
Білім берудегі басты мақсат – жан-жақты дамыған, өмір сүруге бейім, өзіндік ой-толғамы бар, адамгершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті жеке тұлға тәрбиелеу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін оқушыға білім мазмұнын терең игертудің тиімді жолдарын іздестіріп, шығармашылыққа жетелейтін қазіргі заман талабына сай ғылыми-әдістемелік біліммен қаруланған, шебер мұғалім дайындау қажет. Жаңа формация мұғалімі – оқыту технологиясының жүйесімен оқушыларды өмірге дағдыландыру бағытындағы әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген тұлға. Осы бағытта педагог-кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламалар бойынша курстан өтіп, оның бағдарламасы негізінде жеті модулді сабақта қалай ықпалдастырып пайдалану жолдарын және оқушылармен кері байланыс жүргізе отырып, сабақтың өтілу барысына талдау жасауды үйрендік.
Кері байланыс оқушының оқыту үрдісі қалай өткені және қандай нәтижеге қол жеткізгендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланыс сабақ барысында оқушылардың өз бетімен орындайтын тапсырмаларының соңында жүргізіліп отыруы керек. Рефлексия мақсаты – еске түсіру, өзінің сабақ барысындағы іс-әрекетіне баға беру, талдау және мәселелердің шешу жолдарын іздестіру. Мұғалім оқушының кез келген кері байланыс парағын оқи отырып, жұмысының сәтсіз шыққан тұсын және сәтті шыққан қадамын, ендігі іс-әрекетін қалай жақсартуға болатынын алдын ала біледі. Сонымен қатар, кері байланыс парағы арқылы оқушының үніне құлақ түріп, оқу мен оқытудағы кездесетін кедергілерді айқындап, келесі оқытуға бұдан да жақсырақ дайындалуына түрткі болады.
Сабақтағы кері байланыстың үш түрі бар. Бірінші – көңіл күй мен эмоциялық жағдайды анықтауға арналған кері байланыс. Көңіл күйді әртүрлі суреттер, смайликтер және бояу түстерімен анықтау. Мысалы, «алма ағашы» деп алайық. «Алма ағашы» әдісінде оқушыларға сабақ басында түрлі-түсті алма беріледі. Сабақ соңында оны алма ағашына ілу керек. Жасыл түсті алма мен бүгін бәрін жақсы орындадым, сондықтан, көңіл күйім көтеріңкі, қызыл түсті алма мен тапсырманы орындай алмадым, көңіл күйім жоқ дегенді білдіреді. Ал «Бір сөзбен» әдісі барысында оқушылар берілген сөздердің ішінен сабақтағы жағдайын сипаттайтын қуаныш, немқұрайлылық, шабыт, зерігу, сенімсіздік, сенімділік, рахаттану, алаңдау сияқты сөздерден үш сөзді таңдайды.
Екінші, сабақтағы іс-әрекетке қатысты кері байланыс. Мысалы, «Табыс сатысы» әдісінде кәдімгі сатының суреті беріледі. 1-ші баспалдағы Мен ... білемін, 2-ші баспалдағы Мен ... түсінемін, 3-ші баспалдағы Мен ... жасай аламын.
Үшінші, оқу материалының мазмұнына берілетін кері байланыс. «Бұрын мен білмеуші едім. Енді білемін» деген сияқты ой-пікірлерін білдіру болып табылады. Мысалы, «Плюс, Минус, Қызықты». «Плюс» – оң әсер еткен фактілері, алған білімдері жайлы жазады. «Минус» – қолымнан келмей жатыр немесе түсініксіз болып тұр деген ойларын жазады.
«Қызықты» дегенде бағанға өздеріне қызықты болған жайтты немесе көбірек білгісі келетін дүниені жазады.
«Аяқталмаған сөйлемдер» әдісінде:
Мен бүгін білдім...
Мен бүгін сезіндім...
Мен келесі сабақта білгім келеді ... – деген сөйлемдерді аяқтайды.
Кері байланысты жасағанда мына жайттарды есте ұстаған жөн. Жұмысымызды жақсартудың ең тиімді нысаны ретінде сабырлылық таныту, субъективті болатынын ескеру, жасалған істі бағалау емес, не жасалу керектігін көрсету. Сонымен бірге, кері байланыс оқумен оқытудың қалай жүріп жатқандығын, оның сапасын анықтауға мүмкіндік береді.
Кері байланыстың тиімділігі – оқушыны өз-өзіне есеп беруге баулиды; оқушының қажеттілігін біле аламыз; оқушының өзіндік көзқарасы қалыптасады; білім беру барысының сапасын жақсартуға болады және оқушының сыни көзқарасы қалыптасады, өз-өзіне баға бере алады.
Мұғалімдер үшін тиімді жағы: оқытудағы кемшін тұстарын анықтайды; келесі сабақтың жоспарына өзгерістер енгізуге, түзетуге, яғни оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін таңдауға мүмкіндік және уақытты үнемді пайдалануға мүмкіндіктер береді.
Сондықтан да кері байланыстың тиімділігі арқылы оқыту мен оқу сапасын жақсартуға болады деп ойлаймын.
Туйғунай ЮЛДАШЕВА,
№10 «Қарабұлақ» жалпы орта мектебі
биология пәнінің мұғалімі
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы