Аймақтар • 30 Сәуір, 2017

Алты Алаштан – Ассамблеяға

195 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сайып келгенде, Алты Алаш деген сөзіміз де – Ассамблея. Тек, мұнда түбі бір түрік жұртын ғана емес, алты құрлыққа жайылған адамзат ұрпағының барлығын алтын шаңырақ астына бір атаның баласындай біріктіре алатын ұлы бірлік бар. Осы сөзіміздің айғағындай, мереке қарсаңында Қарағанды шаһарын мекен еткен түрлі ұлттар мен ұлыстар «Достық үйіндегі» дөңгелек үстелде мәслихат құрды.

Алты Алаштан – Ассамблеяға

«Бірлігі бекем ел мықты!» деп аталатын жиын бүгінгі бейбіт өмір мен келісімнің бұдан әрі нығая түсуіне бар күш-жігерлерін жұмсайтынын жария еткен отандастар ойларын ортаға салуға мүмкіндік берді. Тұрақтылықты тұғыр етіп, елдіктің еңсесін тіктеуде Елбасы ұсынған рухани жаңғыру саясатын берік ұстанатындықтарын баршаға жария еткен қарағандылықтар іс-шарадан ілгері қадам алды. Аталған алқалы жиынға аймақ басшысы Ерлан Қошанов арнайы қатысып, Бірлік мерекесі алдында жиналған жұртшылыққа риясыз ықыласын білдірді. Аймақ басшысы қатысушыларды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлы ХХV сессиясынан кейінгі бұл басқосудың тарихи маңызына тоқталды. — Президент біздің қоғамның даму кезеңдерін айқындап берді. Елбасы жүйелі жаңғыру туралы айтты. Ол – үшеу. Яғни, экономикалық жаңғыру, саяси жаңғыру, рухани жаңғыру. Мемлекет басшысы айтқандай, осындай «жүйелі жаңғыру біздің бүкіл жұмыстарымыздың өзегіне айналды». Яғни, жаңғырудың негізі де, түп тамыры да – тұрақтылық, бірлік, келісім. Ассамблеядан кейін, қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның алғашқы отырысына қатыстық. Біз де өзіміз – облыста, барлығымыз бірігіп, осы орайда кешенді әрі жүйелі жұмысқа кіріссек деймін, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов. Сонымен қатар, облыс әкімі ұлттық мәдени бірлестіктердің келісімді, ұлтаралық татулықты нығайтудағы игі істерін де назардан тыс қалдырмады. Шараның да атауы соған негізделген. Бірлігі мықты елдің, рухы да күшті боларын тілге тиек етті. Осы жылдар аралығында еліміз ынтымаққа айрандай ұйыды. Бұл істе Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі зор. Елбасының бағдарламалық мақаласы Ассамблеяның рухани жаңғыруына да жол ашпақ. 

Бұдан соң бірқатар ұлттық-мәдени бірлестік өкілдері, кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына аймақ делегациясының құрамында қатысқандар ойларын ортаға салды. Өзара пікір алмасып, сессияның тың серпін, зор қуат бергенін атап өтті. Сессияда Мемлекет басшысының сөзінен ойларына шуақ алған қауым алдағы уақытта ел бірлігін арттыруға аянып қалмайтындықтарын айтты. Сөз алғандардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ғылыми-сараптау тобының жетекшісі В.Молотов, Жезқазған қаласы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, білім меценаты Б.Алтынбеков, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ конвертор цехының жұмысшысы Д.Захаров, демократиялық күштер коалициясының мүшесі М.Ақәділова, «ЭКСПО&Women» халықаралық қоғамдық ұйымы Қарағанды филиалының жетекшісі А.Сахарова және тағы да басқа ұлттық бірлестік өкілдері, спортшылар, өндірісте еңбек етіп жүргендер бар. ҚХА ғылыми-сараптама тобының басшысы Вилен Молотов Лучанский айтқандай, біздің, яғни этно-мәдени бірлестіктердің, сарапшы қауымдастықтың алдында жаһандық идеологиялық бәсекелестікке қабілетті бола білуде тиімді әдістерді меңгерудің зор міндеті тұр. Сыртқы күштер жаңа ақпараттық технологияларды қолдана отырып қоғамды ірітіп-шіріту үшін неше түрлі соғыстар жүргізіп жатыр. Бұл біздің тұрақтылығымызға нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан Елбасымыз әр маңызды жиында осы жайттардың алдын алу қажеттілігін бізге міндеттеп отырады. Жиынға өң берген жайттардың бірі – өңірлердегі түрлі ұлт өкілдерінен құралған көркемөнерпаздар тікелей байланысқа шыққаны болды. Лебіздерін жеткізіп, оның соңын әнмен, күймен өріп отырды. Шараға қатысқан түрік қызы Расул Азами өзін «қазақпын!» деп, жастарды елді құрметтеп, оның тарихын білуге шақырды. Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» поэмасынан үзінді оқып беруі көпшіліктің жүрегіне шуақ ұялатты. 

Азамидің де айтқан лебізін айнытпай ұсынуды жөн көрдік: – Сонау 1944 жылы ата-әжем Қазақстанға келген. Содан бері қазақ жеріндеміз. Мен өзім түрік болсам да, «қазақпын» деймін. Мен Қазақстанда туғаныма мақтанамын. Сондықтан, жастарды елдің тарихын білуге, оны құрметтеуге шақырамын. Сонымен қатар, Ерлан Қошанов «Шағын Отан» жобасы бойынша өз ұсыныстарын білдірді. «Біздің қалалар мен көптеген ауылдарымызда жақсы дәстүр бар. Мектеп бітіріп кеткен түлектер, он жылдықта, жиырма, отыз жылдықта өздері білім алған оқу ордасында жиналып, ауылға көмек қолын созу, мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды игі істер атқарады. Ос дәстүрді бүкілхалықтық дәрежеге көтерсек қалай?» деді әкім. 

Кездесу соңында облыстық ҚХА мүшелері Мемлекет басшысының рухани жаңғырту жиынтығын міндеттерді іске асыру үшін барлық күш-жігерін салуға тұрғындары үшін Үндеу қабылдады. Кездесу соңында облыстағы түрлі ұлттық мәдени бірлестіктерге әкімнің арнайы сыйлықтары табысталды. Жиырма төрт этно-мәдени бірлестік 700 мың теңге көлемінде сыйақы алды. 

Мирас АСАН, 

«Егемен Қазақстан» 

ҚАРАҒАНДЫ