Бокс • 04 Мамыр, 2017

​Азия чемпионаты: қазақ-өзбек «айқасы»

100 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өзбекстан астанасы Ташкентте бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионаты тартысты кезеңіне де келіп жетті.

​Азия чемпионаты: қазақ-өзбек «айқасы»

Ертең жартылай финалдық кездесулер басталады. Қазақстан Ұлттық құрамасы құрлықтық додаға толық құрамда барып, жартылай финалдық бәсекеге тек сегіз боксшымен өтті. 49 килодағы Жомарт Ержан мен 60 кило салмақтағы Әділет Құрметов ширек финалдық бәсекеде қарсыластарына жол берді. Енді екі боксшымыз Германияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алу үшін 7 мамыр күні қосымша кездесу өткізеді. Әділет Құрметов тайпейлік Чу-Ен Лаймен жұдырықтасса, Жомарт Ержан Индонезия боксшысы Корнелиус Квангу Лангумен кездеседі.

Сонымен, Азия чемпионатының жартылай финалына шыққан Қазақ боксшыларының осы біріншіліктегі әлеуетін, жарыс жеңімпазы атануға қаншалықты мүмкіндіктері барын саралап, сараптап шығуды жөн көрдік. 

52 кило – Азамат Исақұлов

52 кило салмақта маңғыстаулық боксшы Азамат Исақұлов былтыр ел чемпионы атанып, ұлттық құрама сапына алынды. Ол командадағы алғашқы ресми кездесуін Германияның Галле қаласында өткен «Кіші әлем чемпионатында» өткізіп, топ жарды.

Ал, Азия біріншілігіндегі алғашқы кездесуінде Исақұлов тай боксшысы Танес Онгжунтті жеңсе, ширек финалда малайзиялық Абдула Салам Касимнан айласын асырды.  Жартылай финалда Азаматты өзбек боксшысы Жасурбек Латипов күтіп тұр. Латипов та Азияның үздік боксшыларының бірі. Қай жеңгені Азия чемпионы атануы мүмкін. 

56 кило – Қайрат Ерәлиев

Ұлттық құрамадағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі Қайрат Ерәлиев Азия чемпионатына биыл қатарынан үшінші рет қатысуда. Қайрат Сары құрлық чемпионатындағы алғашқы кездесуінде филиппиндік боксшы Марио Баутистаны жеңсе, ширек финалда жапон боксшысы Риомея Танакуды ұпай санымен ұтты. Енді ол жартылай финалда Қытайлық Жиа Вей Чжан мен жұдырықтасады. Егер Ерәлиев финалға шығар болса, онда Муроджон Ахмадалиев (Өзбекстан) - Ен Хун Хан (Оңт. Корея) жұбының жеңімпазымен кездеседі. 

64 кило – Бекдәулет Ибрагимов

Былтыр Рио-2016 олимпиадасында бұл салмақта Абылайхан Жүсіпов ел намысын қорғаса, биылғы таңдау ел чемпионы Бекдәулет Ибрагимовке түсіп отыр. Әзірше жас боксшының нәтижесі жаман емес. Жартылай финалға дейін үш қарсыласын айқын басымдықпен ұтқан ол енді жергілікті боксшы Икболжон Холдаровпен жекпе-жекке түсіп, кім мықтыны анықтайды. Екеуі де жас боксшы. Икболжон былтыр өз елінің чемпионатында екінші орын алған.  

69 кило - Абылайхан Жүсіпов

Әлем бойынша қазақтың салмағы саналатын 69 кило салмақ дәрежесінде биылдан бастап ел намысын талантты боксшымыз Абылайхан Жүсіпов қорғап жүр. Наурыз айында Германиядағы «Кіші әлем чемпионатына» қатысып, күміс медальға қол қеткізді. Абылайхан Азия чемпионатының жартылай финалында моңғол боксшысы Бямба Тувшинбатпен кездеседі. Егер қарсыласын жеңетін болса, финалда өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен жұдырықтасуы мүмкін. Ал Гиясовтың Рио-2016 олимпиадасының финалында Данияр Елеусіновтен ұтылғаны естеріңізде болар. Финалдық кездесуде Абылайханға Данияр ағасының жолын берсін дейміз. Жүсіповтен біз ғана емес, бүкіл қазақ жанкүйері алтын күтетіні анық. 

