20 Мамыр, 2011

Әділ әлемі

1164 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін
Кейіпкерім – Әділ Ахметов, сенатор, филология ғылымдарының докторы, профессор, ректор, елші, қазақша айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» жан, кесек тұлға, атпал азамат. Өмірде осындай адамдар неғұрлым көп болса, соғұрлым қоғам да, адам да өзгерері анық. Мұндайда ұлы Абайдың: «Адам өзгерсе заман да өзгермек», дегені жадыңда жаңғырып шыға келеді. Әдекеңнің – Әділ Құрманжанұлының рухани әлемі де өзгеше. Ол тілші ғана емес, әлем өркениетінің тамыршысы. Түркі әлемінің сыр сандығын ашу арқылы Әдекең қазақтың ізін кеседі, жоғалған тарихының соқпақтарын, арна­ларын табады. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгергендіктен Әдекеңнің ойы озық, қолы ұзын. Ол тек орыс жазбаларына ғана сүйенбей, Батыс пен Еуропа ғалымдарының ғылыми ізденістері мен болжамдарына арқа сүйейді, салыстырады, ой түйеді. Оны айшықты оймен, ғылыми танымдық тілмен көмкереді. Бір сөзбен айтқанда, Әдекең әлем өркениетіне қосқан ортақ бабаларымыздың тайқазанына көз салады, сүзеді, салыстырады, осылай адами өркениеттерді табыстырады. Ол көз алдыма кейде «Мың бір түннен» келген данагөйге ұқсайды. Неге?! Өйткені, ол алпыстан асқандардан ақыл сұрауды пәлсапа­лық тұрғыда шешкен ертегінің кейіпкеріне ұқсайды. «Мың бір түнде» көл ішіндегі жақұт­ты қалай аларларын білмей, патша сардарлары суға мың рет сүңгісе де оны ала алмаушы еді ғой. Сонда: «Алпыстан асқандарды өлтіріңдер», деген патша жарлығына мойынсұнбай, оның қаһарынан қорықпастан әкесін арба күркесінде тығып ұстап, оны өлімге қимаған бір сардар бар емес пе еді?! Сол сарбаз әке даналығымен жаһұт­тың көл ішінде емес, су жағасында өскен шынар ағаштың ұшындағы құс ұясынан салбы­рап тұрған көлеңкесі екенін біліп, патшаға сыйлайтын. Бұған сарбаз ақылының жетпейтінін сезген патша қинағаннан кейін ғана ол шындығына көшіп, әкесі туралы айтуға мәжбүр болады. Осылай патша қаһарынан қайтып, ал­пысқа келгендерден ақыл сұрау керектігін ай­тып, жаңа пәрмен береді. Әдекең маған сол абызды көз алдыма елестетеді. Жетпіске келгенде де желіп жүрген сәйгүліктей ағаның жан әлемі кең, сұра да ала бер. Таусылмайтын қа­зына. Өзі де Мұхтар Мағауиннің Архив ада­мына ұқсамай, тапқанын екшеп, халық кәдесіне жарату үшін аянбай еңбек етіп жүр. Ол мақала, кітап болып таралып та жатыр. Бірақ кітаптар­дың таралымы 500-1000 дана аралығынан аспайтындықтан, қалың оқырман қолына тие бермейтіні өкінішті! Филология – нақты ғылым сияқты жаңалығы бар жаһанға бірден жол тартпайтын ғылым. Сондықтан да бұл ғылым саласынан инемен құдық қазғандай әркім өз керегін алып жатады. Жолы, жөні бөлек ғылымда Әділ Ахметов зерттеулерінің орны бөлек. Әділ Ахметовпен отыз жылдың шамасында ағалы-інілі сыйластықтамын. Дәм-тұзымыз ара­ласқан, ойымыз жарасқан жандармыз. Сол себепті көп сырласуларымыз бірде ұшақта, бірде ат үстінде, бірде Парламент ғимаратында, кезінде редакция қабырғасында өткен. Мұның бәрі санада сәулеленіп, жүрекке жазылып, ойға то­қы­лып жатты. Сол сәттердің санадағы сынық­тары сыр сандығында сақтаулы... Сұрақ: Әлемді мазалайтын сұрақ көп. Сіз Колумб ашқан Жаңа Әлемнен не іздеп жүрсіз? Ол туралы ғылым сөзінің нүктесін қойған жоқ па еді? Жауап: Ғылымның тылсым сырлары көп. Колумб ашқан географиялық