Кезінде Қарағанды лагерлерінің орталығы болған Долинка кентінде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау» мұражайы жұмыс істей бастады. Оның бастапқы қадамын таныстыру үшін директоры Жазира КҮЛБАЕВАНЫ әңгімеге тартқан едік.
– Алдымен бұл мұражайдың қандай мақсатта құрылғанын айтып өтсеңіз.
– Тәуелсіз еліміздің тарихын ұлттық мүдде тұрғысынан қайтадан ой елегінен өткізіп, кешегі қызыл саясат кезіндегі ақтаңдақтардың бетін ашып, мұражай экспозициясы арқылы шындықты көрсету басты мақсат. Жалпы алғанда ҚарЛагтың пайда болуы, бірнеше жылғы жылнамасы әлі түбегейлі зерттеле қоймаған, көп сыры толық ашылмаған тақырып. Тарих ғылымдарының докторы, марқұм Дүйсетай Шаймұқанов ағамыз ғана бірінші рет оған жол салды. Қазір жергілікті ғалымдармен бірлесіп лагерь тарихына арналған үлкен монография жазылып жатыр. Ол Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесі алдында оқырмандар қолына тимек.
– Тарихтың жөні бір басқа да, оны экспозицияда көрсету, келушілерге жеткізе білу бір басқа. Осының шешімін қалай таптыңыздар?
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайы Елбасының тапсырмасымен бұдан екі жыл бұрын ҚарЛаг басқармасы ауруханасының ғимаратында ашылған еді. Мұның алдында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бас әкімшілік ғимаратында жаңғырту жұмыстары аяқталған соң соған көшірілді. Екі қабатты ескі ғимарат 1933-35 жылдары тұтқындардың күшімен салынған болатын. Мұражайдың аумағы 3326 шаршы метрді құрайды, 13 экспозициялық залдан тұрады. Онда ҚарЛагтың құрылуынан бастап тәуелсіз Қазақстанның қазіргі тарихына дейін тұтас қамтылған. Мұражайдың күрделі жөндеуден кейін қайта ашылуы еліміз мерекесіне тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып өткенді елестетері, зерделетері жеткілікті орынға айналуы үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын тыңғылықты жүргізуге зор көңіл бөлінді.
60-80 жылдар аралығында ҚарЛагқа қатысты көп құжаттарды Мәскеу мен Ленинградтан, Ресейдің басқа өңірлерінен келген зерттеушілері алып кетуі қиындық тудырғанын жасыра алмаймыз. Өз мүмкіндігімізге сүйеніп Алматы, Астана, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш мұрағаттарындағы керекті құжаттарды тауып жинақтаған соң Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы мұражайлдарында сақталған дәйектермен толықтырдық. Соның нәтижесінде, 10 мыңнан астам жәдігер жиналды.
– Экспозиция жасауда қандай жаңашылдық идеялар, тың шешімдер қолданылды? Мұражай жүйесінің жетілдірілуі қалай?
– Экспозицияны дайындау кезінде қазіргі заманның озық үлгілері кеңінен енгізілді. Оған ғылым мен техниканың жетістіктері пайдаланылды, әрбір зал мультимедиялық анимациялық құрылымдармен, инсталляциялық көрнекі құралдармен жабдықталды. Мұндағы әрбір жәдігер, құжат-қағаз «сөйлеп» тұр деуге болады. Мәселен, ҚарЛагтың құрылуы залын алайық, ол 1928 жылдан басталады. Ал «Әйелдер мен балалар» залында әйелдердің айғайы, балалардың жылауы, бәрі сол күйінде естіледі. Мұражайдың әр залы өзіне тән бейне, фотосуреттермен әспеттелген. Келушілер сол кез зобалаңын өз көздерімен көріп, жан түршігерлік оқиғаларды жан-тәнімен сезіне алатыны сөзсіз.
