Театр • 03 Мамыр, 2017

​Астанаға келсем арқаланып кетемін – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Ахмет Агади

243 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ресейдің үлкен өнердегі үкілеген үздік тенорларының бірі саналатын әйгілі әншіні біраз жылдан бері білеміз. Астанада алғаш опера және балет театры ашылғанда Мәскеуден арнайы келіп көрнекті композиторымыз Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасындағы» басты партияны орындаған. Сонда ғой, жақынырақ танысып, тамырын басқанымыз. Аңқылдап әңгіме айтқандағы ағыл-тегіл қазақшасына қайран қалып, арқасынан қаққанымызда ақсары өңі алабұртып, арқаланып кеткені әлі көз алдымызда тұр.

​Астанаға келсем арқаланып кетемін – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Ахмет Агади

«Екі туып, бір қалғаныңыз емес екенімді білемін. Алайда, атасы басқаға балап алыстатардай жаттығым және жоқ. Әкем Илтифат кезінде тағдырдың жазуымен Кеңестер одағына ауып келген ирандық азамат. Анам Әниса жас­тайынан жетімдіктің тауқыметін тартқан татар қызы. Екеуі Оңтүстік Қазақстан облысының Алғабас ауданындағы Жыланды ауылында отау құрып он баланы дүниеге әкелген. Көзімді ашқаннан көргенім қазақтар болса, солардың ортасында оң-солымды танысам, он сегізге толып әскерге аттанғанша бір ауыз орысша білмесем, әрбір еңбек демалысымды әлі күнге дейін ағайын-туыстарымның арасында өткізуді айнымас дәстүрге айналдырсам, қазақшаны ұмытатындай мені не қара басыпты!» дегенде көлдей шалқыған көңілім көк жайлауға қонғандай мәз-мейрам болғаным бар. 

...Бұл жолы жерлесімізді «Астана Операның» шаңырағына Джакомо Пуч­чинидің «Тоскасындағы» Марио Кавара­доссидің рөліне шақырыпты. Сахнаға шығуына санаулы уақыт қалғанда аталмыш мәдениет ордасының баспасөз хатшысы Салтанат Әскербекқызы ескі танысымызға ертіп апарды. Гримдеуші қыздар жұмыстарына қызу кірісіп кетіпті. Айна алдында жайғасқан Ахмет сәлемімізді жылы қабылдады. Ұшырасқан сәттерімізді ұмытпапты. Амандық-сау­лық сұрасқан соң ойымызды оқып қой­ғандай бірден әңгімеге көшті.

– Сауалдарыңызды сайлап келген шығарсыз. Мүмкін болғанша мүдірмей жауап қайтаруға тырысып көрейін. Беті-ба­сымды бояп жатқанымен, аузым бос қой...

– Айналайын, Ахмет! Қазақшаңды ұмытпағаныңа рахмет!

– Өйдөйт, тіпті өлеңдетіп жібердіңіз ғой... Қасиетті Қаратау баурайында қой бағып қоңырқай тірлік кешкен ата-анам нанын жеп, суын ішкен қазақ жеріне қарыздар екенімізді ұдайы есімізде ұстауымызды өтінетін. Олар о дүниелік болғанымен орнында бауырларым бар. Құдайға шүкір, қара шаңырақтың жақсы дәстүрін қазір солар жалғастыруда. Қазақтармен аралас-құраластығымыз арта түспесе кемімегені анық. Әлемді шарлап әбден шаршаған кезімде кезекті демалысымды алып ауылымда алаңсыз аунап-қунап, кәдімгідей күш жинап қайтамын. Бұл маған қуат береді. Көрші-көлем қойын сойып, қолын қусырып қонақ қылады. Сыныптастарыммен сыр­ласып, суға шомылып, балық аулап рахатқа батамын. Атқа мініп, бала күнім­де мал жайған жайлауымды аралаймын.

– Ауылдастарың ән салдырып әуре­лемей ме?

– Ой, онсыз бола ма? Той-томалақтарда қолқалап қоймайды. Оларға бір жыл бойы әннің түбін түсіріп, мейлінше мезі бол­ғаныңды қалай түсіндіресің. Оның үстіне оны-мұны сылтау айту ұят. Қысқасы, әу демеске әддің қалмайды.

– Баяғы балалық шағыңа ойша сая­хат жасағанда жадыңда қандай оқи­ғалар жиі жаңғырады?

– Қыр жайлап, қиыр қонған шопан баласы тегінде қиялилау болады. Алдыңдағы ақтылы отарың жусап жатқанда, айналада тыныштық орнап, бар маңай мамыражай күйге бөленеді. Сон­дай сәттерде шөптің сыбдырына, бұлақтың сылдырына, құстардың құйқ­ыл­жыған үніне еріксіз құлақ түре­сің. Содан сені де әлдебір сиқырлы сезім билеп, көншіген көңіліңе желік бітеді. Тау-тасты жаңғыртып тамағың жыртылғанша шырқауға аңсарың ауады. Жас жаның қияқты қыран жетпес қиялардан тоят іздейді. Ондай оңашадағы шабытты шақтарда радиодан естіп, теледидардан көріп көкейге ұялаған Ермек Серкебаевтың, Әлібек Дінішевтің, тағы басқа танымал әртістеріміздің репертуарындағы әндерді айызым қан­ғанша аңырататынмын. Ең бастысы, ешкімнен қысылып-қымтырылмайсың. Тілсіз табиғат саған тілектес.

– Осындай әсіре әсершілдігің өнерге бет бұруыңа себеп болған шығар, бәлкім...

– Мүмкін. Есімде ерекше қалғаны, әкем кейде ыңылдап әлдебір әнді айтатын. Сөзін түсінбесем де, сазына елтитін­мін. Кейін ұққаным, жарықтықтың жан дүниесін кернеген керемет әуен кіндік кесіп, кір жуған жеріне деген сағынышы екен ғой.

Ал, енді көрерменнің көзайымына айналу арманы көкейіме кішкене кезімнен-ақ ұялағанын жасырмаймын. Бірақ мұның бәрі алыс түкпірдегі ауыл баласына айға қол созғандай қисынсыз қиял секілденетін. Жұрттан жасырған жан сырым жүрек түкпірінде жататын. Әйтсе де көп кешікпей діттеген мақсатыма жетудің сәті түсті.

– Қайтіп?

− Азаматтық борышымды Новоси­бирскіде өтедім. Әскери-құрылыс батальонында күрек ұстап, жер қаздым. Қол боста сондағы көркемөнерпаздар үйір­месіне қатысамын. Бір қызығы, «Снег седины» дегеннен басқа орысша ән білмеймін. Оның мәтінін Роза Рым­баеваның орындауында радиодан беріл­генде жаттап алғанмын. Сонымен-ақ солдаттардың құлақ құрышын қандыруға жарадым. Міндетті екі жылым біткен соң командирлерімнің кеңесімен Сібірдің кіндік қаласындағы музыкалық училищеге түстім. Қабылдау комиссиясының мүшелері бастапқыда мені менсінбеді. Айтуларына қарағанда, дауысым жоқ. Енді елге қайтудан басқа амал қалмағандай. Жолға жиналып жатқанда жағымды жа­ңалық естідім. Осы оқу орнының тәжі­­рибелі ұстазы Нина Леонидовна Дын­кина әзірге шикілеу менен «бірдеңе» шы­ғаруды мойнына алыпты. Сөйтіп, вокал бө­ліміне қабылдандым. Осылайша ойла­маған жерден операның есігінен ендім.

− Оны бітіргеннен кейін Мәскеуге тарттың.

− Иә. Аңсарым Чайковский атындағы Мәс­кеу консерваториясына ауғаны рас. Ұзын саны 250 үміткер үзеңгі қағыстырып қатар шапқанымызбен, бәрімізге бірдей бәйгеден озу қайда. Әйтеуір бағым жанып іріктелген 13-тің қатарына іліндім. Үш сатыдан тұратын үлкен сынақта Ирина Архипова, Евгений Нестеренко секілді атынан ат үркетін тарланбоздар тала­бымды таразылады. Обалы нешік, оң бағаларын берді. Ең қиынға соққаны орыс тілі мен әдебиетінің емтиханы болды. Ұлттық мектептің түлегі ретінде шығарма орнына мазмұндама жазуым керек-тұғын. Сәтін салғанда Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романы бойынша өліп-талып, өйтіп-бүйтіп жазған шимай-шатпағымды қасымдағы Катя есімді қайырымды қыз түзеп беріп, төрт алғанымда төбем көкке жеткендей қатты қуандым.

Айтпақшы, шығармашылық сынақта Сергей Яковлевич Лемешевтей сырт­танның «көзірі» саналған «Ах, ты, душенька» романсын сызылттым. Емтихан алушылар қатарында тырп етпей дауысымды тыңдаған Лемешевтің жесірі Вера Кудрявцева елжірей еміреніп, ақ жол тілегені есімде.

− Консерватория қабырғасындағы өмірің несімен есіңде қалды?

− Дүние жүзін дүркіреткен небір дүлдүл­дерді тәрбиелеген киелі орда менің де қанатымды қатайтып, бұғанамды бекітті. Профессор Евгений Кибкалоның кла­сында шеберлігімді шыңдадым. Атақ-даңқы аспандаған Зураб Соткилава сияқты корифейлердің алдын көрдік. Білгенге, оның өзі орасан мектеп.

Саяси экономия, КПСС тарихы тәрізді пәндер миымды «ашытып» оқудан шығып қала жаздағанымда келешегімнен үміт күттіретін дарын иесі екенімді алға тартып курстың кураторы араша түсті. Оның үстіне қайта құру қарқындап, пар­тияның беделі құлдырай бастаған кез еді ғой ол.

Жалпы, жақсы адамдарды көп жолықтырдым. Солардың бірі Нина Ники­форовна дейтін қарапайым орыс кемпірі. Консерваторияны бітіргенше сол кісінің пәтерін паналадым. Киімім жуулы, тамағым пісірулі тұратын ылғи. Қамқор қарияның арқасында түрлі тұрмыстық түйткілдерге алаңдамадым.

− Үлкен сахналардан көріну үміті қашан оянды?

– «Үмітсіз шайтан» деген. Көрермен көзайымына айналуды көксемейтін өнерпаз кемде-кем. Бірақ солардың бәрі бірдей қалаған биігінде қалықтай бер­мейтіні тағы талассыз. Студенттік аудиториядан алысқа ұзамай-ақ танымал­дықтың дәмін тата бастадым. Қолыма диплом тиер-тиместен Глинка атындағы бүкілресейлік вокалистер конкурсының жүлдегері атандым. Қалайда қатарымнан қара үзу үшін үнемі іздендім. Ең бас­тысы, ерінбей еңбектендім. Ұлағатты ұстаздарым да бойдағы талант маңдай термен суарылмаса тамыр жайып жарытпайтынын санама сіңіріп бақты. Қысқасы, қиналмай қыр аспайтынымды ерте ұқтым. Біз оқу бітірерде Мәскеудің Станиславский мен Немирович-Данченко атындағы музыка театры Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсын қайта жаң­ғыртуға әрекет қылып жатты. Соның алдында ғана шығармашылық талас-тартыстың аяғы ушығып, бұл шаңы­рақтан шу-шұрқан шыққан болатын. Тіл табыспаған жерде тірлік оңа ма? Келеңсіздіктің кесірінен біраз әншілер кетіп тынған. Труппаға тың күштерді тарту қажеттілігі туындап, жалынды жас­тар шақырылды. Солардың сапында мен де театр табалдырығын аттадым. Алғаш Ленский бейнесінде көрініп, кейіннен осында қойылған спектакльдердегі соқталы образдардың бәрін сомдадым. Сөй­тіп, талғампаз мамандарға танылдым. Жұртшылық назарына іліктім. 1998 жылы Қазанда дәстүрлі Шаляпин фестивалінде жеңістің ең жоғарғы тұғырына көтерілдім.

– Ары қарай аяқ-қолыңды жерге ти­гіз­­бей Үлкен театр қағып әкетті емес пе?

– Оныңыз рас. Даңқты театрда келісім­шартпен жұмыс істегенімді әркез мақтан тұтамын. Джа­кома Пуччинидің «Богемасындағы» Ру­дольфтің ариясын «әуелетуге» лайық-ау деген тенорларды тексеріп байқағанда таңдау маған түсіпті. Аса жоғары ноталарды алатын ашық дауысым алдыңғы кезекте ескерілген секілді.

