26 Мамыр, 2011

Ортақ мақсат, орынды тілектер тоғысты

923 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Дүниежүзі қазақ­тарының IV құрылтайы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Мемлекеттік әнұраны орындалғаннан кейін ал­ғаш­қы сөзді Нұрсұлтан Назарбаев алды.  (Президент сөзі бөлек беріліп отыр). Бұл Құрылтайға әлемнің 35 елінде тұратын қандастарымыз­дың арасынан 400-ге жуық өкіл­дер келген екен. Ал Астана мен облыстардан келген қонақтардың бәрін қосқанда, делегаттар саны 700-ге жуық болды. 4-ші құ­рыл­тайдың ерекше маңызы сол – ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­­дығы қарсаңында болып отыр­­ған аса ірі, ұлан-асыр ұлттық шара бол­ды. Жиналған халықтың бәрі­нің де жүзі жарқын, бір-бірімен қуа­нышты көңілмен қауышуда. Айналаңның бәрінен тек қазақ тілі ғана естілгенін көру де бір мәр­тебе екен. Осының өзі-ақ көңілді көк аспанға көтергендей. Бұл да біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы же­тістіктерінің бірі. Құрылтай делегаттарының ара­­сында шығармашылық, ғылы­ми, педагогикалық зияткерлік, бизнес, спорт, мемлекеттік және қоғам­дық ұйымдардың өкілдері бар. Соның ішінде Чехияның экс-ми­нистрі Жәмилә Стехликова, Чу­ва­шияның экономикалық даму министрі болған, ал қазір Чебоксары жоо доценті Гүлмира Акимова, Моң­ғолияның оқу-ғы­лым және мәдениет министрінің орынба­са­ры Күләндә Чоной және т.б. бол­ды. Сондай-ақ шетелден келген барлық 50 ғалымның ішінде аса көрнекті тарихшы Ермұхан Бек­ма­хановтың қызы Нәйла Бекмаханова, қазақтан шық­қан тұңғыш теміржол инженері, Алашорда кө­семдерінің бірі – Мұхамеджан Ты­нышбаевтың ұлы мен немересі – Уфадан Ал­матыға қоныс аудар­ған әкелі-ба­лалы академиктер Дәу­лет Мұха­меджанұлы мен Ас­қар Дәулет­ұлы бар. Қазақ хал­қы­ның өкілі ретінде мақтан тұтуға лайықты­лар ара­сынан Түмен мемлекеттік думасы іс басқару­шы­сы­ның орын­басары Кенесары Қой­шы, Саратов қа­ла­сын­дағы ірі кә­сіпорынның жетекшісі, ауыл ша­руашылығы ғылым­да­рының док­то­ры Бейсенбай Шар­лапаев, Еуропа қазақтары мәдени орта­лы­ғының жетекшісі, философия док­торы Әбдіқайым Кессижи, Ас­трахань қаласындағы гигиена және эпидемиология инс­титуты дирек­то­рының оры­н­ба­сары Са­тып­алды Жантаев, Ташкент      нейрохирургия орталығы дирек­торының орын­ба­сары Марат Мыр­забеков және т.б. болды. Ата­мекеннен делегат бо­лып сай­ланғандар арасында академиктер М.Жұрынов, Ө.Айтбай, С.Қи­рабаев, Ә.Бейсенова, Т.Шарманов, көрнекті ақын-жазушылар Т.Молдағалиев, М.Айтхожина, Қ.Жұ­­­маділов, Н.Оразалин, Ғ.Жай­­лыбай, О.Асқар, Т.Әбдік, Ұ.Ес­дәулет, және т.б. бар екен. Ал өнер адамдарынан Е.Рахмадиев, Б.Төлегенова, А.Әшімов және т.б. болды. Еуропа қазақтарының феде­рал­дық мәдени орталығының жетек­шісі, философия докторы Әб­діқайым Кессижи өзінің сол құ­рлықтағы қандастарының аты­нан айырым сөз алып тұрғанын айтып, біздің тарихымыздың қы­зы­ғы да, күрделілігі де бар, деді. Сол жақта өмір сүріп жатқан азаматтар өз еркімен елін, атажұр­тын тастап кеткен жоқ. Еуропаға қы­зық қуып, жақсы тұрмыс, керемет байлықты іздеп барған емес. Тағ­дыр тәлкегі осыған душар етті. Осылай деп тәуел­сіздіктің тағылымды тұс­та­ры­на тоқталды. Білген адамға тәуел­сіздіктің оңай келмегенін, қа­зақ мемлекетін құру үшін талай ша­й­­қастардың болғанын, шейіт кет­кен­дердің де аз еместігін атап өтті. Ата-бабаларымыз аңсаған тәу­ел­­сіздіктің бақытын Алла бізге көруге жазыпты. Елордамыз Астанада, Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев бас болып, Әнұраны­мыз­ды асқақ­та­тып, бүкіл әлем қазақ­тарын бір шаңырақтың астына жинап отыр. Қай заманда, қай дәуір­де мұндай алқалы жиын бо­лып еді. Осының бәрі тәуелсіз­діктің арқасында, деген Әбді­қайым Кессижи Назарбаев сын­ды көшбасшысы бар қа­зақ хал­қының ұрпағы екенін мақ­та­нышпен айтып, еліміздің Ор­та­лық Азияда, түркі әлемінде ал­ғаш рет, бұрын тек қана Еуропа мемлекеттері басшылық жасап келген ЕҚЫҰ-ға табысты төр­ағалық еткені қандастарымызға зор мақта­ныш болғанын, еңсе­ле­рі­нің көтерілгенін тілге тиек етті. Экономиканың биік деңгейде өрлеуі Президент Нұрсұлтан На­зарбаевтың ересен еңбегі, көре­ген саясаты, жан-жақты ойлас­ты­рып жасаған реформаларының нәти­же­сі. Оны біз жақсы білеміз. Би­ыл сайлау өтті. Нұрсұлтан Назарбаев жеке-дара шығып, жеңіс­ке жетті. Бұл ешқандай да кез­дей­соқтық емес, халықтық мейірімі мен ықыласы, деді еуро­палық бауырымыз. Талантты ақын Бауыржан Қа­рағызұлы құрылтай төрінен ел тәуелсіздігі, оны бекемдеген Ел­ба­сы, ел бірлігі туралы қаумалай келген қандастарымыздың көңіл-күйін тап басқан жыр жолдарын шашу етті. Сарыарқаның төсіндегі сәнді де, сәулетті қала әсем Астанаға келіп, дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысу мен үшін зор мерей, деп сөз бастаған Қы­тай елінің Шыңжаң-Ұйғыр авто­номия­лық ауданы үкіметі төраға­сының орынбасары Тілепалды Әбдірә­шит­ұлы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның дана басшылығында ең­бекшіл, ер­жүрек, ақкөңіл Қазақ­стан халқы ерен ерлік, өршіл рухпен тәуел­сіздік тұғырын бекітіп, ел абы­ройын биікке көтерді. Зор жетістіктерімен халықаралық қо­ғам­­дас­тықты өзіне қарата алды. Бұ­ған бүгінгі Қазақстанның тұ­рақты саяси жағдайы, гүлденген эконо­микасы, ұлттардың жарас­қан берекесі куә. Абзал дос, көрші ретінде біз бұған шын жүректен шат­танып, шын ниетпен сүйіне­міз, деді делегация басшысы. Үшінші болып сөз кезегін Ре­сейдің Алтай өлкесі Құлынды ауда­нындағы қазақ мектебінің ди­ректоры Нұрғайша Баринова ал­ды. Дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайы әлемнің жана­рын жаулап, сәулеті мен дәулеті келіскен әсем Астанада атажұрт­тың тәуелсіздігі нығайып, мерейі тасыған сәтте өтіп отыр. Орта толсын, әлеумет, деп бастады ол өзі­нің сөзін. Жақында Қазақ­стан­да болған кезектен тыс президенттік сайлауда Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы­ның жеңіске жеткенін шетте жүр­ген біздер ырысты елдің ынты­ма­ғы арта түскені деп бағаладық. Тек біз емес, орыс, татар, баш­құрт, чешен көршілеріміз де Қа­зақ­станды тұрақтылық пен бере­кенің ұйытқысы болып отыр­ған ел деп санайды. Елбасы Н.Назарбаев Ресеймен ортадағы екіжақты қарым-қатынастың ма­ғы­насы мен мазмұнына айрықша маңыз беріп, оны өркендете түсуге мүдделілік танытып отыр. Уақыт пен келешек алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, осы үрдісті жал­ғастыратын ха­лық­тық диплома­тия­ға үлесімізді қосуға біз де бо­рыштымыз, деді ол. Одан әрі шешен Ресейде тұратын қандастары­мыздың тілдік, мәдени өміріндегі ахуалы туралы айтып берді. Қазір Ресейде 1 млн.-ға жуық қазақ тұ­ра­ды, олар Астрахань, Орынбор, Тү­мен, Челябі, Волгоград, Саратов, Самара, Новосібір, Алтай өңір­лерінде тығыз қоныстанған. Елдің 26 аймағында 39 мәдени орталы­ғымыз бар. Осыдан 4 жыл бұрын орталығы Самара қаласы болып ұлттық мәдени орталығымыз да құрылды. Бұл орталық қоғамдық ұйымдардың басын біріктіріп, мәдени бастамаларға қолдау көр­сетуді, ұлттық салт-сананы жаң­ғыр­туды көздейді, деді ол. Соны­мен бірге, Н.Баринова шешімін тап­пай отырған мәселелерге де тоқталып өтті. Бір млн.-ға жуық қазағы бар Ресейде қазақ тілінде білім беретін екі-ақ мектеп бар. Алтай өлкесіндегі Құлынды ауда­нының Керей ауылындағы 80 жыл­дық тарихы бар мектеп со­ның біреуі. Мен осы мектепте ұзақ жыл­дардан бері директор бо­лып істеймін. 80 үйлі Керей ауы­­лы тарих көшіне ілесіп, ата-баба дәстүрін, салтын ұмытпай, Ресей­дің бір бұрышында отырған Қа­зақстанның бір аралы іспеттес мекен. Қазақша балабақшамыз, мешітіміз де бар. Қазақстаннан оқу­лықтар, ақын-жазушылардың шы­ғар­маларын алудан да кенде емес­піз. Өкінішке қарай, қазақ­тар тығыз қоныстанған басқа өңір­лер мұндай жағдайға қол жет­кізе алмай отыр. Осы мәсе­лені екі елдің білім министрліктері бірлесе отырып шешсе деген ұсынысым бар, деді ол сөзінің тоқетерінде. Он тоғыз жылдан бергі Қытай Халық Республикасы мен Қазақ елі арасындағы қарым-қатынас­тар нәтижесіне тоқталған ол одан әрі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы, басқа да халықаралық ұйымдар­дың ара­сын­да екі ел бірін-бірі қолдап, ты­ғыз ынтымақтастықта екенін жеткізді. Аумақтық қауіп­сіз­дік, эко­но­мика, сауда, оқу-ағар­ту, денсау­лық сақтау, т.б. салалар бойынша қа­рым-қатынаста страте­гия­лық әріп­­тес екенін де атап өтті. Қытайдағы ұлттардың терезесі тең, керегесі кең, деген Тілепал­ды Әбдірәшит­ұлы көрші елде 1,5 миллион қан­дасымыз негізі бір автономия­лық облыс, автономия­лық аудан, бірнеше қазақ ұлттық округтерінде өмір сүріп жат­қа­нын айтып, мем­лекеттік халық құрылтайында қолданылатын жеті тілдің бірі қа­зақ тілі екенін, сондай-ақ Шың­жаңда қазақ тілінде 18,5 сағат жұмыс істейтін радио барын, қазақ тілінде екі арна тәулік бой хабар тарататынын, алты баспа қа­лам­гер­лердің кіта­бын оқырманға үздіксіз ұсынып отырғанын жеткізді. Сарыарқаның төсіндегі сәнді де сәулетті қала әсем Астанаға келіп, дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысу мен үшін зор мерей, деп сөз бастаған Қы­тайдың Шыңжаң-Ұйғыр автоно­мия­­лық ауданы үкіметі төраға­сы­ның орынбасары Тілепалды Әб­дірә­шит­ұлы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­­ның дана басшылығында ең­бекшіл, ер­жүрек, ақкөңіл Қа­зақстан халқы ерен ерлік, өршіл рухпен тәуел­сіздік тұғырын бекітіп, ел абы­ройын биікке көтерді. Зор жетістіктерімен халықаралық қоғам­дас­тықты өзіне қарата алды. Бұ­ған бүгінгі Қазақ­стан­ның тұрақты саяси жағдайы, гүл­денген эконо­ми­касы, ұлттардың жарасқан берекесі куә. Абзал дос, көрші ретінде біз бұған шын жүректен шат­танып, шын ниетпен сүйіне­міз, деді. Түркиялық журналист Сәуле Исмаил өз сөзінде бүгінгі таңда Түр­киядағы қазақтардың 10-нан астам қоғамдық ұйымдары, 2 қоғамдық қоры, 2 құрылыс кооперативі, 3 егін шаруашылық бірлестігі бар екенін айтты. 40-тан астам шағын зау­ыт, 1 мыңнан астам тері өнімдерін дайындайтын кәсіпорын, жарты мыңдай сауда дүкендерін ашқан­быз. Яғни, қа­зақтардың 75 пайы­зы нақты өнім өндірумен айналы­сады, дей келіп, одан әрі Түркия­дағы қазақ­тардың арасынан шық­қан бір мың­нан астам жоғары білімді дәрігерлер, адвокаттар, инженерлер, оқытушылар барын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол бір кезде Ата­түріктің есімін естіген ата­лары­мыз «атамекенде ел тізгінін қолы­на ұстар осындай асыл перзент туса» деп көксеген екен. Құдайға шүкір, енді, міне, сол аңсаған арман ақиқатқа айналды. Есемізді ешкімге жібермейтін Ел­ба­сымыз бар. Тұрлаулы да тұ­ғырлы тәуел­сіздігіміз бар. Еур­азияның орта­сында айбыны мен сәулеті асқан Астана тұр, дей келіп: Түркі дү­ниесі дегенде ТҮРКСОЙ еске ора­лады. Түркі өркениетін халық­аралық деңгей­де үйлестіру мақса­тындағы ұй­ым­ның құрылуына Қазақстанның ұйытқы болғаны шетте жүрген бізге үлкен мәртебе берді. 2010 жылғы мамырдың 24-і күні Астанада Қазақстан Респуб­ликасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрік Республи­ка­сының Президенті Абдулла Гүл­дің қатысуымен Түркі акаде­мия­сының ашылуы, Түркі тілдес мем­лекеттердің ақсақалдар алқа­сы­ның құрылуы неше жылғы табан­ды еңбектің жемісі деп білеміз. Бұл түркі әлеміндегі үлкен жаңа­лық, елеулі оқиға болды. Иә, Күл­те­гіннің көксегені, Абылай­дың аңсағаны асыл мұрат болып кеудемізде жатыр. Көбейейік, кеңейе­йік! Өсейік, өнейік, сөз аяғын тебіреніспен түйді. Көрнекті жазушы Смағұл Елубай өз сөзінде тоқсаныншы жыл­дардағы қиындықтарды алға тарта келіп, қазақ элитасының елдік сипаттағы оң қимылына, екі білекті сыбанып жіберіп нартәуекелмен Арқа төрінде жаңа астана салуға кіріскенін айтты. Бұл шынында өзі жас, эконо­ми­касы жер бауырлап жатқан ел үшін қолға алар жоба емес еді. Бірақ, тарих қазақ элитасының сол асы­ғыс та асқақ арманын шындыққа айналдырды. Бүгінде, мінеки, ара­ға жылдар салып, сол ақылға сый­мас арманның жүзеге асқанын көріп отырмыз. Шын­дық­қа ай­налған арманның, яғни Астана­ның төріндеміз. Бұл табан астын­да төбе көрсеткен тегеурін, қазақ бойында бұққан пассионар­лық қуат екен. Сол ұлы істің ба­сын­да нағыз пассионарлық тұлға Нұр­сұлтан Назарбаев тұрды, деген Смағұл Елубай бұдан кейін, өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ басына төнген қызыл нәу­бет хал­қымыздың тең жартысын жер жастандырғанын, сол зұлмат болмағанда бүгінде санымыз 40 миллионнан асқан алып ел болып отыратынымызды алға тартты. Сондай алапаттардан аман қал­ған халықтың ата топырақта басын қосатын көші-қон мәселесі екенін білдірген жазушы, кейбір азаматтардың бұған селқос қа­рай­тынына мысалдар келтірді.  Мұндай немқұрайдылық, ай­на­лып келгенде, тәуелсіз Қазақ­стан тағдырына – немқұрай­ды­лық деп білеміз. Себебі, енді бір 15 жылда Қазақстанға көшкісі ке­летіндердің саны ғана емес, ние­тінің өзі бұлақтай тартылуы мүм­кін. Өйткені, атажұртын аңсай­тын аға ұрпақ кетіп, оның орны­на келген жас ұрпақ бірте-бірте өзге ұлт­тарға сіңіп, «атамекен», «Қа­зақ­стан» деген ұғымдар олар­ға жай сылдыр сөз болып қалуы мүм­кін. Шетелдегі 5 миллион қа­зақ ұрпағынан болашақта біржола айрылып қалмау үшін қазірден бастап жүйелі жұмысқа ұйытқы болғанымыз жөн, деді жазушы. Моңғолиядан келген ғалым Асай Рәмішұлы өзінің сөзін ұлт­тың бірлігі жолында бүгін төртін­ші рет бас қосып отырғандарына ризашылығын білдіруден баста­ды. Бұл Құрылтай қазақ ұлтының осыдан 20 жыл бұрын «бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол» шыға­рып, басымыз құрала алар ма екен­біз деп алаңдап жүрген ша­ғында емес, биік мақсат, ортақ мүд­денің жолында біріге алаты­нымызды өзіміз танып білген, өз­гелерге мойындатқан кезеңде өту­де. Бұған қоса Қазақстан Пре­зи­­дентінің әлемдік деңгейдегі көр­некті қайраткер биігіне көте­ріл­гендігі де қазақ елінің мәр­те­бесін биіктете түсіп отыр. Біз, шетелдегі ағайындар да осы биікке ұмты­лып, осы деңгейді бетке ұс­тауы­мыз керек, дей келіп, Моң­ғолия­дағы қазақтарды қолдау жө­ніндегі өзінің кейбір нақты ұсы­ныстарын айтты. Соның ішінде Моңғолияға қазақ БАҚ өнімдерін жеткізу қажеттігін алдымен тілге тиек етті. Бұрын емін-еркін жетіп тұра­тын газет-журналдар қазір жеткізілуден қалды. Ал өзімізде шыға­тын БАҚ қаржы тапшылы­ғы­нан жабылуда. Сондықтан осы мәселе шешіліп, бізге қазақ БАҚ өнімдері жеткізіліп және радио хабарларын тыңдай алатын жағ­дай тудырылса екен, деді ол. Сонымен қатар, Армения мен Әзірбайжанда да ашыл­ған Абай орталығының Моң­ғо­лияда да ашылғанын қалай­тынын айта келіп, Моңғолия қазақ­тары­ның бір­азы атамекенге жылына бірнеше дүркін келіп жатады. Бірақ Ресейді басып өтетін жол ұзақ. Шығыс Қазақстан арқылы тарты­луға тиісті төте жол көптен ай­тылғанымен, әлі күнге салын­ған жоқ. Осы мәселені шешуді өті­не кел деп маған ондағы ағай­ын­дарыңыз аманат етіп еді, соны жеткізіп отырмын, деді шешен. Оның ұсыныстарының қата­рын­да Моңғолиядан келіп оқып жат­қан жастарға арнайы бағдар­ла­ма­мен жеңілдік жасау қажеттігі де ай­тылды. Сөзінің соңында: «Шетелдегі қазақ диаспорасы болып та­былатын біздер Қазақстанды өзі­міз­дің ұлттық Отанымыз деп санап, осы елдің азаматы ретінде сезінеміз. Сондықтан біз өзімізді Қазақстанның қамқорлығына бө­ле­ну­ге лайықтымыз деп санай­мыз. Бірақ үнемі ала берейік дегеннен аулақпыз, керісінше, ата­жұр­тымыздың кетігіне кірпіш болып қалансақ екен деп тілейміз, деді. Парламент Мәжілісінің депу­та­ты Уәлихан Қалижан өз сөзін­де санаулы жылдар ішінде сырт­та ресми тіркелген 5 миллион қа­зақтың 1 миллионы атажұртқа орал­ғанын тілге тиек ете келе, осы­ның бәрі Елбасы, Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті, әлем қазақтарының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің ағасы атанып отыр­­ған Нұрсұлтан Назарбаев­тың іргелі сая­сатының жемісі екенін айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы ешқашан қазақ тақырыбын, қазақ мәселесін күн тәртібінен түсірмей келе жатқа­нын, өзге елге ресми сапарлары­ның бәрінде қандастар­мен кездесіп, көптеген мәселелер­дің шешілуіне тікелей өзі ара­ласқанына куә болғанын жеткізді. Осынау ордалы жиында тағы бір айналып өтуге болмайтын мәселе бар. Ол «оралмандар Қа­зақ­стан қоғамына масыл» деген кейбір зиялы қауым өкілдерінің қаң­қу сөзі. Осыған орай, мына деректерді алға