Жалпы, экспозицияны көрмемен салыстыруға болмайды. Ол он, жиырма жылға жасалынады. Көрме бір аптаға, бір айға, әрі кетсе алты айға дейін белгілі бір тақырыпқа орайластырылуы мүмкін. Экспозицияның көркемдеу тұжырымдамасын Алматының «Алматыкөркем» ЖШС суретшілері жасады. Оны дайындауды алғаш болып елімізге танымал шебер, дизайнер маман, марқұм Нағашыбек Мырзаханұлы қолға алып еді. Қазір бұл істі ұлы Мұхамбет жалғастырып отыр. Республикалық деңгейдегі мұражай облыс әкімдігінің, мәдениет басқармасының қолдауымен жұмыс істейді. Мұрағаттық құжаттарды алуға «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы көп көмек көрсетті.
– Алаш арыстарының азаттық жолындағы күресі бір бөлек. Мұражай экспозициясында олар туралы қандай мағлұматтар бар?
– Өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан басталған қуғын-сүргін ұлт зиялыларының басына түскен үлкен нәубет болды. Көбі ұлт болашағы үшін жанын қиды. Олардың еңбектері мен есімдері ұмытылмақ емес. Үлкен залдағы көз аударарлық экспозиция Алаш арыстарына арналған.
– ҚарЛаг тарихы жетпіс жыл билік құрған кеңестік биліктің зорлықшыл саясатының қасіретті куәсі. Оны толық алға тарта алдыңыздар ма?
– ҚарЛагты 1931 жылы құрылуымен және 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін жабылуымен ғана шектеп қарастыруға болмайды. Қазақ даласы неге сталиндік қуғын-сүргін полигонына айналды? Басқа халықтарға қарағанда қазақтар неге алабөтен қырғынға ұшырады? Осының жауабын іздеуге ұмтылыс жасалды. ҚарЛаг тарихы ГУЛАГ тарихының бір тарауы іспеттес. 1918 жылы 5 тамызда Пенза уезінің Кучинск губерниясында кулактар көтерілісі бұрқ еткенде В.Ленин Пензаға жеделхат жолдап кулактарға, поптарға, ақ гвардияшыларға, басқа да бүлікшілерге қарсы аяусыз террор ұйымдастырып, тұтқындарды бір жерге жинап ұстайтын лагерь ашу керектігі жөнінде бұйрық береді. Мемлекет ішіндегі жеке империяға айналған 53 лагерден тұратын кеңестік ГУЛАГ жүйесінің құрылуы осылай басталған болатын.
20-30 жылдар аралығында мұндай лагерьлер Колымада, Магаданда, Воркутада, Сібірде, Уралда және Қазақстанда ашылды.
Күштеп ұжымдастыру, индустрилизациялау, мал-мүлікті тәркілеу, аштықтың белең алуы адам айтқысыз үркіншілік заманына әкеліп соқтырды. Үкіметтің саясатына наразы халық қарулы көтерілістер жасады. ОГПУ-дың дерегі бойынша 1929 жылы Қазақстанда жалпы саны 350 адамнан тұратын 31 көтерілісшілер жасақтары болған. 1931 жылы ондағы адам саны 3192-ге жеткен. Бұл бас көтерулер қырып-жоюмен басылып, тірі қалғандар жедел құрылған лагерлерге тоғытылды. Мінеки, бұлар келе-келе сайын далаға жайылған сым торға ұласты.
– ҚарЛаг басқармасының бас әкімшілік ғимараты орналасқан Долинка кентінің бұрынғы атауы Қоңыртөбе еді ғой. Ол қазақтардың байырғы атақонысы болған-тын. Осы атау қалпына келтіріле ме?
– 1906-07 жылдары мұнда ішкі Ресейден көшіп келушілер қоныстана бастады. 1909 жылы оған кент әкімшілік бірлігі берілді. Долинка кентіне орналасқан ҚарЛаг басқармасын (Қарағанды жеке еңбекпен түзету лагері) құру туралы 1931 жылғы қаулы шыққанға дейін бұл өңірді 4 мың түтін, яғни бала-шағасымен қоса есептегенде 80 мың қазақ қоныстанып отырған. Оған қоса 1200-дей орыс, украин, неміс ұлтының азаматтары өмір сүріп жатты. НКВД әскерінің күшімен олардың бәрін үдере көшірді. Бұл зомбылық, әсіресе, қазақтарға аса ауыр тиді. Жергілікті халықты атақоныстан айырғаны аздай, бай деп, кулак деп олардың алдарындағы ақ адал малдарын жаппай тәркілеуге кірісті. Тартып алынған мал ҚарЛаг жанынан ашылған «Гигант» кеңшарының «Востокмясо» шаруашылығына тапсырылды. Босаған жерлерге жазалау лагерлерін орналастырды. Сотталғандар күн-түн демей жұмыс істеп, шойынжол салды, барактар, мал қораларын, казармалар, қызыл командирлерге арнап үйлер тұрғызды. Құрылыс үшін бұрынғы үй-жайларды, тіпті қазақ бейіттерін бұзып кірпіштерін пайдаланды. Мәселен, Жаңаарқа аудандық партия комитетінің хатшысы Ж.Сүлейменовтің Қарағанды обкомына жазған хатында былай делінеді: «Аудан аумағындағы Ортау, Алғабас, Жайдақ шатқалдарында ҚарЛаг бөлімшелерін ашу кезінде лагерь жұмысшыларының қазақтың атақты адамдарының бейіттерін қирату фактілері аз емес. Соның бірі Жидебай батырдың ұлы Сыздықтың моласы бұзылған, тағы оншақты моланың быт-шытын шығарып, атқораға айналдырып жіберген».
КарЛаг басқармасының әкімшілік орталығы Долинка кентінде орналасқанымен, оған қарасты лагерлер ұзындығы мен көлденеңі 500 шақырымды алып жатқан Орталық Қазақстанның аумағын тұтас қамтыды. Бұл қазіргі Франция мемлекетінің аумағынан үлкен. Мұнын сыртында Ақмола және Балқаш бөлімшелері жұмыс істеді. ҚарЛаг құрудағы басты бір мақсат Орталық Қазақстан аумағында қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіп өндірістері – Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған, Балқаш мыс балқыту комбинаттары үшін азық-түліктік белдеуді қалыптастыру болатын. Сондай-ақ, осы өндіріс ошақтары үшін сотталғандардың тегін жұмыс күшін пайдалану бірінші кезекте тұрды. Құл күші Сталиннің «бақытты социализм» құру жоспарын жүзеге асыру үшін өте қажет болды. Жалпы, қазақ жерінде ҚарЛаг басқармасының бағыныштылығында 26 бөлімше, 192 лагерь болған. Әр бөлімшенің өзіндік шаруашылық құрылымдары, бақша учаскелері, мал фермалары, егістік алқаптары жұмыс істеген. Басқасын былай қойғанда тек мал фермаларының өзінің саны 106-ға жеткен. Ресейден әкелген мал жоқ, мұның бәрі қазақ халқынан тартып алынған ақтылы малы екені айтпаса да түсінікті. ҚарЛаг республика басшылығына бағынбады, тек тікелей Мәскеуге, ГУЛАГ-қа ғана тәуелді болды. Оның өз ішкі әскерлері, телеграф-пошта байланысы, дербес шаруашылық жүйесі болды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет ішіндегі мемлекет еді. ҚарЛаг жұмыс істеп тұрған уақытта оның бөлімшелерінде 1 миллионнан астам тұтқындар азап шекті. Мұның бәрін бүгінгі ұрпақ білуі керек. Міне, сондықтан да, Долинкаға байырғы Қоңыртөбе атауы қайтарылып берілуі жергілікті жұрт тілегінің бірі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен, Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.