– Ал, енді Санкт-Петербургтегі атақты Мария театрына ауысуыңның сыры неде?

– Мәскеудің Станиславский мен Немирович-Данченко атындағы музы­калық театрында белгілі режиссер Алек­сандр Тигель мені отқа да, суға да салып әбден шыңдағанын мойындауға тиіспін. Актерліктің мол құпиясын мең­гердім. Алайда, кәсіби деңгейі өте жоғары бұл кісінің мінезі сәл-пәл қиғаштау-тұғын. Тәжірибем толысып, кемеліме келгенде тек Ресейдегі ғана емес, алыс-жақын шетелдердегі іргелі театр­лардан ша­қырту алуым жиіледі. Еуропаның ендіктері мен бойлықтарын ерсілі-қарсылы кездім. Гастрольдік сапарларға әуеліде қинала жіберіп жүрген Тигель кейін кейістік білдіретінді шығарды. Ал, менің азын-аулақ айлыққа қарап отыра бермей, айымның оңынан туғанын пайдаланып ақша тауып қалғым келді. Отбасымды асырауым, елдегі туыс­тарыма көмектесуім керек. Жалпы, қар­жының артықтық ететін кезі бар ма?! Екеуміздің қырғи-қабақ қарым-қатынасымыздың шарықтау шегіне жеткені сондай шекара асып нәпақа табуыма мүлдем тыйым салды. Ішім қыз-қыз қайнағанымен қарсылық танытуға қауқарым жетпей амалым құрыған күреңқабақ күндердің бірінде Мария театры маған қолқа салды. Бұрыннан танитын сыралғы режиссерім Алексей Степанюк Бизенің «Карменін» қолға алыпты. Мені Хозенің рөліне бекітіпті. Тағдыршешті ұсыныстан тартынбадым. Сәтті премьерадан соң осынау өнер ордасының басшысы Валерий Гергиев оңаша қабылдап, ашық әңгімелесті. Нәтижесінде, Нева жағалауындағы тең­дессіз театрға біржолата ауыстым. Қазіргі таңда сонда солиспін.

– Қанша айтқанмен қасиетті шаңы­рақ қой, екінші тынысыңның ашы­луына септігін тигізгені талас тудырмаса керек.

– Талай саңлақтың шабытын шал­қытып, абыройын асқақтатқан айтулы ұжымнан ойып отырып орын алуым әрине өнербаяныма көп өзгеріс әкелді. Мұнда небір танымал тұлғалармен таныстым. Әйгілі әртістермен әріптес атандым.

– Мәселен....

– Көп қой... Санауға саусақ жетпес. Бәрін түгендеу міндет те емес. Тек біреуіне тоқталайын. Анна Нетребконы алайық. Бүгінде оны бүкіл әлем біледі. Жаһандық операның жарық жұлдызы. Айдай сұлу ажарына күміс көмей әншілігі қосылғанда көрермен көңілін көкке өрлетіп, әдемі әсерге бөлейді. Мұндай тұла бойы тұнып тұрған әсемдікке бай аяулы жанмен жұптасып сахнада самғаудың өзі өлшеусіз бақыт. Өзіне өзі талап қойғыштығы, елден ерек еңбекқорлығы, төрт-бес тілде таза сөйлейтіндігі, орындайтын партиясын жылдам жаттайтындығы, бәрі-бәрі өзгелерге өнеге боларлықтай. Соған қара­мастан тым қарапайым. Ет пен терінің арасындағы ептеген желігін малданатын әлде­кімдерге ұқсап асып-тасудан әсте аулақ.

– Байқауымызша, Татарстанға жиі барасыз. Қазақтар нағыз жанашыр жұрт санайтын нағашыларың саған іш тартатын секілді.

– Түсіндім. Менің татарларға жиен екендігімді меңзегеніңіз ғой. Иә, Қазан қаласына қашанда бүйрегімнің бұратыны рас. Бұдан жастау күнімде дәл осы ша­һарда Шаляпин бәйгесін қанжығама байлағандықтан ыстық тартатын болар. Оның бер жағында Мұса Жәлел атындағы опера және балет театрымен тығыз байланыстамын. Композитор Резеда Ахиярованың «Ақын махаббаты» операсында туысқан татар халқының мақтанышы Ғабдолла Тоқайдың партия­сын айтып, Ресейдің театр саласындағы «Алтын маска» сыйлығын иелендім. Татар­станның халық әртісі атағын алумен қатар республиканың Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты атандым.

– Е, жөн екен... Қазақстан да қарап қалмас.

– Негізі, ілгеріде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ұсыныл­ғанмын. Алайда, мәселе жеріне жетпеді. Себебін білмедім. Астанада ашылған екі опера және балет театрының да шымылдығы «Біржан-Сарамен» түрілгені белгілі. Екеуінде де ел еркесі сал Біржанды өнерсүйер қауыммен қауыштырғанымды білесіздер. Сонымен бірге, елордадағы, Алматыдағы қаншама концерттерге қатыс­тым. Азды-көпті еңбегіңнің туған жеріңде еленгеніне не жетсін. Әйтпесе, әртістік беделім бір басыма жетерліктей.

– Базынаң орынды, бауырым. Мәде­ниетіміздің құлағын ұстап отырған азаматтарымыздың ескеретін нәрсесі екен. Астанаға ат басын бұрған сайын елең­деп тосатын ел-жұрт барын ұмыт­пағайсың.

– Рахмет. Астанаға келгенде арқа­ланып кетемін. Жақын туыстарыммен табысқандай жаным жай тауып, жүрегім жылиды. Тіпті, сахнаның асай-мүсейін арқалаған қара жұмыстағы жігіттерге дейін алыстан ағалары базарлық алып жеткендей арсалаңдап амандасады. Мына ғажап ғимараттың ішінен емен-жарқын етенеліктің лебі еседі. Бұрын Нұржамал Үсенбаевамен қосыла шырқасам, енді Жұпар Ғабдуллина, Дина Хамзина сынды кейінгі буын өкілдерімен тамаша тандем құрағанымды ризашылықпен атап өткенім орынды. Екеуімен жолым Дж. Вердидің «Аидасында» түйіскені көкірегі ояу көрерменнің есінде болар. Бір жарым ай Голландияда 12 қойылымға қатысып, кеше «Астана Опера» жетекшілерінің өтінішімен осында келдім. Бұйырса, музыкасын жаным жақсы көретін Джакомо Пуччинидің «Тоскасындағы» Кава­ра­доссидің және «Мадам Баттер­фляйындағы» Пинкертонның партияларын орындамақпын.

– Сіздің сүйікті композиторыңыз Пуччини бала күнінен Вердиді «пір» тұтқан екен. Оның он төрт жасында Фло­ренциядан Милланға Ла Скалада ойналатын «Аиданы» (Дж.Вердидің операсы) көруге барғанынан ептеп хабар­дармыз.

– Екеуі бірінен-бірі өткен қабілет иелері. Бірақ маған Пуччини жақындау. Оның опералары тура менің даусыма арнап жазылғандай көрінеді кейде.

– Қазақстанға қайтып оралу жөнін­де ойланып көргенің жоқ па?

– Қиындау сұрақ қойдыңыз. Қисыны келе қояр ма екен?.. Ана жаққа орнығып қалдық қой. Бала-шаға бар дегендей. Жалпы, классикалық туындылармен «Астана Операның» репертуары байып жатса, кесек кейіпкерлердің қатарын көбейтуге үлес қосарым анық.

– Айтпақшы, отбасың жайында мәлімет бере кетпейсің бе?

– Сонау студенттік шағымда танысып, табысқан жарым Ирина Седо­­ваның мамандығы – композитор. Мәс­кеудің Гнесиндер атындағы мәдениет институтының түлегі. Қазір әйгілі Третья­ков галереясында әжептәуір бастық. Дирек­тордың орынбасары. Ұлым мектепті бітіріп, университетке түскен. Ғарыш саласына маманданбақ. Қайдан білейік, қал-қадірімізше дұрыс тәрбие беруге тырыстық.

– Жарайды, Ахмет, біз өзіңді қазақ­тың қаракөз ұлдарының ешқай­сынан кем көрмейміз. Мәртебең өсіп, мерейің таси беруіне тілектеспіз.

– Айтқаныңыз келсін!

Әңгімелескен

Талғат БАТЫРХАН,

«Егемен Қазақстан»