04 Мамыр, 2017

Шетел баспасөзіне шолу. Әлем бойынша сөз бостандығы көрсеткіші төмендеді

494 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгі шолуда: Әлем бойынша сөз бостандығы көрсеткіші төмендеді. Цукерберг АҚШ президенті сайлауына түсуі мүмкін бе? Ұлыбритания Еуроодаққа не үшін жарна төлеуі керек? Кашмир халқы Үндістан билігіне қарсы шығуда. Ресейде популизм деңгейі артты.

Шетел баспасөзіне шолу. Әлем бойынша сөз бостандығы көрсеткіші төмендеді

«Шекарасыз репортерлар» сөз бостандығы рейтингін жариялады

Reporters Without Borders ұйымы сөз бостандығы туралы кезекті баяндамасын жариялады. Онда соңғы жылдары әлем бойынша сөз бостандығы индексінің төмендегені айтылған. Баяндамада биылғы рейтингте АҚШ-тың екі саты төмендегені Дональд Трамптың билікке келуімен байланыстырылса, Ұлыбританиядағы жағдайға Брекситтің әсер еткені айтылған.

Алғашқы ондыққа Норвегия, Швеция, Финляндия, Дания, Нидерланд, Коста Рика, Швейцария, Ямайка, Бельгия, Исландия кірген. Ең соңғы орынға Солтүстік Корея жайғасқан.

Естеріңізге сала кетсек, Баспасөз бостандығының бүкіләлемдік индексі 2002 жылдан бастап жыл сайын анықталады. Аталған зерттеу барысында БАҚ саласындағы құқықтық орта, интернеттің қолжетімділігі, билік пен журналистердің қарым-қатынасы секілді 43 негізгі көрсеткіш ескеріледі.

Дегенмен, Ресей үкіметі ұйым мәліметімен келіспейтінін айтса, сарапшылар да рейтингтің әдістемесін күмәнді әрі негізсіз деді. «Коммерсант» басылымының айтуынша, Ресейдің Байланыс және бұқаралық коммуникация министрінің орынбасары Алексей Волин елдегі баспасөз бостандығының деңгейі жоғары екенін айтуда.

Цукерберг президенттікке түсуі мүмкін бе?

Соңғы кездері әлем басылымдары Цукербергтің АҚШ-тағы келесі президенттік сайлауға қатысатынын жазып жүр. Естеріңізде болса, жылдың басында ол АҚШ-тың барлық штаттарын аралайтынын айтқан болатын. Сол кезден бастап көпшілік осы сөзден саяси астар іздеп, оны президенттікке кандидат болады деп болжады.

Қаңтарда BuzzFeed порталына Цукерберг президенттікке түсу туралы ойы жоқ екенін айтса да, бұл әңгіме әлі саябырсымады. Ол сұхбат барысында бар күшін Facebook пен әйелімен бірлесіп жасаған Chan Zuckerberg Initiative жобасына жұмсайтынын айтқан болады.

Facebook басшысы ең алдымен Мичигандағы Ford фабрикасына барды. Одан кейін Индиана, Висконсин, Огойо штаттарын аралады. Цукербергтің әр басқан қадамы Facebook желісінде кеңінен насихатталды.

The Guardian басылымы сарапшылар бұл жағдайға қатысты әртүрлі пікірде екенін айтады. Олардың көбі Цукербергтің қазірдің өзінде әлем көшбасшысы екенін айтып, егер ол президенттік сайлауға қатысса, қазіргі беделінен айырылуы мүмкін деп болжауда. Ал Forbes бұл сайлау үшін емес, Facebook әлеуметтік желісіне халықтың сенімін арттыру үшін жасалған саяси кампания екеніне сенімді.

Ұлыбритания Еуроодақтан шығу үшін қанша төлеуі керек?

Еуроодақ Ұлыбританияға одақтан шығу көп уақыт алатынын, оның зардаптары да болуы мүмкін екенін ескерткен болатын, деп жазады CNN.  

Жақында Financial Times Ұлыбритания Еуроодақтан шығу үшін 100 млрд еуро төлемейтінін хабарлады. Содан кейін Еуроодақтың бас келіссөз жасаушысы (переговорщик) Мишель Барнье «Көпшілігі Брексит өмірімізге әсер етпейді деп ойлап, келіссөздер тез бітеді деп күтуде. Бірақ, ол мүмкін емес», деді.

Тараптар Ұлыбритания Еуроодақ алдындағы қаржылық міндеттерін реттеу үшін қанша ақша төлеу керектігін әлі келісе алмай жатыр. Сарапшылар ол жоғарыда айтылғандай 100 млрд емес, 50 немесе 60 млрд болуы мүмкін екенін айтады.

Естеріңізге сала кетсек, Еуроодақ елдері ортақ бюджетке қаражат құяды. Ол инфрақұрылым жобаларына, әлеуметтік бағдарламаларға, ғылыми зерттеулерге, фермерлерге субсидия беруге жұмсалады. Қазіргі келісім 2020 жылға дейін жасалған. Сондықтан Еуроодақ та Ұлыбританияға қаржы бөлуі керек деген мәселе көтерілуде.

Ал Тереза Мэй одақтың 27 мүшесімен жаңа сауда келісімін жасауды Еуроодақтан шығу мәселесімен қатар қарастырғысы келеді. Бірақ Еуроодақ оны ең кейінге қалдырды.

Сондай-ақ келіссөздер барысында Ұлыбританияда тұратын Еуроодақтың басқа мемлекеттерінің халқы, олардың зейнетақысы, медициналық сақтандыруы мен жеңілдіктері де қарастырылып, бір шешім шығарылуы керек.

Үндістан билігі Кашмирде діни радикализмнің артқанына алаңдаулы

Үндістан мен Пәкістанның арасында болған үш соғыстың екеуі Кашмир үшін болған. Олар 70 жылдан бері Кашмирді бөлісе алмай келеді. Олардың әрқайсысы бұл жердің белгілі бір бөлігін басқарғанымен, оны толығымен иемденгісі келеді.

ВВС шолушысының айтуынша, Кашмирдегі ерлердің 60 пайызынан астамы әлі отызға толмаған. Ол жастар қазір Үндістан билігіне қарсы шерулер жасауда. Сонымен қатар Кашмирде жұмыссыздықтың артып, тәртіптің қатал болуы жағдайды ушықтыруда.

Мақалада жастардың көбі теріс діни ағымдарға бет бұрғаны айтылған. Тіпті, соңғы он жылда Кашмирде түрлі секта мешіттерінің саны үш мыңға жетіпті. Үндістан билігі де мұнда діни радикализмнің артқанына алаңдаулы. Билік жастар терроризм мен туризмнің біреуін таңдауы керек дегенде де көпшілік жастар қарсы шығып, көтеріліс жасапты.

Бір айта кетерлігі, осы айда парламент сайлауы өткенде де халыққа зорлық-зомбылық көрсетіліп, нәтижесінде дауыс беруге тұрғындардың тек 7 пайызы барыпты.

Аймақтық конференция басшысы Фарук Абдулла бұл жағдай жалғаса берсе Үндістан Кашмирден айырылуы мүмкін екенін айтады. Оның алдын алу үшін Абдулла Үкіметке Пәкістанмен, сепаратистермен, негізгі партиялармен келісім жасауды ұсынды.

Дегенмен, BJP индус ұлтшылдық партиясын басқаратын Мухбуба Муфти бірнеше күн бұрын Делиге барып, федералды Үкіметпен бейбіт келісіп жасағысы келген еді. Бірақ, Премьер-министр Нарендра Моди мен Үндістанның ішкі істер министрі Раджнат Сингх зорлық зомбылық пен әскери шабуыл тоқтамай, оның мүмкін еместігін айтты.

Ресей саясатында популизм артуда 

Ресейдегі Әлеуметтік зерттеулердің сараптамалық институты ұсынған соңғы баяндамада мемлекетте популизмнің артқаны туралы айтылған, деп жазады РБК.

Зерттеуде осы әдісті пайдаланып жетістікке жеткен саясаткерлер туралы айтылған. Сарапшылардың айтуынша, алдағы 6-7 жылда Ресей саясатында популизмнің шарықтау кезеңі басталады.

Баяндама авторларының айтуынша, 26 наурызда Ресейдің жүздеген қаласында болған Алексей Навальный бастаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шерулер ресейліктерге популизмнің керектігін көрсетіпті.

Авторлар популизм Ресейде АҚШ пен Еуропадан да жылдам дамитынын болжауда.

Гүлнұр Қуанышбекқызы, "Егемен Қазақстан"