жаңалық – Амери­каның ашылуы ғана емес. Әр зерттеуші бұған әр мақсатпен қарайды. Ал ғылымда тосын жаңа­лықтар ашылып жатады. Колумб та солай. Ол Шығыста жатқан Индияны неге батыстан іздеп жүр деген заңды сұрақ туады. Демек, Колумб Жер шарының шар тәріздес дөңгелек екендігін білген. Мұны бір деп қой. Екіншіден, Колумб атақты флоренциялық ғалым Паило Тосконел­лидің жасаған әлем картасына кәмілсіз сенген. Ал ол картаға Америка континенті де, Тынық мұхит та мүлдем кірмеген. Яғни, ол заманда Еуропа мен Азияның арасын тек Атлант мұхиты бөліп жатыр деген ой аксиомаға айналған еді. Сұрақ: Колумб Индияға Батыс арқылы бара­мын деп, жаңа құрлықты ашқан болып шықты ғой? Жауап: «Қателесу» географиялық жаңалық ашуға түрткі болды. Бұл – талассыз. Мұны әлем ғалымдары мойындап отыр. Бұдан Колумбтың жағрафия мен тарихтағы орны ортаяды деген ұғым тумайды. Ол ұлы тұлға, адамзатпен бірге жасайтын ұлы жаңалық. Жаңа Әлем – кейін Америка атанып кеткен қос құрлықтың кілтін әркім өз керегіне қарай бұрайды. Сұрақ: Сіздің қолыңыздағы кілт не ашқалы жүр? Не таптыңыз? Жауап: Төтесінен қойылған сұраққа төте жауап берейін. Осыдан бес ғасыр бұрын Колумб Индиямен жаңылыстырып, ежелгі халықты үндістер деген өгей этнонимге тели салған ұлттың кемінде арғысы 40 000, бергісі 12 000 жылдай тарихы бар еді. Табиғаттың өзіндей таза халықты жиһан­гездер әкелген өркениет аздырып-тоздырып жіберді. Сұрақ: Бірақ Жаңа Әлем Америго Веспуччидің атымен Америка атанып кеткен жоқ па? Жауап: Дәл солай. Бұрын да, кейін де, қазір де пысықайлардың асығы алшысынан түсіп жүр. Қанша заман өтсе де адамзат пиғылындағы психология өзгере қойған жоқ. Байлықты қан­дай жолмен жинасаң да, кірі қолға жұқпайды. Сен айтып отырған Америго Веспуччи деген де сондай адамдардың бірі болса керек-ті. «Еуропа мен Азияның арасын және бір құрлық бөліп жатыр» деген Америго Веспуччи деген бір ұсақ саудагердің тоғыз сөзден тұратын мәліметі оның келісімінсіз баспа жүзін көреді де, ол ұлы жи­һангерге айналады. Жаңа құрлыққа есімі беріледі. Ал Колумб болса, өмірінің соңында мүлдем елеусіз қалып, еңбегі еш, тұзы сор болып 1506 жылы Испанияда қайтыс болады. Тарихтың осындай кездейсоқ сәттері бола береді. Сұрақ: Қош делік. Сонымен, қайта көп ға­сырлық тарихы бар үндістерге қайта оралайық. Үндістер кімдер? Олар қайдан және қашан Америка құрлығын мекен еткен? Жауап: Бұл туралы ғылыми ой әлі тоғысып, бір арнаға түсті деп айту қиын. Бір ғалымдар осыдан 2 миллион жыл бұрын, плейстоцен за­манында, екінші бір ғалымдар мұз дәуірі кезіндегі Азиядан аңшылық кезеңімен қоныс аударғандар десе, үшінші бір топ 12000 жыл бұ­рын ежелгі америкалықтар Азиядан Америкаға қоныс аударған деген нақты тұжырым ұсынды. Олар Беринг жер көпірі немесе жер мойнағынан өтіп кеткен деген болжамды алға тартады. Демек, ол кезде мұхит пен жер бөлінбеген болып шы­ғады. Қисынды әңгіме, атам қазақ «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді. Яғни әлем де, табиғат та өзгеріп отырады. Оған жаңа тарих куә. Ірі-ірі жер сілкіністерінен бір жер пайда болып, бір жер су астына кетіп, астаң-кестең болғаны белгілі. Сұрақ: Демек, адамдар Америкаға бірден емес, бірнеше ғасырлар бойы өтіп тұрған, яғни қазақтар сияқты мал өрісімен өмірін байланыс­тырған деген ұғым тумай ма? Жауап: Дәл солай. Америкалықтардың түп­қа­зығы Азияда жатқанын дәл қазір ешкім жоққа шығара алмайды. Батыс ғалымдарының деректерін екшей келе, мынандай қорытынды шығаруға болады. Америка құрлығына адамдар үш рет қоныс аударған. Біріншісі 35-40 мың, екіншісі 25-28 мың, үшіншісі 10-14 мың жыл бұрын. Одан кейін теңіз бен жердің арасы үзіледі. Осылай ұлы көшен (великое переселение) аяқталды. Бұл Азия­ның соңғы көші болатын. Мұны қазіргі сома­тологиялық, морфологиялық, краниологиялық, гене­тикалық, антропологиялық, геологиялық, археоло­гиялық, лингвистикалық зерттеулер айғақтап отыр. Сұрақ: Осыдан америкалық үндістердің шығу тегіне тарихи және этнолингвистикалық көзқарас мәселесі туындамай ма? Жауап: «Олар (үндістер – У.Қ.) қызыл күрең түсті, бірақ ұдайы күн көзіне жүрмесе реңдері басқаша да болуы ықтимал: олар жалпақ бетті келеді. Бұл тұрғыдан алғанда олар татарларға ұқсайды». Бұл тарихи кескін-келбетті суреттеу 1500 жылғы Америго Веспуччидің хатында жазылған. Сұрақ: Тоқтай тұрыңыз. Онда Америго Веспуччи тарихи таразысына салатындай ұсақ саудагер болмай шықты ғой... Жауап: Әрине. Мәселен, жаңалықты ашу бар да, оны нақты бекіту бар. Ол заманда да адамның өзіне емес, жазған, рәсімделген сөзіне сенген. Америго Веспуччи бұл жерге Колумбтың ізімен келген, бірақ өз қожасына көрген-білген, жиған-тергендерін хатпен жазбаша жіберген. Соны бір пысық, Америго Веспуччидің келісімінсіз, қожасынан алып, бірнеше тілге аудартып, Еуропада жариялатып жіберген. Сұрақ: Антропологиялық және лингвисти­калық мәселеге қарай ойыссақ деймін. Сіз Америкада қызмет істедіңіз, үндістердің арасында болдыңыз, сырттағы зерттеулерге ғана сүйенбей өзіңіз сол ортада болдыңыз. Үндістердің азиялық тегі туралы нақты қандай ұстанымдарыңыз бар? Жауап: Әуелі жағрапияға шағын саяхат жаса­лық. Осыдан 20-25 мың жыл бұрын Охот теңізі болмаған. Амур сағасы Сахалин мен Жапон аралдарымен, Камчаткамен тұтасып жатқан. Тіпті ол кездері Чукот, Шығыс Сібір теңіздерінің де бірі жоқ-ты. Яғни, Азия мен Американың арасы мың­даған шақырымға созылған жер мойнағы арқылы жалғасып жатқан. Бұл – Р.Итс деген ғалымның пікірі. Ал Стюарт Фидель дейтін америкалық ғалым «Егер біз Американың байырғы тұрғындарын әлемдегі басқа халықтармен салыстыратын бол­сақ, олардың ең алдымен Азия монғолтек­тес­теріне өте ұқсас екенін байқаймыз. Көзге ұрып тұрған ортақ ұқсастықты ең алдымен олардың қайратты түзу қара шаштарынан, сақал-мұрттары мен денеге бітетін түктерінің біршама сирек бо­латындығынан, қоңырқай түсте­рінен, қоңыр көз­дерінен, шығыңқы жақ сү­йектерінен және күрек тістерінен анық байқауға болады. Сосын Азияда да, Америкада да жергілікті халықтардың жас нәрестелерінің жам­бастарында ғылымда «моңғол дағы» деп аталатын көкшіл дақ болады». Бұл – нақты пікір, нақты зерттеу. Ал бұған өз қо­сарым, америкалық үндістердің сенім-наным­да­рында шаманизм ерекше орын алады. Әрине, Сібір этностары Азия этностарына қарағанда амери­калық этностарға әлдеқайда жақындау сыңайлы. Аляска эскимостары мен көршілес жатқан әлеуеттер тілдері оларға жақын болуға тиіс қой. Салыстырмалы грамматика мұны айғақтап отыр. Мен қызмет істеген Тусон қаласының сол­түстік жағына орналасқан таулардың бірі Бақатау деп аталады. Оны азсынсаң Қаратау, Бурылтау деген жер атауы бар екенін айтайын. Ежелгі ацтектер, майя, кечуа тайпаларының тілдерінде