Испанияның «Интері» УЕФА Кубогын үш рет жеңіп алған жүйрік. Ресейдің «Югра» командасы – УЕФА Кубогының соңғы жеңімпазы. Қазақ елінің намысын қорғайтын «Қайрат» футзал клубы – УЕФА Кубогының екі дүркін чемпионы. Бірінен бірі өткен жырынды командалар. Жеребе сәтті болса екен дей алмайсың, өйткені осалы жоқ.
Дегенмен «Интерді» ойласаң, бір қауіп бүйіріңнен сопаң етіп шыға келеді. Оның сапында ғажайып финттерімен көз арбайтын әлемнің ең үздік ойыншысы Рикардиньо бар.
Өткен жұмада зәулім «Алматы арена» спорт сарайында басталған төрт команда айқасы ә дегеннен құйын үйіре жөнелді. Алғашқы жартылай финалда «Спортинг» ресейлік «Юграның» жолын кесті – 2:1.
«Қайрат» пен «Интер» сыралғы қарсыластардай, арбаспады, аңдыспады. Тіке айқасқа көшті. Ала допты зырылдатып, зыр қақтырып қуалаған шабуылшылар екпіні ғаламат. Арпалыстың 5-минутінде сол қанаттан қалықтай келіп Каврело тепкен доп есеп ашты – 1:0.
«Қайрат» жиі тәртіп бұзуда. 10 минут өтпей жатып төрт фол. Бұл – жақсылықтың белгісі емес.
Найзағайдай жарқ-жұрқ еткен Рикардиньо. Әлемнің ең үздік ойыншысы қорғаушыны қас-қағымда қапы қалдырып, 13-минутта жарқ еткізіп доп соқты – 1:1.
«Интер» дауылдата бастады. «Қайрат» та жанталаса ойнауда. 16-минутта Дуглас атып шыққан қорғаушы алдынан допты бұлт еткізіп бүйірдегі Игорға тастады. Игор қапысыз соқты – 2:1. «Финалда ойнайтын болдық» деген ой талай санада жалт етті.
Екінші кезеңде «Интер» нөсер шабуылға көшті. «Қайрат» қақпасының алдында тәртіп бұзылды, «Интер» шабуылшысы ұшып түсті. Алты метрлік айып добы. Рикардиньо қақпа маңдайшасы астына жебедей қадады – 2:2. Әлемнің ең үздік қақпашысы Игита ұмтылып та үлгермеді.
«Қайрат» тәртіп бұзуын қоймады, 4 фол. Уақыт болса тынысты тарылтып барады. Есеп тең. Зәулім сарайды толтырған 10238 жанкүйер – 20476 көз бір сәт кірпік қақпай, дем алмай қалғандай. «Шіркін-ай!» дейсің тұншығып, «Шіркін-ай!» дейсің ышқынып. Тура 1 минут 18 секунд қалғанда Рикардиньо жалт еткізіп сәтті доп шығарғаны. Ашық тұрған Ортис жарқ еткізіп, 10238 жүректі солқ еткізіп доп соқты – 3:2.
Өзекті өртеген өкініш. Несін айтасың, озып-ақ тұр еді ғой 2:1 есебімен. Айып алаңында тәртіп бұзбауға, сақ, абайлап ойнауға болмас па еді?! Игита бесінші ойыншы болып неге қосылмады? Оның зеңбірек оғындай тепкен доптары Еуропа төрінде мықты қақпашылардың өзін талай қапы қалдырған. Қиын сәтте командаға неге көмектеспеді? Бас бапкер Какау нұсқауы солай болды ма?
Жексенбі. Жанкүйер кірпияз. Финалға 6 мыңнан астам ғана жанкүйер келді. Лап-лап еткен жанкүйер көңіліне қаяу түскендей. «Қайрат» қола медаль үшін ғана айқасады. Сол қомсынатын қола медальді де жеңіп алу керек қой.
«Спортингтен» жеңіліп, тістерін қайрап шыққан ресейліктер ойынның екінші минутында-ақ азу тісті ақситты. Владислав Шаяхметов жанкүйер жүрегін зырқ еткізіп есеп ашты – 1:0. Көп ұзамай біздің Золтан Дрот есепті теңестірді – 1:1. Осыдан кейін-ақ ырғасып, үзеңгі қағысып ұзай берді, есеп ұлғая түсті. Бұл аралықта ресейлік Даниил Давыдовтың өз қақпасына доп соғып, бізге көмектескенін де айта кетейік.
Есеп – 4:4. 38-минутта Диваней «Қайратты» ілгері шығарды – 5:4. Бірақ тура 20 секунд қалғанда жанұшырған Марсенио есепті теңестіріп кетті – 5:5. Негізгі уақытта 10 доп соғылды. Қола медаль қорғасындай, мызғыр емес орнынан.
Пенальти тебу басталды. Қалың жанкүйер жүйкесі ұстара жүзінде. Кезек ресейліктерге берілді. Кайо мүлтіксіз соқты. Біздің Золтан Дрот та қапысыз тепті. Ал Леско тепкен допты Игита тіземен қақты. Осы доп ойын тағдырын шешкендей еді... «Қайрат» 3:2 есебімен қола медальді арпалысты аса ауыр ойында жұлып алды.
Ал УЕФА Кубогы үшін айқаста «Интер» португалиялық «Спортингтің сілікпесін шығарды – 7:0. «Интер» УЕФА Кубогының 4 мәрте жеңімпазы! Испанияның ұлттық лигасында ойнап жүрген 16 команданың көшін бастап тұрған «Интер» құрлықта да дара тұрғанын дәлелдеді. Ал бізге бұйырғаны – қола медаль. Сол медальдің өзі уысымыздан сусып кете жаздады.
Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