
Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы дәрілік өсімдіктерді қорғауға қатысты, табиғи дәрумендерге бай өсiмдiктердің аумағын ұлғайту, арнайы егу есебiнен табыс табу бойынша мәселе көтеріп, өңіраралық форум ұйымдастырған болатын.
«Ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры» шет ел асуда
Оңтүстікте жоғалып кетуге жақын өсімдіктердің эндемиялық түрлері өседі. Жалпы, еліміз бойынша бір жарым мыңнан астам дәрілік өсімдіктер өсетін болса, оның қырыққа жуығының ғана медициналық шикізат ретінде пайдаланарлық қоры бар екен. Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Данияр Мағауиннің мәлімдеуінше, соңғы төрт жылда 63 мың тоннадан астам құнды дәрілік өсімдік – мия тамыры шет елге жөнелтілген. Ал тиісті мекемелер тарапынан берілген рұқсат 20 мың тонна. Яғни, 43 мың тоннадан астам дәрілік өсімдік табиғатқа зиян келтіріле отырып, жиналған. Осы төрт жылда дәрілік өсімдіктерді дайындауға бірде-бір рұқсат берілмеген. Дәрілік өсімдіктер, оның ішінде мия тамыры негізінен ауыл шаруашылығы маңызындағы жерлерден көбінесе түбірімен қопарыла, агротехникалық талаптар сақталмай жиналады. Айта кетелік, мия тамырын косметологияда тері дақтарын кетіру үшін, сонымен қатар терінің қартаюына қарсы қолданады. Ал өнеркәсіпте улы химикаттардың иісін кетіру үшін пайдаланады. Мамандардың мәлімдеуінше, ең бастысы, мия тамыры түрлі аурулардың алдын алуда таптырмайтын «табиғат сыйы». Бұл өсімдіктің қасиетін әлемнің көптеген елдері ерте анықтаған. Қазір оны тамақ өнеркәсібінде, косметологияда қолданбайтын елдер кемде-кем. Деректерге жүгінсек, Германияда мия тамырынан жақпа майлардың 20-30 пайызы жасалады екен. Тибетте мия тамырын «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры» деп атайды, жастық реңді сақтау үшін қайнатып ішеді. Ал Қытайда мия тамырының адамды жасартатын қасиеті 3000 жыл бұрын дәлелденген. Бұл елдің дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі жасалмайды. Тамақ дәмдеуіш қоспаларға да мия тамыры қосылады. Тіпті, шикізат тапшылығынан Қытай билігі 2008 жылдан бастап мия тамырын баж салығынсыз тасымалдауға рұқсат берген. Яғни, Қытай миядан 70-80 пайызға дейін пайдалы заттарды өндіріп алады. Косметологияда көші ілгерілеп отырған Оңтүстік Корея да мия тамырларын ұдайы қолданушылардың қатарында. Алайда, шикізат тапшылығынан олар мияны бүгінде қолдан өсіруге көшкен. Мия тамырынан 1000-нан астам пайдалы өнім жасауға болады екен. Ал қызыл мия тамырын халық медицинасында көптеген ауруларды емдеу үшін ұдайы қолданған.
Міне, осындай пайдалы өсімдіктер қорғауды қажет етеді. Себебі, көршілес мемлекеттерде мия тамырына деген сұраныс артып отырғандықтан елімізде ол жаппай жиналуда. Прокурор Д.Мағауиннің айтуына қарағанда, шет елге шығарушылар лицензия алып, өздеріне тиімді баға қояды да ірі елді мекендерде мия тамырын жинайтын орын құрады. «Ал жинайтын мамандар емес, қарапайым тұрғындар. Әрине, олар мия тамырын қалай дұрыс жинау қажеттігін білмейді. Сондықтан барлық істе технологиялар өрескел бұзылады. Біріншіден, жерді жырту тереңдігі ескерілмейді, екіншіден, өсімдіктің әрі қарай өсуі үшін тамыр қалдырылмайды. Сондай-ақ, соқаның ізі жабылмайды. Жинау кезіндегі технологияның бұзылуы салдарынан өсімдік жапа шегумен қатар жер тозады. Бұл мәселелердің заңда реттелмеуі көлеңкелі экономика үшін жағдай жасауда, өйткені, бақылау жоқ. Ата Заңымыз бойынша өсімдік әлемі мемлекеттік меншікте болғанымен, жинайтындар бюджетке бір тиын да төлемейді. Себебі, бұл заңмен қаралмаған», – дейді прокурор.
Дәрілік өсімдіктерді сататындар арасында адамтамырдан (жень-шень) да қымбат және Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар аудандарында өсетін мия тамыры үлкен сұранысқа ие. Статистикалық мәліметтер бойынша, құнды тамыр экспорты ұлғая түсуде. Егер 2011 жылы елімізден 4 мың тоннаға жуық тамыр экспортталса, 2015 жылы тек Оңтүстік Қазақстан облысынан шет елге шығарылғаны 14 мың тоннадан астам.
