз күшіне, әлеуетіне сенім артуы және оны жүзеге асыруы тиіс. Сондықтан, келесі кезеңде Елбасы біртіндеп елімізді мультипликативті әсер беретін халықаралық жобаларды жүзеге асыруға жетеледі. Бұл орайда, ең алдымен, ойға оралатыны – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық және оның Астана саммиті, одан кейін Астана мен Алматыда өткен 11-ші қысқы Азия ойындары және қысқы Универсиада.
Осы тұста сәл кейін шегініп, аталған жобаларды елімізде өткізу идеясы ортаға тасталған кезде басым көпшілігіміз қарсы болғанымызды еске ала кеткен артық болмас. «Дағдарыс кезінде сонша қаржы жұмсап шығындалудың не қажеті бар?» деген сауал бәріміздің көкейімізде тұрды. Ашық айтылып та жатты. Бірақ нақ осы жобалар елімізге, жалпы, қоғамға оң ықпалын тигізгенін көпшілігіміз байқамай да қалдық. Мысалы, ЕҚЫҰ саммитін өткізу ісіне халық тікелей қатысқан жоқ, бірақ осындай аса ауқымды халықаралық жиынды өткізе алатынымызға көз жеткіздік. Ал Азиаданы және күні кеше Алматыда өткен Универсиаданы өткізу барысына халықтың белгілі бір бөлігі, соның ішінде жастар волонтер ретінде ұйымдастыру жұмыстарына тікелей тартылды. Спортқа талабы бар қаншама өреніміз бақ бен бап сыналған сәттерді өз көзімен көріп, жүрегіне от жақты. Жарыстарға көрермен болып барған бұқара халық та кімнің қай ұлт екеніне қарамастан, бәріміз бір командаға – Қазақстанның спортшыларына жанкүйер болдық. Жеңісті сәттерге бәріміз бірдей мерейлендік. Ұлтаралық бірлігіміз осылай нақты көрініс берді. Бұл бір. Екіншіден, осындай халықаралық іс-шараларды табысты жүзеге асыру елдің өз әлеуетіне, күш-қуатына деген сенімін нығайтты.
Үшіншіден, қоғамда халықаралық шараларды атқару мәдениеті қалыптаса бастады, ағылшын тілін үйреніп жүрген студенттерге аз күнге болса да тіл білімін практикалық деңгейде қолдану мүмкіндігі туды.
Төртіншіден, бірнеше күнге созылған, шетелдіктер көп келген мұндай үлкен іс-шаралар халыққа сервистік қызмет көрсету секторындағы шағын кәсіпкерліктің дамуына да оң ықпалын тигізді. Мысалы, Алматыда Универсиада нысандарының құрылыс жұмыстары 1550 шағын және орта бизнес субьектісін тапсырыспен қамтамасыз етіп, осы кезеңде 30 мыңнан аса жұмыс орны ашылған.
Енді, міне, алдымызда бірнеше айға созылатын ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу сынды аса жауапты міндет тұр. Бұл көрменің елімізге келтірер пайдасы бұған дейінгі жобалардан да зор болмақ. Өйткені, ол нақты қаржы түріндегі экономикалық табыспен ғана емес, игілігі алдағы жылдары айқын білінетін, қоғамның барлық саласына тигізетін мультипликативтік әсерімен өлшенетін болады.
Айбын Шағалақ,
«Егемен Қазақстан»