БІРДЕ...
«ҚҰЛАСАМ, ӨЛЕҢНЕН ҚҰЛАЙЫН»
Сонау алпыс төртінші жылы ақын Кеңшілік Мырзабеков ҚазМУ-ге оқуға келеді. Шығарма жазарда оқытушылар:
– Шығарманы өлеңмен жазуға болмайды. Егер өлеңмен жазсаңдар, бәрібір екі қоямыз, – деседі. Бірақ Кеңшілік тыңдамай, шығармасын өлеңмен жазып, соңына «құласам, өлеңнен құлайын» деп жазып жіберіпті. Жас ақынның шынайы талантына тәнті болған оқытушылар төгілдіріп өлеңмен жазылған шығармаға еріксіз жоғары баға қоюға мәжбүр болыпты.
ІНІНІҢ БЕРЕРІ
Бірде Қадыр Мырзалиев кітап дүкеніне кірсе ақын ағалары Сағынғали Сейітов пен Жұбан Молдағалиев та кітап қарап жүр екен. Біраздан соң Жұбағаң:
– Пәлендей жақсы кітап жоқ екен ғой, – деп кетпек болады.
– Жақсы кітап қайдан болсын, бәрін мына Қадыр алып кеткен, – дейді Сәкең әзілдеп.
– Е, бұл Қадыр сараң, бізге бірдеңе бере ме? – дейді Жұбағаң.
– Неге, інінің де беретіні бар ғой, – дейді Қадекең.
– Іні не береді? –дейді Жұмағаң. Сонда Қадекең:
– Інінің беретіні сәлемі, басқасы ағадан болады ғой, – депті.
МҰРЫННЫҢ ҰЗЫНЫ...
Қадыр Мырзалиевке отырыста бір жігіт:
– Мұрныңыз тым үлкен екен-ау, – депті. Сонда Қадекең:
– «Тұлпар ерінді келеді, ер мұрынды келеді» деген ғой, – деп жымиыпты да қойыпты. Біраз отырған соң әлгі жігіт тағы да:
– Бойыңыз да кішкентай екен-ау, – дейді. Бұл жолы Қадекең:
– Ұзын ағаш жеміс бермейді, шырағым! – деген екен.
ҚАДЕКЕҢ МЕН ҚАЛЕКЕҢ
Жазушы Қалмұқан Исабаев басында бір қылтанағы жоқ тақырбас адам. Бірде Қадыр Мырзалиев екеуі серуенге шығыпты. Қар қылаулап тұр екен. Табиғат көрінісіне әсерленген Қалекең:
– Шіркін, бүгін бір... – деп сөзінің аяғын жұтып қойыпты. Сонда Қадекең:
– Шіркін, бүгін бір қалпағыңды қолыңа алып жалаңбас қыдыратын күн екен! – депті.
Еркін НҰРАЗХАН.
Алматы.
__________________
МАҒЫНАСЫ МАЙЫСҚАН МАҚАЛДАР
Мафияның қолтығы кең,
Құйрығы ұзын.
* * *
Алтыннан салған тісің түспесін,
Ішкі істер бөліміне ісің түспесін.
* * *
Саудагер алтыннан
үй салса да,
Тиын санағанын қоймайды.
* * *
Әйелдің бажылдасқаны – ақылдасқаны.
* **
Баға жағадан алғанда,
Рэкет етектен тартады.
* * *
Әйел ашуын өсектен алады.
* * *
Мыңның атын білгенше,
Бірдің қызметін біл.
* * *
Барды байлық өлтірер,
Жоқты айлық өлтірер.
* **
Параны ала білген,
Жоғарыға бере де біледі.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ.
Алматы.
_______________________
ҚАРҒА мен ТҮЛКІ
Мысал-мысқыл
Жүріп еді, бір қарға шоқып қоқтық,
Тамақ іздеп, сандалып қазып боқтық.
Он доллар тауып алды арасынан,
Қуанғаннан есінен шықты жоқтық.
«Бір тойып, жеп-ішермін» деп ойлады,
Арманға неше түрлі көп бойлады.
Олжасын тұмсығымен іліп алып,
Кафенің төбесіне барып қонды.
Жүріпті бір қу түлкі мұны көріп,
Артынан аңди басып келді еріп.
«Қайырлы болсын, Қаке, долларыңыз», –
деді ол, ертегіге өткен сеніп.
Долларын қанатына қарға тықты,
Түлкіден қарға өзі қу боп шықты.
«Ірімшік емес, долларды түсірмеспін,
Заманменен өзгеріп, болдық мықты».
Түлкі естіп қарға сөзін естен танды,
Нарық-ай, өзгерткен құс пен аңды.
Қарға, түлкі шекісіп отырғанда,
Қасына қонақ қарға келе қалды.
Жақын келіп туысына сәлемдесті,
Олжасы бар қарға оған бас изепті.
«Қарғаның көзін қарға шоқымайды»
Көпті көрген қазекем солай депті.
Күрсініп отырды әлгі қонақ бұғып,
Бір арам ой сақтаған ішке тығып.
«Қанаттың астындағы жасыл ақша
Қалай қолға түсер», – деп есі шығып.
Сөз етті ол рулас, жерлестігін,
Көтеріп жеті ата, шыққан тегін.
«Ортамыздан қарғаның асыл туған,
Сізді басшы етерміз тауып ебін!»
Сөзді естіп «басшы» деген ол қомақты,
Жеңгендей Жетісуда көп қалмақты.
Дүр сілкініп қағып еді қанаттарын,
Жасыл ақша түсті ұшып, аз салмақты,
Қу түлкі жөнелді долларды іліп,
Жатқан еді осы сәтті іштей біліп.
«Екі қарға таласса, түлкіге жем болар»
Дегенді айтып, сықылдап кетті күліп...
Серіхан МӘЛІКҰЛЫ.
Қарағанды облысы.
____________________
ШОЛАҚ МЫЛТЫҚ
Соңғы қоңыраудан үйге келген баласы:
– Әке, ақша жоқ, ақша жоқ деуші едіңіздер. Келесі жылы мен сіздерді қинамайтын болдым.
– Не дейсің?
– Маған енді жаңа кітаптар алудың қажеті жоқ. Жетінші сыныпты қайта оқитын болдым.
* * *
Сабақ үстінде байқамай ұйықтап қалған мұғалім ояна кетсе, оқушылар күліп отыр екен. Мұғалім:
– Неменеге күлесіңдер, бүгін түс әлемінің патшасымен кездесуім бар еді, – депті әзілдеп.
Ертеңінде бір оқушысының ұйықтап жатқанын көрген мұғалім:
– Бала сабақ үстінде ұйықтаушы ма еді?
– Кешіріңіз, түс әлемінің патшасымен кездесуім бар еді.
– Е-е, солай де, ол патша не айтады?
– Кеше сізді көрмедім, келген жоқ, – дейді.
_____________________________________
Ауылдың айтқыштары
ТАСПЕН және БАСПЕН
Қали бірде мәшинесімен келе жатса алдынан «МАЗ» кездесіп, оның дөңгелегінің астынан ұшқан тас алдыңғы әйнегіне тиіп сындырыпты. Гаражына келіп кіре берсе, шекесі жылтыр бір таз жолдасы ішіп алған, cүрініп кетіп мұның мәшинесіне басымен соғылады. Сонда Қали:
– Апыр-ай, бүгін жолым болмады. Әуелі «МАЗ» келіп таспен соқты, сосын таз келіп баспен соқты! – деген екен.
ТҮГЕЛ
Ферма бастығы Шүйішев Алпысбай деген кісі шаруашылық аралап, кешке үйіне келсе әйелі Болған:
– Осы үйдің әйелі де, еркегі де өзім! Бәрі менің мойнымда! – деп ашуланса керек.
Сонда Алпысбай:
– Е-е, бұл үйдің адамдары – әйелі де, еркегі де түгел екен. Мен кете берейін, – депті.
Сонда әйелі мырс етіп күліп, қабағы жазылып қоя беріпті.
ҚАСҚЫР ТАСБАҚА
Амангелді баласын қасқырға қақпан құруға жұмсайды. Қақпан қойғаннан кейін біраз күн өткен соң баласы екеуі барса, қақпанға тасбақа түсіп қалыпты.
– Қарағым, мынауың не? – дейді баласына.
– Тасбақа.
– Керек болса, мұны былай да ұстамайсың ба? Қасқыр алуың керек еді ғой.
Баласы әкесінің әзілін түсініп:
– Мына тасбақа кінәлі, шамасын білмей, қасқыр болғысы келген ғой, – деп күліпті.
С.ШӘКІРАТ.
Маңғыстау облысы.
_________________
БАҒА ОЛИМПИАДАСЫ
Қаланың да,
Даланың да,
Азық-түлік алаңында,
Бағалар бір-бірімен жарысуда.
Қымбатпен өмір бақи достай,
Арзанды ойынға қоспай,
Қасарысып қарысуда.
Дүние-мүлік стадионында да солай,
Төрт түлік стадионында да солай.