тартамын: тәуел­сіз­дік алған кезден бастап, 2011 жыл­ғы 1 қаңтардағы жағдай бой­ын­ша тарихи Отанына тұрақты тұру үшін 210 мың отбасы немесе 825 мың адамды құрайтын этностық қазақ қайтып оралды. Ал би­ылғы жылдың үш айының өзін­де 10 491 адам туған жер то­пы­ра­ғын басты. Бұл ретте Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығы атқарып отырған жұмысты ерекше атап өткен жөн. Республика аумағында тұра­тын еңбекке қабілетті жастағы 448 459 адамның 224 000-ы (50,0 %) жұмыс істейді, ал 179 000-ы өзін жұмыспен қамтуда. 30 мың оралманның шаруашылықтарын­да 31049 ірі қара, 6848 жылқы, 78 мыңнан астам қой-ешкі бар. Жо­ғары және орта арнаулы оқу орын­дарында 5508 оралман студент, ал дайындық курстарында 160 қыз-жігіт оқиды. 620 адам Қа­зақстан Республикасының Қа­ру­лы Күштері қатарында қызмет атқа­руда. Оралмандардың ара­сын­да: 74 ғылым докторы, 213 ғылым кандидаты бар. 40777 орал­ман жоғары білімді, 2509-ының аяқ­талмаған жоғары және 93600-інің орта арнаулы білімі бар. Орал­мандардың 4 пайызы ғана зейнеткерлер деген деректерді алға тарт­қан У.Қа­лижан одан әрі қазақтың бір ғана Отаны, бір ғана Елі, бір ғана Жері бар. Ол – Қазақстан, деп  сөзін аяқтады. Өзбекстаннан келген қандас­тарымыздың атынан сөз техника ғылымдарының докторы, профессор Бәкір Серікбаевқа берілді. Біз үнемі Өзбекстанда тұ­ратын қазақ­тар өздерін ешқашан да өзге елде тұратын диаспора ретінде есептемейтінін айтып келеміз. Демек, біз ежелгі мекенімізде, ата-ба­баларымыз сан ғасырлар бойы өмір сүріп, тіршілік еткен жерімізде отырмыз. Бұған біздің шежірелі тарихымыз айғақ. Күнгейі Памир тауларынан басталып, теріскейі Арал өңіріне дейін созы­лып жатқан ұлан-ғайыр өлкедегі сансыз ескерткіштеріміз, жәдігер мұраларымыз куә. Қазақ халқы­ның ең ұлы тұлғаларының қата­рынан орын алатын Төле би мен Әйтеке бидің мәңгілік мекені, топырақ бұйыр­ған жері – Өзбек­стан екендігі осының айқын көрі­нісі, деді ол. Одан әрі шешен Өз­бекстанда 1,5 млн. қазақ тұраты­нын айтты. Өзбекстан жеріндегі ағайын­дардың арасында ана тілін білмейтін, өзінің салт-дәстүрінен алыстап кеткен қазақ жоқ дегенді нық сеніммен айта аламыз, дей ке­ліп, одан әрі Өзбекстандағы қазақ ағайындардың көріп отыр­ған қамқорлықтарын санамалап берді. Соның қатарында 541 қазақ мектебінің, жоо-ларда қазақ тілі мен әдебиетінің мамандарын дай­ындайтын бөлімдердің барын айтты. Республикалық «Нұрлы жол» газеті жарық көріп, орталық теледидардан «Дидар» бағдар­лама­сы көрсетіледі. Соңғы кездері жаңадан бірнеше қазақ ұлттық ұжымдары ашылып, ұлттық мәде­ниет жандана түсті. Қа­зақстан елшілігі бұл істерге қолдау білдіріп отырады. Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығы­ның жанынан шы­ғатын БАҚ өнімдері де бізге үзбей жетіп тұрады деп ол өз сөзін аяқтады. «Егемен Қазақстан» респуб­ли­­калық газеті» акционерлік қо­ғамы­ның президенті Сауытбек Абдрахманов өз сөзін жарыссөз барысында алғашқы құрылтай өт­­кізу жөнінде Президент Н.­Ә.На­­зарбаевқа Түркияға ресми сапары кезінде ұсыныс жасалған еді, сол ұсыныс артынша жүзеге асты деген пікірдің айтылуына байла­нысты ойын білдіруден бастады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғаннан кейін айналасы екі аптаның ішінде Үкі­метке отандастарды Отанға орал­туға жағдай жасау туралы тығыз тапсырма беріп, қауырт қаулы қабылдатқан, 1991 жыл­дың 31 желтоқсанында әлем қазақтарына радио арқылы үндеу арнап, қан­дастарымызды Қазақ­станға ша­қыр­ған болатын, деді С.Абдрахманов. Ол кезде аппаратта бөлім меңгерушісінің ор­ын­­басары қыз­ме­тін атқар­ған­дықтан, бұл шаруа­ның басы-қа­сында жүргенбіз. Бұл шын мә­нінде жан тол­қытарлық жағдай. Нұрсұлтан Назарбаев ел билігіне келгеннен кейінгі ең алғашқы шешімдерінің бірін отандастарға байланысты қабылдаған, ал­ғаш­қы сөздерінің бірін алыстағы ағай­ынға арнаған. Біз мұны анық білуге тиіспіз. Бұл біздің Прези­дентіміздің өзімізге теңдік тиер күн қашан келер екен, бар қа­зақтың басы қосы­лар күн қашан болар екен деген арманды ойды кешегі кеңестік кезеңде де көкірегінде әлдилеп келгенін көрсетеді. Осыдан ширек ғасыр ғана бұ­рын Мәскеу осы басқарып көрсін­ші деп, бізге бір көлденең көк аттыны жібере салған еді. Шалқар тұнық айдынымызға қаңғып келген шүрегей қонып, тынышы­мыз­ды кетіріп еді. Бүкіл әлем өзгерсе де өзгермейтіндей көрінетін Ке­ңес Одағының өзінде демократия желі есе бастаған кезде дәл біздің басымызға қара бұлт үйіріліп, жігеріміз жасып, сағымыз сына жаздаған еді. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ­тың сол кезде етекке түскен басын төрге алып шықты. Төр болғанда да Еуропаның төріне алып шық­ты. «Әр халықтың басшысы өзіне лайық болады», деген сөз бар. Тарихтың, тағдырдың тар кезеңін­де Қазақстан аспанына Назарбаевтай азаматты алып шығуында ға­жайып әділеттілік жатыр. Қа­зақ­тың маңдайына маңдайы жар­қыраған Нұрсұлтандай перзент бітуінде, оның ғасырлар тоғы­сында, мыңжылдықтар межесінде ел билігіне келуінде ғажайып заңды­лық жатыр, деді С.Абдрахманов. Ел өміріндегі елеулі оқиға бо­лып саналатын бес жылда бір рет өткізіліп тұратын әлем қазақ­тарының құрылтайында сөз ал­ған азаматтар ұлтымыздың өткені мен бүгінін, жарқын болашағын айта келіп, алқалы жиын сәтімен аяқ­талғанда қорытынды сөзді Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев алып, дүниенің төрт бұры­шына тараған ұрпақ бүгін төрт көзі түгел Астанаға жиналып отыр. Барлықтарыңыз сырттағы, іштегі қазақ жұртының бүгіні, келешегі турасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың маз­мұн­ды баянда­ма­сын тыңдады­ңыздар. Онда қа­зақ диаспорасы мен жұмыс жө­нінде, көші-қон мәселесін жаңа өріске шығаруға қатысты тапсыр­малар берді. Бәрімізге ортақ ендігі міндет – осы алға қойылған жос­пар­лы істі сапалы деңгейде орын­дап шығу. Сонымен қатар, алқалы топтың алдында сөйлегендер Дү­ниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа Төрағасына Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевты ұсынып жат­ты. Осы залда отырғандардың бәрі де сол пікірді бірауыздан қол­­дады, деп құрылтайдың жар­лығына сәйкес ашық дауыс беру тәсілімен Төралқа Төрағалығына Нұр­сұл­тан Назарбаевтың канди­да­тура­сын қойғанда, бүкіл делегаттар бір кісідей дауыс берді. Сөйтіп, Төралқа Төрағасы болып Нұрсұлтан Назарбаев сай­ланды. Төралқа Төрағасының бірінші орынбасары жұмысын осы­ған дейін сол жұмысты ат­қарып келген Талғат Мамашев жалғастыра беретін болды. Сүлеймен МӘМЕТ, Жақсыбай САМРАТ.