Осындай көзқарастың нәтижесінде және қызыл мия тамырын бақылаусыз дайындаудың салдарынан оның жабайы өсетін таралымы жойылып, табиғи экожүйелерге нұқсан келтірілуде. Қажетті талаптар сақталмай жинала берсе, болашақта отандық фармацевтика өндірісін шикізатпен қамтамасыз ету тапшылығына соғатынын айтушылар аз емес. Бос жатқан жерлердегі неше түрлi емдiк және дәрiлiк өсiмдiктер, оның ішінде мия өсiмдiгi соңғы бiрнеше жылда түп-тамырымен қопарылып, шет елге сатылып келеді.
Тамырдан табыс табуда көршіден кейін қалып отырмыз
Өңіраралық форумда сөз алғандардың барлығы мемлекеттік орман қорын қоспағанда, дәрілік жабайы өсетін шикізат кездесетін аумақтарда оны дайындау қолданыстағы заңдарда реттелмегенін айтты. Яғни, қазіргі кезде мемлекеттік орман қорының аумағынан тысқары жерлердегі дәрілік өсімдіктерді жинайтын қажетті агротехникалық құралдардың тапшылығы мен оларды ұқыптылықпен жинап алу талаптары сақталмай жүргізіліп келеді. Мамандар егер осы жұмыс дұрыс жолға қойылса, миллион гектарлап егiн екпей-ақ, Қазақстан экономикасына миллиардтаған табыс әкелуге болатынын айтуда. Міне осы қызыл мия тамырынан табыс табу жөнінен көрші Өзбекстаннан кейін қалыппыз. Форум барысында жеке тәжірибесімен бөліскен шымкенттік кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты Евгений Хванның айтуынша, мияны ауылшаруашылық дақылы деп танып, алқаптарда өсіретін Австралиядан үлгі алған Өзбекстан өңдеу зауыттарын көптеп ашып, экспортқа дайын өнімдерін шығаруда. Сондай-ақ, көрші елде мия өсіру және экологиялық тиімділік табысты пайдаланылады. Мия – тамаша қорек, яғни бұл өсімдік тұзды жақсы көреді. Сондықтан да ол өсірілген жерде тұзсыздану жүреді. Көрші ел тәжірибе арқылы 5 жыл мия тамырын өсіру тұзданған жерлерге жан бітіретінін, мақта өсіру үшін жарамды ететінін дәлелдеді. Қазақстанда мия бизнесінің 90 пайыздан астамы шикізат экспорты, ал өңделген өнім үлесі өте аз. Мия тамырын дайындаумен еліміздің өңірлеріндегі 30-дан астам кәсіпорын мен компания айналысады. Оның ішінде екі-үшеуі ғана өңдеумен айналысса, қалғаны құрғақ тамырды экспортқа шығарады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Өзбекстанда мия тамырын өңдейтін 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді, оның көпшілігі Қытай, АҚШ, Жапония және басқа елдердің инвестициясына салынған. Ал мия экспортының 70 пайыздан астамы өңделген өнім үлесінде», – дейді Е.Хван.
Неге өсімдік әлемі туралы заң жоқ?
Форумға қатысушылар құқықтық-нормативтік базаның және өсімдікті дайындаудағы бақылаудың жоқтығы бұл салаға инвестиция тартуға, өңдеуші кәсіпорындар құруға кедергі келтіріп отыр деген ортақ пікірге келді. Бұл мәселені шешу үшін дәрілік өсімдіктерді пайдалануды реттеу саласында уәкілетті органды анықтау, оларды пайдаланудың ережесін жасау қажет. Сондай-ақ, өсімдік әлемі туралы заң қабылдау көптеген мәселенің шешімін табуына ықпал етер еді. Таңғаларлығы, елімізде «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заң бар да, өсімдік әлемі жеке құжатпен ережеленбеген. Бұл орайда, форумға арнайы келіп қатысқан Мәжіліс депутаты Роман Ким «Өсімдік әлемі туралы» заң тұжырымдамасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде жатқанын айтты. Сондай-ақ, депутат құнды өсімдіктер заңнамалармен қорғалмағандықтан жазасыз кез келген адам айналысып жатқанына өкініш білдіре келе, еліміздегі үш миллион гектар жердің 29 мыңы, яғни 10 пайызы ғана бақыланатынын айтып өтті. Өңіраралық форум қорытындысы бойынша, қатысушылар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар енгізілген қарар қабылданды. Бұл құжат орталық мемлекеттік органдарға жіберілмек. Әрине, форумды ұйымдастырушылар талап-тілектерінің Мәжіліс депутаттарына жететіне сенімді және мия тамыры мен басқа да дәрілік өсімдіктер заңмен қорғалатынынан үмітті.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»