Баға ойыны осылай жалғасуда,
Чемпиондық титулге таласып,
Халықтың қалтасына жармасуда.
Әзірше алаңдатып Алашты,
Нарық федерациясына қарасты,
Азық-түлік бағасы алға ұмтылуда.
Сағат сайын шарықтап,
Нан бағасы да алға жұлқынуда.
Бағаның бәрі де алтын медальдан дәмелі,
Бірінші болып қайсысы кесер екен мәрені?!
Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ.
Қызылорда.
_______________________
ӘДІРЕМ ҚАЛҒЫРЫ ӘРТҮРЛІ
Пықып келін түсіріп немерелі болғалы бері көп жәйтке тереңнен мән беріп, бас шаһардан облыс орталығында тұратын келін-бала үйінде отырып өзінше ой-орамдарын түйіндей айтуды әдетке айналдырған болатын.
Бір келісінде, «Ас – адамның арқауы» деп алды да, «Тамақтан тарылмаңдар. Мезгілінде ішіп-жеуді әдетке айналдырыңдар. Адам ағзасы сан қырлы витаминдерді қажет етеді. Не көп – азық көп. Әртүрінде әртүрлі керек қоректер жинақталған. Айтарым – азықтың әртүрлі болғаны абзал. Құстың сүті де болсын демеймін, аянбаңдар, алыңдар, жеңдер... Күніне десем күпірлік болар, күн аралатып азықтың әртүрлісі дастарқандарыңнан үзілмесін» деп бір қайырған.
Айналып соғып, келін-бала дастарқанындағы азықтың әртүрлісін көріп төбесі төбеге бір елі ғана жетпей қалған.
Көңілі көктем болып отырып: «Адам көркі – шүберек» деп алды да, «Киімді де сәнімен киіңдер. Модаға мойын озғызбаңдар демеймін, бірақ киімнің де әртүрлісін киюді әдетке айналдырыңдар» деп осы төңіректе ағыл-тегіл ақылын айтқан болатын.
Келесі келгенінде сәнімен, мәнімен киіне білген бала-келінге риза кейіппен: «Күндерің күнге ұқсамасын. Шамаларың жетсе, күнде кешкісін үрпиісіп үйде отыра бермей, әрі кетсе жетісіне бір рет өмірдің басқа қызық-шынығына ден қойыңдар. Театрлардан бастап, парк бар, алаң бар, аллея бар, ең соңғы – у-шулы түнгі клубтарды да сүзіп шыққандарың артықтық етпейді. Тегі болмаса ана аквопаркке таңнан кіріп кетіңдер де, күні бойы қалғып-мүлгіп шомылудан басқаны білмеңдер» деп те қайырды.
Не керек, Пықыптың ойлағаны болып, келесі келгенінде өткендегі көлігін ауыстырған баласына риза болып, басқа маңдағы үй-жайларының төрінде шалқып жатып: «Орайы келсе шетелге де шығып кетіңдер» деп қалды.
Не керек, Пықекең келген сайын «әртүрліден» әңгіме қозғаудан айнымайды. Мұндайда айтқаныңды құйып ала қояр келін-баладан айналып кетпеймісің...
Сөйтіп, бір күні Пықып бала-келініне айтар келесі «әртүрлісін» жұптап келе қалса... Үйінде жападан-жалғыз баласы отыр... Сөйтсе, келесі бір «әртүрлі» түбіне жетіп жығылыпты... Білгені, баласы бұл айтпаған «әртүрлімен» келінге ұсталып... Оқыған-тоқыған, әртүрліні көрген келін: «Жеткен жеріміз осы. Өзімде «біртүрлі» тірліктен шаршап-шалдығып едім... Әкең дұрыс айтады, қысқа ғұмырда көп нәрсені көріп әртүрлі тірлік кешкенге жетері жоқ. Сен де жеттің әртүрліге, мен де кеттім әртүрліге» деп кете барыпты.
... Әдірем қалғыр әртүрліден есім ауысып есеңгіреп үйге келсем, отыз жыл отасқан кемпір бір түнде-ақ жиған-тергеннен түк қалдырмай теңдеп төркініне тайып кетіпті де, бір жапырақ қағазға: «Түбімізге жеткен сенің «әртүрлің». Алдымен, біртүрлі өмірден әртүрліге көзімді ашқаныңа рахмет. Ойлана келе, бұным әртүрлінің соңғысы болсын деп қалған ғұмырымды сенсіз өткізейін деп шештім», деп жазып кетіпті.
Ерсұлтан МАҒЖАН.
Алматы.
___________________________________
Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.