Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Үкiметінiң алдына 2015 жылы ішкі жалпы өнімнің мөлшерін әр адамға шаққанда 15 мың АҚШ долларына дейiн жеткізе отырып, табыстарының деңгейi жоғары елдердiң тобына кiру міндетін қойған болатын. Ол үшін орта мерзімді кезеңде жыл сайын экономиканың өсу қарқыны 7 пайыздық деңгейде қамтамасыз етілуі керек.
Осыған орай Экономикалық даму және сауда министрлiгі мемлекеттік органдармен бірлесіп 2011-2015 жылдардағы экономиканың 7 пайыз өсуiн қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын, сонымен бiрге осы өсуді қамтамасыз ететін ішкі жалпы өнім құрылымындағы салалар дамуының индикативтік көрсеткiштерiн әзірледі.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі отырыста осы мәселенің жобасы қаралып, мақұлданды.
Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов жоспарды әзірлеу барысында нақты сектор салаларындағы көрсеткіштерде 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламаларда айқындалған салаларды дамыту индикаторлары ескерілгендігін, оларды іске асыру бағдарламаларда көзделген инвестициялық жобалардың есебінен болжанғандығын айтып өтті. Сондай-ақ, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін Индустрияландыру картасына сәйкес қосымша инвестициялық жобаларды іске асыру мен жаңа өндірістерді енгізу мәселелері де қарастырылып отыр.
Бұл қазақстандық индикаторлық болжамдар 2011 жылы әлемдiк экономиканың өсуiн 4,4 пайызға, 2012 жылы 4,5 пайызға, 2013-2015 жылдары жылына орташа 4,0 пайыз, 2011 жылы Brent мұнайының әлемдiк бағасының деңгейі 80 доллар, 2012 – 2015 жылдары 70 долларға болжайтын әлемдік конъюнктураның негізінде әзірленіпті.
Осыны негізге алған еліміздің бірқатар iрi салаларындағы дамудың болжамды көрсеткіштер деңгейі төмендегідей болып шыққан.
Мәселен, 2011-2015 жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнiмнiң көлемi орташа 4-5 пайызға өседі деп болжанса, өнеркәсiп өндiрiсiнің өсу көрсеткiші негiзiнен ағымдағы жылғы 6 пайыздан 2015 жылға 9,1 пайызға дейiн ұлғаяды деп жоспарланған. Баяндамашының пікірінше, өңдеу өнеркәсiбіндегi өндiрiстiң өсу қарқыны (орташа 10 пайыздан көп) тау-кен өндiрісі секторындағы өсуден жоғары болуы тиіс. Ал құрылыс саласындағы өсу 2011 жылы 2,5 пайыз, 2012 жылы 3,1 пайыз деңгейінде айқындалған. Сауда көлемiнің өсуі ағымдағы жылы 12 пайызды, ал 2012-2015 жылдар аралығында 8-10 пайызды құрайды деп болжанған.
Міне, осындай жағдайда өнеркәсіп өндірісі көлемінің нысаналы параметрлер шегінде ұлғаюын қамтамасыз ету үшін көлiк қызметiнің жыл сайынғы даму деңгейі 7-8 пайыз аралығында болуы керек. Ақпарат және байланыс қызметтерi жыл сайынғы өсімі 7-9 пайыз болады деп жоспарланған.
Нақты сектор және көрсетiлетiн қызметтер салаларының осылайша даму серпiндерiн ескере отырып, ІЖӨ-нің нақты өсуiнің деңгейі 2011 жылы 7,0 пайыз, 2012 жылы – 6,9 пайыз, 2013 жылы – 6,5 пайыз, 2014 жылы – 7,1 пайыз, 2015 жылы 7,4 пайыз деңгейінде бағаланды, бұл 2011-2015 жылдары жыл сайын орташа 7,0 пайызға өсуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, шикізаттық емес салаларды белсендi дамыту есебінен жылдық даму деңгейін 7 пайыздық мөлшерден арттыра отырып қамтамасыз етудің мүмкіндіктері де ескерілген.
Қайрат Келімбетовтің айтуынша, жұмыспен қамтылған халық саны 2015 жылы 8,5 миллион адамға дейiн өсуі керек.
2011-2015 жылдардағы сыртқы сауда айналымының жыл сайын орташа өсімі 7 пайыздан асатын болады. Бұған негізінен экспорттың көлемін 5 пайызға, ал импорт көлемін 10 пайызға ұлғайту арқылы қол жеткізілмек.
Осындай экономикалық өсім деңгейінен көріну үшін ол ең алдымен жеткiлiктi экономикалық ресурстармен (инвестициялар, еңбек ресурстары, энергия ресурстары, инфрақұрылым) қамтамасыз етілуі тиіс.
Алдын-ала есептеулер бойынша негізгі капиталға салынатын инвестициялардың көлемi 2011-2015 жылдары 2010 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 58,5 пайызға дейін өсіп, 2015 жылы 7,6 триллион теңгеге дейiн жететін болады. Бұл үшін Экономикалық даму және сауда министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры экономикаға шетелдiк капиталды (инвестициялар, қарыздар және тағы басқалар түрiнде) тарту жөніндегі іс-қимыл жоспарын пысықтауы керек.
Сонымен қатар, экономиканың өсуі электр энергиясын тұтынудың ұлғаюымен қатар жүретіндігі де қарастырылған. Бұл үшін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Мұнай және газ министрлігі электр энергиясын өндіруді, сондай-ақ энергия тиімділігін ұлғайту мүмкіндігін ескере отырып, экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуі тиіс.
Тұтастай алғанда экономика салаларының нысаналы көрсеткіштер шегінде дамуы сыртқы және ішкі жағдайларға тәуелді болатыны түсінікті. Сондықтан Үкімет отырысында сыртқы конъюнктура нашарлаған жағдайда жаңа амалдар қолдана отырып жұмыс істеу үшін баламалы жоспардың да болуы қажеттігі атап көрсетілді. Осыған байланысты Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қойған сұрағына орай Қайрат Келімбетов мұндай жоспардың да әзірлену үстінде екендігін, келесі Үкімет отырысына дейін оның дайын болатындығын жеткізді. Осыған орай ақша-кредит саясаты бірінші кезекте бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Өйткені, әлемдік тауар рыноктарындағы ахуал елеулі ауытқуларды көрсетіп отыр. Ағымдағы жылдың сәуір айының бас кезінде Brent маркалы мұнайға баға бір барреліне 125-127 АҚШ долларына дейін жеткен еді. Қазір баға 110,0 доллар деңгейінен төмен түсіп кетті. Бұл бағаның көтерілуінің де, күрт төмендеуінің де ықтимал екендігін білдіреді. Сондықтан, Үкімет отырысында Қайрат Келімбетов 2011 жылдың бюджетін нақтылауды ағымдағы жылдың екінші жартысына қалдыруды сұрады.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бұл жоспар Елбасының ел экономикасының 7 пайыздық дамуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке берген тікелей тапсырмасын орындау үшін әзірленгендігін тағы бір еске салды. Жоспар қабылданып, басшылыққа алынатын болды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.