түркілік сөздер қаншама. Мәселен, майя мен түркі тіліндегі «тас іші, тұлым, жалқау, жасын, жас жылан, шыбыншы, толы, ақ, көк, ойын, долы, исібар, бақалар» сынды сөздер қазақ­ша сәйкестендірсе тура осы мағынаны береді. Оны аз десең мынаны айтайын. Майя тілінде қош – қазақша құс, маяша ақап – қазақша нағашы аға, маяша имиш – қазақша жеміс, маяша бақа – қазақша бақа, құрбақа, ал кечуа үндістеріндегі «кэт» – қазақша «кет», кэл – қазақша «кел». Тура сол мағынасында. Сиу үндістерінің тіліне үңілсек, «сиуша таң – қазақша таң», сиуша «тани» – қазақша «тану», «ате – әке», «ина», «ене» – «ана», «оиа – аяқ», «ишу – ішу», «қан – қан», майяша «аак» – қазақша «ағу, ағыс», «батал» – қазақша «бай», «икм – екі», «тур – тұр», «тік – тік». Бұл жай ғана ұқсастықтар емес. Екі мыңнан астам тіл мен диалектісі бар үндістердің тілін қазақ филологиясы дербес зерттеуге тиіс. Сонда біз түркі мәдениетінің, оның ішінде қазақ мә­дениетінің ежелгі ұлттар қатарында дамып отырғандығының дәлелін табамыз. Сұрақ: Әдеке, үндістердің түбі түркілік та­мырлары жөнінде біршама танымдық ой жинақ­талды ғой деп ойлаймын. Дегенмен, мен Мұрат Аджидің кітабының әр парағының астын сызып оқыдым білем. М. Аджи әлем өркениетінің бастауы – Алтайда дейді. Сіз де Алтай адам өрке­ниетінің алтын бесігі дегенге саясыз. Осыны нақтылай түскім келіп еді. Жауап: М.Аджиді қолдаймын. Ал бұған қосымша майялардың алтайлық тегі туралы бір тоқтамға келген адаммын. 2008 жылғы Парижде өткен «Халықтардың алғашқы ұлы көші» деген форум жұмысына қатыстым. О. Сүлейменовтің жетекшілігімен өткен бұл форумда керемет баяндамалар жасалды... Әдекең екеуміздің бұл сұхбатымыз Астана – Алматы бағыты бойынша ұшаққа отырар алдында басталып, 10 мың метр биіктікте жалғасып еді. Уақыттың да қалай өткенін байқамай қалыппыз. Иә, Әділ Ахметов тірнектеп жинап, ғылыми айналымға қосқан ізденістері қомақты. Бұл та­қырыпты ертеректе көтеріп, сол үшін «таяқ» жеп қудаланған ғалымдар да жоқ емес. Солардың бірі О. Смағұлов болатын. Оның 1977 жылы шыққан «Этническая геногеография Казахстана» атты еңбегі санаға, жалпы ілімге төңкеріс әкелген һәм жаңа көзқарас болды. Бірақ ол кеңестік идеоло­гияға мүлдем қайшы келетін. Ол Қазақстанның ежелгі тұрғындарының еуропалық типті және моңғолтүсті еместігін айқындаған-ды. Қорыта келгенде, «алтайлықтардың, қазақтардың, като­лон­дық­тар мен баварлықтардың, ағылшындардың генотипі біртекті екендігі» айғақталды. Бұл белгілі ғалым-жазушы Мұрат Аджидің тарапынан жо­ғарыдағыдай түйінделді. Сол М. Аджи жазғандай, «Ғасырлар мен уақыт бәрібір адамдардың гене­тикалық кодын жоя алмайды». Бір сөзбен айт­қанда, Еуразия кеңістігін жайлаған халықтардың генетикалық бірлігі ортақ. Ал ХХ ғасырда академик В.М. Жирмунский герман және түркі тіл­дерінің негіздерін, Алтай мен Еуропа кеңістігінде жатқан халықтардың эпостарын зерттей келіп, олардағы сюжеттер мен бейнелердің тікелей Алтайға қарай меңзейтінін айтады. Мұрат Аджи «Альпхарттың» өлімі мен «Роланд туралы» әннің көне түркі жырларынан алын­ғандығын дәлелдейді. Ал академик Жирмунский еңбектерінде аттың ер қанаты екендігі салыс­тырмалы түрде пайымдалады. Әділ Ахметов осындай әлемді мазалаған ойларға өзіндік көзқараспен келген. Әрі Америка үндістерінің генетикалық, грамматикалық, этимо­ло­гиялық, топонимикалық атауларынан суырт­пақтап түркі өркениетін табады, сол арқылы өз бабаларымыздың әлемдік үдерістерге қатысы бар екендігін там-тұмдап жеткізеді. Бұл ғылыми ойды қозғайтын үрдіс қана емес, салыстырмалы тарих пен салыстырмалы тіл арқылы, генетикалық ор­таға енуді көздейді. Алтайлық текті іздеу арқылы тіл генетикасына сапар шеккізеді. Осындай ізденістер Әділ Құрманжанұлының сырлы әлемінің бір қырын ашады. Білікті де білімді адаммен сұхбаттасу қандай ғанибет. Әдекең екеуміздің әңгімеміздің ауаны әрбөлек. Бірақ қайсысы болса да бояуы қанық, есте қаларлық ой толқындарына толы. Осыдан жиырма жыл бұрын Әдекеңді туған ауылым Бұғымүйіз – Бесмойнаққа шақырдым. Дариға же­ңешем бара алмай қалды. Әдетте, жеңгем қасында болса, ағайым көңілді жүреді. Кейде өз сөзінің рас-өтіріктігін мақұлдатып алатыны тағы бар. Оның үстіне жеңешем күні кеше келін боп түскендей әркез әдемі киініп, бойын күтіп, биязы күлкісімен, жадыраған мінезімен ортаны тол­тырып отырады. Ол кезде тумаса да туғандай болған немере ағайым, Социалистік Еңбек Ері Орынтай Ерекенов көкемнің көзі тірі-ді. Сол ауылдың басшысы еді. Алматыдан бар болғаны 110 шақырым жер. Неге екенін қайдам, Суықтөбеден аса тауда қарағай да, емен де өспейді. Жайдақ. Бірақ тау сілемдері анық көрінеді. Ауылымды көрсетіп, атқа қондық. Атқа мықты отырады екен. Мен қопаң-қопаң етіп, ебедейсіздеу жүріп келемін. – Желіп отыр. Сонда қопаңдамайсың, – деп Әдекең кеңес беріп қояды. Бірте-бірте тақымым қатайып, тізгінді еркін ұстай бастадым. Бұғымүйіз – Бесмойнақты, Жетімсайды, Қарашоқыны, аржағында қырғызға жақын Желсаз бен Қоңырсазды көрдік. Тұнып тұрған құрақ, сылдыр аққан бұлақ. Тауешкілерді, еліктерді, қаптаған кекіліктерді көрдік. Мен мылтық ал­мағаныма өкініш білдірдім. – Мылтықтың қажеті не? Мынандай сұлу­лықты көргенге не жетеді! Қарашы. Фотоаппарат алмағанымызға өкінемін... Қас қарая ауылға жеттік. Батыр ағамның малы союлы, қымызы сапырулы. Қолы кең Сара жеңгем үстелді жайнатып қойыпты. Ет желініп, қымыз ішілді. Әңгіме-дүкен құрдық. Мен осы ауылды ме­кендейтін Найманбай баба ұрпақтары туралы әңгімеледім. – Мен де осындай Аспантау деп аталатын Хантәңірінің бойында Байынқол деп аталатын өзеннің бойында Нарынқол деген жерде дүниеге келіппін. Шіркін, тау деген жарықтық ойыңды өсіріп, қиялыңа қиял қосады ғой... Мен осы ауылда алтыншы класқа дейін оқып, аға да, пана да болған бауырым, ірі математик, марқұм Уәли Қалижанов жөнінде әңгімеледім. – Мен ағаңды танитын едім. Аужан дейтін жақын інім сол кісімен бір кафедрада мұғалім болған. Ағаң қолданбалы математика кафедра­сының меңгерушісі еді ғой. – Әкемнен бір айымда жетім қалыппын. 1948 жылдың 11 сәуірі. Шешем Мәртай ер екен. Ағайым екеумізге қалған өмірін арнады. Қар жауыпты сол күні. Ауыл оны күні бүгінге дейін «Қалижанның қары» деп атайды. Өкініштісі – суреті де қалмаған. Бейітінен де ажырап қалдым. Жетімдік, жоқ­шылық. Әр адам әр бейітті көрсетіп жүр... – Тағдырлас екенбіз ғой... Мен де 1941 жыл­дың 23 мамырында дүниеге келіппін. Алты айға толғанымда әкем Құрманжан үш ағасымен бірге соғысқа аттанады. Ал 1942 жылы хабар үзіледі. Шешем Қаныша 22 жасында жесір қалып, Күләш әпкем екеумізді ел қатарына қосты ғой. Әкемнен қалған белгі соғысқа аттанар ал­дында бауырларымен бірге түскен суреті мен аңшылық кітапшасы ғана... – Сіз бақыттырақ екенсіз... – Егер осы бақыт болса. Әдекең ауыр күрсінді. Одан кейін екеуміз де ескі жараның аузын тырнамадық. Таңертең ерте тұрдық. Аттар ерттеулі, самау­рын қайнаулы. Сара жеңгем қуырдақты алға қойды. Бесмойнақтың салқын самалы-ай. Алма­тыда аптап ыстық, мұнда жүн көрпенің астында тоңып шығасың. Ал қысы жылы. Жерұйық осын­дай-ақ болар. Ендігі сапар он шақты шақырым жердегі «Арасанды» көрсету. Ол Жаманты деп аталатын өзеннің бойында. Суы сондай суық. Балық та жоқ. Ал «Арасан» қасиетті. Қатар-қатар үш бұлақ тұр. Бірінің суы тастай, екіншісі жылы, үшіншісі ыстық. Жан-жағы борық. Әсіресе, бала көтер­меген әйелдер келіп, балшыққа оранып, апталап жатады. Емге дәру. Талай әйел осыдан кейін бала көтеріп, «Арасанның» қасиеті жан-жаққа тараған. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейден келген адамдар қаншама. Сол шатқалға дейін автомашинамен баруға болады, ал ары қарай бұлаң-бұлаң жалғыз аяқ жол. Не атпен, не жаяу түсесің. Қырға дейін машинамен барып, ары қарай атпен түспек ойым бар. Ағам «Волгасын» көлденең тартып қойған. Бірақ Әдекең шорт кесті. – Тауда атпен жүрмегенде не істеуші еді. Баста. Менің қашқақтайтын жөнім бар еді. Кешегі жүрістен кейін атқа отыру қиын-ды. Бірақ намысқа басып, бір жүйріктің үстіне қонжидым. Әдекеңе «Арасан» керемет ұнады. Әр бұлақтан су ішті. Тізесіне дейін балшық кешті. Судың арғы бетіне өтіп, жартастағы Әулие үңгірдің ішіне кірді. – Аңырақай шайқасынан кейін жаралы батырлар осында келіп емделген. Шейіт болған­дары анау қорымда жатыр, – деп Жаманты өзенінің бойындағы бейітті нұсқадым. Осы жердің шырақшысы болған Сақпантай деген атамнан естіген әңгімемді қосып қойдым. – Онда албандар да қол бастаған. Бір атаның қорымы екен ғой, жарықтық, – деп Әдекең сол қорымға келіп, дұға оқып еді. Шет тілдер институтының ректоры құран оқиды деп кім ойлаған?! Ол бөлек заман еді ғой... ...Өмірде жақсы адамдармен кездесу адам тағдырын өзгертіп жіберетіні бар. Әділ Ахметов те педагогикалық институттың ағылшын тілі факультетін үздік бітіріп, сол жерге мұғалім болып қабылданады. Курстас қыз Дариғаға ғашық бо­лып, соңында бірге шаңырақ көтереді. Ол да институт мұғалімі. Үй алды. Бейнеттің зейнетін көрсетіп аналарын Алматыға көшірді. Үлкен ұл­дары Нұрлан, одан соң Қарлығаш қыздары өмірге келді. Содан бір ұзақ жылдар перзент сүйе алмай жүрген-ді. Бірде анасы: «Дариғажан, осы сенің не ойың бар? Мен күйеуден соғыста айрылып, бір қыз, бір ұлдың тілеуін тілеп, ешкімге көз түрткі етпей, екеуін де бақтым, қақтым. Оқыттым. Айдың аманында, байдың базарында, өзіңнің ажарыңда болмаса тағы бір сәби бер­сеңдерші, бесігін тербетіп, ержеткізіп берейін», – дейді. Сонда Дариға келіні: «Айтқаныңыз Алланың құлағына шалынсын, апа!» – деп қолын жайыпты. Осылай он жылдан кейін зарықтырып, сағындырып Нұржан өмірге келеді. Сірә, келін қайын ененің топырағынан жаралады деген рас-ау. Институтта сабақ бере жүріп, Әдекең ғылым жолын да ұмытпады. Ұстазы, белгілі тіл маманы, профессор Әмеди Хасенов екеуі ақылдаса келе әлі ешкім зерттеп те, жазып та көрмеген тақырып, «Табу мен эвфемизмдерді» зерттеуді таңдап, тіл білімі институты директорының орынбасары, профессор Шора Сарыбаевқа келеді. Шора Сарыбаев сөзінің шыны қайсы, әзілі қайсы екенін адам бірден аңғара бермейтін ғажап мінезі бар кісі еді. Үлкенмен үлкендей, кішімен кішідей қалжыңдасып, небір анекдотқа бергісіз әңгімелерді айтып, ортасы той-думан болып жүреді. Мұны Әмеди Хасенов жақсы білгендіктен, алдын ала Әділдің құлағына құйып, таңғал­мауын, ал сұраса қалай жауап беру қажеттігін ескерткен. – Әмеди жолдас, мына көккөзің кім? Шым­шықтың сарыуыз балапанындай жетектеп алған екенсің, не іздеп жүрсіңдер? Шаруаң болмаса бұйдаңды үзбеуші едің, таң атпай танауың желбіреп жетіп келгеніңе жөн болсын?! – Шәкіртім, Әділ Ахметов. Табу мен эвфе­мизм­дерді зерттегісі бар. – Бәсе, тың, түрен тақырып. Менің картотекамда бұл тақырып жоқ. – Өзіңнен де, картотекаңнан да айналайын, сенің. Жазып қой. Өзіңде, тіл білімі институтында қорғайтын боламыз. Осылай тақырып таңдалып, ұзақ зерттеулер ақыры 1973 жылы «Қазақ тіліндегі табу мен эвфемизмдер» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаумен аяқталды. Кейін докторлық диссертация қорғады. Ол ғылыми қорғауға өзім де қатыстым. Бұл кезде Әділ Ахметов Алматымен бауырлас қала – Тусонда қызмет істеп келген болатын. Сол жердегі үндістер мәдениетімен, оның Алтайлық, яғни түркілік тегіне назар аударды. Табу мен эвфемизмдердің үндістер руханиятының ірі бөлшегі, ұлттық болмысының ажырамас бір бөлігі екендігіне көз жеткізеді. Сондықтан да ғылыми тақырыбы Ә. Ахметов зерттеулерінің өмірмен, әлем өркение­тімен тығыз байланыс орнатуға жол ашты. 1997 жылы Білім, ғылым, денсаулық сақтау, спорт және туризм деп аталатын жаңа министрлік ашылғаны белгілі. Министр – Қырымбек Көшербаев. Бұл азамат туралы ешкім жаман сөз айта алмаса керек. Қырымбек Елеуұлымен өзім де қызметтес болғанмын. Комсомолдың тал­қанын бөліп жегенбіз. Отбасымен аралас-құралас, ата-анасының қолынан дәм татқан, көзге жақын, көңілге ыстық азамат. Сол азамат Әдекең шет тілдер институтында ректорлық қызметте жүргенде, сол министрліктің Білім комитетіне төрағалық қызметке шақырады. Үлкен лауазым. Бұрынғы министрліктің функциясын алған комитет. 1999 жылы Әдекең бұрын өзі басқарған жоғары оқу орнына басшы болып келді. Бірақ енді ол институт емес, Қазақ мемлекеттік ха­лықаралық қарым-қатынастар және әлем тілдері университеті болатын. Дәл осы кезеңде Ә. Ахметов білім беру саласында 36 жыл қызмет істеп, абырой биігінде жүр еді. ...Әділ Ахметов Сенаттың халықаралық мен Мәжілістің халықаралық істер комитетінде депутаттық қызметімізді атқарып жүрміз. Бірде кабинетіне бардым. Компьютерге шұқшиып, әлденені жазып отыр, анда-санда екі иығы селкілдеп күліп қояды. – Өз-өзіңізге мәз болып: «Ай да Пушкин! Ай да сукин сын», дегендей рахаттанып отырсыз ғой...» Әдекең өзіме қарсы сұрақ қойды. – Сен әлі баяғыдай бәрін қаламмен жазасың ғой, ә... – Иә, Шерағаң да, Әбіш көкем де (Кекілбай), ұстазым Қуаныш Сұлтанов та қаламмен жа­зады. Мен бұл тұрғыда өткен ғасырда қалып қалғандардың сортынанмын. – Рахат қой, компьютер деген. Аласың, саласың, өшіресің, қосасың. Уақытың бар ма? Мен басымды изедім. Әдекең жаңа жазып бітірген үш-төрт эпизодты оқи жөнелді... Сұрақ: Саясатқа қалай келдіңіз? Жауап: Өзім де білмей қалдым. Ректорлық қызмет қадірлі, абыройлы. Өз уақытыңды дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді. Бірақ кенеттен оқыс ұсыныс алдым. Оңтүстік Кореяда жүр­генмін. Университеттің шәкірт алмасу мәсе­лесімен. Әрі ғылыми ізденісіміздің бір парасын осынан таптым. Корей сәбилерінің де құй­рығында көк дақ болады екен. Бұл баяғы Алтайдан тарайтын генетикалық код қой. Корей тілінің Алтай тобына жататындығын, құда тү­сіп, келін алу шарттары да түркілік туыстықты меңзейтінін біліп, ғылыми қызығушылықпен жүргенмін-ді. Бірақ «тез қайт» деген хабар алдым да, Астанаға жеттім. Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кабинетінен Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып бір-ақ шықтым. Сұрақ: Иә, сол кезде мен де Астанаға келген едім. Сіз де «бойдақ», мен де «бойдақ» дегендей талай жексенбіні біздің жерүйдің монша­сында өткізіп, ет асып жегеніміз есте. Түнгі 11-сіз жұмыстан шыға алмайтын едіңіз? Жауап: Сенбі деген атымен жоқ-ты. Бірақ сенің шикілеу пісірген етіңнің дәмі әлі де таңдайда. Ол да бір қызық күндер еді. Бірде Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің сол кездегі тұрақты орынбасары, 17 жыл бойы осы қызметте болған сэр Джон Керр мырза іссапармен келді. Елбасы қабылдады. Нұрсұлтан Әбішұлы Британияның көмегі­мен энергетика саласына сапалы мамандар даярлайтын батыстық үлгідегі жаңа университет ашуға шешім қабылдағанын айтты, бри­тандық дипломатты осы бастаманы қолдауға шақырды. Джон Керр қолдауға дайын екенін мәлімдеді. Ал мен Қазақстанның Ұлыбритания­дағы елшісі болатынымды естідім. Осылай 2000 жылдың мамыр айында Дариға жеңгең екеуміз Лондонға ұштық та кеттік. Сұрақ: Қалай ойлайсыз, елшінің қаруы не? Жауап: Елшінің бес қаруы – тіл. Оны Лондонда қызмет істеген екі жылда сезіндім. Мәселен, Королева Елизавета ІІ-мен де, Премьер-министр Тони Блэрмен де олардың мемлекеттік тілінде сөйлестім. Егер бар мәселені тілмаш арқылы шешуге тырысқанда диплома­тиялық қызметтің нәтижесі шамалы болар еді деп ойлаймын. Буыны бекімеген елге Батыс қалай да өз биігінен қарайтыны белгілі. Қазақ-Британ техникалық университетін құрған – Н.Назарбаев, қолдаған Британия Премьер-министрі – Тони Блэр. Сұрақ: Президент жаңа университетті ашты. Сіз қайта ректор болып оралдыңыз. Жауап: Иә, әуелі үш сала бойынша, мұнай-газ, қаржы және экономика, ақпараттық технологиялар мамандықтары бойынша кадрлар даярлауды қолға алғанбыз. Қазір қанатын жайып, бірегей жоғары оқу орнына айналды. Сұрақ: Депутат болу сіздің тағдырыңыз­дағы кездейсоқ оқиға ма, әлде заңды жалғастық па? Жауап: Кездейсоқтық тілектен пайда болады. 2004 жылғы Парламент Мәжілісінің сайлауына түсіп, бақ сынап та көргенмін. Бірақ жол болмады. «Бәз біреулер құсап, өтіп едім, өткізбей тастады», дей алмаймын. Біреудің де елші, ректор болғысы келген болар. Өмір осы. Бармақтай бақ еңбекпен, адал қызметпен келді ғой деп ойлаймын. Осылай, 2007 жылдың со­ңында Елбасының Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалдым. Елбасыға, халқыма рахмет. 38 жылдық білім саласындағы абыройлы еңбегім дипломатия саласына, дипломатиялық қызметім заң шығарушы орган – Сенат депутаты болуға баспалдақ болды. Тәубе! Сұрақ: Әдеке, жетпіс деген қандай екен? Жауап: Қайдан білейін, 25-тің қандай екенін білемін. Ал 70-ті бұрын көрді дейсің бе? Ішіне кірген соң белгілі болады да... Әділ Ахметов кім дегенде, ең алдымен көп қырлы ғалым, көп сырлы қаламгер, сөзі сенімді сенатор екендігіне көз жеткіземіз. Бұл Әдекең­нің сырлы әлеміне шолу боларлық мақала ғана. Өмірі – ғұмырлы, қызметі – абыройлы болсын! Уәлихан ҚАЛИЖАН.