75 кило – Әбілхан Аманқұл

Еліміздегі 75 кило салмақтың жаңа көшбасшысы атанған Әбілхан Аманқұл Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың бапкері Нұрлан Ақүрпековтің төл шәкірті. Бұл боксшыдан да күтеріміз мол. Талантты боксшы жартылай финалдағы үшінші қазақ-өзбек тартысында ринг иесі Исраил Мадримовпен жұдырықтасады. Бұл кездесуде жеңіске жетсе, Аманқұлдың Азия чемпионы атануына толық мүмкіндігі бар.

81 кило – Ерік Әлжанов

Бұл салмақтың үздіктері Әділбек Ниязымбетов пен Жәнібек Әлімханұлы жарақаттарына байланысты Азия чемпионатына қатыса алмады. Ұлттық құрама бапкерлеріне «бас ауру» болған бұл салмақта 75 килода ел чемпионатының күміс жүлдегері атанған Ерік Әлжановты апарғанды жөн деп санапты. Ерік жартылай финалда Түркімен боксшысы Нурягды Нурядиевпен ринг төрінде кездеседі. Финалға шығып жатса, қазақ боксшылары жеңе алмай келе жатқан өзбек Бектемір Меликузиевпен жолығуы мүмкін.

91 кило – Василий Левит

Азия чемпионаты 91 кило салмақтың үздігі Василий Левиттің Олимпиададан кейінгі бірінші ірі жарысы. Ол бұған дейін Германияда өткен халықаралық турнирге қатысып, алтын медаль иеленген болатын. Жалпы айтқанда, Левитке әлемде болмаса, Азиядан қарсылас табу қиын. Сондықтан, Василий Левиттен тек Азия чемпионатының алтынын күтеміз. Жарысты ширек финалдан бастаған Левит ринг иесі Санжар Турсыновты өзбек жанкүйерлерінің алдында еш қиындықсыз жеңді. Жартылай финалдық кездесуде Василий Сирия елінің боксшысы Алаа Елдин Госсунмен жұдырықтасады. 

+91 кило – Қамшыбек Қоңқабев

Соңғы екі Олимпиаданың қола жүлдегері Иван Дычко кәсіпқой боксқа ауысқан соң, аса ауыр салмақта ел намысын кім қорғайды деген сұрақ бокс мамандарын біраз ойландырғаны анық. Әркім әртүрлі нұсқаларын ұсынып жатқанда, бапкерлердің таңдауы былтыр ел чемпионатында күміс медаль иеленген Қамшыбек Қоңқабаевқа түсті. Биыл өзі қатысқан барлық жарыстарда қарсыластарын жеңіп, Ұлттық құрамада бірінші нөмірлі боксшы болуға лайық екенін дәлелдеді. Тіпті, «Астана арландары» мен «Өзбек жолбарыстары» арасында өткен кездесуде Азия чемпионатындағы негізгі қарсыласы өзбек боксшысы Баходир Джалоловты еш қиындықсыз жеңгені жанкүйерлердің есінде шығар. 

Қоңқабаев чемпионаттың 1/2 финалында Иордания боксшысы Хуссейн Яшайшмен жұдырықтасады. Финалға шығып жатса ежелгі қарсыласы өзбек Баходир Джалоловпен кездесіп қалуы мүмкін. Жасыратыны жоқ, биылғы Азия чемпионаты Қазақ елі мен Өзбекстан боксшыларының арасындағы тартыспен тартымды болғалы тұр. Өз жерінде Өз-ағаның балалары жеңісті оңай бере салмайды. Сондықтан, біздің сайыпқырандар үшін нағыз сын сағаты туғандай. 

Бүгін боксшылар бір күн демалып, ертең жартылай финалдық кездесулерін өткізеді. Ал, 6-7 мамыр күндері финал мен әлем чемпионатына жолдама беруші қосымша іріктеу кездесулері өтеді. 


Әли Битөре,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар